..."/>
ЗЕРТТЕУ

Шатырдан шыққан энергия

STOCK_Kraehahn_NG_Koehler_0189

Швейцариялық экономист әрі инженер Свен Колер ғимарат шатырында өзі ойлап тапқан күн панельдерімен қапталған WindRail жел турбинасының жанында тұр.

Авторы: Лиза Срикиов

Электр қуатының нағыз мұқтаж орында қалай өндірілетінін көргіңіз келсе, Берлиндегі он екі қабатты үйдің төбесіне шығыңыз. Ол жерде сіз Германия астанасының көз тартарлық көрінісін тамашалаумен қатар тағы бір таңдай қақтырар нәрсеге куә боласыз: шатырдың шетінде күн батареяларымен қапталған WindRail жел турбинасы бар. Жел үшбұрышты модуль арқылы ғимараттың жанынан есіп, турбинадағы роторды айналдырады.

Жобалаушылар мен инженерлер көптен бері қалалық жел турбинасын ойлап табуға құлшынып жүрген. БҰҰ-ның «Елді мекендер» жобасының мәліметіне сүйенсек, дүниежүзіндегі өндірілген электр қуатының 75 пайызы қалада жаратылып, көмірқышқыл газының 60 пайызы қалалардан бөлініп шығады екен.

Свен Колер, әдетте, ірі қалалардағы тұрғын үйлерде жаңармалы энергия жүйесін орнататын орын тым аз екенін айтады. «Өйткені шатырлар үйдің өзге қызметтік қажеттіліктері үшін қолданылады», – дейді ол. Осы себепті 39 жастағы швейцариялық инженер, WindRail прототипін жасаушы Колер құрылғыны күннен де, желден де қуат алатындай етіп, шатырды жағалай орналастырған.

Құрылғы – Колердің Anerdgy компаниясының сынақ өнімі. Жел орташа соғып тұрған жағдайда WindRail-дің әрбір модулі жылына мың киловатт энергия қуатын өндіре алады. Бұл 500 кір жуатын машина тұтынатын қуатқа тең. Берлиндегі көпқабатты ғимараттың шатырына орнатылған құрылғының қуатымен сондағы лифтілер мен кондиционерлер жұмыс істеп, үй жарықпен қамтамасыз етілген.

Дегенмен турбиналардың қызметі үшін ауа райы әрдайым қолайлы бола бермейді. Ауылдық жерлерге қарағанда, қалада жел жиі соқпайды әрі оның бағытын болжау да оңай емес. «Ғимараттардың геометрикалық ерекшеліктері де желдің соғуына әсерін тигізбей қоймайды», – дейді Колер. WindRail құрылғысының дұрыс жұмыс істеуі үшін ол биіктігі сегіз метр болатын ғимаратқа орнатылуы қажет. Биік орнатылған сайын желдің күші де арта түседі, яғни көбірек энергия өндіріледі.

ФОТО: БЕННО КРИХАН

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля