..."/>
ЗЕРТТЕУ

Жанкешті жан

«NatGeo» қоғамының назарын аударған алғашқы жаңалықтар таспаға түспеді. Джейн Гудолл фотоға түскенді ұнатпады, алайда еңбегіне қолдау табудың жолы осы болғандықтан, көнуге мәжбүр болды.

Ол шимпанзелер туралы тың зерттеулермен аты шыққан жас ғалым еді. Жуырда табылған суреттер оның еңбек жолы мен жеке өмірінен құпия сыр шертеді.

Кадр мен қадір Мына кадрлар 2015 жылы қоймадан табылған пленкалар қорабынан шықты. Ол 1960 жж. басында «Гомбе Стрим» қорығында түсірілген. Қазір бұл аумақта Танзания мемлекеті орналасқан. Авторы – кинематограф Хуго ван Лавик.

«National Geographic» қоғамы фотограф Хугоны шимпанзелердің өмірін бақылап, «көрермендер көзайымы» Джейннің шимпанзелермен ойнап жатқан, тіпті шашын жуған кездегі сәттерін фото және видео түсіру үшін жіберді.

Нысанада – фотограф Джейннің өкінішіне қарай, Хуго перфекционист болып шықты. Мына кадрда ол Гомбеде ағаш бұтағында салбырап, рақаттана шылым шегіп тұр. Ол жарық пен фотоэкспозиция дұрыс болмаса, шимпанзе қандай қызық жасаса да, түсірмейтін еді. Жаңалыққа жаны құмар Хуго тамақтану аймағына құм төсеп тастады. Өйткені бұл шимпанзелердің бетіне жарық түсіретін. Ақыр аяғыда Джейн супер 8 мм камера алып тынды, осылайша, ол шимпанзелерді жарыққа қарамай-ақ, кез келген сәтте түсіре алатын еді.

National Geographic деректі фильмдері

Режиссері – Бретт Морген, әуенін жазған – Филип Гласс. «ДЖЕЙН» деректі фильмінде бұрын көрсетілмеген, Гудолл ханымның өмірі жайлы кадрлар қолданылды.


Автор: Тони Гербер, фото: Хуго Ван Лавик

«Менің жазғандарымды оқыған боларсыздар,

– деді 2015 жылы Джейн Гудолл тыңдармандарына лекция оқып тұрып, – дегенмен өз аузымнан айтқанның жөні бір басқа». Оның айтқандары бұрын көп мәрте жазылған, көрсетілген не басқа жолдармен әлемге таралған. Жас ағылшын келіншек Африкада шимпанзелерді зерттеп, приматтар туралы ғылымда төңкеріс жасайды. Оның жануарларға деген ықыласы ерекше еді. Зерттеу саласында ресми білім-тәжірибесі жоқ болса да, ерлер үстемдік ететін ғылым мен БАҚ саласында өзінің дара жолын салып, үлкен жаңалықтар ашып, табиғат қорғауда әлемге танымал тұлғаға қалай айналды? Әңгімеміз де сол туралы болмақ.

Джейннің атын шығарған – «Гудолл ханым мен жабайы шимпанзелер» фильмі. 1965 жылы көрермендерге жол тартқан фильмді «National Geographic» түсірген. Енді оны лаптоптан оның өзіне көрсетіп отырмын. Биыл 83-ке шыққан приматолог өзінің «28 жасына» үңіле қарап отыр.

Экранда жас Джейн қазір Танзанияда орналасқан Гомбе Стрим қорығында жаяу кетіп барады. Далалық зерттеу жүргізіп жүргенге ұқсайды. Өзінің айтуынша, ол фотограф Хуго ван Лавиктің суретке түсіруі үшін Гомбадағы алғашқы алты айда басынан кешкендерді қайталап көрсетіп жүрген. Сол бір уақыт жалғыз­дық пен жаңалықтың естен кетпес кезеңі болатын. Ол кезде фотоаппараттар мен бейнекамералар зерттеуге келмеген-тұғын.

Реалити тв

Үйленгеннен кейін Джейн мен Хуго көрермендер назарына ілікті. Ғашықтардың бірлескен жұмысын көрсету үшін тағы бір камера алу керек болды. Олар реалити ТВ-дағы ең алғашқы жұп болулары да әбден мүмкін.


