Поп жұлдыз, мультимедия артисі Дэвид Бирннің жұмысы қауырт. 65 жастағы азамат жаңа виртуалдық шындық бастамасының авторы. Оның қазір жұмыс істеп жатқан «Институт нейроғылымды ұсынады» атты жобасы әлемнің кейбір үздік нейроғылым зертханаларының жұмыстарына сүйенеді. Олар қатысушыларды моральдық, саяси және танымдық сұрақтар қойылатын төрт орамды жаттығудан өткізген. Зертхананы санамағанда, мұны «ХХІ ғасырдың психологиялық тәжірибесі» деп атасаңыз да болады.
Сізді мұндай қадамға не итермеледі?
Швецияның нейроғылым зертханасында «Барби болу» атты тәжірибе жасалып, адам қуыршақтың тәніне «еніп», әлем, бөлме, жиһаз туралы көзқарасын сол қуыршақтың көзімен қалыптастыратыны маған үлкен шабыт берді. Осы жайлы оқи сала, мен бірден жоба авторларына хабарластым. Соңында олар сол тәжірибені қайта жаңғыртуға келісті.
Бұл тәжірибеден күнделікті өміріміз жайлы не түсінеміз?
Тәжірибенің қызықтығынан бөлек, мұнда нағыз ғылым жатыр. Біздің аяқ-қолдарымыздың кинестетикалық сезімдерінің өзі дүниетанымымыздың қалыптасуына әлемді қалай көретінімізге тікелей әсер етеді. Біз өзіміздің қаншалықты үлкен немесе кішкентай екенімізді сезінуіміз керек. Ол үшін, ең біріншіден, қайда екендігімізді анықтап алу қажет.
Адам жоқ нәрсеге құмар. Мәселен, сіз кез келген нәрсенің шын емес екенін біле тұра бәрібір ұстап, сезінгіңіз келеді емес пе, яғни адам үшін тәжірибе бұл – үйренудің құралы.
Біздің өз мұрнымызды қалай көретініміз секілді…
Ең қарапайым құбылыс бұл – мидың ақпарат немесе шындықтың бір бөлігін сүзгіден өткізуі. Қажет деп таппаған дүниені ми сізге көрсетпейді. Мұнда да цензура бар. Бір көзіңізді қолыңызбен жапқанда, мұрныңыздың үнемі екінші көзіңіздің көру аумағына қарай ығысатынын байқайсыз және оның үнемі «сол жерде» екенін түсінесіз. Оған анықтап үңілмейінше, ми оны көзге көрінетіндер қатарынан алып тастайды, яғни ақпарат өңделеді. Қайда көз салып тұрсаңыз да оның ортасынан мұрныңызды көре алмайсыз, бірақ ол сонда орналасқан.
Бұл миымыздың осы сәтте қабылдап жатқан шешімі мен назарымызды аудартатын жайт арасындағы әңгімеге ұқсайды…
Мидың неге назар аударатыны өте маңызды. Көлік жүргізгенде өз әрекеттеріңізге мұқият назар аударасыз ба? Іс жүзінде соншалық емес. Адамдармен қарым-қатынас кезінде қандай нәрсеге мән бересіз? Сиқыршылар бұл жайлы көп біледі. Олар адамдардың назарын басқа жаққа аударуға шебер.
Басқа тәнде тірілу өз-өзіңізді қабылдауыңызға әсер етті ме?
Қуыршақ «көзқарасына» ой-пікір білдіру үшін виртуалды шындық (ВШ) құрылғысын қолдандық. Әлдеқандай аватар жоқ – адам қозғалғанда қуыршақ қозғалмайды. Сол себепті біз қатысушылардан аяқ-қолдарын қимылдатпауларын сұраймыз. Егер айналада заттар бір орында тұрып, сіз өзіңізді қозғалып бара жатқандай сезінсеңіз, жүрегіңіз айнуы мүмкін. Өйткені екі жайт үйлеспейді.
ВШ тәжірибелері кино көру немесе кітап оқумен салыстырғанда есте жақсы қалады. «Барби» тәжірибесін бізге толығырақ түсіндіріп бере аласыз ба?
Қатысушылар жартылай шеңбер түрінде орналастырылған орындықтарға жайғасып, аяқтарын көтереді. Бөлменің ортасы пердемен бөлініп, қатысушылардың алдарындағы орындыққа қуыршақ қойылады. Қатысушылар аяқ-қолдарын дәл қуыршақ сияқты жоғары көтеріп отырған кейіпке енулері қажет.
Артынша ВШ көзілдіріктерін таға сала, әлемді қуыршақтың көзімен көре бастайды. Өз аяқ-қолына қараған адам оның орнына қуыршақтың аяқ-қолын, көйлегін көреді.
Содан соң қуыршақтың тізесіне кішкентай көбік түседі. Қызығы сол, дәл сол уақытта сіз мұны өз тәніңізде сезінесіз. Қуыршақтың денесіне түскен көбікті өз денеңізге түскен көбіктей сезінесіз.
Көріп тұрған нәрсені сезінуіңіз, ол мүлде ақылға қонымсыз болса да, бұл сәтте өзіңізді шынымен қуыршақ ретінде сезінесіз.
Бұл тәжірибе біздің қабылдау сезімімізді қалай өзгерте алады?
Қуыршақ тәжірибесінің шынайылық әсер беруінің бір себебі – бірнеше сезімнің сізге дәл сол нәрсе туралы хабар бере отырып, бір-бірінің мәліметтерін қостауы, тіпті сіз мұның шындыққа жанаспайтынын білсеңіз де. Бір мәліметті бірнеше сезім растаған сайын, санаңыз дәйекке қарсы таласқа түсе алмайды. Осылайша, сезіміңіз басымдық танытады. Бұл тәжірибеге иіс сезуді, тағы басқаларын қосуға болады.
Бұл – ғажап нәрсе. Мен бұл тәжірибеден қанша рет өтсем де, оның арбауына түсіп қала беремін. Бейнебір сиқырлы айла сияқты. Оның жалған екенін білсең де, бәрібір оның алдында ақымақ болып қала бересің.
«Біздің әлемдік көзқарасымыз шындыққа емес, санамызда өзіміз қалыптастырған ойларға негізделген».
ФОТО: СЮЗАНА БЭЙТС, DREW ALTIZER ФОТОГРАФИЯСЫ