Нина Строчлик
2014 жылы радиология профессоры Марк Грисуолд анатомияны үйретудің тың әдісін іздеп жүрген болатын. Мәйіт зертханасын ашу тым қымбатқа соғады. Қызығы сол, адам мәйіті тым аз мәлімет береді екен. Зерттеуінің орта тұсында Грисуолд «Microsoft-тың» аса құпия кешеніне шақырту алады. Ол кез келген нәрсені үйренуге пайдасы зор виртуалды шындық (ВШ) гарнитурасын көремін деп күткен. Алайда техник-мамандар оған одан да озық нәрсе ұсынды: бұл голограммаларды көруге мүмкіндік беретін алғашқы автономдық компьютер – голо-линзалар деп аталатын гарнитура еді.
Гарнитураны киген Грисуолд Марс тауынан бір-ақ шықты. Оның жанынан NASA қызметкері де табыла кетті. Олар өзара сөйлесе келіп, тіпті көз де түйістірді. Алайда бұл голограмма өзге бөлмедегі ғалым болатын. Марс та ғарыш кемесінен түсірілген кескіндерден құралған еді. Тәжірибенің кереметтігі сонша, Грисуолд отыра қалды да: «Мен сол күні өмірімнің түбегейлі өзгергенін бірден сездім», – деді. Ол бұл гарнитураның сыныпта баға жетпес құрылғы екенін түсінді.
Грисуолд пен оның Кейс Верстерн Резерв университеті мен Кливленд клиникасындағы әріптестері өзара бірігіп, анатомия пәнін түбегейлі өзгертетін голо-линзаларға арналған бағдарлама жасауға кірісті. Өткен жылы олар «голоанатомия» атты адам қаңқаларын, ағзаларын 3D форматта көруге, олардың көлемі мен қозғалысын әртүрлі бұрыштан зерттеуге мүмкіндік беретін демонстрациялық қосымша дайындап шығарған болатын.
ВШ тұтынушыларды басқа әлемге алып кетеді. Ал голо-линзалар болса, басқаша жұмыс істейді. Мұнда «физикалық және голографиялық денелер шынайы уақытта өмір сүріп, өзара әрекеттеседі», – дейді «Microsoft» компаниясының қызметкері Лорен Бардин. Осылайша, сабақ уақытында студенттер мұғалім, достары мен голографиялық бейнелермен де араласа алады деген сөз.
Голо-линзалар авиациядан бастап, сән дизайнына дейінгі көптеген салаға енуде. Медициналық технологияға негізделетін компания жақында ота жасау бөлмелерін жаңарта бастады. Осылайша, бір күні анатомияны голограммамен оқыған студенттер голо-линзамен жабдықталған бөлмелерде емін-еркін ота жасай алатын болады.
Кейс Вестерн 2019 жылы голо-линзамен жабдықталған зертхана ашуды жоспарлайды. «Келешекте технология әсеріне ұшырамаған сынып қалмайды», – дейді Грисуолд.
«МЕН СОЛ КҮНІ ӨМІРІМНІҢ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРГЕНІН БІРДЕН СЕЗДІМ».
МАРК ГРИСУОЛД, КЕЙС ВЕРСТЕРН РЕЗЕРВ УНИВЕРСИТЕТІ
Кейс Вестерн студенттері голографиялық шындық аралас гарнитура – голо-линзаны сынап көруде. Төмендегі суреттегі дисплейде дене 3D форматта көрсетілген.
Желіде: Голо-линза мүмкіндіктерін көру үшін мына сілтемеге өтіңіз ngm.com/Jun2017.
ФОТО: КЕЙС ВЕРСТЕРН РЕЗЕРВ УНИВЕРСИТЕТІ
ИЛЛЮСТРАЦИЯ: MICROSOFT