«National Geographic» басшылары Хугоға қандай суреттер түсірілуі керектігі туралы нақты тапсырма бергенін еске алады: «Олар қолымызға тізім ұстатты: Джейннің қайықта отырғаны, Джейннің дүрбімен қарап тұрғаны, Джейннің картаға үңілуі». «Гудолл ханым мен жабайы шимпанзелер» фильмі 1965 жылы 22 желтоқсанда CBS арнасынан көрсетілген кезде Солтүстік Америкада оны шамамен 25 миллион көрермен қарады. Бұл бұрын-соңды болмаған үлкен аудитория еді.

Осындай кең аудиторияға шығуы Джейнді халықаралық аренада танымал етіп, приматология саласындағы бас айналдырар мансабына жол ашты. «National Geographic» Джейн тұлғасынан телесымбатты зерттеуші мен көгілдір экранға лайық баяндаушы образын көрді: әйелдердің ғылымға баруына батылдық жетіспеген уақытта бұл өте маңызды еді.

Эскиз: автор келісімімен Джейн Гудолл институты

Қойын дәптер һәм жазбалар

Гомбеде Джейн қойын дәптеріне көрген-білгендерін жазып-сызып жүрді. Бастапқыда ол шам жарығында отырып жазатын. Өзі Дэвид Грейбирд деп атаған шимпанзе оның лагеріне келген алғашқы «қонақ» еді. Уақыт өте келе Дэвид банан не киім іздеген үйірлес­терін де ертіп әкеле бастады. Мына жерде ол зат сақтайтын қобдишаның ішін ақтарып отыр.


Кейін Джейн Кэмбридж университетінен ғылым кандидаты атағын алды, ондаған кітап жазып, жаңа буын ғалымдарға тәлім берді. Ол дамушы елдерде табиғат қорғау бастамаларына мұрындық болып, шимпанзелер үшін бірнеше қорық ашты. Бүгін Джейн Гудолл атындағы институттың Roots & Shoots бағдарламасы шамамен жүз елде жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында жастар табиғат қорғау саласының көшбасшылары болуға талпыныс жасайды. Ал Джейн әлі де жылына 300 күн сапар шегіп, әр елдің үкімет өкілдерімен кездеседі, мектептерге барады, лекция оқиды.

Джейн 40-тан астам фильмнің тақырыбына айналды және олар көгілдір экраннан сансыз мәрте көрсетілді. Қазір ол «National Geographic» арнасындағы өз өмірі мен еңбегі туралы жаңа деректі фильмге дайындалып жатыр. Екі сағаттық «ДЖЕЙН» фильмінде шимпанзелерге деген ықыласымен аты шыққан тұлға туралы бұрын көрсетілмеген дүние көрермен назарына ұсынылмақ.

Хуго алғаш Гомбеге 1962 жылы Джейн ашқан жаңалықтар туралы түсіруге барған соң мыңдаған сурет, 65 сағаттан астам фильм­нің бейнекөріністері таспаға түсірілді. Жұмыстың бір бөлігі 1965 жылы шығарылған фильмде пайдаланылып, «National Geographic» журналында жарық көрді. Артық кадрлар пленка қораптарына салынып, артынан ұмыт болды. Ол 2015 жылы Пенсильвания штатындағы жерасты қоймаларының бірінен табылды. Осы құнды таспалардан өте ерекше дүние шығары сөзсіз еді: олар Джейн­ді жаңа қырынан көрсетеді. Оның көзінен теледидар алдындағы көрерменге деген зор махаббатты ­аңғаруға болады.

Сайып келгенде, осы құнды материалдар қиын шақтағы Джейннің нәзік қырларын ашады: Африканы тек «Тарзан» фильмі мен дәрігер Дулитл кітаптарынан ғана білетін жас әйелдің қиялға шомуы, жас ғалымның ашқан жаңалықтары адамдардың ең жақын «туыстары» туралы ежелгі түсінікті төңкерген кезі.

Гомбеде жүргенде Джейн түрлі табиғи қауіп-қатерді бастан өткереді: безгек ауруы, паразиттер, жыландар, дауылды ауа райы. Кең әлемді тануда бұл қиындықтар көреген «стратегия» мен жұмсақ «дипломатияны» жиі талап етті.

Осының бәрінің арасында жүрген Джейн­нің философиясы да дәл сондай болды: жұмысын жалғастыруға септігін тигізер болса, ол дөрекілікке шыдады, қойылған талаптарды артығымен орындап, ақымақтармен сөз таластыр­мады және басқа да қиындықтарға төзе білді.

Англияда туған ол (толық аты-жөні Валери Джейн Моррис-Гудолл) бала кезінен аңдарды жақсы көріп, Африкада олармен жұмыс жүргізуді қалады. Отбасының Джейнді колледжде оқытатын мүмкіндігі болмады, сондықтан хатшылық мектебінде оқыды. Ол Оксфордта жұмыс істеп, кейіннен Лондондағы деректі фильмдер түсіретін кинокомпанияда еңбек етті. 1956 жылдың жазында ол үйіне оралып, Кенияға мұхит асып баруға қаражат жинау үшін даяшы болып та істеді.

Найробиде жүргенде ол қаймықпай палеоантрополог Луис С.Б.Ликимен кездесуге өтініш білдірді. Ликидің ірі маймылдарға деген қызығушылығы адамның қалай пайда болғанын зерттеп жүрген кезінде басталды. Лики Джейнді хатшылық қызметке алып, оның бойынан ғалымға тән қасиетті байқайды. Ол Джейннің Танзанияда шимпанзелерді зерттеуіне қажетті қаражат жинады.

Кездескеніне аз ғана уақыт өткенде, ол өзінің Джейнге ғашық болып қалғанын біледі.Джейн өзінен 30 жас үлкен және отбасы бар Ликидің бұл қылығынан шошығанын жазады.

Арада жылдар өткен кезде Ликидің отбасы туралы кітап авторы Вирджиния Мореллмен болған бір сұхбатта Джейн былай дейді: «Мен ол кісінің бетінен қақсам шимпанзелер туралы оқуыма кедергі келтіреді деп қатты қорықтым». Бірақ Лики ешқашан қолдауын тоқтатпады. 1960 жылдың жазына таман Джейн Танганика көлінің жағалауындағы «Гомбе Стрим» қорығына лагерін орналастырды. Оның алты ай далада зерттеу жүргізуіне жетерлік қаражаты болды.

Джейн басынан-ақ зерттеу жұмыстарында өзінің түйсігіне сүйенді. Тәжірибеде жануарларды зерттеу кезінде оларға нөмір берілетінін білмеген Джейн өз бақылауында шимпанзелерге Фифи, Фло, МакГрегор мыр­за, Дэвид Грейбирд деп ат қойып алды. Ол шимпанзелер туралы: «Түрлі мінезі мен өзіндік тұлғалары бар тіршілік иелері», – деп жазды.

Жануарлардың орнын анықтамаққа дүрбі салып, көп уақытын ұйқысыз өткізді. Қойын дәптерін толтыра жүріп, маймылдардың өзіне бой үйретуі үшін ақырындап жақындаумен болды.

Зерттеулері аяқталуға жақындаған кезде Джейн үш жаңалық ашты, бұл қалыптасқан ғылыми көзқарастың астан-кестеңін шығарған нәрсе еді.

Бірінші жаңалығы – бір шимпанзенің кішкентай бір жануардың өлексесін мүжіп отыр­ғанын көргені. Бұл «маймылдар ет жемейді» деген басым сенімге кереғар еді. Осы шимпанзенің ешкі сияқты ерекше сұр сақалы үшін Джейн оны Дэвид Грейбирд, яғни Дэвид–Сұрсақал деп атады.

Джейн сұрсақалды тағы екі апта аңдыды. Бұл жолы оның көзіне іліккені, шынымен, ерекше еді. Дэвид–Сұрсақал бір тал шөпті жұлып алып, аққұмырсқалар ұясына салды. Шөпті қайта шығарғанда оған жыбырлаған құмырсқалар жабысып тұрды. Ол шөпті жұта салды. Тағы бір жолы Джейн оның аққұмырсқа аулау үшін бір бұтақты жапырақтарынан сылып отырғанын көреді. Осылайша, маймыл құралды пайдалану және жасауды көрсетті. Бұрын бұл екі қабілет тек адам баласында бар делінетін.

