«National Geographic Қазақстан» журналының оқырмандарына ақжолтай жаңалығы бар!
Жуырда редакциямызға еңбегі еліне өнеге боларлық ұлағатты жан, әріптес-ағамыз, журналист Жанболат Аупбаев келіп пікір бөліскен еді. Әңгіме барысында басылым сайтындағы табиғат туралы хабарларды ұдайы оқып отыратынын айтқан қаламгер бұдан былай өзінің де осы тақырыпқа атсалысу ниеті бар екенін білдірді. Біз ардагер журналистің бұл ойын қуана құп алдық. Сайтымызда жарияланып отырған мына материал міне, сол уағдаластықтың нақты көрінісі, құрметті оқырман. Оқыңыздар, пікір білдіріп, жалғасын күтіңіздер. Жанболат аға – мың рет жазылған нысанның өзін ешкім көрмеген қырынан баяндай алатын суреткер жазушы. Бізді әсіресе ерекше қуантқаны – қарымды қаламгердің өзі бір кезде зор шабытпен жазған табиғат тақырыбын қайта қолға алып, Қазақстанның түпкір-түпкіріне саяхат сапарларын бастағаны болды. Ендеше алда небір құпия құбылыстар мен тылсым сырлардың жауабын бірге тарқатамыз деген сенімдеміз.
Ал бүгінгі назарларыңызға ұсынбағымыз автордың «Табиғат терезесі» топтамасынан алынған Шерқала әңгімесі.
ШЕРҚАЛА… Осы бір жер атауын есіме түсірсем болды, көз алдыма төмендегі оқиға келеді. 1992 жылдың қыркүйек айы болатын. Маңғыстаудағы ежелгі мәдениет ескерткіштерінің жай-күйімен танысуды алдарына мақсат етіп қойған республика Жоғарғы Кеңесінің жұмысшы тобы Алматыдан Ақтауға келіп, іле Үстірт үстіне аттанды. Кетік – Сисем ата – Сұлтан епе – Шақпақ ата – Оғыландыдағы пір Бекет маршруты бойынша жолға шыққан 40 адамдық сол экспедицияның құрамында баспасөз өкілдері – біздер де бар едік.
Жорықтың екінші күні түске таман сайын даладағы сынап сағым толқытып тұрған ғажайып бір табиғат құбылысына жақындадық. «Кордильер!» – деді жел мүжіп, жаңбыр шайған кызыл керіш шоқылардан көз алмаған кинорежиссер Сергей Азимов. «Атакама… жо-жоқ, Колорадо шыңырауларынан аумайды ғой мынау», – деген суретші Виктор Журавлевтің даусы естілді екінші жақтан. «Ешқайсысы да емес, – деді осы сәтте оларға жазушы Сәтімжан Санбаев. – Бұл – Шерқала!»
…Иә, Үстірттен Хиуаға баратын көне керуен жолдағы аңыз тау, қаһарман қамалды біз міне, алғаш рет осылай көрдік. Жолбасшымыздың айтуына қарағанда Шерқала атауында екі түрлі мағына бар. Біріншісі, ол арабша арыстан қала деген ұғымды білдірсе, екіншісі кәдуілгі шер сөзінен-ақ бұл қамалдың тынымсыз жаугершіліктен қайғы, өкініш, зар, өксік буып, содан көз ашпағанын, шерлі қала атанғанын аңғару қиын емес. Мұны төңкерілген кеседей болып жатқан тарғыл таудың етегіндегі әскери бекініс орындары, ұзындығы 400 метрге жететін қамал құландылары, қорған үстіндегі садақшы орындары анық дәлелдейді.
Шерқала… Сұлу да сұсты жер бұл. Құпиясы да жетерлік оның. Содан болуы керек, 1851 жылы геологиялық экспедицияның құрамында Маңғыстауда болған поляк революционері Бронислав Залесский: «Шерқалаға алыстан карағанда Римнің керемет пантеондарын, ежелгі замандардың ескерткіштерін көргендей боласың. Жақындап келгенде табиғаттың өзі жасаған жеке қабырғалар колонналарын, қираған мүсіндер сияқты бағандарды көресің», – деп жазыпты.
…Маңғыстаудағы Шерқалаға барған сол сапардан бізде екі белгі қалған еді. Оның бірі – қамалдың көз алдымыздан кетпейтін қайталанбас көрінісі де, екіншісі – ақын Темірхан Медетбектің көне шаһар іргесінде тұрып шығарып, бізге сол жерде оқыған өлеңінің диктофондағы нұсқасы:
Шерқала – Арыстан қала!
Сен оған алыстан қара,
Сен оған ғарыштан қара.
Дауылмен алысқан дара
Ту еткен соғысқан дала.
Шерқала – Арыстан қала!
Шерқала – шерім мен қайғым.
Қанша онда егілген ай, күн.
Қолымды еліммен жайдым:
сен барда Арыстан қала! –
Кетпейді жерімнен айбын.
Шерқала – шомылған нұрға,
ғаламат соғылған тұлға.
Ол әлде – сағынған сыр ма?!
Ол әлде – сабылған мұң ба?!
Мәңгіге ұйқасып ол тұр,
Қашаған – ағылған жырға!
Шерқала – көңілдің таңы.
Сөнбейтін Маңғыстау шамы.
Өлмейтін жерімнің жаны.
Көктегі тәңірдің тағы.
Шерқала – Арыстан қала!
Сен оған алыстан қара!..
Фото: Ерболат Шадрахов
Автор туралы шағын анықтама
Жанболат Әлиханұлы Аупбаевтың өмірі мен шығармашылығы бейнелеп айтқанда қазақ журналистикасының тұтас бір дәуірін қамтиды. Себебі, ол бүкіл ғұмырын бір ғана салаға – отандық баспасөзге арнап келеді. Олай дейтініміз, өткен 50 жылға жуық уақыт ішінде кәсіби журналист еліміздегі өзіндік тарихы, дәстүрі және орны бар республикалық «Лениншіл жас», «Ақиқат», «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан» секілді газет-журналдарда жұмыс істеп, көптеген оқиғаларға куәгер болған жан. Содан соң ол аталмыш басылымдарда студент стажерден бастап бас редакторға дейінгі аралықтағы қызметтік баспалдақтарды өз ретімен өтіп, БАҚ саласындағы меритократия үлгісін көрсеткен адам. Мұнымен қатар аға әріптесіміз қай редакцияда жүрмесін, жазу мәселесін ұмыт қалдырмай, өз шығармашылығын белгілі бір тақырыпқа ғана құрып, сонымен жұмыс істеудің нақты мысалын іс жүзіне асырған кәсіби маман.
Ж.Ә.Аупбаев – 1989 жылдан бері деректі дүниелер жазумен шұғылданады. Оның «Мынау ғажап дүние», «Жанарымда туған жер», «Оққа тосылған отжүрек» секілді оннан астам кітаптары оқырмандардан жақсы баға алып келеді.
Жанболат Әлиханұлы – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының (2005 ж.) лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2009 ж.), «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері (2017 ж.).