Күнгей Алатауының аспанменен астасқан көріністері көздің жауын алады. Оның ерекшелігі сол, тау жоталары жүре келе қыраттарға ұласып, бірте-бірте биіктеп келеді де, көкке барып қадалады. Ал тау баурайында жайқалған қылқан жапырақты қарағай, шырша секілді ағаштар тұмса табиғаттың сұлулығын өн бойына сақтап қалғандай әсер қалдырады.
Күздің алғашқы аптасында «Pokatushki Club-kz» күзгі маусымының ашылуына орай жол талғамайтын 22 көліктен құралған «Джип-тур – Алатау» жобасымен бірге «National Geographic Қазақстан» журналистері осынау көрікті аймақтарды аралап қайтты.
«Бір күндік сапарға бір апталық қам жаса» демекші, Алматыда таңсәріде жиналған джиперлер Күнгей Алатауына барып қайтуды бірнеше апта бұрын жоспарлаған. Кілең экстрималды спорт түрін сүйетін жандардан құралған топ мүшелері мұндай сапардың оңайға түспесін біледі. Жолдары кедір-бұдыр, бір жағы тік жартас, екінші жағы құз жолдармен бір түсіп, бір көтерілу өзі оңай шаруа емес. Ал ондай жолдармен бір емес 22 көлік қатар жүрсе, қауіп қанша есеге артатын елестете беріңіз. Күнгей Алатауына сапар – Алматыдан бастау алып, Райымбек ауданындағы Мойнақ ГЭС-і, Кеңсу, Жайдақбұлақ, Орта Меркі, Шет Меркі, Тоғызбұлақ, Жалаңаш ауылдары, Қылышбай асуы, Жіңішке шатқалы, Қасқырауыз-Қызылауыз, Талғора, Жарғора мен Ақбақан асулары, Асы жайлауы, Түрген шатқалы және Есік бағыты бойынша орындалды.
Экспедиция мүшелерін түрлі қиындықтар күтіп тұрды. Жолда бірнеше көлік кейбір асулардан көтеріле алмай тұрып қалып жатса да экспедиция мүшелерінің ауызбіршілігі арқасында қиындықтар рет-ретімен шешіліп жатты. Жолдағы кедергі мұнымен шектеліп қалған жоқ. Таудағы ауа райы мың құбылды. Таңсәріден жадырап тұрған күн, Қылышбай асуына жеткенімізде алай-дүлей дауыл тұрып, арты шатыр-шұтыр найзағайға ұласты. Ал Далашық жайлауы бізді тіпті азынаған салқын желмен «қарсы алды». Соған қарамастан экспедиция мүшелері өздеріне қажетті фотосуреттерін түсіріп алу үшін бір сәтке де дамыл тапқан жоқ. Жіңішке асуында тамақтанып алған джиперлер сәл кідірістен кейін Қасқырауыз асуына қарай көтеріліп кетті. Бұл кезде қара түнек бұлттан жаңбыр тамшылары ұшқындап, асулардан өту шындап қиындық тудырды. Дегенмен ойға алған мақсат орындалып, автокеруен Алматыға аман-есен жетті.
Суреттерді түсірген: Досжан Балабекұлы