Кэтрин Цукерман
Бал арасы патшайымы 2-3 жыл өмір сүреді. Бірақ америкалық омарташылар олардың өмір сүру мерзімі соңғы он жылда қысқарып кеткеніне куә болып отыр. Бұл – бал арасы өміріне қатысты көп сұрақтың бірі ғана. Олардың өліміне түрлі паразиттер, улы химикаттар мен мекендеу аймағының тарылуы негізгі себеп болса керек.
Балдан бөлек аралар тозаңдандыру ісінде ауыл шаруашылығында маңызды роль атқарады. Егер бал арасы күрт кемитін болса, алмадан бадамға дейінгі көптеген дақылдың өсіп-жетілуі қиынға соғар еді. Солт.Каролина мемлекеттік университетінің энтомологі Дэвид Тарпи елдегі омарташылардың 90 пайызы әуесқой болғанымен, омарталардың басым көпшілігі коммерциялық ұйымдарға тиесілі екенін айтады.
Араның жойылуы тамақ өндірісіне орасан зиянын тигізбек. Сондықтан ғалымдар оған балама жолдар іздестіруде. АҚШ-тағы бал араларының көбі Италиядан келген. Олар «варроа кенесі» деп аталатын жәндікке қарсы тұра алмайды. Бірақ азиялық аралар оған төтеп береді әрі олардан көл-көсір пайда бар. «Мәселе – мынада. Олар италиялық тұқымдастарына қарағанда көп бал өндіре алмайды және үлкен көлемдегі фермаларды тозаңдандыратындай миграциялық әлеуеті жоқ», – дейді Тарпи.
АҚШ Геологиялық қызметінің жабайы табиғат биологі Сэм Дроженің айтуынша, балама шешім – мыңдаған солтүстік америкалық жабайы ара түрлерін дамыту. Олар – тамаша тозаңдатушы, сирек шағады және көлемі, әдетте, күріш дәніндей ғана болады.Олардың басты кемшілігі бал шығара алмауында болуы мүмкін. «Бірақ біз балды басқа елден де әкеле береміз», – дейді Дроже.