Джейн бұл жаңалықты Луис Ликиге телеграммамен жіберген кезде оның жауабы келесідей болды:

«ЕНДІ БІЗ ҚҰРАЛ МЕН АДАМ ҰҒЫМЫН ҚАЙТА АНЫҚТАУЫМЫЗ КЕРЕК НЕМЕСЕ ШИМПАНЗЕЛЕРДІ АДАМ ДЕП ҚАБЫЛДАУЫМЫЗ КЕРЕК».

Осы жаңалықты ашқаннан кейін «National Geographic» қоғамы Джейнге Гомбедегі жұмысын жалғастыруы үшін грант бөледі.

Джейн зерттеулерінің нәтижелерін жазып, жариялай бастауымен ол ғылыми ортаның скептикалық сынына ұшырайды. Қалай дегенмен оның ғылыми білімі жоқ-тұғын.

1962 жылдың көктемінде Джейн Лондон зоологиялық қоғамының приматтар тақырыбындағы симпозиумында тұсаукесер жасап, қатысушылардың көбіне жақсы әсер қалдырады. Олардың арасында зоолог және жазушы Десмонд Моррис те болды. Джейнге күліп қарағандар да кездесті. Associated Press агенттігінің мақаласы былай деп басталды: «Бүгін еркектерге қарағанда маймылдарға көп уақытын бөлетін сары шашты қыпша бел келіншек джунглиде маймылдардың әдеттерін зерттеуге қалай 15 ай уақытын жұмсағанын әңгімеледі».

Джейн ашқан жаңалықты растайтын фотодеректер болғанда талас тумас еді, алайда Джейн «National Geographic» қоғамының фотограф жіберу туралы ұсынысын кері қайтарды. Ол мұны өзге біреу оның маймылдармен құрып жатқан қарым-қатынасына кедергі келтіреді деп түсіндірді.

«National Geographic» Африкаға камера мен бірнеше орам пленкасы бар аппаратты қалай пайдалану керектігі жөніндегі нұсқаумен бірге салып жібереді. Джейн қажырлы еңбек көрсетеді. Бірақ ол жіберген фотолар журнал редакторының стандарттарына сай келмей шығады. Редакторлар қайтадан Джейнге фотограф жіберу туралы өтініш жасайды. Тағы бас тартқан Джейн фото түсіру тәжірибесі бар сіңлісін сөз етеді. Олардың түрлері де, дауыстары да өзара ұқсас, сондықтан Джейн сіңлісінің бірге жүргені шимпанзелерді үркітпейтінін айтады.


«Шимпанзе – тойған жерінде»

Джейн жаңа қоректендіру алаңқайының орнында отыр. Мұны Хуго екеуі салған. Алғашқыда олар қоректендіру алаңқайын лагерь қасына қойған. Шимпанзелердің банан сұрап келгіштеуі көбейген соң олар алаңқайды ұзаққа апарды.

Сурет сыны

Джейн «сәби» Флинтке ересек шимпанзенің фотосын көрсетіп тұр. Хуго фотопленканы әрмен қарай өңдеуге Уашингтонға жіберетін. Фото бойынша пікір алғанша арада апталап уақыт өтетін.


Айналып келгенде, сіңлісінің суреттеріне де журнал редакторларының көңілдері толмайды.

«National Geographic» журналы Джейннен өз еңбегі туралы мақала жазуын сұрайды, бірақ редактор: «Жануарлардың «әдемі» суреттерінсіз ол табысты бола алмайды», – деп ескертеді. Джейн өзінің еңбегі журнал бетінде жарық көрмейінше, «National Geographic» оның зерттеулерін қаржыландыруы сұрақ астында қалатынын түсінді.

Лики Джейнге Кэмбридж университетінің Ph.D. бағдарламасына түсуіне көмектеседі. Ол мұнда бұрын-соңды жоғары білімсіз қабылданған ат төбеліндей адамның бірі болды. Сондай-ақ Лики Джейннің Гомбедегі еңбегін қағазға түсіріп, диссертация жазып жатқанын айтып, «National Geographic» журналынан Джейнге қолдау көрсетулерін өтінді.

Журнал: «Бұл ханымға… Жоғары білімі болмағандықтан грант бөлінбейді», – деп бұл өтінішті қабылдамаған соң ашуға булыққан Лики Джейннің жетістіктерін тізбелей жазып, қызметтік хат жібереді. «National Geographic» басшылары өтінішті қанағаттандырып, Джейнге грант бөледі. Шарт бойынша бұл жолы Гомбеге кәсіби фотограф жіберіледі деп келісілді. Ликидің кеңесімен «National Geographic» бұл жұмысқа Хуго ван Лавикті жалдайды.

2015 жылы Джейнмен сұхбаттасқанымда ол: «Луис Хугоны жіберу арқылы екеумізді қосқысы келгені анық. Бұл күмән тудырмайды және кейін ол мұны мойындады», – деді. Джейн Ликидің өзіне деген шексіз махаббаты, қалай дегенмен, риясыз болғанына сенеді.

Хуго Гомбеге 1962 жылдың тамыз айында жетеді. Олар бір-біріне лайық еді: екеуі де табиғат дегенде ішер астарын жерге қояды және жұмыстарын беріле орындайды. Досына жазған хатында Джейн былай дейді: «Біз өте бақытты отбасымыз. Хуго өте сүйкімді және біздің арақатынасымыз өте жақсы».

Джейн мен Хуго шимпанзелердің мінез-құлықтарын құжаттай жүріп, Джейнді кадрға кіргізуді артық деп санайды. Бірақ «National Geographic» басшылары камераның да түсірілуін сұрайды.

Флинт Джейн келгеннен кейін туған алғашқы «сәби» болатын. Джейн осылай шимпанзелердің өсуін бақылау мүмкіндігіне ие болды. Шимпанзелердің де оған бойлары үйреніп кетті.

Суреттер бойынша редактор көмекшісі Роберт Гилка 1962 жылдың күзінде Хугоға жазған хатында: «Оның лагерьде тамақ пісіріп, түннің бір уағында шам жарығымен көргендерін жазып отырғанын, суға түскенін, шашын жуып жатқан сәттерін түсіруді ұмытып кетпейсің деп ойлаймын», – деген болатын. Гилка: «Әсіресе, Джейннің су ағынында шашын жуып жатқан суреті жақсы болар еді», – деп баса айтты.

Лондон. Лаптопта фильм әлі жүріп жатыр. Біз шаш жуу сахнасына келдік. Қазірдің өзінде Джейн бұл көріністі суқаны сүймейді екен.

– Мұны түсіріп алғандарына ашуландым, – дейді ол.

– Неге?

– Адамдар менің шашымды жуып жатқаным не үшін көруі тиіс, түсінбеймін. Мұның несі қызық, соны түсіне алмадым.

«National Geographic» редакторлары Хугоның жұмысына риза болды. 1963 жылдың тамыз айында оның фотолары мен Джейннің мақаласы «Жабайы шимпанзелер арасындағы өмір: жас батыл британдық ғалым Танганикада үлкен маймылдар арасында өмір сүруде және олардың бұрын белгісіз болып келген мінез-құлықтарын зерттеп жүр» деген тақырыппен журнал бетінде жарық көреді.

Журналдың бұл саны естен тандырар табысқа ие болады. Алғашқы бетіндегі қысқа мәтін Джейн жөнінде шығарылған екі жақты қоғамдық пікірді қамтыды. Бір параграфта оны «заманауи зоолог ғалым» десе, екіншісі – «қас сұлу ағылшын қызы» деп сипатталды.

Джейн мен Хуго Гомбедегі зерттеу базасын кеңейте отырып, жаңа фильмдерге арқау болар тың идеялар ойлап тапты. Алайда «National Geographic» телевизия және лекциялар цикліне арналған фильмдерінде Джейнді басты назарда ұстағанды жөн деп тапты.

Ұдайы камера алдында болу талабы Джейнге жақпаса да, ол мәселені ымыралы жолмен шешіп отырды. Ол жобаны қаржыландыратын «National Geographic» комитетін басқаратын Мельвин Пейнге жазған хатында былай дейді: «Мен, әрине, сюжеттің Джейн Гудолл төңірегінде құрылуы керектігін түсінемін және біз Джоанмен қолдан келгенше бірге жұмыс атқардық».

Бірақ Хесс фильм түсірілімін қадағалау үшін Гомбеге келгенде Джейн қатты ашуланды. Ол анасына жазған хатында былай дейді: «Біз қазірдің өзінде түрі сұмдық бүйілер мен қырықаяқтарды жинап, жатын жерінің айналасына үйіп тастадық. Ол тезірек кетсе екен дейміз».

1963 жылдың соңында Джейн достарына Хуго екеуі бір-бірін сүйетіндері жөніндегі сырын ашты. Рождество мейрамы кезінде Англияның оңтүстік жағалауындағы Борнмут қаласында жүргенінде ол телеграмма алады: «МАҒАН ТҰРМЫСҚА ШЫҒАСЫҢ БА. ХУГО». Ол: «ИӘ», – деп жауап берді. Олар той күнін 28 наурыз деп белгіледі. Одан бір ай бұрын Джейн үшін тағы бір маңызды тарихи күн болған еді. Бұл – оның АҚШ-тағы алғашқы ірі қоғамдық лекциясы.

Джейн 3700 орындық DAR конституция залындағы сахнада лекция оқуға аздап қобалжыды. Бірақ «National Geographic» лекция комитетінің мүшелері одан да зор қобалжулы көрінді. 28 ақпандағы шара уақыты жақындаған кезде комитет одан сөзінің мәтінін жолдауын сұрады. Джейн еш нәрсе жазбаған болатын.

Лекцияның жақсы өтуін қамтамасыз етуге тырысқан Джоан Хесс пен оның тобы репетиция жасау үшін Джейннен редакцияға келуін сұраған. 2015 жылы Гомбеден онымен сұхбаттасқанымда ол сол сахнаны былай есіне алды: «Олар менің лекция оқуым қандай болатынын өз құлақтарымен естігілері келді. Мен үшін әлдебір нәрсені алдын ала қайталап оқу өте қиын. Ол – аудиторияда болатын нәрсе. Сірә, олар бір-біріне: «Бұл шараны болдырмасақ па? Абыройымыз айрандай төгілетін сияқты ғой. Шынымен, «National Geographic» қоғамын мына жас қатынмен байланыстыра аламыз ба? Ол өзінің не айтатынын білмейтін сияқты ғой», – деп қам жеген шығар. Бірақ менің монтаждау бөлмесінде үш адамға лекция оқуға ниетім жоқ еді».


Қырағы Хуго

Хуго Джейн салған суреттерді де таспаға түсірді. Уашингтондағы «National Geographic» кеңсесінде жүздесу кезінде оның қолына фотоаппарат беріліп, қаланы аралап, сынақ ретінде бірнеше сурет түсіріп қайтуы сұралды. Хуго Ұлттық хайуанаттар бағына бет алады. Редакторларға, әсіресе, ол түсірген бірқазан суреті ұнап, олар оны Гомбедегі жобаға жұмысқа тартады.

Конституция залында сөйлеген сөзінде және фильм тұсаукесерінде Джейн өзінің ғылыми ашылымдары туралы баяндады. Өз еңбегін «менің ең асқақ армандарымнан асқан армандар» деп атады. Ол Гомбенің тамаша тыныш табиғатын тыңдармандардың көз алдына елестетті. Шимпанзелерді олардың мінез-құлықтары мен олардың әрқайсысына берген есімдерін атай отырып сипаттады. Ол Фифиді «жылдам әрі жыбырлақ», Фифидің ағасы Фиганды өзін «шамалы ересек сезінетін жасөспірім» деп суреттеді.

Шимпанзелерді қорғау, атудан немесе циркке сатудан аман алып қалу қажеттілігі туралы сөз қозғай отырып, Джейн «Дэвид-Сұрсақал» туралы да айтты: осы бір сенгіш шимпанзе оның ең маңызды жаңалықтарының кілті болды.

«Дэвид Грейбирд … Адамға толықтай сенеді, – деді ол аудиторияға қарап, – осы хикметті, адамға қатты ұқсас жаратылыстың өз табиғи орталарында тыныш өмір сүрулерін қамтамасыз ету – әрине, біздің қолымызда».

