…Ғаламшардағы әр нәрсе бақылауда. Жаңа технологиялар мен қауіпсіздік жүйесіне сұраныстың артуы бәріміздің бақылауда екенімізді білдірсе керек. Осыдан барып адамның жеке өмірі қайда қалды деген сұрақтың туындайтыны заңды.
Сенбі күні таңғы сағат 10:30 шамасында Лондонның солтүстік ауданы Ислингтонда екі ер адам мотоциклдерімен сауда «дәлізінің», яғни Жоғарғы көше бойымен жарыса жөнеледі. Бастарында шлем, қолғап пен жакет киген жігіттер адамнан гөрі видеоойындарындағы кейбір кейіпкерлерге көбірек ұқсайды. Олар көліктердің және екі қабатты автобустардың арасымен көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіп келеді. Қимылдарына қарап олардың көкейінде көңіл көтеруден гөрі маңызды шаруаның бары байқалып тұрды.
Арада үш-төрт минут өткенде олар Жоғарғы көшеден кілт бұрылып, тыныш әрі ағашы көп көшеге барып тоқтады да шлемдерін шешпестен ұзақ әңгімелесіп тұрды. Бұл кезде екі шақырымға жетпейтін жерде терезесі жоқ үйден оларды екі адам бақылап отырған еді.
Сал Эрикке: «Олар кеткелі жатыр», – деді.
Ислингтондағы жасырын бейнебақылау орталығының бөлмесінде ұзын жіңішке үстел басында бір-бірінен үш метрдей жерде екі ер адам отыр. Сал – орта жастың адамы болса, ал Эриктің жасы одан біршама кіші болатын. Екеуі де қалыпты жұмыс киімдерін киген. Арада артық әңгіме айтылмайды. Сал екі мотоциклшінің жылжығандарын көріп, пернетақтаны тарс-тұрс еткізіп тере бастады да, оныншы камераны қосты. Бір кезде олар қайтадан Жоғарғы көшенің бойымен зулай жөнелді. Сал олардан көз жазып қалған кезде Эрик жылдамдатып 163-камераны қосып, олардың қай жерде жүргенін анықтады. Джойстиктің көмегімен ол мотоциклдің нөмірі анық көрінгенге дейін камерадағы бейнені үлкейтті.
Сал бірден полиция бөлімшесіне қоңырау шалып: «Жоғарғы көшеде күдікті екі мотоциклші жүр», – деп мәлімдеді.
Күдіктілер қимылын 16 монитор қапысыз трансляциялауда. Ислингтонның жасырын 180 камерасынан құралған жүйесі «тірі» бейнелерді көрсетіп тұрды. Осы сенбінің таңы басқа күндермен салыстырғанда анағұрлым мамыражай күйде өтіп жатты. Алайда бірнеше күн бұрын бір жас жігіт өзінің пәтерінде пышақталып, көз жұмса, Арчуэй көшесіндегі көпірде тағы бір адам қайтыс болған. Бүгінде Финсбери саябағындағы бейнекамералар бірнеше сағат бойы мерекеге келген 35 мың адамның арасынан қалта ұрыларын және мас бүлікшілерді іздейді.
Десе де, қазіргі сәтте Ислингтон камераларының басты назарында – мотоциклшілер. Сал мен Эрик бір камерадан екінші камераға бір сарында ауысқанымен, өне бойы ызаға булыққанын байқадым. Әлгі екеудің бір жылдан астам уақыт бойы Ислингтон ауданының халқын тонаған қарақшы топтың мүшелері екеніне күмән жоқ. Олар жаяу жүргіншілердің смартфондарын тартып алып, қара базарда сатумен айналысқан. 233 мың тұрғыны бар ауданда мұндай жағдай аптасына шамамен елу рет қайталанып тұрады.
Бақылаудың бұл тәсілі 100% сенімді деуге де болмас. Бір анығы, олар – бақылауда. Қарақшылар аңшының нысанасына іліккен бұғы сияқты, қауіпті сезбейді.
Сол кеште Лондонның оңтүстік-батысында, орталықтан бірер шақырым жерде вагонның ішінде отырдым. Жанымда лақап аты Хаз деген ақкөңіл жас жігіт бар. Көз алдымыздағы бірнеше жасырын экраннан жақын маңдағы екі бірдей түнгі клубты бақылауға арналған он бейнекамерадан күдік тудыратындай бейнелер көрінді.
Хаз мұнда демалыс күндері айына бір-екі мәрте келеді. Түнгі клубтардың басшылығы есірткі саудасына қатысты заңнамалық дау-дамай туындамас үшін жасырын бейнебақылау бойынша мобильді оператор және бұрынғы полицей Гордон Тайерманды жалдады. Оның адамы – Хаз келушілерді бақылайды.
«Бұл – осы уақытқа дейінгі өмірімдегі ең қызықты жұмыс. Алда не болатынын болжай алмайсың. Жайлы кеш ойламаған жерден төбелеске айналуы мүмкін», – дейді Хаз.
Хаз вагонның ішінде он сағат бойы тапжылмай отырды. Көздері келушілерді қырағы қадағалайды. Егер есірткі саудаланып, төбелес шықса, рация арқылы клубтың қауіпсіздік қызметіне хабарлайды. Ол есірткі сатушыларының күзетшілерді елемей кеуделерін керетініне таңғалады. «Неге сонша ақымақсыңдар? – деп сұраймыз, – олар бұған ойланып қалады».
