..."/>
БЕЗ РУБРИКИ

Ұлт рухын асқақтатқан «Тұран жолбарысымен» қауышатын күн алыс емес

Қазақстан Үкіметінің 2018 жылғы 27 маусымдағы Қаулысына сәйкес көптен күткен «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Аумағы 415 мың гектарға пара-пар резерватта алдағы 5-6 жылда орта есеппен 20 шақты Тұран жолбарыс жіберіледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет өзінің әлеуметтік парақшасында мәлімдеген.

С. Ділдахметтің сөзіне қарағанда, елімізге әкелінетін жолбарыстар өзге елдердің хайуанаттар бағынан немесе Қиыр Шығыстағы жабайы табиғаттан алынуы мүмкін. Ал егер жолбарыстар толықтай Қиыр Шығыстағы жабайы табиғаттан жеткізілетін болса, ондағы жолбарыстар популяциясына кері әсер етпес үшін жылына екі-үшеуден ғана сатып алынып отырады.

Бұл жоба ұзақмерзімді болғандықтан тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. «Резерватта қауіпсіздік шеңбері қондырылған бойда ең алдымен егерлер мен өрт сөндіру бригадасы жасақталады. Одан кейін жыртқышқа жемтік ретінде қабан, елік пен тоғай бұғылары секілді ашатұяқтылар ол жерге топ-тобымен жіберілетін болады», – деді С. Ділдахмет.

Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры келтірген мәліметтерге қарағанда, ХХ ғасырдың басында ғана жер бетінде 100 мыңға жуық жолбарыс жорытып жүрген болса, қазір олардың үш жарым мыңдайы ғана қалған. Ал «Тұран жолбарысы» тіпті тұқым-тұяғымен құрып бітіпті.

Ғалымдардың айтуынша, Тұран жолбарысының салмағы 250-300 келі дейін барады. Оның басты ерекшелігі – жирен түсті жүнінің бояуы өте қанық болып келеді және генетикалық жағынан Қиыр Шығыстағы Амур жолбарысына өте ұқсас келеді. Ал кезінде Жетісу өңірін мекендеген соңғы жолбарыс 1940 жылы оққа ұшқан.

Фото: animal.memozee.com, wikipedia.org

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля