Авторы: Юдиджит Баттачарджи фото: Дэн Винтерс
Ол тиіп-қашып жүріп білім алған. Жас өмірін үйсіз-күйсіз Юта штатында мал бағып, философиялық кітаптар оқумен өткізген. Мохаве шөлінде жаттыға жүріп, алыс қашықтыққа жүгіруді үйренген.
Қысқа уақытта Сантана кампус «жұлдызына» айналды. Оқуда да алда көрініп, «А» деп бағаланды, яғни тек бестіктерді қанжығаға байлады. Оның ұстамдылығы мен бұрынғы ерекше өмірі тұлғасына өзгеше сипат қосатын. Бірде бөлмелес серігі оның төсегі қалайша үнемі қыры шығып жинаулы тұратындығын сұрағанда, Сантана еденде ұйықтайтындығын айтқан.
Әрине, Сантананың оқиғасын өтірік деп есептемесек… Оқуға қабылданғаннан 18 айдан кейін әлдебір әйел Сантананы көріп, оны алты жыл бұрын Калифорния штатындағы Пало Алто жоғарғы мектебінде оқыған Джей Хантсмен ретінде таныған. Бірақ тіпті ол да кейіпкеріміздің шын есімі емес-тұғын. Оның, шын мәнінде, ұрланған заттармен, қолды болған велосипедпен ұсталып, Юта штатында жаза мерзімін өтеп үлгерген 31 жастағы Джеймс Хоуг екендігі анықталды. Ол Принстоннан қолы кісенделген күйі шығарылды.
Сол уақыттан бері Хоуг ұрлық үшін бірнеше рет түрмеге қамалды. Қараша айында Колорадо штатының Аспен қаласында ұрлық үшін тұтқынға алынған кезде өзін басқа адам ретінде көрсетуге тырысқан.
АДАМЗАТ ТАРИХЫ Хоуг сияқты айлакер, әккі суайттарға толы. Олардың көбі – лайықсыз марапатқа ие болу үшін өтірікті судай сапырып, ұршықтай айналдыратын қылмыскерлер. Мәселен, қаржыгер Берни Мейдоф жылдар бойына инвесторлардың миллиардтаған долларын қағып келген. Кейбірі – билікке ұмтылып, оған толық ие болғанға дейін талмай өтірік айтатын саясатшылар. Ричард Никсон – солардың бірі, оның Уотергейт жанжалы бойынша өзінің қатыстылығын үзілді-кесілді жоққа шығарғаны баршаға мәлім.
Кейде адамдар өз беделдерін «қампайтып» көрсету үшін жалған сөйлейді, осы мотивация Президент Дональд Трамптың өзінің ұлықтау рәсіміне жиналғандар Барак Обаманың бірінші ұлықтау салтанатына қатысқандардан көбірек болғаны жөніндегі жалған мәлімдемесінің үздік түсіндірмесі болар еді. Адамдар жаман қылықтарын жасыру үшін де өтірікке бас ұрады. Америкалық малтушы Райан Лохте 2016 жылы Жазғы олимпиада ойындары кезінде жанармай станциясында әлдекімдер өзіне қару кезеніп, тонап кеткенін айтқан. Шындығында, ол бір топ жолдасымен кешкі сауықтан кейін ішімдік ішкен күйі мүлікке залал келтіргені үшін қаруланған күзет қызметкерлерімен қақтығысқан. Тіпті шындыққа берілген адамдар қауымынан құралатын ғылым әлемінде де «кәззаптар галереясы» бар екені дәлелденген. Айталық, физик Хендрик Шонның молекулярлық жартылай өткізгіш бойынша зерттеулеріндегі «жер жарған» жаңалықтары кейіннен бұрмаланған фальсификация екендігі анықталған.
Осы суайттар өздерінің өтіріктерінің сорақылығы, арсыздығы және зиянкестігі «арқасында» танымал болды. Бірақ осындай жадыгөйліктері оларды біз ойлағандай кірпияз, оғаш мінезді етпейді. Жалған сөз әлімсақтан жалғасып жатқан адам мінезін сипаттайтын өтірік-пирамидасының шыңына орналасады. Өтірік айту – адамдардың көбі өте шебер атқаратын «шаруа». Біз танымайтын адамдарға, әріптестерге, достарымызға және сүйгенімізге азды-көпті оп-оңай өтірік айта саламыз. Біздің арсыздыққа деген қабілетіміз басқаларға сенім артуға деген қажеттілігімізбен бірдей күшке ие, бұл парадоксалды түрде өтірікті анықтауда сұмдық шеберлік береді.