Оның тұсаукесері зор ықыласпен тыңдалды әрі бұл оның қоғам қайраткері ретінде көріне бастауындағы маңызды белес еді. Ол «National Geographic» қоғамының телевизиялық бағдарламалар бөлімі басшысының назарына ілікті. Гомбеде түсірілген материалдардың көп бөлігі аталған бөлімнің прайм-таймдағы бағдарламаларының біріне түсті: Гудолл ханым мен жабайы шимпанзелер. Бағдарлама мәтінін Голливуд жұлдызы Орсон Уэллс оқыды.

Хуго мен Джейн дайын болған фильм­ді алғаш қараған кезде көптеген қатесіне шағымданады. Олар Уэллс оқыған мәтін ғылыми емес деп тауып, Джейннің табанды түрде талап етуімен сценарий қайта жазылды.


Жабайы өмір

«Менің шимпанзе достарым» атты кітабында Джейн Гомбедегі алғашқы күнін былай еске алады: «Мен өзімді не азап күтіп тұрғанын жақсы білдім. Алайда сол күн мен үшін өмірімдегі ең бақытты күн еді».

Новатор

Джейн зерттеуінің баламасы болмады. Мына жерде ол бала Фифиге ойыншық шимпанзе көрсетіп отыр. Джейн шимпанзелерге Хугоның қырынатын айнасынан бастап «National Geographic» көшірмелеріне дейін олар ешқашан көре алмайтын нәрселерді көрсететін.


Бүгінде фильмді лаптоптан қарай отырып, Джейн кемшіліктерді санамалайды. «Мына қабыланды Хуго түсірмеген, ол қордағы материалдан қосылған. Ал мына көрініс Гомбеде емес, ол – Серенгетидегі әлдебір жер». Ал Уэллстің «екі ай сенделістен кейін» дейтін тұсында Джейн оның сөзін кесіп: «Мені екі ай бойы шимпанзелерді көрмедім» дегендері шындыққа жанаспайды. Бұл – барып тұрған қып-қызыл өтірік».

Кемшіліктер тек Джейн мен Хугоға ғана маңызды болғанға ұқсайды. Бірақ фильм коммерциялық тұрғыда табысты болды. Екеуі тағы бір фильм-жобаны жүзеге асыру жөнінде және шығармашылық жағынан бақылауымыз көбірек болады деп үміттенгендерімен, «National Geographic» басшыларының ойлағандары басқа еді. Олардың жобалары Хугоға қарағанда Джейн және Гомбемен көбірек байланысты болды.

Гомбеде түсірілген фильмнен кейінгі жылдарда Джейн мен Хугоның карьерасы екі бөлек жолмен кетті. 1967 жылы олардың ұлы Хуго Эрик Луис ван Лавик дүниеге келді. Ол «Граб» деген лақап атымен танымал. Джейннің қызметі Гомбеде болғандықтан және Хугоның 600 шақырымнан астам қашықтықтағы Серенгетиде фильм түсіруге деген құштарлығы екеуін алыстатты. 1974 жылы олар ажырасып кетті. 1975 жылы Джейн Танзания үкіметінің қызметкері Дерек Брайсонға тұрмысқа шықты.

Граб сегіз жасқа келгенде әжесінің жанында тұрып, Борнмутта мектепке барып жүрді. Дерек пен Джейннің отбасылық өмірі небәрі бес жылға созылды: Дерек 1980 жылы қатерлі ісіктен көз жұмды. Қырық жылға созылған карьерасынан кейін Хуго 2002 жылы эмфиземадан қайтыс болды.

Кадрда Джейн – 28 жаста, ол төбе басында отыр. Түн жамылған сиқырлы уақыт. Хуго кадрды керемет түсірген. Экранда Джейн жамылғысын иығына тартып отыр. Қаңылтыр кесесін аузына апарып, жұтымдайды. «Мына кесе бос, сізге шындығын айтайын, ішінде дым да жоқ», – дейді ол.


Ерекше «ақ маймыл»

Маймылдар да адамдарға таңданады. Флоның қызы Фифи Джейннің көйлегін ұстап, тартып қызықтап қарап отыр.

Тони Гербер – марапатталған фильмнің продюсері әрі Нью Йоркте орналасқан продюсерлік компанияның иегері. Ол National Geographic-ке ондаған деректі фильмнің сценарийлерін жазды.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля