Қорқыт Ата кешені – қазақ жеріндегі сәулет өнерінің айрықша үлгісі саналады. Ол Қызылорда облысы Қармақшы ауданын кесіп өтетін Батыс Еуропа-Батыс Қытай күре жолының бойында орналасқан.
Түркі халықтарына ортақ ойшыл, жырау, һәм қобызшы Қорқыт Атаның ескерткіші темір бетоннан жасалған, биіктігі 12 метрден асатын 4 стеладан тұрады. Жоғарғы жағы кеңейе түсетін әр стела дүниенің төрт бұрышына қаратып тұрғызылған қобыз бейнесіне ұқсатылып жасалған. Ал түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Кешеннің ерекшелігі жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады.
Қорқыт Ата ескерткішінің ішкі жағы мәңгілік өмір сырын іздеген Қорқыт атаның киелі желмаясының шартарапқа жол тартқан ізін ишаралайтын «Түйе табан» өрнегімен безендірілген. 1997 жылы ескерткішті қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін ол нысан өз Амфитеатры, мұражайы мен қонақ үйі бар мемориалдық кешенге айналды.
Мұражай Қорқыт Ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайында мәлімет беретін 700-ге тарта экспонатпен қамтылған. Осы күні бұл ескерткіш кешен күллі түркі халықтарына ортақ қасиетті зиярат орындарының бірі болып табылады. Мемориалды кешенге күн сайын орта есеппен 80-100 адам зиярат етіп келсе, олардың тең жартысын шетелдіктер құрайды.
Сыр бойында өмір сүрген Қорқыт баба ежелгі Оғыз тайпаларының ұзаны (жырау) саналса, ал оның «Кітаби дәдем Қорқыт» эпопеясы оғыз-қыпшақ дәуірінің жазба мұрасы іспетті.
Кешеннең авторлары: Б.Ә. Ыбыраев пен С.И. Исатаев.
Фото: Ерболат Шадрахов