Өтіріктің кең таралуын алғаш рет жүйелі түрде Санта Барбарадағы Калифорния университетінің әлеуметтік психологі Бэлла ДеПауло дәлелдеді. Жиырма жыл бұрын ДеПауло мен оның әріптестері сынақ субъектілерінің күніне бір-екі мәрте өтірік айтатындарын анықтады. Бұл өтіріктердің көбі біреудің кемшілігін жасыру немесе басқаларының сезімін қорғау ниетінде жәбірсіз айтылған болатын. Кейбір өтіріктер ақталу түрінен еді. Айталық, қатысушылардың бірі қоқысты алып шықпау себебін «қайда лақтыру керектігін» білмегендіктен екенін алға тартқан. Ал басқалары болса, мәселен, өзін «дипломаттың ұлы» деп таныстыру сияқты өтірік образға кірудің амалы ретінде айтқан. ДеПауло көп адам өмірінің белгілі бір кезеңінде көп «ауыр» өтірік айтқандары анықталған. Олар, мәселен, жұбайының көзіне шөп салғандарын жасырған немесе колледжге тапсыру кезінде өздері жалған ақпарат берген.
Мақтау үшін өтірік айтқан
Өзінің дизайнер-суретші ретінде қалыптаса алмағандығын айтатын Марк Ландис атақты суретшілердің еңбектеріне еліктеумен отыз жылға жуық ғұмырын өткізген. Соның ішінде халық суретшісі Вильям Мэтью Прайор стиліндегі мына жұмысы да бар. Ол суреттерін өнер музейлеріне сыйға беріп отырған және құрметке бөленгеннен ләззат алатын. «Мен осыдан ерекше әсер алып жүрдім, – дейді ол. – Өтірігім әшкереленіп, тоқтауға мәжбүр болғанымда ғана өкіндім».
Адамдардың жаппай бір-бірін алдай салу «қасиетінің» бар болуы бізді таңғалдырмауы керек. Өтірік айту мінез-құлық ретінде тілдің пайда болуынан кейін көп ұзамай шыққан. Басқаларды физикалық күш жұмсамай ырыққа көндіру қабілеті ресурстар мен серіктес бәсекесінде артықшылық бергенге ұқсайды. «Билікке қол жеткізу жолдарына қарағанда өтірік айту өте оңай», – дейді Гарвард университетінің этика жөніндегі маманы Сиссела Бок. Сисселла бұл тақырыпта ең көп пікір айтып жүргендердің бірі. «Әлдекімнің ақшасына немесе байлығына ауыз салу үшін өтірік айта салу оның басынан ұрғаннан немесе банк тонағаннан әлдеқайда жеңілірек», – дейді ол.
Әлеуметтік ғылым саласындағы зерттеушілер мен нейроғалымдар мінез-құлықтың табиғаты мен тамырын ашып көрсетудің жолдарын зерттеп келеді. Өтірік айтуды қалай және қашан үйренеміз? Адал болмаудың психологиялық және нейроғылымдық негіздемелері қандай? Көбіміз қай шаманы шекара етіп белгілейміз? Зерттеушілер біздің кейбір өтіріктерге нақты дәлелге қарама-қайшы келіп тұрса да сенетіндігімізді анықтап отыр. Осы талдау ақпараты біздің басқаларды алдауға бейімділігіміз бен алданып қалуға деген дәрменсіздігіміз бүгінгі әлеуметтік желілер заманында маңызы зор. Біздің өтірікті шыннан айыру қабілетімізге бұрын болмаған қауіп төніп тұр.
Қызық үшін өтірік айту
Джейкоб Холдың суперқаһарман болуға деген құштарлығы Батыс Виргинияның ең үлкен өтірікшісі «марапатына» және өткен жылы Чарлстон қаласындағы халықтық фестиваль кезінде «Алтын күрекке» ие болған «қырық өтірігін» құрастыруына себеп болған. «Менің оқиғаларым өтірік қоспасам іш пыстыратын еді», – дейді Хол. Ол өмірінің соңына дейін өтірік құрастыруды жалғастыруға ниетті.
МЕН ҮШІНШІ СЫНЫПТА ЖҮРГЕН КЕЗІМДЕ сыныптастарымның бірі мектепке жапсырма жарыс автомобильдері бар парақ алып келді. Жапсырмалар көздің жауын алатын. Оларға есім кеткені соншалық сыныптасымның сөмкесіндегі жапсырмаларды алып, өз сөмкеме салдым. «Масқарам шығады» деп үрейім ұшқаннан алдын ала өтірігімді де ойлап қойдым. Мұғалімге әлдебір екі жасөспірім мотоциклмен келіп, сыныпқа кіргендерін, сөмкелерді қопарып, жапсырмаларды алып кеткендерін айттым. Ішіңіз сезіп отырғандай, алғашқы сауалдардан кейін-ақ өтірігім алысқа бармай, «олжамды» қайтаруға мәжбүр болдым.
