Құрығына алса, құртпай тынбайтын құмарлықты қалай жеңуге болады? Бұл істе ғылым көмекке келе ала ма?
Автор: Фран Смит, фото: Макс Агуилера-Хеллвег
Анасы есірткі тәуелділігін емдеуде электромагниттік толқындарды пайдаланатын дәрігер туралы айтқанда Патрик Перотти мырс етті.
Италияның Генуя қаласының 38 жастағы тұрғыны Перотти кокаин иіскеуді 17 жасынан бастаған. Оның еріккендегі қылығы біртіндеп күнделікті әдетте айналып, кейіннен мүлде «құрыққа түсірген». Ол бір қызды сүйіп қалып, одан ұлды болады, ұзамай мейрамхана ашады. Алайда оның есірткіге тәуелділігі отбасы мен кәсібін ойран етті.
Ол сауығу орталығында үш ай емделіп шыққан соң 36 сағаттан кейін ескі әдетіне қайта басты. Басқа бағдарламамен емделуге тағы сегіз ай кетті. Бірақ үйіне оралған күні дилеріне кездесіп қалып, жағдай тағы қайталанды. «Мен кокаинды долдана иіскей бастадым, – дейді ол, – мен ессіз, мәңгірген параноикке айналдым. Бұдан шығудың жолын да көре алмадым».
Анасы дәрігерге көріну туралы табанды түрде талап еткен кезде Перотти қырсыққанын қойып, келісімін берді. Одан талап етілгені – тіс дәрігері бөлмесіндегідей креслоға отырып, дәрігер Луиги Галлимбертиге басының сол жағында әлдебір аппаратты ұстап тұруына рұқсат ету ғана болатын.
Психиатр әрі токсиколог Галлимбертидің тәуелділікті 30 жылдан бері емдеп келе жатқан Падуя қаласында өз емханасы бар. Оның транскраниалдық-магниттік стимуляция (ТМС) деп аталатын әдісті пайдаланып көру туралы шешімі тәуелділікті зерттеу ғылымындағы ірі жетістіктер мен дәстүрлі емдеуге көңіл толмаушылығынан туындады. Дәрі-дәрмек адамдарға ішімдік, шылым немесе есірткі тәуелділігінен құтылуға көмектесе алады, бірақ ескі әдетіне басу жағдайы жиі кездеседі. Кокаин тәріздес стимуляторлар тәуелділігіне қарсы тұратын дәрі жоқ. «Мұндай пациенттерді емдеу өте қиын», – дейді ол.
БҰҰ-ның есірткіге және қылмысқа қарсы күрес басқармасының деректеріне сай, дүниеде жыл сайын 200 мыңнан астам адам есірткіні шамадан тыс қолданудан және ВИЧ тәріздес есірткімен байланысты аурулардан қайтыс болады. Ал темекі мен ішімдіктен көз жұматындар саны одан да көп. Миллиардтан астам адам шылым шегеді және темекі өлім-жітімнің бес басты себебінің бірі: жүрек аурулары, инсульт, респераторлық инфекциялар, созылмалы обструктивті өкпе ауруы және өкпенің қатерлі ісігі. Әлемде әр 20 ересек адамның бірі ішімдікке тәуелді. Есірткіге теңестірілетін құмар ойындары мен басқа да «бағындырғыш» нәрселердің құрсауына түскендер санағын ешкім жүргізген емес.
Ғалымдар адам қалауы, әдетінің қалыптасуы, ләззат алу, оқу-үйрену, эмоциялары мен таным-біліміне негізделетін жолдар мен процестерді тәуелділіктің қалай бұзатыны жөнінде егжей-тегжейлі көріністі құрастырып шығарды. Ми пластикасының ғажайып мүмкіншілігін пайдалана отырып, құмарлық денсаулық, жұмыс, отбасы немесе өмірдің өзін құрбандыққа шалу арқылы кокаин, героин немесе джин үшін ең жоғарғы құндылықты белгілеу мақсатында нейрондық тізбектерді өзгертеді.
«Былайша айтқанда, тәуелділік – үйренудің патологиялық формасы», – дейді Ұлттық токсикомания институтының нейрологі Антонелло Бонси.
