Есірткіге қарсы күрес Филиппинде кісі өлімін көбейтіп жіберді.
Авторы: Аурора Алмендрал фото: Адам Дин
Жаңалықтардан жол жиегінде сұлап жатқан өлі денені көргеннен-ақ, Рик Медина әлгінің 23 жастағы өзінің ұлы Эрикардо екенін іші сезген. Филиппин астанасы Маниладағы даңғыл бойында жатқан бейбақтың қаланың кез келген тұрғыны болуы да әбден мүмкін еді. Бірақ теледидар мәйіттің тек арқасынан ғана көрсетсе де, әке жүрегі бір жамандықты сезгендей.
Таң ата салысымен Риктің 26 жастағы қызы Джой мәйітханаға барды. Еденде сегіз адамның денесі қаз-қатар тізіліп жатты. Олардың бәрі бір жолмен, бірдей жағдайда жан тапсырған: бастарына орама лента байланып, көкірек тұсы мен мойындарына бірнеше жерден мұз тескіш сұғылған. Эрикардоның денесінде қалған картон белгі оның есірткі саудагері болғанын көрсетеді. Ал әкесінің сөзінше, Эрикардо ешқашан есірткіге жақындамаған, Джой болса оның есірткіге аракідік әуес болғанын айтады. Қалай болса да, қандықол қылмыскерлер оларды тергеп-соттамай-ақ жазаға кескен.
Медина отбасындағы қайғылы жағдай Филиппинде соңғы уақытта сан мың мәрте қайталанды. Ел президенті Родриго Дутерто басқа уәделерімен бірге есірткі саудагерлерінің көзін жойып, қылмысты тоқтатуға сөз берген-ді. Алайда 2016 жылдың мамырында сайлауда жеңіске жеткеннен бері одан тұрғындардың көңілі қалған. Полиция мәліметтеріне жүгінсек, Дутерто ел басқарған алғашқы алты айда кемінде 2000 адам полиция қолынан қаза тауып, тағы 4000 адамды белгісіз біреулер өлтіріп кеткен. «Өлім мұнда туудан әлдеқайда көп болып тұр», – дейді Дилиман Филиппин университетінің антропологы Нестор Кастро.
Шығарып салу рәсімінде мәйіт жалғыз қалдырылмайды. Қылмыскердің иманын таразылау үшін табыт үстіне жем шашылып, балапандар жіберіледі. Марқұмның о дүниеге «қажет болатын» барлық жеке заттары қобдишаға салынады. Қобдиша үйден шығарылғаннан кейін үш рет айналдырылып, жерлеу орнына жеткенге дейін жолға тиын лақтырылады. «Бұл – ақтық сапар ақысы», – дейді білетіндер. Отбасы мүшелері «парамдам» деп аталатын рәсім кезінде марқұм әруағының шаңыраққа келуін күтеді. Оның көрінуі ақырғы хабар қызметін атқарып, жұбаныш арқауына айналады. Марқұмның өлімі аяқ астынан немесе беймәлім жағдайда болса, парамдамның мәні арта түседі.
Жаназасын шығару алдындағы түнде әпкесінің түсіне Эрикардо кіріпті. «Жымиып тұрды», – дейді ол. Эрикардо ашулы болмағандықтан «оның рухы кек сұрап, бұл дүниеде қалып қоймайтыны» әпкесінің көңілін жұбатты. «Бұл оған тән еді, – дейді Джой, – себебі ол ақкөңіл болатын».
Джой секілділер үміт еткен әділеттілік бұл – өш алу. Жалпы, кісі өлтіргендердің бірен-сараны ғана ұсталады.
Әйел адам Барангка қалалық зиратында телефонын тексеріп отыр (жоғарыда). Тірілерді қорғау үшін мәйіт жерленбей жатып арнайы рәсімдер орындалады. Үлкендер қыз баланы (төменде) табыт үстінен айналдырып жатыр. Бұл рәсім әруақтар тыныштығы үшін жасалады. 31 жастағы Хонгко мен қасындағы бес адам аяусыз өлтірілген. Хонгконың артында жары мен алты баласы қалды.
Бес жасар Фрэнсис Маноска табытының үстіне (жоғарыда) аза тұтушылар жем шашқан, бұл әрекет қылмыскерлер «арын ояту үшін» дегенге саяды. Осы бала мен оның әкесі – Доминго Маносканы үйлерінде атып кеткен. Олардың артында Фрэнсистің тоғыз жасар әпкесі, бір жастағы қарындасы мен Домингоның босануға санаулы күндер ғана қалған жары қалды.