Бүгін тек жастар ерегісі мен мастар болмаса, бәрі тыныш. Хаз соған қарамастан бұл жұмысынан баға жетпес тәжірибе алғанын айтады. Ол көзге көп түсе бермейтін антропологқа тән қарым-қабілетін шыңдап жүр.
«Жасырын бейнекамералардан сізді «бұл ересектің қылығы емес» деген ойға жетелейтін дүниелерді көруге болады. Олар өздерінің кім екенін ұмытып кетеді», – деп Хаз таңданысын жасырмайды.
Олар, шынымен, өздерінің кім екенін ұмытып кете ме, әлде біреудің оны бақылап отырғанын естерінен шығара ма?
1949 жылы еуропалық авторитаризмнің орта кезеңінде британ жазушысы Джордж Оруэлл «1984» атты дистопиялық үздік шығармасын мынадай ескертпемен жариялады: «Үлкен аға сені бақылап тұр». Алайда ол кезде «бақылау» деген ұғымның аясы тар болатын. Дәл сол 1949 жылы америкалық бір компания алғашқы коммерциялық қолжетімді жасырын бейнебақылау жүйесін шығарды. Екі жылдан кейін, яғни 1951 жылы Kodak өзінің Brownie деп аталған портативті бейнекамерасын таныстырды.
Бүгінде адамдардың жеке сақтайтын миллиардтаған фотолары мен бейнежазбаларын айтпағанда, ғаламторда жыл сайын 2,5 триллионнан астам сурет жүктеледі. Телекоммуникациялық компанияның есебі бойынша 2020 жылға қарай 6,1 млрд адамның фотоаппаратты телефондары болады-мыс. Одан бөлек тек бір жылдың өзінде ғана су жаңа 106 миллион бейнебақылау камерасы сатылған. Әлем бойынша үш миллионнан астам банкомат тұтынушыларды жіті бақылауда ұстайды. Көлік нөмірін анықтауға арналған автоматты құрылғы немесе ANPR деп аталатын он мыңдаған камера жол бойына орнатылып, жылдамдықты шамадан тыс асырған немесе паркинг ережесін бұзғандарды жіті қадағалап отырады. Сонымен қатар Ұлыбританияда болған оқиғадағыдай күдікті қылмыскерлердің жүріс-тұрысын тіркейді. Бүгінде киімдеріне бейнекамера іліп алып жүретін адамдар саны да артып келеді. Олардың қатарында тәртіп сақшыларымен бірге аурухана қызметкерлері және өзге де жұмысшылар бар. Сондай-ақ персоналды бақылау құрылғылары да кеңінен қолданылады. Олар – көлік бейнекамералары, жолдағы көріністерді тіркейтін гоупро, арнайы линзалармен жабдықталған есік қоңыраулары. Ең, сорақысы – бұл суреттер, яғни қаперлеріне түк те кіріп-шықпаған азаматтардың бейнелері қолымыз жетпейтін мәліметтер қорында жазылып, сақталады.
Бұлар – көзге көрінетін жай ғана «бақылау» құрылғылары. Бүгінде аспаннан дрон құрылғысын жиі көретін болдық. Оның сыры мынада екен. Тек 2016 жылы ғана АҚШ-та әуесқойлар мен кәсіпкерлерге 2,5 миллион дрон сатылды және олардың қатарына АҚШ үкіметінің пилотсыз басқарылатын ұшақтары енбейді. Олар Йемендегі террористерді бомбалау мақсатында ғана емес, сондай-ақ Мексикадан келетін иммигранттардың заңсыз кіруін бақылауда, Техаста болған дауыл мен селдің зардабы, Солтүстік Дакотада іріқара мал ұрыларын құрықтау үшін қолданылды. Сондай-ақ оған өзге елдер қолданатын мыңдаған әуе тыңшылық құрылғысы да енбейді.
Бақылау ғарыштан да жасалатынын естен шығаруға болмайды. 1700-ден астам Жердің жасанды серігі біздің ғаламшарымызды бақылауда ұстайды. Олардың бірқатары шамамен 500 шақ. қашықтықтан енекелер табыны мен орман арасынан шыққан түтінді де көре алады алады. Осылайша, бізге бейтаныс кез келген адам біз қызмет ететін ғимараттың детальді бейнесін ала алады.
Біз күніне ондаған мәрте суретке түсіріліп, мәліметтер бізге беймәлім мақсатта қолданылатын қорда сақталады. Біздің смартфондарымыз, ғаламторда іздеген мағлұматтарымыз және әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз ішкі сырымызды әшкере қылады. Privacy International қорының атқарушы директоры Гус Хосейн: «1800 жылдары өмір сүрсеңіз, полиция сырыңызды айтқызу үшін сізді қинайтын еді. Ал қазір оны қолыңыздағы құрылғылар арқылы анықтайды», – дейді.
Питер Голд Жаңа Орлеан көшесіне қайта келді. Кезінде ол дәл осы жерде бір әйелді қылмыскерден құтқарамын деп жараланған. Ол кезде Голдтың жасы 25-те. Кейін әлгі қылмыскердің аты-жөні Юрик Кейн екені және ол медицина факультетінде оқитыны анықталады. 2015 жылы болған оқиға бейнекамераға түсіп қалған еді. Бір ер азамат әйелді еркінен тыс көлікке қарай сүйрей жөнеледі. Араша түскен Голдқа оқ тиіп, жерде бүктетіліп жатқанда қанішер тағы екі рет басына тапанша тақап атпақ болады. Абырой болғанда қару атылмай, Питер аман қалады.