Өтірік айту балалар үшін қалыпты нәрсе. Жүруді, сөйлеуді үйренгендей өтірік айту да жетілудегі бір белеске ұқсайды. Көптеген ата-ана балалары өтірік айтса, мазалана бастайды. Ал Торонто университетінің психологі Кэнг Ли тәй-тәй жүре бастаған сәбилерде мұндай қылықтың пайда болуы олардың танымдық-түйсіктік жетілуі толық жүріп жатқандығының көңіл көншітер белгісі деп есептейді.
Балалардың өтірік айтуларын зерттеу үшін Ли мен оның әріптестері қарапайым тәжірибе жүргізді. Олар балалардан назарларынан жасырынған ойыншықтарды дыбыс арқылы анықтауларын сұрады. Алғашында иттің үруі, мысықтың мияулауы секілді бірнеше ойыншық пен дыбыс берілді. Оларды балалар оңай тапты. Одан кейін ойыншыққа түк қатысы жоқ дыбыстар ұсынылды. «Мысалы, дыбыс ретінде Бетховен ойнап жатса, жасырынған ойыншық мәшине болды», – деп түсіндіреді Ли. Сынақ жүргізуші бөлмеден шығып кетеді және қатысушы баладан ойыншыққа қарамауын сұрайды. Қайтып келген кезде баладан: «Қарадың ба?» – деп сұрайды.
Балалардың көбі қарамай тұра алмайды, мұны Ли мен оның әріптестері жасырын камера көмегімен анықтаған. Ойыншыққа қарап алып, өтірік айтатын балалардың пайыздық үлесі олардың жастарына байланысты. Екі жастағылар арасында 30%-ы ғана өтірік айтады. Үш жастағылардың 50%-ы жалған сөйлеуге жол береді. Ал сегізге келгендердің 80%-ы ойыншыққа қарамағандарын айтады.
Балалар өскен сайын алдау қабілеттері де дами түседі. Үш-төрт жастағылар жасырынған ойыншықты атауда дұрыс жауапты өздерінің қулықтары ашылып қалатынын ұқпастан бірден айта салады. Жеті-сегіз жасқа келгенде балалар қулықтарын жасырып, әдейі қате жауап беріп немесе жауаптары әлденеге сүйенген кейіп танытып, өтіріктерін жабуды үйренеді.
Бес-алты жастағы балалар осы екі ортада өзгереді. Бір зерттеуде Ли «Барни» күлгін түсті динозаврын ойыншық ретінде пайдаланған. Мата астына жасырынған ойыншыққа қарағанын мойындамаған бес жасар қыз жауабын айтпас бұрын Лиге ойыншықты ұстап сезінгісі келетінін айтқан. «Осылай, ол қолын мата астына салып, көзін жұмып, «мен мұны білемін, бұл Барни ғой» деген, – деп еске алады Ли. – Мен «неге» деп сұрадым. Ол «өйткені ол күлгін түстідей сезіледі», – деп жауап берді».
Бас пайдасы үшін өтірік айту
Кіші Фрэнк Абигнейл қазір қауіпсіздік кеңесшісі, бірақ оның шімірікпестен айтқан өтіріктері 2002 жылы кейіпкерін Леонардо Дикаприо сомдаған «Қолыңнан келсе, ұстап көр» фильмін түсіруге арқау болған. Абигнейл 16 жасында үйінен қашып кетіп, чекті қолдан жасаушы, алаяқ және сұрқия бола жүріп, тапқырлығы арқасында өмір сүруді үйренеді. «Өмір сүру үшін тапқыр болуыма тура келді, – дейді ол. – Мен ол үшін өкінемін және өмірімнің соңына дейін бармақ тістеп өтемін». Абигнейл өзін ұшқыш, педиатр және Гарвардтың құқық бөлімін бітірген заңгер деп те таныстырған.
Өтірік айту – «өнерінің» дамуына әсер ететін нәрсе – баланың жетілуінде, «сана теориясы» – өзгелердің түсінігін, ниетін және не білетіндігін түсіну үшін бойымызға сіңіретін қасиет. Өтірік айтудағы тағы бір негізгі теория – мидың атқарушылық функциясы: жоспарлау, назар аудару және өзін-өзі бақылауға қажетті қабілеттер. Лидің тәжірибесіндегі екі жасар «өтірікші» балалар сана теориясы мен атқарушылық функциясы сынағында өтірік айтпағандармен салыстырғанда жақсы нәтиже көрсеткен. Тіпті 16 жасында да балалар өтірік айтуда «кәсібилікке жеткендер» алдауға қабілетсіз балаларды артта қалдырған. Ал, аутистикалық спектрі бұзылған, яғни толық сана теориясы кеш жетілетін балалар өтірік айтуға аса қабілетті емес.