Бонси мен оның әріптестерінің ҰТИ-дегі және Сан-Францисконың Калифорния университетіндегі эксперименттері туралы оқыған кезде Галлимбертидің үміті оянды. Олар кокаинге тәуелді егеуқұйрықтардың нейрондарындағы электрлі белсенділіктерін өлшеп, мидың мінез-құлықты басатын бөліктері қалыптан тыс тыныш күйде болғанын анықтаған. «Зерттеушілер егеуқұйрықтардағы селқос жасушаларды «іске қосты». Олардың кокаинға деген қызығушылығы мүлде жойылып кетті», – дейді Бонси. Зерттеушілер адам миының префронталдық қыртысындағы мінез-құлықты басуға жауапты бөлігін стимуляциялау нашақордың ләззат алуға деген тойымсыз құштарлығын басуы мүмкін деген тұжырымдаманы ұсынды.
ТМС технологиясы мұны жүзеге асырудың тәжірибе түрін ұсынуы мүмкін деген ой келді Галлимбертиге. Кез келген қозғалыс немесе туындаған ой ми нейрондары арасында сыдыра қозғалатын электр импульстарымен басқарылады. Жылдар бойы күйзеліс пен бас сақинасын емдеуде қолданылып келген миды стимуляциялау осы схеманы пайдалануға мүмкіндік береді. Құрылғы таяқша спираль сымнан ғана тұрады. Оның бойымен электр тоғы жүрген кезде таяқша магниттік импульс тудырады, бұл мидың электрлі белсенділігін өзгертеді. Галлимберти қайталанбалы импульс есірткімен бүлінген нейрон жолдарын іске қосуы мүмкін деп ойлады. Бұл «қатып қалған» компьютерді қайта қосқанмен бірдей.
Ол осы технологияны сынау үшін нейрокогнитив психолог әріптесі Альберто Терранеомен бірге Бонсиге қосылды. Олар кокаинге тәуелді нашақорлар тобымен тәжірибе жүргізді:
16 науқас бір айлық ми стимуляциясы курсынан өтсе, 13 сыналушы әдеттегі емдеу, соның ішінде қатты алаңдаушылық және күйзелісті емдеу курсынан өткізілді. Сынақтық мерзім соңында стимуляция тобынан – 11 адам, ал келесі топтан тек үш адам ғана есірткі құрсауынан құтылды.
Зерттеушілер еңбектерінің нәтижелерін European Neuropsychopharmacology журналының 2016 жылдың қаңтар айындағы санында жариялады. Бұл көпшілікке кеңінен тарап, жүздеген нашақор емханаға ағылды. Пероттидің қобалжуы артты. Айтуынша, ол бірінші қабылдаудан кейін толқуы басылған. Көп ұзамай оның кокаинге деген құмары ғайып болды. Алты айдан кейін құмарлықтың ізі де қалмады. «Бұл бір түбегейлі өзгеріс болды, – дейді ол, – менің өмірге деген құлшынысым артты. Мұндай күйді бастан кешпегеніме көп уақыт болыпты».
Мұндай емдеудің жарамдылығы мен пайдасын тексеру үшін көптеген плацебомен бақыланатын сынақ қажет. Топ зерттеулерін жалғастыруды жоспарлап отыр және дүниежүзі бойынша зерттеушілер адамдарға шылым, ішімдік, құмар ойындары, шамадан тыс ішіп-жеу және опиодтерді теріс пайдалану құмарлығынан арылуға көмектесу үшін ми стимуляциясы әдісін сынап көруде. «Пациенттер маған бұрын кокаин олардың өміріне сіңісіп кеткенін, қазір ол кеселдің оларды бағындыра алмайтын алыс нәрсеге айналғанын айтады», – дейді Бонси.
Аз уақыт бұрын ғана тәуелділікті емдеуде ми талшықтарын қалыпқа келтіру мүмкін емес көрінетін. Алайда нейроғылым жетістіктері тәуелділік туралы дәстүрлі түсініктен асып түсті. Егер 30 жыл бұрын медициналық оқулықты парақтағаныңызда құмарлықтың анықтамасы шыдам жетпейтін, әсерін сезінуді уақыт өте көбірек талап ететін және оны пайдаланбаған уақытта денеде жиіркенішті «сынық сезімін» тудыратын әлдебір заттекке тәуелділік деп көрсетілгенін байқар едіңіз. Бұл алкоголь, никотин мен героинді жеткілікті сипаттайды. Бірақ марихуана мен кокаин ескерілмеген.
