Қазақ халқының бағына баланған елордамыз Астана биыл 20 жасқа толып отыр. Әлбетте, бұл уақыт тарих үшін қас-қағым сәттей ғана болып көрінгенімен, бүгінде Астана дәулеті тасып, сәулеті асқан жер жаһандағы сұлу шаһарлардың біріне айналып отыр.
Статистикалық мәліметтеріне қарағанда, соңғы 20 жылда астаналықтар саны 300 мыңнан 1 млн 100 мыңға дейін өссе, ал қала аумағы 254-тен 800 шаршы шақырымға жетіп отыр. Қала төрт ауданнан – «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» және «Байқоңыр» ауданынан тұрады.
Елордамыз өзінің жастығына қарамастан осы күнге дейін халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды.
Нұрсұлтан Назарбаев Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған өзінің бағдарламалық сөзінде жаңа елордалық қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап берді: «Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар».
Жалпы, Астана күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор. Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру – бұл қазақтың өз қолы өз аузына жеткенін ғана емес, ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында жасаған ауқымды шарасы екенін білдірсе керек. Ал танымдық тұрғысын сөз ететін болсақ, елордамызды көшіру арқылы біз тәуелсіздігімізді нығайттық, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғыртқандай болдық.
Астананың туған күні 1998-2006 жылдар аралығында 10 маусымда тойланып келген болса, 2006 жылдан бері 6 шілде де аталып өтіледі.