Отан үшін өтірік айту
Орталық барлау агенттігінің бұрынғы агенті Валери Плейм жиырма жыл жасырын жұмыс істеген. 2003 жылы Буш әкімшілігіндегі ресми тұлғалар оның атын баспасөзге әшкерелегеннен кейін оның қорғауы кетіп, жасырын қызметіне нүкте қойылды. Валери мен оның жолдасы бұл әрекетті Ақ Үйдің Иракка шабуылды ақтау үшін барлау деректерін шамадан тыс пайдаланған деп ашық айтқандары үшін алынған өш деп атайды. Тыңшы болған жылдарда ол не үйренді? «Көп адам өздері туралы айтқанды әсте қалап тұрады», – дейді ол.
«Юбер» арқылы көлік жалдап Дьюк университетінің психологі, өтірік айтуды зерттеу бойынша әлемдегі саусақпен санарлық сарапшылардың бірі – Дэн Арилимен кездесуге бардым. Көлік іші мұнтаздай таза болса да, шұлықтың қолқаңды қабатын иісі мұрынды жаратындай еді, ал жүргізуші жол таппай қара терге малынып кетті. Баратын жерімізге әупірімдеп жеткенімізде ол күлімдей қарап, өз қызметіне «бес» қоюымды өтінді. «Әрине», – деп жауап қаттым. Оның қызметін «үш» деп бағаладым. «Юбердің» мыңдаған клиентіне жалған ақпарат бермегенім дұрыс болды».
Арили опасыздық тақырыбына 15 жыл бұрын қызыға бастады. Бірде журнал қарап отырып ол аңғарымпаздықты тексеретін тест тауып алады. Ол бірінші сұраққа жауап беріп, оның жауап парағын ашып қараған. Сол кезде өзінің екінші сұрақтың жауабына тез көз салғанын «байқаған». Тесттің барлық сұрағына осылай жауап бере отырып, Арили өте жоғары ұпай «жинаған». «Мен өз-өзімді алдадым, – дейді ол. – Мүмкін, мен өзімнің қаншалық ақылды екендігімді білгім келген шығар, бірақ сонымен бірге мен өзімнің осыншалық ақылды екенімді дәлелдегім келді». Осы тәжірибенің арқасында Арили өтірік айтуды зерттеуге өмірін арнады.
Ол өз әріптестерімен жүргізген тәжірибелерінде волонтерлерге математикадан жеңіл 20 есеп берді. Бес минут ішінде шеше алғандарынша көбірек есеп шешіп, дұрыс жауап санына қарай оларға ақша төленетін болған. Өздері дұрыс шешкен есеп санын айтпас бұрын парақты шредерге салу керектігі айтылды. Ал негізінде парақтар шредерден өткізілмеді. Тәжірибе соңында волонтерлердің басым бөлігінің өтірік айтқандары анықталды. Орта есеппен волонтерлер алты матрицаны шешкендерін айтқан, ал, шындығында, шешілген есеп төрт шамасында еді. Тәжірибе нәтижесі түрлі мәдениет өкілдері арасында шамалас болған. Көбіміз өтірік айтамыз, тек аз «мөлшерде» ғана.
Президент өтірігінің алды. Никсон өтірігі шыққан кез
17 маусым 1972 ж. Уашингтон. Уотергейт ғимаратындағы демок/қ партияның ұлттық комитеті бас кеңсесіне рұқсатсыз кірген бес адам тұтқындалды. «Washington Post» журналистері Вудворд пен Вернштейн бастаған БАҚ өкілдері бұл оқиғаның артына «шаммен түсіп», телефон тыңдау жазбаларын, құпия құжаттар мен пара беру жағдайларын жарыққа шығарды. Президент Ричард Никсон бүкіл мемлекетке көрсетілген эфирде: «Мен алаяқ емеспін», – деп жанжалға қатыстылығын мойындамады. Бірақ Ақ Үйдің дәлелі күйреуге ұшырап, импичмент анық болатын кезде Никсон 1974 жылдың 9 тамызында қызметін босатты.
АТАҚТЫ ӨТІРІКШІЛЕР: ДОНАЛЬД ТРАМП: «Заңсыз дауыс бергендерді шегерсеңіз, мен сайлаушылардың басым дауысына ие болдым».
Сайлау алқасын жеңген, бірақ сайлаушылардың дауысы бойынша басымдылыққа ие бола алмаған президент өзінің твиттерінде дәлелдене алатын өтіріктерін жаза отырып, факт тексерушілерді жұмыссыз қалдырмады.
БИЛЛ КЛИНТОН: «Ол әйелмен жыныстық қарым-қатынаста болған емеспін».
Мұның өтірік екендігі 1998 жылдың басында Моника Левинскидің киіміндегі дақта оның ДНҚ ізі арқылы дәлелденді.
Арилиді адамдардың өтірікті «аз» айтуы қызықтырады. «Бұл жерде біз адамдарға көбірек ақша жымқырып қалуға мүмкіндік беріп отырмыз, бірақ олар қулықтарында әріге бармайды. Демек, әлдене көбімізді өтірікті тоқтамай айтудан тұсаулайды», – дейді Арили. Оның ойынша, біз өзімізді адал деп білгіміз келеді, өйткені біз адалдықты қоғам үйреткен құндылық ретінде бойымызға сіңіргенбіз. Сондықтан социопат болмаса, көбіміз айтқымыз келетін өтірікке шектеу қоямыз. Бұл жағынан қаншалықты ұзап кеткіміз келетіні, Арили мен басқалары көрсеткендей, жазылмаған келісіммен үйренетін әлеуметтік нормалар бойынша анықталады.
Лос Анджелестегі ПАТРИК КУВЕНБЕРГ ұжымы мен әріптес судьялары оны Америка каһарманы деп ойлайтын. Оның айтуы бойынша, ол Вьетнамда «Қызылкүрең жүрек» марапатына ие болған-мыс. Орталық барлау басқармасының құпия операцияларына қатысқан-мыс. Алайда мұның ешқайсысының шындыққа қатысы жоқ еді. Шындық ашылғанда, Кувенбергтің ақталғаны «истерикалық фантазия» деген күйге жасаған шағымы болды. Бұл – адамның қиялдан өтірік өмір сюжетін жасауға бейім болуын тудыратын күй.
Психикасы бұзылған адамдар кейбір жалған қарекеттерге баратындай көрінсе де, психиатрлар арасында рухани саулық пен өтірік арасында байланысқа қатысты кереғарлық жоқ сияқты. Социопат тұлғалар, яғни антисоциалдық ауруға шалдыққан адамдар манипулативті өтірікке жақын келеді, ал нарциссизмге шалдыққандар өздерін зор көрсету үшін өтірік оқиғалар ойлап табуы мүмкін.
Бірақ басқаларға қарағанда көп өтірік айтатын адамдардың милары ерекше ме? 2005 жылы психолог Ялинг Янг пен оның әріптестері үш топқа бөлінген адамдардың миларын сканерден өткізіп салыстырған: ұдайы өтірік айтатын 12 ересек адам, антисоциологиялық ауру белгісі бар, бірақ жиі өтірік айтпайтын 16 адам және антисоциал да емес, өтірік айту әдетінде де жоқ 21 адам. Өтірікшілердің ми қыртысының префронталдық қабығында нейроталшықтар көлемі кемінде 20% көбірек болған, бұл өтірікті әдетке айналдырғандардың миында байланыс жоғарырақ екендігін нұсқайды. Олар басқаларға қарағанда өтірікті тез ойлап табатындықтан өтірік айтуға осы нәрсе икемдеуі немесе бұл олардың өтірікті шындай айта берулерінің нәтижесі де болуы мүмкін.
«Уайт Сокс» бейсбол командасының әдейі жеңілуі
Шамамен бір ғасыр бұрын Чикагоның «Уайт Сокс» бейсбол командасының кейбір ойыншылары 1919 жылғы Әлемдік серияда «Цинциннати Редз» командасынан ұтылып, $100 000 (бүгінгінің құнымен шамамен $1,4 млн.) пара алған. Көпшілік жеңеді деп күткен «Уайт Сокс» өздеріне жат мәнерде ебедейсіз ойнаған. «Неге олай істегенімді білмеймін», – деп ақталды Эдди Сисотте алқабилер алдында. Жеті адам тоғыз тармақ бойынша айыпталып, алайда алқабилердің шешімімен ақталып шыққан. Олар өмір бойына ойыннан шеттетілді.
АТАҚТЫ ӨТІРІКШІЛЕР: ЛЭНС АРМСТРОНГ: «Мен мұны жеті жылдан астам айттым. Мен ешқашан допинг қолданған жоқпын».
«Тур де Франс» велобәйгесінің жеті дүркін чемпионы 2013 жылы атақтарынан айырылғаннан кейін бәрін алдап келгенін мойындады.
РОЗИ РУИЗ: «Мен жарысты жүгіріп өттім. Шынымен, солай».
Руиз 1980 жылы Бостон марафонында жеңімпаз атанып, үздік шықты. Толық жол жүгірмегендігі дәлелденгеннен кейін ол атағынан айырылды.
Қызық үшін өтірік айту
Отбасылы және іскерлік әріптестер Аполло Роббинс пен Ава Ду адамдардың көңілін көтеріп, білім беру үшін қолдарының ептілігін пайдаланады. Роббинс қалта қағуда таңдай қақтырар ептілікке ие. Оның танымалдығы президент қорғайтын құпия қызмет агенттерінің қалталарын «тазалап» кеткеннен кейін арта түсті. Ду – психо-биология ілімін оқыған сиқыршы. «Біз алдауды әлдекімнің шындық туралы түсінігін бұрмалау ниеті деп ойлаймыз», – дейді олар.
Киото университетінің психологі Нобухито Абэ мен Гарвард университетінің психологі Джошуа Грин функционалдық магниттік-резонанстық томография (МРТ) көмегімен тәжірибе субъектілерінің миларын сканерлеп, адал емес әрекеттерге баратын адамдардың мидағы іргелес ядроларында, яғни «марапатталуды» өңдеуде басты роль атқаратын алдыңғы мидың базальдық бөліктерінде құрылым жоғары белсенділікті байқаған. «Марапаттау жүйенің ақша алу мүмкіндігіне құлшынысы неғұрлым артса, тіпті мінсіз таза контекстіде де, сіздің алдап соғу ықтималдығыңыз да соғұрлым жоғары болады», – деп түсіндіреді Грин.
Бір өтірік екіншісін тудырады. Лондон университінің колледжінде нейроғалым болып істейтін Тали Шарот пен оның әріптестері жүргізген тәжірибе мидың өтірік айтқан кезде эмоционалдық күйзеліске қалай түсетіндігі, оны айналып өтіп келесі өтірік әлдеқайда оңай шығатынын көрсетеді. Қатысушылардың фМРТ түсіріліміндерінде зерттеушілер эмоцияларды өңдеуге қатысатын аймақ – бадамша пішінді денеге назар аударған. Нәтижесінде, бадамша пішінді дененің өтірікке қарсы әрекеті әр өтірік сайын, тіпті өтірік үлкейе түссе де, прогрессивті түрде әлсіздене түскен. «Бәлкім, аз өтірікпен басталатын әрекет үлкен өтірік әрекеттеріне әкелетін шығар», – дейді ол.
Стратегиялық пайда үшін алдау
Турнир сыйлығы ретінде 32 миллионнан астам АҚШ долларын ұтып алған Даниель Негреану –покер ойыны тарихында ең көп ұтысқа ие болған адам. Канадада дүниеге келіп, 20 жыл бұрын Лас-Вегасқа көшіп келген супержұлдыз осы ойынның елшісі ретінде әлемді шарлап, сансыз телевизиялық шоуларға қатысқан. «Покерді ұтқыңыз келсе, өтірікші болу – әсте қажет қасиет, – дейді ол. – Өз қарсыластарын алдаумен өткен соншама уақыттан кейін, бұл қасиет жеке өміріңізге де өтеді. Осы кезде алаңдай бастасаңыз әбден болады».
Өзін «Ресейдің патшайымымын» деп алдағандар аз болған жоқ.
Бұл қызық қылмыс еді: 1918 жылы большевик төңкерісшілері орыс патшасы ІІ Николайды, патшайымды және олардың бес баласын өлтірді. Алайда патша отбасының ең кіші қызы Анастасия қашып кетті. Көптеген алаяқ осыны пайдаланған, солардың арасында ең танымалы, келбеті Анастасияға ұқсайтын Анна Андерсон 1938 жылы мұраға таласу үшін өзінің жеке басын куәландыруға арыз беріп, онысынан түк шықпады. Аутопсиялық ДНҚ тексеруінде оның Романовтар әулетіне қатысы болмағаны, шын мәнінде, ол Франчиска Шанцковская есімді Польшаның фабрика жұмысшысы болғаны анықталған.
АТАҚТЫ ӨТІРІКШІЛЕР ДЖОАН ЛОУЭЛЛ: «Кез келген ақымақ мұқият та, алаңғасар да болуы мүмкін».
Лоуэллдің 1929 жылы капитан әкесімен бірге кемеде өткізген балалығы туралы «Теңіз толқынында» атты бестселлер мемуарын ойдан құрастырғаны белгілі.
ХАН ВАН МЕГЕРЕН: «Ол сұмдық ауыр жұмыс болатын».
ХХ ғасырдың ортаңқол суретшісі «Вермеердің туындылары» деп миллиондаған долларды қалтасына басты. Ол жаңа салынған суретін «өткен ғасырлық» ету үшін пеште «пісірген».
Атақты аферист алаяқтық схемасына өз атын береді.
1999 жылы Италия босқыны Чарльз Понци пошталық қайтарым купоны бойынша пирамидалық схема құрды. Схемасы «гүрілдеген» шақта Понци күніне $250 000 (бүгінгі құнымен шамамен үш миллион АҚШ доллары) пайда таба отырып, инвесторларды бас айналдырар қайтарым беруге уәдемен миллиондаған доллар салуға шақырып арбаған. 1920 жылдың тамызында поштаны пайдаланып, алаяқтық үшін 86 тармақ бойынша жауапкершілікке тартылған кезде Понцидің схемасы, яғни бір инвесторға басқасының ақшасынан төлеу жүйесі жұртшылыққа жария болды.
АТАҚТЫ ӨТІРІКШІЛЕР КАССИ ЧАДВИК: «Мені босатыңыз, сізге айтып тұрмын ғой, менің кінәм жоқ!»
Чадвик 1905 жылы банктерді миллиондаған долларға алдап соққаннан кейін, өзін «Андрю Карнегидің қызымын» дей отырып, кінәсіздігіне сендіруге тырысқан.
ДЖЕЙМС В. ДЖОНСОН: «Шылым шегу шай, кофе немесе кремді сары печеньеден артық тәуелділік тудырмайды».
R.J.Reynolds темекі компаниясы басшысы «никотин тәуелділік тудырады» деген белгілі түсінікті жоққа шығарды.
Аңыз үшін алдау
Интернеттегі танымал видеолар мен суреттердің кейбірін «Зардулу» деген атымен белгілі құпия сайқымазақ жариялаған. Ол өтірігін жиі аша бермейді. «Басқа аңыздардағыдай менің шығарғандарым да әлем туралы тамаша сезімді оятуға, біздің қасаң түсінігімізді теріске шығаруға негізделген», – дейді ол. Зардулу қойдың басы түріндегі маскамен шығады, бұның символдық мәні бар, ал аңыздарды түсіндіруші иерофан – өзінің көлеңкесі іспетті.
Кәсіби пайда үшін алдау
Джейсон Блэр – адамдарға өз мақсаттарын айқындап, қол жеткізуге көмектесетін жеке даму жөніндегі нұсқаушы. Оның алдында Блэр «New York Times» газетінде тасы өрге домалаған тілші болып істеген. 2003 жылы оның плагиаттықпен шұғылданғаны анықталған кезде лауазымы құрдымға кетті. «Менің дүнием өтірікші бола отырып, әлдекімдердің өтірігін жабудан басталды, – дейді ол. – Ақыр соңында өмірімді өтірік айтуымның және басқалардың солай істеуінің себебін іздеумен өткіздім».
Әлемді тануда қолданатын біліміміздің көбі басқалардан естігенімізден құралады. Адаммен қарым-қатынаста толық сенім болмаса, әлеуметтік қарым-қатынастан мақұрым қалар едік. «Біз сенім артудан алатынымыз әлдеқайда көбірек, сондықтан ара-тұра алаяқтықтан шегер зардабымыз салыстырмалы түрде шыбын шаққандай», – дейді Бирмингемдегі Алабама университетінің психологі Тим Левин. Ол бұл пікірді «шындықтың үнсіз келісімі теориясы» деп атайды.
Сенгіштік бізді аңғал етеді. «Егер сіз әлдекімге мен ұшқышпын» десеңіз, олар «мүмкін ол ұшқыш емес шығар, неліктен ол ұшқышпын деп айтады» деп ойланып отырмайды. Олар олай бас қатырмайды», – дейді қауіпсіздік жөніндегі консультант кіші Фрэнк Абигнейл. Оның жас кезінде чектерді қолдан жасап, өзін өзгелерге ұшқыш ретінде таныстырып, жасаған қитұрқы әрекеттері «Қолыңнан келсе, ұстап көр» фильмінің дүниеге келуіне себеп болған.
Массачусетс университетінің психологі Роберт Фелдман мұны өтірікшілердің артықшылығы деп есептейді. «Адамдар өтірікті күтпейді, – дейді ол, – көбінде адамдар өздері естіп тұрған нәрсені естігісі келеді». Біз көңілімізге жағатын, жанымызды жай таптыратын өтіріктерге қарсы тұра бермейміз, ол өтірік мақтау болсын немесе инвестициялық зор пайда уәдесі болсын.
Біз өз дүниетанымымызға сай келетін өтіріктерді қабылдауға әсте дайынбыз. Трамп кеңесшісінің ұлықтау рәсіміндегі жиналған халық саны жөнінде айтқанындай «балама фактілерді» тарататын мемдер интернет арқылы әлеуметтік желілерде кең тарайды. «Өтіріктерін әшкерелеу олардың билігіне зиян келтірмейді, өйткені адамдар келтірілген дәлелдерді өз дүниетанымдарының линзасынан көреді, – дейді Беркли қаласындағы Калифорния университетінің когнитивтік лингвистика маманы Джордж Лакоф. – Егер сіздің нанымызға теріс бір факт тап келсе, сіз оны байқамайсыз, яки елемейсіз, болмаса, келеке етесіз немесе түсінбей бас қатырасыз, тіпті оны қауіпті нәрседей көріп, шабуылға көшесіз».
Батыс Аустралия университетінің когнитивтік психология бойынша ғылым кандидаты Брайони Суайр-Томпсон жаңсақ сенімді теріске шығаруда дәлелге сүйенетін ақпараттың тиімсіздігін зерттеуде. 2015 жылы Суайр-Томпсон мен оның әріптестері шамамен 2000 ересек америкалыққа келесідей екі тұжырымның бірін ұсынған: «Вакциналар аутизм ауруын тудырады» немесе «Дональд Трамп вакциналардың аутизм ауруын тудыратынын айтты» (Ғылыми дәлелі болмаса да Трамп мұны көп қайталаған).
Таңданатыны жоқ, қатысушылар арасында Трампты қолдайтындар оның аты аталғанда қате ақпаратқа деген нық сенімдерін білдірген. Кейін қатысушыларға вакцина-аутизм байланысы неліктен жалған екендігін көрсететін терең талдау жөнінде айтылатын қысқа түсініктеме беріліп, олардан өз сенімдерін қайтадан бір ой елегінен өткізулері сұралды. Қатысушылар саяси сенімдеріне тәуелсіз аталған байланыстың дұрыс еместігін мойындады, бірақ оларды бір аптадан кейін қайта сынақтан өткізгенде олардың қате ақпарат жөніндегі сенімдері бұрынғы деңгейге дерлік қайта оралғаны анықталды.
«Адамдар өздеріне таныс ақпаратты дұрыс деп ойлауға бейім. Сондықтан оны теріске шығаруға тырысқан кезде, бұрынғыдан да «жақынырақ» ете түсу қатеріне түсесіз, осылайша, «айыруға тырысу» – іс жүзінде тиімсіздеу, сорақысы сол, бұл сол сенімді ұзарта түседі», – дейді Суайр-Томпсон.
Талантты шоумен көрерменнің көңіл күйін пайдаланған
Өзінің бірінші қойылымында, Шоумен Финеас Тейлор Барнум 1835 жылы Джойс Хетті Джордж Вашингтонның 161 жастағы бала бағушысы деп таныстырған. Көрермендер «әлемдегі ең табиғи және ұлттық жәдігерді» көргенде ауыздары ашылып қалды. Барнум басылым беттерінде өтірік-өсек таратып, халықтың қызыққұмарлығын өз пайдасына жаратты. Оның Хет туралы дақпырты оның өлімінен кейін «бұрқ» етіп жарыққа шықты, аутопсия нәтижесінде Хеттің жасы 80-нен аспағандығы анықталды. Барнумның өтірікке деген әуесі ауырып жатқан кезінде қатты білінді. Ол өз қазанамасын өлмес бұрын оқып алуы үшін газетке алдын ала тапсырыс беріп, жариялап жіберген.
АТАҚТЫ ӨТІРІКШІЛЕР УРБАН ЛЕГЕНД: «Пол қайтыс болды».
«Пол МакКартни 1966 жылы жол апатынан қайтыс болды» деген өсектен кейін «Битлз» жанкүйерлері топ альбомдарын жаппай ала бастады.
ОРСОН УЭЛЛЕС: «Мен Марстан келетін басқыншылыққа бұлай сенеді деп ойламадым».
1938 жылы 30 қазанда, CBS радиосының эфирінен «Әлемдер соғысы» шығармасының үзіндісі оқылды. Кейбір тыңдармандар байбалам шығарған. Уэллес тыңдармандардың бұлайша сеніп қалғандарына аң-таң болған екен.
Ойдан шығарылған ежелгі – Пилтдаун адамы сенсация тудырды
1912 жылы қаңқа қалдықтарын зерттеуші энтузиаст Чарльз Доусон мен оның серігі, Ұлыбритания Табиғат тарихы музейінің геологы Артур Смит Вудвард Англияның Пилтдаун аймағындағы мазардан адамдікіне ұқсас бас сүйек қалдықтарын және маймылдікіне ұқсас жақ сүйегін тапқандарын жариялады. Одан бірнеше жыл бұрын Доусон Смит Вудвордке өзінің үлкен олжа тапқалы жүргенін жазған екен. Бірақ басында «маймылдың адамға айналуындағы жетіспейтін буын» деп танылған Пилтдаун адамы жалған болып шықты: сүйектер ежелден қалған қаңқа ретінде көрінуі үшін боялған, ал орангутанның тістері адам тістеріне ұқсастырылып кесілген.
АТАҚТЫ ӨТІРІКШІЛЕР ХВАНГ ВУ-СУК: «Мен илюзия жасап, оны шындықтай көрсеттім. Мен өзім шығарған өтірікке өзім мас болдым».
Оңтүстік кореялық ғалым 2004 жылы әлемнің алғашқы клондалған адам эмбрионынан бағандық жасушалар жасап шығарғанын мәлімдеген.
МАРМАДУК ВЕТЕРЕЛЛ: «Біз оларға өз құбыжығын береміз».
Британдық кинотүсіруші ойыншық сүңгуір кемені, пайдаланып, «Лох Несс» құбыжығын жасатқан. Бұл туынды. 1934 жылы түсірілген атақты суретте бейнеленген.
Жазушы Юджиджит Баттачарджи өтірік айту туралы өзінің «Емле қателі тыңшы» атты жаңа кітабында да жазған еді. Дэн Винтерс – Техас штатының Аустин қаласында тұратын көптеген жүлдеге ие болған фотограф.