Тәуелділік – ауру, ол моральдық кемістік емес. Ол әрекеттің өмірге зиян салдарына қарамастан адам оны мәжбүрлі қайталаумен сипатталады. Бұл көзқарас көптеген ғалымның бір кездегі «құмарлық есірткісіз де бола алады» деген пікір қабылдауына әкелді.
Американың психиатрия саласындағы «Психикалық ауруларды диагностикалау және статистикалық нұсқаулық» (Diagnostic and Statistical Manual of Mental Disorders) оқулығының ең соңғы редакцияланған нұсқасында алғаш рет құмар ойындары мінез-құлықтық тәуелділік түрі деп қабылданған. Кейбір ғалымдардың пікірінше, қазір көп нәрсе – денсаулыққа зиян тамақтар, шопинг, смартфондар потенциалды түрде тәуелділікке жетелейді, өйткені олар мидың «марапаттау» жүйесіне әсер береді, бұл схема қызбақұмарлыққа негізделген.
«Бәріміз де талғампаз марапат детекторымыз», – дейді Анна Роуз Чайлдресс. Анна – Пенсильвания университеті жанындағы Тәуелділікті зерттеу орталығының клиникалық нейроғалымы.
Ұзақ жыл бойына Чайлдресс пен басқа да ғалымдар мидың марапаттау жүйесін зерттеу арқылы тәуелділіктің құпиясын ашуға тырысып келеді. Чайлдресс зерттеулерінің басым бөлігі есірткіге тәуелді адамдарды магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппаратымен тексеруден тұрады. Аппарат нейрон белсенділігін талдау әдісі ретінде мидағы қан ағысын тексереді. Күрделі алгоритмдер және түс кодтауы арқылы мидың сканерден өткізілген түсірілімдерін суретке айналдырады. Суреттер мида құмарлық туған кезде ерекше белсенділікке ие болатын тізбектерді нақты көрсетеді.
Анна компьютерден ми суреттерінің галереясын қарап отыр. «Мен бұл суреттерге сағаттар бойы қарап отыра аламын және қараймын да, – дейді ол. Іс жүзінде мидың ахуалын өз көзіңізбен көре алатындығыңызды ойлау – сондай керемет, бір жағынан, қауіпті».
Марапаттау жүйесі – мидың арнайы бөлігі, оның егеуқұйрықтікінен көп айырмашылығы жоқ. Бұл жүйе өзімізге керекті нәрсені іздеуімізді қамтамасыз етуге арналған және бізге қажет көрініс, дыбыс және иіс туралы ескерту береді. Ол тірі қалу үшін ауадай қажетті тамақ ішу секілді түйсік пен рефлекс қызметін өз мойнына алады.
Қалау ми әрекеттерінің кешенді белсенділігіне тәуелді, бірақ ғалымдар оны іске қосатын нейрон таратқышы дофаминіндегі күрт секіріс болуы әбден мүмкін деп ойлайды. Синапсис арқылы сигнал таситын химиялық тасымалдаушы болатын дофамин мидың көптеген функциясында белсенді роль атқарады. Тәуелділікке ең сәйкес келетін дофамин ағыны қоздырғыштың ынталандырушы тетігін белсенді етеді. Теріс мақсатта пайдаланылған кез келген дәрі ми химиясына түрліше әсер етеді, бірақ олардың бәрі дофамин деңгейін табиғи қалыптан шығарып, шарықтатып жібереді.
Табиғи дофаминді имитациялайтын және паркинсон ауруын емдеуге қолданылатын дәрілердің оғаш жанама әсерін қарастырайық. Ауру алдымен қозғалысқа әсер ете отырып, дофамин өндіретін жасушалардың көзін жояды. Дофаминді алмастыратын дәрілер бұл симптомдарды бәсеңдетеді, бірақ мұндай дәрілерді қабылдайтын паркинсон науқастарының шамамен 14 пайызында құмар ойындарына, шоппинг, порнография, тамақ жеу және дәрінің өзіне тәуелділік пайда болады.