Тағы бір британ футурисі Олдос Хакслидің шығармасының атауындағыдай, бұл – «біздің жаңа әлеміміз». Алайда ол бізге жұбаныш бола алмайды. Проофессор Алессандро Аккисти бұл жөнінде: «Деректерді қорғауға арналған мысық-тышқан ойынында мәлімет субъектісі әрқашан ойынның әлсіз тарапы саналады», – деп ой тарқатады. Жай ғана ойын үшін мәлімет толтыру – зеріктіретін шаруа. Бірақ біреуге қатысты мәліметті белсенді түрде сақтау одан бетер жабырқатады. Техас университетінің америкалық зерттеулер бөлімінің профессоры Рандольф Льюис болса өзінің «Аңду. Қазіргі Американың бақылау жүйесі» атты жаңа кітабында: «Бақылау жүйесі көп жағдайда оны жақтырмайтын адамдарды қажытып жібереді. Ол өзінің қимыл-қозғалыс, сауда мүмкіндіктеріне қатысты сансыз кестелерімен адамның еркін жүріп-тұруына, бөгет жасайды», – деп жазады.
Аккистидің айтуынша, құпиялыққа деген ұмтылыс – адам мен мәдениет және уақыт арасындағы ортақ қасиет. Бір алаңдатарлығы, бәріміз индивидуалдық деңгейде құпиялықты жоғалтудан зардап шегеміз. Ал жалпы қоғам оның құндылығын біржолата айырылғанда ғана түсінетін болады.
Оруэл сипаттаған түнек орнады ма? Әлде үміт сыйлайтын қандай да бір көзқарас бар ма? Дүниежүзілік жабайы табиғат қорындағы 463 инфрақызыл бейнекамераларын алып қарайық. Олар жойылып кету қаупі төнген алып панданың жүріс-тұрысын бақылайды. Рейнджерлердің түнгі уақытта Кенияның Masai Mara ұлттық қорығына түсетін браконьерлерді аңду мақсатында орнатқан термографикалық бейнекамералары немесе суасты дыбыстық видеокамера жүйесін қарастыруға болады. Бұл камера жойылу алдындағы теңіз шошқасын бақылайды. Шри Ланкадағы азайып бара жатқан орман алқаптары бейнебақылау камералары арқылы қадағаланатынын айта кетуміз керек.
Оруэл өзінің классикалық шығармасында: «Егер болашақты көргіңіз келсе, адамның бетіндегі етік ізін елестетіңіз», – деп біртүрлі ескерту жасайды. Осы бір авторитарлық көзқарас үкіметтердің осындай құралдарды көшелердің қауіпсіздігін сақтауға пайдалану мүмкіндігін төмендетеді. Мәселен, 2005 жылы Лондон метросында және 2013 жылы Бостонда өткен марафон кезінде болған жарылыстардың жай-жапсары бейнекамералар арқылы анықталды. Түйіні шешілмеген жағдайлар да жетерлік. Солардың бірі – Юрик Кейннің оқ атуы. 2015 жылы бейнекамераға Жаңа Орлеандағы көшелердің бірінде Юрик Кейн бір әйелді ұрлап әкетпек болды. Сол кезде Тулане университеті медицина факультетінің студенті Питер Голд әйелге араша түскенде Юрик оған оқ атқан болатын. Абырой болғанда Голд аман қалды.
«Бостон» айлағында Роберт Леду мен Уильям Бертоззи есімді қос физик ойлап тапқан жүктерді бақылау әдісі сынақтан өтті. Скрининг құрылғысы «флуоресценция» деп аталатын тәсілді пайдалану арқылы жүк контейнерін ашпай-ақ ішінде не барын анықтай алады. Рентгендік сканерлеу заттың пішіні мен тығыздығын ғана анықтайды. Ал мына жүйе кәдімгі және диеталық сусынның, табиғи және өңделген алмаздың, пластмассаның құрамын, жоғары қуатты жарылғыш заттарды да, атомдық және атомдық емес материалдың айырмашылықтарын бүге-шігесіне дейін көрсетіп бере алады.
Егер соңғы 150 жылда әлем бүгінгідей жіті бақылауда болғанда қауіпсіздік күшейе түсер ме еді? Қанішер Джектің түр-тұлғасын, Ли Харви Освальдтің жалғыз әрекет еткенін және О.Симпсонның қылмысқа қаншалықты қатысы бар-жоғы анықталған болар еді. Әрине, қоғам қауіпсіздігі бақылаудың басты себебі саналады. Бірақ қазіргі таңда мұндай технология көптеген жағдайда араша ретінде бағаланады. Жерсерігі түсірген бейнелердің арқасында қайырымдылық ұйымдары Ирактың солтүстігіндегі шөл далада, Мосул қаласы маңайында өмір сүріп жатқан босқындардың мекенін анықтады. Сонымен қатар ғалымдарда әлемдік климаттың күрт өзгере бастағанын дәлелдейтін мәліметтері де бар.
Оруэлдің қиялы шындыққа жанасар ма екен?! «Үлкен аға» адамзатты құтқара ма, әлде оны құл ете ме? Екі сценарий де бір уақытта рас болып шығуы мүмкін бе?
