Қаратау баурайындағы үңгірдің «Жылаған ата» атанып кетуіне қатысты ел ішінде аңыз-әңгімелер жиі айтылады.
Соның бірі былай баяндалады: «Ертеректе Қарт Қаратауда мекен еткен Гүрзіхан деген кісі жалғыз перзентке зар болып, әр күнін Алладан бала сұраумен өткізеді. Содан күндердің күнінде Алла оның тілегін қабыл етіп, келіншегінің құрсағына бала бітеді. Келіншегінің ай-күні жетіп босанғанда дүниеге ел күткендегідей бала емес, қарын тәрізді дөп-дөңгелек мес келеді. Оны көріп, аң-таң болған адамдар молда шақыртып, құпияның сырын ашып беруін өтінеді. Мән-жайды бірден түсінген молда әлгі кісіге былай дейді: «Бұл тегін емес. Жұбайың месті етегіне орап алып, қырық бір күн көзінің қарашығындай сақтап жүруі керек», – деп кетіп қалады. Бірақ оның әйелі шыдамсыз болып шығады. Қырық күнге жетпей жатып, әбден тағаты таусылған әйел күйеуіне қарап: «Месті қашанға дейін көтеріп жүре беремін» дейді де етегін жазып кеп жібереді. Содан доптай домалаған әлгі мес сайдан сайға секіріп барып, ортасынан қақ айырылады. Ішінен қолында аса таяғы бар кішкентай бала ытқып шығып: «Қырқына шыдап, қырық біріне шыдамағаның ба?» деп тауға қарай қаша жөнеледі. Ата-анасы баланың артынан қанша жүгірсе де қуып жете алмапты. Сол кезде бала биік тауға шығып алып, бейтаныс бір үңірге біржолата еніп кетеді. Ал жалғыз перзентінен қол үзіп қалған ата-анасы егіле жылап қала беріпті».
Қазір ол жерге адамдар зиярат етуге жиі келеді. Бұны жай ғана аңыз десек те, сол үңгірдің кіре берісінде жалаң аяқ баланың іздерін де, «Жылаған атаның көз жасына» баланған құз жартастан тамшылаған суды да көруге болады.
Жылаған ата үңгірі – Түркістан қаласынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан.
Фото: Дмитрий Ругис