Марапаттау сигналдары немесе еске салу белгілері дофамин серпілісін ояту үшін қажет. Тәуелділікке шалдыққан адамдар миларының марапаттау жүйесін ояту үшін сигналды саналы түрде тіркеу міндетті емес. PLoS One журналында жарияланған зерттеуде Анна Роуз Чайлдресс кокаин түтікшелері мен басқа да есірткі элементтерін 33 миллисекундқа (бұл кірпік қағудың оннан біріне тең уақыт) айығып келе жатқан 22 кокаинге тәуелдінің көз алдынан өткізе отырып, олардың миын сканерлеген. Пациенттер саналы түрде еш нәрсе көрмейді, бірақ суреттер есірткі сигналдарын қоздыратын марапаттау тізбегінің дәл сол бөліктерін іске қосқан.
Чайлдресстің көзқарасы бойынша, бұл деректер айығып, бірақ кокаинге қайта шалдыққан тәуелділердің ескі әдетіне қайта басуға не итермелейтінін түсіндіреді. «Олар кокаинды еске түсіретін ортадан шықпаған, – дейді ол, – олар, жалпы, бұрынғы марапаттау жүйесін оята отырып, қайта «күш алып» отырған. Сана мұны түсінем дегенше, тәуелділік тау селіндей шайып өте шығады.
Әрине, ми марапаттау жүйесінен ғана тұрмайды. Оның бойында ойлау, қауіп-қатерді есептеуге және тежеусіз қалауды бақылауға арналған эволюцияның ең күрделі механизмі орналасқан. Неліктен құмарлық пен әдет себеп-салдарын біле тұра тәуелділік «шырмауынан» асып түсетін күшке ие? «Зымиян шайтан адамды есінен алжастырады», – дейді дауысы гүжілдеген тұрақты түрде наша шегетін мұңды адам.
Психиатрия және нейроғылым профессоры Рита З.Голдштейн зертханасында мидың префронталдық қыртысындағы атқарушы бақылау орталығының ролі туралы зерттеу жасауда. Сканер ми белсенділігін жазу барысында оған кокаин суреттері көрсетіліп, рақат немесе қауіп-қатер сезімі туралы ойлауы сұралады.
«Менің есірткіге соншалық көп ақша жұмсағаным ақылға сыймайды», – дейді ол МРТ аппаратына бара жатып.
Құмарлықтың префронталдық қыртыс пен басқа да бөліктермен қалай байланысатынын зерттеуге септігін тигізген Голдштейннің нейровизуализация әдісі мидың марапаттау жүйесі туралы түсінікті молайтуға көмектесті. Мидың осы бөлігіндегі өзгерістер шешім қабылдау, өз-өзін бақылау секілді тәуелділікпен байланысты өзге де когнитивті функцияларға әсер етеді.
2002 жылы Голдштейн қазір ҰТИ директоры болып қызмет атқаратын Нора Волковпен бірге жұмыс істей отырып, кейін ықпалды модельге айналған iRISA (impaired response inhibition and salience attribution) деп аталатын тәуелділік теориясын жариялады. Аты айтуға күрделі болғанымен, бұл – өте қарапайым нәрсе. Есірткі сигналдарының мәні артуымен басқа нәрселерге көңіл аудару әлсірей түседі. Ал осы сигналдар тұрғысынан мидың мінез-құлықты бақылау қабілеті азаяды.
Голдштейн кокаин тәуелділерінде префронталды қыртыстағы сұр заттек кемігенін көрсетті. Бұл – атқарушы функцияның нашар істеуімен байланысты құрылымдық жетіспеушілік. Олар есте сақтау, ден қою мен шешім қабылдау сынағы кезінде тәуелділігі жоқ адамдармен салыстырғанда мүлде басқа нәтиже көрсеткен. Әдетте, олардың көрсеткіші төмен болған. Нәтиже контекстке байланысты.
Мәселен, Голдштейн олардан есірткіге қатысты сөздерді тізіп шығуды сұраған кезде олар алдына жан салмады. Есірткіні тұрақты пайдаланушылар есірткі қатысты тапсырмаларды жоспарлауға және орындауға өте шебер, бірақ бұл әуестік қалай және қашан тоқтау керек секілді басқа когнитивтік процестермен компромисске келуі мүмкін. Мінез-құлық және ми қызметінің бұзылуы мидағы басқа келеңсіздіктерге қарағанда жіті келіп, науқастарға ауыр әсер етеді.
«Тәуелділік ми қызметінің бұзылуы ретінде танылуының себебі де – осы», – дейді ол.
Голдштейн зертханасында адамдар есірткі пайдалануды тоқтатқан кезде мидың алдыңғы бөлігі сауыға бастайтыны жөнінде таңғалдырар деректерді анықтаған. 2016 жылғы зерттеуде алты айға кокаиннен бас тартқан немесе қабылдауы тоқтатқан 19 нашақорға бақылау жүргізілді. Олардың миында мінез-құлықты тежеу мен марапаттауды бағалайтын екі учаскедегі сұр заттек мөлшері артқан.
Марк потенза лас-вегастағы «Венециан» казиносы ішінде қадам басып келеді. Потенза – Йель университетінде психиатр, импульсивтілік және импульс бұзылуын зерттеу бағдарламасының директоры болып істейтін ақжарқын, жігерлі адам. Ол төмен қарай эскалатормен түсіп, ұзын дәліз арқылы Sands Expo мәжіліс орталығына келді. Бұл жерде Потенза құмар ойындарына тәуелділік туралы зерттеуі бойынша жүздеген ғалым мен дәрігер алдында баяндама жасайды.
Жиналысты Ойынға жауапты қарау жөніндегі ұлттық орталық ұйымдастыруда. Бұл – осы индустрияда қолдауға ие болып және Потенза мен басқаларының құмар ойындарды зерттеулерін қаржыландырып отырған топ. Бұл жиналыс Global Gaming Expo мегаконференциясы қарсаңында болып жатыр. Потенза подиумда ойыншылардың ағзасындағы ақ заттектің біртұтастығы мен кортикалдық қан ағысы туралы әңгімелеп тұр. Ал зал сыртында көрме ұйымдастырушылары жастардың тулаған қанына шапқылайтын дофаминді шығару үшін жасалған инновациялық технологияларды жарнамалайтын экрандарды бабына келтірумен айналысуда. Шараға 27 мыңнан астам ойын шығарушысы, дизайнерлер және казино операторлары қатысады.
Потенза мен басқа ғалымдардың еңбегі психиатрия саласының мамандарына мінез-құлықтық тәуелділік идеясын қабылдауға итермеледі. 2013 жылы Америка психиатрлар ассоциациясы «Диагностика және статистикалық нұсқаулық» оқулығындағы «Басқа жерде классификацияланбаған импульс» тарауынан құмар ойыны мәселесін шығарып, «Заттекпен байланысты және тәуелділік кемістіктері» тарауына кіргізді. Бұл әншейін ғана техникалық бір шара емес-тұғын. «Бұл басқа мінез-құлықты тәуелділік деп қарастыруды тоқтатады», – дейді Джудсон Брюер. Джудсон Массачусетс университетінің Медицина мектебіндегі менталдық тәжірибе орталығының зерттеу жөніндегі директоры болып істейді.
Ассоциация он жылдан астам уақыт бұл мәселені қарастырды, бұл уақытта құмар ойындары туралы жиналған зерттеулер құмар ойындары есірткі тәуелділігіне қаншалықты ұқсайтындығын көрсетеді: қанағаттанбау, алаңдаушылық және ақылға сыймайтын шешімдер. Құмарлық ләззатына бату үшін тігілетін бәсті көбейте түсуге деген қажеттілік сезімі. Уәде берсе де, өзін тоқтата алмау. Потенза ойынқұмарлардың миларын алғаш зерттеу шараларын жүргізіп, олардың түсірілімдері нашақорға ұқсайтынын көрген: мидағы импульсті бақылауға жауапты бөліктердің белсенділігі солып қалған.
Бұл күнде психиатрия мамандары құмарлыққа шалдығу есірткісіз де болуы мүмкін дегенмен келіседі. Зерттеушілер мінез-құлықтың қай түрлерін тәуелділікке жатқызуға болатынын анықтауда.
«Шамадан тыс пайдалы, масаттандыратын немесе тыныштандыратын нәрсенің барлығы тәуелділік тудыра алады», – дейді психиатр Джон Грант. Ол Чикаго университетінің Тәуелділік, ерікке бағынбайтын және импульсивті мүкістіктер емханасын басқарады. Тәуелділік адамның осалдығына байланысты, оған басқа факторлармен қатар генетика, жарақат немесе күйзеліс әсер етеді.
Нью Йорк қаласындағы Маунт-Синай медициналық орталығының нейроғалымы Николь Авена егеуқұйрықтарға қант бергенде олар оны жеуді доғармай, олардың бойында кокаинге тәуелді болған кездегідей қатты қалау және «сыну сезімдері» пайда болатынын көрсетті. Авена мен Мичиган университетінің зерттеушілері жуырда 384 ересек адамға зерттеу өткізді: олардың 92%-ы белгілі бір тамақ түрлерін үнемі қалайтындарын және мұны доғару талпыныстары бірнеше рет сәтсіз болғанын айтқан. Бұл – тәуелділіктің екі ерекше белгісі. Қатысушылар әдетте ұн қабыршағынан дайындалып, үстіне құрамында қант бар қызанақ соусы жағылатын тағам – пиццаны тәуелділік тудыратын ас ретінде ең алдыңғы орынға қойды. Авена тағамға тәуелділік бар деп есептейді. «Адамдардың артық салмақпен күресуінің басты себебі – осы», – дейді ол.
Ғылым тәуелділікке шалдыққан мида не болатынын анықтауда табысты болғанымен, оның шешімін табудағы жетістіктерімен мақтана алмайды. Кейбір құмарлық түрлерін дәрімен емдеуге болады, мәселен, опиоидқа қарсы налтрексон дәрісі ойлап табылған. Сондай-ақ оны ішімдік ішу, шектен тыс тамақ жеу және құмар ойындарға тәуелділікке қарсы да пайдаланады.
Бупренорфин мидағы опиоид рецепторларының белсенденділігін арттырады, бірақ процесс героин әсеріне қарағанда анағұрлым төмен деңгейде орындалады. «Бұл сиқыр сияқты», – дейді Джастин Натансон. Джастин Оңтүстік Каролина штатының Чарлстон қаласында кинорежиссер болып істейді және оның өз галереясы бар. Ол көп жыл героин пайдаланған және екі рет сауығу процедурасынан өтіп, артынан қайтадан ескі әдетіне басқан. Кейін дәрігер оған бупренорфин дәрісін жазып береді. «Бес минутта өзімді толықтай жақсы сезіндім», – дейді ол. Джастин 13 жыл бойы героин қолданған емес.
Тәуелділікті емдеуде қолданылатын дәрілердің көбі бұрыннан бар. Нейроғылымдағы соңғы жетістіктер де әлі айтарлықтай емдеу әдісін ойлап тапқан жоқ.
12 адымдық бағдарлама, когнитивті терапия және басқа да психотерапиялық әдістер көптеген адам үшін тың өзгеріс әкелсе де, барлығына бірдей оң нәтиже бермейді.
Брюер – буддизм психологиясын зерттейді, сондай-ақ тәуелділік саласындағы психиатр. Оның ойынша, тәуелділікті емдеуде ең үздік үміт – заманауи ғылым мен ежелгі медитативтік тәжірибені араластыру. Ол – саналы сезіну әдісінің жақтаушысы, бұл әдіс бойынша өзіңіз істейтін және сезінетін нәрселерді, әсіресе өз мінез-құлқыңды тоқырауға ұшырататын әдеттерді түсіну үшін медитация және басқа да тәсілдер пайдаланылады.
Брюер ғылыми (медициналық) терминдер мен пали тілінде (буддизм кітаптары тілі) араластыра сөйледі. Өткен кеште ол күйзелісті тамақ жеумен өткізетін 23 адаммен сеанс өткізді.