Дүниежүзіндегі бейнебақылау камерасы бойынша жалғыз инспекторы Тони Портермен бірге Лондондағы үкіметтік кеңсенің дәмханасында отырғанда бұрыш-бұрыштан жасырын бейнекамералар бізге қадалып тұрды. «Ұлыбританияда бейнебақылауға деген сұраныс өте жоғары. Мұндайды басқа елде көрген емеспін», – деді ол. Бұрынғы полиция қызметкері әрі терроризммен күрес маманы осыдан төрт жыл бұрын бейнебақылау жүйесі күшейген елде сырттай бақылаушы болып тағайындалды. Портер мен оның қасындағы үш қызметкері әрбір жұмыс күндерін бейнебақылау камераларының үкіметтік және коммерциялық қолданушыларын бекітілген заңдар мен ережелерге бағынуға үгіттеумен өткізеді. Алайда Портер кеңсесінің құзыреті әшкерелеп, Парламентке ұсыныс айтумен ғана шектеледі.
Лондонның бейнебақылау жүйесі тоқсаныншы жылдардың басында, Ирландия әскері екі рет бомба тастағаннан кейін қолданысқа енді. Артынша бақылау технологиясы қарыштап дами берді. Шотландиядағы Стирлинг университетінің үкіметтік саясат факультеті профессоры және бейнебақылау сарапшысы Уильям Уэбстер: «Ол кезде қоғам қауіпсіздігіне қатысты «егер жасыратын ештеңеңіз болмаса, қорқатын дәнеңе жоқ» деген риторикаға саяды. Өткенге көз жүгіртсек, нацистік Германияның ұраны дәл осындай болды. Бірақ бұл сөйлем кеңінен қолданылып, бейнебақылау жүйесіне қарсы кез келген уәжді жойды», – деп еске алады.
Шаһардың бастапқы қауіпсіздік инфрақұрылымы уақыт өте келе кеңейіп, негізгі жолдар ANPR техникасымен толықтырылды. Бүгінде елдің бүкіл аумағы бойынша 9 мың камера орнатылған. Олар күн сайын 30-40 миллионға дейін көлік нөмірін түсіріп, оларды сақтауға қауқарлы. Шотландияның терроризмге қарсы күрес полициясының бұрынғы координаторы Аллан Бернет бұл жайында: «Бүгінде Шотландияны аралап жүргенде ANPR камерасына түспей қалу мүмкін емес», – дейді.
Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрінің орынбасары Ник Клег Лондондағы кеңсесінде отырып: «Әлемдегі басқа қалалармен салыстырсақ, бізде бейнебақылау камералары шамадан тыс көп екеніне сенімдімін. Негізі, бұл жайт ешқандай қоғамдық талқыға түспей-ақ, саяси пікірталас орын алмай-ақ пайда болды. Оның бір себебі, біздің тарихымызда фашизм және демократиялық емес режимдер болмады. Олар басқа елдерде үкіметке деген сенімсіздікті тудырды. Ал мұнда бәрі өз орнымен жүріп жатты. Уақыт – төреші. Тарих куә», – дейді.
Үрей мен романтика элементтері Ұлыбританиядағы бақылау камераларының молдығын түсіндіруге көмектеседі. Қалай дегенмен бұл елді тыңшылық қызмет құтқарып қалды. Бүгінде Блетчли саябағындағы II Дүниежүзілік соғыс кезіндегі құпия кодтарды бұзатын мамандар музейіне келушілердің қарасы көп. Лондон Фильм музейінде жазушы әрі британдық барлау агенттігінің бұрынғы офицері Ян Флеммингтің тудырған образы әккі Джеймс Бондтың құрметіне өткізілетін тұрақты көрме де – осындай. «Агент 007» – елдің соғыстан кейінгі өзін-өзі мақтаудан туған персонаж. Дей тұрғанмен, оның бетпердесін ашатын шындығы да бар. Ұлыбритания – террористік шабуыл қаупі төнген алғашқы елдердің бірі. Адамдарды қорғауға келгенде Британ үкіметі өзге азат қоғамдардан мәселені жылдам шеше алатындығымен ерекшеленеді. Парламент Эдуард Сноуденнің «америкалық және британдық тыңшылық агенттіктері өз азаматтарынан жаппай мәлімет жинады» деген мәлімдемесіне қарамастан, 2016 жылдың соңында ол өкілеттіктерді бекітті. Қоғам бұған қатты наразылық та білдірмеді.
Үкіметтік байланыс басқармасының бұрынғы директоры Сноуден бұл мекемені бұқаралық деректерді жинаумен айналысатын британдық тыңшылық агенттіктердің бірі деп көрсетеді. Дэвид Оманд былай дейді: «Жалпы, біздің үкіметіміздің қызметі тиімді әрі қайырымды деп білеміз. Ол Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі, білім беру және қоғам қауіпсіздігі үшін қызмет етуде. Құдайға тәубе, ұзын былғары киім киген ер адамның таңғы сағат төртте есігіңізді қағып тұратындай жағдай бізде болған жоқ. Сондықтан мемлекеттік бақылау туралы айтқанда әңгіменің төркіні – бөлек».
Алайда бұл «аға» үкіметтің скептикалық көзқарасына ие АҚШ сияқты елдің жаппай бақылауға қарсы дегенді білдірмесе керек. Мұнда көптеген полиция бөлімшесі бүгінде формаға ілуге арналған бейнекамераларды қолданады. Бұл – құқық қорғау қызметкерлері лауазымдарын асыра пайдалануын тізгіндеудің бірден-бір құралы. Американың ірі қалаларында ANPR камералары көлік қозғалысы мен тұрақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылады. Қыркүйектің 11-інде болған оқиғадан кейін Нью Йоркте жасырын бейнекамелар саны артты. Ал Чикаго басшылығы шаһардағы адам өлтіру оқиғаларымен күресу үшін 32 мың жасырын камера желісін іске қосуға қомақты қаржы бөлген.
