Наташа Дэйли
Суретті бағалау үшін біз, әдетте, оның түсіне, композициясына және реңіне мән береміз. Ал зағип жандар оның кереметін қалай сезіне алады? Ұстап көру арқылы ма? «Қолмен ұстауға болмайды» деген жазу әдетте бірден көзге түседі. Бұрынғы фотограф Джон Олсон мен оның шығармашылық тобы Винсент Ван Гогтың «Доктор Гашенің портреті» секілді картиналарды толық текстуралы 3D форматқа айналдырумен айналысады.
Сипап сезу – көркем өнер туындысын көзсіз тамашалаудың бір жолы. Себебі біз тек көзімізбен емес, санамызбен де «көреміз». Мидың бейімделу қабілетін зерттейтін нейропластика ғылымы мидың көру сезіміне жауапты қыртысы саусақпен сезу арқылы да ынталандырылатынын анықтады. Гарвардтық нейроғалым Элла Стирем-Амиттың айтуынша, зағип жандар пішіндерді ажырату үшін басқа сезу мүшелерінің көмегіне жүгінеді.
13 жасар Люк Гандариас 7 жасында көруден қалған. Леонардо да Винчидің «Мона Лизасының» 3D нұсқасын ұстап көрген ол: «Сіз не көріп тұрсаңыз, мен соны сезінемін», – деп айтқан екен.
Люк үшін бұл еркіндікті білдіреді.
ФОТО: РЕБЕККА ХЭЙЛ, NG ЖУРНАЛЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ. СУРЕТТІ 3D PHOTO WORKS ДАЙЫНДАҒАН.