Доннамари Лариеви маркетинг жөніндегі консультант және жауапты нұсқаушы болып істейді. Ол өзінің балмұздақ және шоколад құмарлығынан арылу үшін сананы емдеу тобына қосылғанына төрт ай өтті. Қазір ол денсаулыққа пайдалы тағамдарды жейді, кейде шоколад және карамельді балмұздақтың үлкен қасығына да ерік береді, бірақ оған бұрынғыдай құмар емес. «Бұл өмірімді өзгерткен нәрсе болды, – дейді ол, – ең маңыздысы, мендегі бағынбайтын қалау сезімі жоғалды».
Натан Абелс бірнеше мәрте ішімдік ішуді доғаруға ниет еткен. 2016 жылдың шілде айында үш күндік салынып ішуден кейін ол Чарлстон қаласындағы Оңтүстік Каролина медициналық университетінің жедел көмек бөлмесінен бір-ақ шықты. Ем қабылдай жүріп ол нейроғалым Коллин А.Ханлонның ТМС зерттеуіне ерікті ретінде қатысуға ниет білдірді.
28 жастағы Абел үшін нейроғылымның ішкі қырын түсіну жеңілдік сезімін береді. Ол биологияның құрсауына түскендей не ішімдік әуесі үшін жауапкершіліктен құтылғандай сезінбейді. Керісінше ұялады. «Мен ішімдік – әлсіздік деп ойлайтынмын, – дейді ол, – оның ауру екендігін түсіну кәдімгідей күш береді екен».
Ол емделуі үшін медициналық орталық ұсынатын дәрімен емдеу, психотерапия, қолдау топтары және басқа жасалатын электромагнитті өшіру тәріздес барлық әдістерді пайдалануда. «Ми өз-өзін емдей алады, – дейді ол, – ең кереметі де – осы».
Френ Смит – жазушы әрі редактор. Бұл – оның «National Geographic» журналындағы тұңғыш мақаласы. Макс Агуилера-Хеллвег – фотограф, оның дәрігерлік білімі де бар.
Опиоидтен зардап шеккен сәбилердің зар жылаған дауысы төбе құйқаңды шымырлатады: шырыл қысқа-қысқа бірақ үсті-үстіне қайталана береді. Батыс Виргиниядағы Кабелл Хантингтон ауруханасындағы жаңа туған сәбилерге күтім көрсету орталығында осы дауыс ащы естіледі.
Бұл жер – елдегі опиоид дағдарысының куәсі. Жаңа туған сәбилердің бестен бірі героин не басқа да есірткі әсеріне жатырда жатқаннан-ақ тап болған. «Бұл айсбергтің ұшы ғана», – дейді орталықтың директоры, неонатолог Шон Лоудин.
Батыс Виргиния опиоидты шамадан тыс пайдаланудан көз жұматындар көрсеткіші бойынша АҚШ-та алдыңғы орында. Кабелл округінде 2012 жылға дейін шамадан тыс доза қабылдау бойынша жедел жәрдем қызметіне (911) жылына орта есеппен 130 қоңырау түсетін. Өткен жылы 1476 қоңырау тіркелген.
Олар миға қатты әсер ететін есірткі кеселін жеңу үшін күресуде. Сәбилер қалтырайды, терлейді, құсады және денелері ағаштай болып «тырысып» қалады. Олар үзіп-үзіп тамақтанып, ұйықтайды. Бұл сәбилерге тыныштық қажет. Олардың ауру симптомдарын жеңілдету үшін көбіне метадон беріп, бірнеше күнде емдеп шығады.
Алғашында ауру басатын дәрілер дау тудыратын. Артынан героин шықты. Енді героинге қоса кокаин, метамфетамин, ал соңғы уақытта габапенин деп аталатын тырысуға қарсы дәрі де пайда болды.
Көптеген сәбидің науқастық деңгейі өршіген және оларға ұзағырақ күтім қажет.
«Ал, қанеки», – дейді Муррей туғанына 41 күн болған бозарған сәбиді құшағына алып. Ол сәбидің аузына жасыл емізікті салды. Емізікті жұлып алардай сорып жатқан кезде ол сәбиді мықтап ұстап жайлап тербетеді. Аздан соң сәбидің жағы бәсеңдеп, көздері ілініп, ұйқыға кетті.
Көмекке қол жеткізу
Есірткі тәуелділігі мен оған қарсы көмек алу туралы ақпарды drugabuse.gov вебсайтынан таба аласыз.