АҚШ-тың тарихында террористік шабуыл болмаған. Қылмыс көрсеткіші анағұрлым төмен өзге қалалары да бейнебақылау жүйесімен үздіксіз жабдықталып жатыр. Техас штатындағы Хьюстон қаласының орталығына жасырын орнатылған камералар жүйесін тексердім. 2005 жылы қалада ондай бірде-бір бейнекамера болмады. Кейіннен Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының директоры Деннис Сторемски басқа қалаларды аралай бастады. Ол: «Лондонда көргенім осы технологияға деген қызығушылығымды оятты», – деп есіне алады. Бүгінде федералдық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Хьюстон қаласында 900 жасырын бейнекамера орнатылған. Одан бөлек тағы 400 «көз» бар. Лондондағыдай қызметкерлер камераларды минут сайын бақыламайды. Сторемски бұл жайында: «Бұл жалпы толық бақылау емес. Біз «адамдар әрдайым назарда» деген түсінікті жойғымыз келді», – дейді.
Сол сияқты британдықтардың да бақылау жүйесінің дамуын қос қолдап қолдайтыны белгілі болды. Жасырын камералар қала инфрақұрылымының елеусіз серіктері болып саналады. Лондонда кезінде мен Оруэлмен Хаксли тұрған тыныш аудандарды араладым. Оруэлдің үйі Ислингтонның бірнеше камера орнатылған Канонбери алаңында орналасқан. Ол жерге бақылау орталығынан небәрі төрт минутта жетуге болады. Ал Хакслидің бұрынғы үйі берік үнемі жіті бақылауда болатын сақшылар бөлімінен бірнеше шақ. жерде орналасқан.
Қала сыртындағы Оңтүстік Йоркшир графтығындағы Барнсли ауруханасына бас сұқтым. Мұнда науқастар мен келушілердің орынсыз қылықтарының алдын алу мақсатында кейбір қауіпсіздік қызметкерлері киімдеріне бейнекамералар жасырады. Шамамен 150 мың британдық полиция қызметкері осындай құрылғылармен қамтамасыз етілгенін есепке алсақ, оқытушылар мен медбикелер сияқты мәртебелі лауазым иелеріне де еш қиындықсыз сондай құрылғыларды тағуға болады. Келесі кім болуы мүмкін? Стюардессалар ма, пошта қызметкерлері ме?
Бейнебақылау комиссары Портер маған: «Кейбір жергілікті билік органдары такси жүргізушілеріне де бейнекамераны тақтыруды ұсынуда. Ол мынадай сұрақтан келіп туындайды: Біз қандай қоғамда өмір сүргіміз келеді? Біреу бізге қастық жасайды екен деп бір-бірімізді бейнекамераға бей-берекет түсіре беруіміз қаншалықты дұрыс?» – деді.
Қайтар кезде мен Лондонның мұнтаздай таза көшелерін аралап жүріп соңғы сұрақ туралы ойландым. Бұрыштардағы және шам бағаналарындағы циклоп тәрізді линзаларға көзім түсті. Осы жолдармен жүріп отырып, Темза өзені арқылы әйгілі Уестминстер көпіріне дейін жеттім. Лондон қаласында селфи жасау үшін қолдарына смартфон ұстаған туристерді көрдім. Біреудің камерасына түсіп қалатынымды түсініп, әр жолы суретке түсуден бас тарттым. Соған қарамастан онда менің барлық іс-қимылым осылай байқаусызда камераға түсіп қалғаны ма? «Барлық адам бір-бірін бақылап жүреді» деген ұғымды білдіретін «Үлкен аға» тіркесі, шынымен, маңызды болғаны ма?
Қоғамның нақты дәлелге деген сұранысы мәселесін ортаға тастадым. Қасымда қос бірдей қырағы бақылаушы бар. Солардың бірі – Хлоя Комби. Оның алғашқы кітабы «Z буыны: Олардың жанайқайы және өмірі» деп аталады. Бұл туынды – британдық жасөспірімдерден жүздеген сағат бойы алынған сұхбаттардың жемісі. Олар суретке және бейнекамараға түсу мәселесіне мүлде бейжай қарайды. «Олардың телефондарынан біреудің бүкіл өмірінен сыр шертетін деректі фильм көре аласыз. Біз күннен-күнге құпия-сыры азайып бара жатқан әлемде өмір сүруді бастадық. Түбінде құпиялық «тауарға» айналуы мүмкін. Ол оны сатып алуға жеткілікті ақшасы әрі ықпалы бар адамдар үшін ғана қолжетімді болмақ. Ал басқалары үшін бүкіл әлем өзінің ролін ойнап жүрген адамдардан құралған сахна болады», – дейді Комби.
Комби баяндайтын футуристік көрініс бойынша, әрбір адам – әрі вуайерист, әрі эксгибиционист. 24/7 туындысына таңдай қақтым. Маған ол «1984» туындысының және «Таңғажайып әлемнің» эгалитарлық нұсқаларындай әсер берді. Мұнда да дистопиялық жанр аз сезілмейді. Әлеуметтанушы Уильям Стейплс айтқан «ұдайы назарда болу күйіне» жеткеніміз бе? Біздің визуалды жадымызда сүйкімді балақайлар, марғаулар мен пілдер басым. Сонымен қатар ДАИШ-тың өлім жазалары және қарусыз азаматтарға оқ атқан полиция қызметкерлері де бар. Қанша жерден «біз жалғыз болдық» деп айтсақ та, жеке өміріміз күн сайын әуежай қауіпсіздігі экрандары мен әр жерде орналасқан бейнекамералардың бақылауында.
Нейролог ғалым, әлеуметтік желілерге тәуелділікті зерттейтін танымал сыншы және ағылшын парламентінің мүшесі Сьюзан Гринфилдтен де осы жөнінде сұрадым. «Жеке өмір мен одан айырылу деген ұғым өз мәнін жоғалта бастағандай. Біз өзімізді тыюымыз керек. Барлық адам үнемі ашық байланыста және іс-әрекетінің ел назарында болуы керемет деп ойлайды. Бірақ барлығы ашық көрсетілсе не болмақ? Гугл суреттерінен таба алмайтын ар-намыстың абстрактылық әлемін қалай түсіндіресіз? Өмірдің сезімге толы тұстары жоғалады», – деді ол.
Патшайымның мұқият бақыланатын үйіндегі дәмханада Тони Портермен әңгімелесіп отырғанда да алдында айтқан сөзім қайтадан аузымнан шығып кетті. Мен одан: «Үлкен аға» тудырған қорқыныштың бүгінде негізі жоқ емес пе?» – деп сұрадым.
Бейнебақылау комиссары жымиып: «Мен халық алдында сөйлеген сөздерімде осы терминді пайдаланамын», – деді. Сосын ол салмақты бола қалды. Портер жақында монархиялардан құралған федерация – Біріккен Араб Әмірліктеріне барып келді. Ол жерде өзге көзқарас құпталмайды және бейнебақылау технологиясына қызығушылық жоғары екен. «Мен сіздің ойыңызды түсінемін. Бірақ үкіметтің бейнебақылау жүйесі инвазивті әрі мықты. Ол адамның ең ұшқыр қиялынан да асатын қабілетке ие. Оны, айталық, селфимен салыстыруға келмейді», – деді Портер.
«Тыңдаңыз, – деп ол сөзін жалғастырды, – нағыз қауіп интеграцияланған бақылау жүйесіне көшкен кезімізде туады. Ірі сауда ұйымдары әрбір потенциалдық элементті «аңду» үшін миллиондаған фунт жұмсайды. Мен орта жастағы толық жігітпін. Супермаркетке кіргенде олар дауыс зорайтқыш арқылы круассандарды жарнамалай бастайды. Оның алдын алуға тым кеш пе?»
Бейнебақылау технологиясындағы жетістіктер кейбір азаматтық либертариандықтар үшін желдей зулаған пойыз іспетті. Кембридж университетінің қауіпсіздік техникасы бөлімінің профессоры Росс Андерсон: «Алдағы жиырма жылдағы болашағымыз туралы ойлауымыз керек. Өйткені дәл сол уақыт – толықтырылған шындық технология уақыты болмақ. Мәселен, бір сантиметрге кем дегенде 3000 пиксельге дейін жететін OculusRift 2.0 технологиясы дәуірі келе жатыр. Ол сізге дәріс залында артқы орындықта отырып-ақ лектордың телефонындағы мәтінді оқуға мүмкіндік береді», – деп ескертеді.
Мұның соңы неге әкеп соғуы мүмкін? Бір жағынан, мұндай құралдарды әдейі басып тастау ойы шындыққа жанаспайды. Алты жыл ғұмырын терроризмге қарсы заңнаманың тәуелсіз рецензенті болып қызмет атқарған лондондық адвокат Дэвид Андерсон: «Бір тарапта бұл технология бізге зор мүмкіндіктер ашып береді. Үкімет оларды басқа қатаң шаралармен бірдей қолдануы керек деп, айналада камера жоқ деген оймен өмір сүруге дағдылану. Мен, сөзсіз, біріншісін қолдаймын. Үкіметке сену керек деген пікірді ұстанғандықтан емес, пісіп-жетілген демократияның арқасында кемшіліктердің орнын толтыруға кепілдік болатындықтан қолдаймын».
Ал басқа жағынан алып қарасақ, мұндай технологиялық прогрестің реттелмейтін нарыққа таралуына жол беру – ақылға сыймайды. Колумбия университетінің қызметкері Джамил Йаффер: «Біз жүріс-тұрысымыз бен сөзіміз бейнекамераға жазылатын, жеке өміріміз толықтай бақыланатын әлемде өмір сүріп жатырмыз. Сондай-ақ өмірдің тіптен жазбаға салынуы нені білдіретінін енді түсіне бастадық. Жаңа технологияларды енгізерден және бейнебақылаудың жаңа үлгілерге қоғамды үйретуден бұрын аталған бейне бақылау технологияларының ұзақмерзімді салдары қандай болатыны жөнінде ойлануымыз керек», – дейді.
Мұндай пікірлер қайдан туады? Шындығында, өзгеріс әкелетін фактор бар. Тілге тиек еткен технология бүкіл Жер шарының құрлықтық массасын күн сайын бақылай алады. Ол – Сан-Францискода орналасқан Planet компаниясының жемісі. Оның негізін қалаған – Уилл Маршал да, Робби Шинглер де бұрынғы NASA ғалымы.
Олардың штаб пәтерлері байырғы Силикон жазығында орналасқан. Басым бөлігі жастардан құралған 200-ден астам маман ашық кеңістікте жұмыс істейді. Үлкен жұмыс алаңынан бөлек бірнеше конференц-залы да бар. Оларға компаниялардың дамуына үлес қосқан кейбір қаһармандарының есімдері берілген. Олардың ішінде Галилео, Ганди және Альберт Гор да бар. Терезесінен жақын маңдағы дәмхана көрінетін сондай бір залдардың бірінде отырдым.
Маршал мен Шинглер келіп қосылды. Біріншісі – сұңғақ бойлы британдық. Екіншісі – ақкөңіл Калифорния азаматы. Екеуінің де жасы
39-да және алдыңғы кештен енді ғана ес жиғандай болып көрінді. Олар Planet компаниясындағы бес жылдығын атап өтпекші. NASA ұйымында оларды ғарыштан суретке түсіру идеясы қызықтырды. Әсіресе Жердің бейнесі.
Олар кәдімгі смарфтондарды ғарышта сынап көріп, аса қымбат емес камералардың ғарышта өз қызметін атқара алатынын дәлелдеді. «Ол бейнелерді қайтеміз? Оларды адамзат игілігіне қалай пайдаланамыз деп ойладық. Әлемдегі мәселелерді тізіп шығайық: ашаршылық, баспана тапшылығы, орманды отау. Егер қолыңызда біздің әлеміміз туралы жуықта жарияланған мәлімет болса, аталған мәселелердің барлығын шешу оңайырақ болады. Мәселен, бірнеше жылдан кейін оянып, Амазон орманында ойық барын білсеңіз қайтер едіңіз? Бұған қатысты ақпаратты Бразилия үкіметіне алдын ала жеткізсек қалай болар еді?» – деді Шинглер.
Маршал мен Шинглер алғашқы модельдерін Силикон жазығындағы гаражда жасап шығарды. Олар о баста аса қымбат емес, аяқкиім қорабының көлеміндей ғана Жер серігін жасауды жоспарлаған. Кейін Маршал маған: «Адамзат тарихындағы ең үлкен жерсеріктер шоқжұлдызын құруды көздедік», – деді. Компания мұндай құрылғыларды қолдану арқылы жер бетіндегі өзгерістерді толығымен бақылай алады.
2013 жылы олар Жер серіктерінің бірін жіберіп, алғашқы суретті алды. Алдыңғы картографиялық суреттерге қарағанда бұл түсірілім ғаламшар сыртындағы тіршілікке деген анағұрлым динамикалық көзқарас қалыптастырды. «Бізді ең қатты таңғалдырғаны бұл суреттердің әрқайсысы Жер шарының жыл сайын өзгеріп жатқанын көрсетуінде. Мәселен, алқаптардың пішіндері өзгеріп, кейбір өзендер құрғаған. Ағаштар оталып, ғимараттар көптеп салынған. Осының барлығын көргенде ғаламшарға деген көзқарас түбегейлі өзгеретіні анық. Адамдар ол суреттерден әр елде оталып жатқан ормандарды көріп қана қоймай, зор мағлұмат та ала алады», – деді Маршал.
Қазіргі таңда Planet компаниясы ғарышқа 200-ден астам Жер серігін жіберсе, олардың 150-ге жуығы Doves деп аталады. Олар күн сайын жердің әр қыртысы мен тау-тасын суретке түсіруде. Planet компаниясының Исландия мен Антарктида секілді шалғай жерде де стансалары бар. Сондықтан оның да клиенттері алуан түрлі болып келеді. Компания Перудегі ормандардың оталудың алдын алу мақсатында Амазон табиғатты қорғау қауымдастығымен жұмыс істейді. Ол Amnesty International ұйымын Мьянмада қауіпсіздік күштерінің рохинджа тайпасының қыстақтарына шабуылдағанынан хабар беретін суреттермен қамтамасыз етті. АҚШ әскері Сириядағы Шайрат әуе базасын бомбалағанға дейін ғарыштан түсірілген аймақтың бейнесі қажет болды. Мұндай кезде ақпарат агенттіктері қай ұйымға хабарласу керектігін біледі.
Олар – «тегін» клиенттер. Төлейтін клиенттерінің қатарында Orbital Insight компаниясы бар. Ол – Силикон жазығында негізі қаланған, Жер серіктері берген мәліметті интерпретациялайтын геокеңістіктік сараптамалық фирма. Компания мұндай бейнелердің көмегімен Оңтүстік Америкадағы жол және ғимарат құрылысын, Африка мен Азиядағы дәнді дақылдар егістіктерін бақылай алады. Мекеменің конференц-залында отырған бас атқарушы директор Джеймс Кроуфорд ноутбугін ашып қақпақтары қалқып жүрген қытайлық мұнай цистерналарының әуеден түсірілген суреттерін көрсетті. «Қорлар, банктер мен мұнай компаниялары өз цистерналарында не барын біледі. Алайда өзгелердікінде не барын білмейді. Сондықтан жасалған кадрлар арасындағы уақыт аралық өте маңызды», – деп қулана күлімсіреді Джеймс Кроуфорд.
Ал Planet компаниясының маркетинг тобы күндерін түсірілген суреттерге шұқшия қараумен өткізеді. Іздегендері – әлдебір мүдделі тарапты анықтау. Әлдебір сақтандыру компаниясы әлдебір үйлерге зиян келтірген тасқын су зардабын зерттеуді қалайды. Норвегиядағы бір зерттеуші мұздықтардың шытынап жатқанын дәлелдеуді көздейді. Ал кезіп жүрген диссиденттік әскерге тойтарыс бергісі келетін диктаторды қайтпекпіз?
Осы тұста Planet компаниясының өзіндік этикалық нұсқаулары іске асады. Ол арам ойы бар клиентпен бірге жұмыс істеуден бас тарта алады әрі клиенттердің сатып алған суреттерді сынап-мінеуіне жол бермейді. Басқа да маңызды шектеулердің бірі – технологиялық бағытта. Planet компаниясының әлемді бақылау технологиясының үш метр ажыратылымдылықтағы техникалық мүмкіндігі тарыдай боп көрінетін жүк көлігінің бейнесін анықтауға жеткілікті. Алайда адам сұлбасын көрсете алмайды. Ал резолюция мүмкіндігі 30 сантиметрлік жоғары сапалы бейнелерді Digital Globe спутниктік қызмет ұсынушы компаниясынан алуға болады. Бүгінде Planet компаниясының бір өзі күнделікті Жер шарының барлық жерінің бейнесін түсіре алады. «Мұның оңайға соқпайтынын біле тұра, бір кездері мүмкін еместей көрінген нәрсеге қолжеткіздік», – деді Маршал.
Қалай болғанда да, Planet топ жарып шықты. Ал басқалары күндердің күні оның соңынан ереді. Олар да Planet компаниясы көздегендей игі мақсаттарға қызмет етер ме екен?! Сурет сапасын жетілдіріп, инвазивтілігін арттыруға бола ма? Маршал оның мүмкіндігіне күмәнмен қарайды. «Адамның түр-тұлғасын 500 шақырым қашықтықтан анықтау үшін көлемі автобусқа пара-пар камера қажет», – дейді ол. Сондай-ақ ол соған ұмтылатын америкалық компанияның түрлі күрделі құқықтық кедергілерге тап болатынын атап өтті.
Әрине, заң өзгереді. Біздің технологияға қатысты шектеулеріміз де өзгеріске ұшырайды. Осыдан екі жыл бұрын ғарышта іске қосылған Жер серіктерінің басым бөлігі АҚШ үкіметіне тиесілі. Оның шамамен 170 Жер серігі бар болса, ал Planet компаниясы шығарған жерсеріктер саны АҚШ-тан да асып түсті.
Сан-Францисконың күзгі салқын кешінде Planet компаниясына қайтып бардым. Клиенттер ол жерге жерсерік бейнелерін қалай пайдаланатынын көрсетіп, мақтану үшін барады.
Мониторлар айналасына жартылай шеңбер болып жиналған техникаға құмар адамдардың арасымен өттім. Қайда қарасам да ғаламшар көз алдымда тұрды. Бразилия штаты – Параны да, қызылмен белгіленген амазондық тоғайларды да көрдім. Қызыл жарық арқылы автоматты түрде жер иелеріне белгі беріледі: «Ескерту! Әлдебіреу сіздің иелігіңіздегі жерде ағаштарды отап жатыр», – дегендей… Сингапур айлағында жүк тиеп жатқан жұмысшыларды көрдім. Соғыстан зардап шеккен Алеппода жаңа күре жолдардың салынып жатқанына куә болдым. Сібірдегі мұнай ұңғымаларын да көрдім. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 17 пайызға артқан. Бұл – жоғары өрлеген өндірістің таңғаларлық белгісі.
Planet қожайындары келушілерге бір ауыз сөз айту үшін кідірді. Энди Уайлд бірінші болып сөз бастады: «Жер жүзін түгелдей қадағалайтын дәрежеге жеткеніміз – үлкен жетістік. Бүгінде бұл технология иелері оны табыс көзіне айналдыруға мәжбүр». Ал Том Бартон: «Бір жылдан кейін «мәссаған, біз, шынымен, де әлемді өзгерттік» деп айта алатындай жағдайға жетеміз деп үміттенемін», – деді.
Бір жас келіншек маған өзінің ноутбугіндегі суреттерді көрсетті. Аты-жөні – Энни Нелай. Ол Planet компаниясында «клиенттердің мәселелерін шешуді жобалау» бөлімін басқарады. Нелай клиенттерінің бірі – Техастағы сақтандыру компаниясы. Компания кей үйлерді қайта сақтандырып жатқан кезде біраз қожайындардың өз иелігінде бассейн барын жасырып қалғанына сенімді. Осылайша, әр сақтандыру полисінен ұтылған компания 40 пайыздық шығынға батады. Сөйтіп, ол Planet компаниясынан Техастың Плейно қаласындағы үйлердің жерсеріктен түсірілген суреттерін сұрады.
1500 үйдің ауласына зер салғанымызда 520 бассейннің тіркеуге алынбағандығын аңғардық. Оның үлесі сақтандыру компаниясы клиенттерінің айтқандарынан анағұрлым жоғары. «Адамдардың өтірік айтатынын білесіз ғой», – деді ол.
Ол осы ақпаратпен не істейді? Плейноның жым-жырт қыстақтарына рейд жасай ма? Осылайша, сақтандыру ақысын көбейте ме? Жаңа джакуззилер орнатып жүрген жұмысшылардың суреттерін беттеріне баса ма? Болашақ осында. Шындық мейірімді оқытушыдан да маңызды. Ол – отаушыларға, ұрыларға, бомба тастаушыларға және тілсіз жауға қарсы қару, т.б. Сонымен қатар біздің қателіктерімізге де тосқауыл бола алады. Танспарент дәуірі есік қағып тұр!
Қонақүйге қайтып бара жатқанда Ислингтондағы қос мотоциклші есіме түсті. «Олар, шынымен, заңға қайшы әрекет істеді ме екен?» – деп ойладым. Олар бейтаныс адамдардың жіті бақылауында болғандарын білер ме екен? Дәл қазір мен де біреудің назарында шығармын. Кім білсін?
Авторы: Роберт Дрейпер
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa