Бұрынғы Ақсуат, қазіргі Тарбағатай ауданына қарасты Кіндікті ауылының маңында Бөрітостаған деп аталатын жартас бар. Ел ішіндегі аңызға қарағанда, ерте заманда мұнда бір дәу кемпір өмір сүріпті. Күндердің күнінде әжей Тарбағатай тауының басына шығып, ұршығымен жіп иіріп отырғанда жазықтағы қойына қасқыр шаппай ма? Сонда ашуға булыққан кемпір ойқастап жүрген бөрілерге қолындағы ұршығының тостағандай тасын толғап-толғап лақтырып кеп жіберіпті-мыс. Қазіргі Бөрітостаған сол ұршықтың тасы екен.
Алайда Бөрітостағанда (кейбіреулер оны Бөрітастаған деп те айтып жүр) болып қайтқан мамандар түрлі болжам айтуда.
Дала төсіндегі осы алып жартасқа физика-математика ғылымының кандидаты Тоқтар Нұрекенов өткен ғасырдың 80 жылдары бірнеше рет зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. Оның пайымдауынша, бұдан 4-5 мың жыл бұрын Жер шарына үлкен метеорит соқтығысып, жерге тас пен темір қалдықтары шашыраған. Ғалым жартастың орта тұсынан 1,5 грамм тас сынығын тауып алып, электрлік анализден өткізгенде тастың құрамы темір және никельдің қоспасынан тұратындығын анықтаған. Яғни, темір бөлшегі плесситтік метеорит екендігін дәлелдейді. Т. Нұрекенов бұл жартасты темір метеорит деген тұжырым жасап, оның жерге түскен уақытына төмендегідей болжам айтады.
«…Ақсуатқа барған сайын мен үнемі ерте тіршілік еткен жануарлардың сүйегіне көңіл аударып жүрдім. 1981 жылы Қарғыба өзені арнасынан түйенің бақайын таптым. Ол біріншіден, салмақты болып шықты. Екіншіден, сүйектің өн бойында ұсақ темір жарықшақтары қадалғаны және оның кемікке кірген іздері де көрініп тұрды. Магнитті қасиеті бар ол темір ұнтақтарының түсі сұр реңді еді. Түйе біз айтқан метеориттер түскенде өлген десек, метеориттің алғашқы бөлшегі бұдан 4-5 мың жыл бұрын түскен болып шығады. Себебі, үй түйесінің пайда болуы сол жылдарға тиесілі екені белгілі».
Бұл орайда, біз де Бөрітостаған туралы өз ойымызды айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Біріншіден, жерге мұндай дәу күйінде келіп түскен алып метеоритті тарих көріп-білген емес. Рас, Африкадағы Намибия елінде «Гоба» деген тас бар. Салмағы 50 тонна болатын оны осыдан 80 мың жыл бұрын құлаған метеорит дейді. Бірақ бұл пікірдің өзі де соңғы кездері дауға айналуда. «Гоба» тасы солай, яғни, метеорит болғанның өзінде ол біздің Бөрітостағаннан бәрібір бірнеше есе кіші. Себебі, Бөрітостаған бөлініп түскен «Гоба» сияқты үлкен тас емес, ол алып жартас.
Екіншіден, қандай метеорит болсын жерге жеткенше бірнеше бөлікке бөлініп, жартылай жанып барып жететіні белгілі. Соның өзінде жерге жеткен оның сынықтары Сібірдегі ХХ ғасырдың басында түскен «Тунгус жасыны» сияқты төңірегін жайпап, шұңқыр ғып кететіні анық. Неше заман өтсе де Бөрітостаған аумағынан сондай бір кездегі жойқын соқтығыстың алапат белгілері сақталса керек еді. Бірақ ол жерде ондай белгі жоқ. Айнала төңірек 50-60 шақырымға дейін керілген кең жазық. Сол жазықтың ортасында алыстан көкшіл сағым көтере, әлдебір алып кемеге ұқсап Бөрітостаған қалқып шығады да тұрады.
Жартастың ұзындығы 250, ені 10, биіктігі 50 метрдей. Терістік батысы жадағайлау, күнгей жағы тіп-тік жалама жақпартастар. Олардың сызат-сызат жіктері арасында шөп, бұта өсіп, өркен жайған. Жай, ашық күндері құзардың тастары жалтылдап тұрады. Егер оларды анықтап қараса, су астында жатып, кеуектенген сары сұр гранит екені көзге еш қиындықсыз көрініп тұр.
Біздің ойымызша, Бөрітостаған далаға сіңіп кеткен тастақ қыраттың жұрнағы, сөйтіп өзінен 50-60 шақырым қашықтықтағы Қалба тауымен жер асты арқылы байланысып жатқан (интрузи.пород) жартас секілді көрінеді де тұрады.
Авторы: Жанболат Аупбаев, фото: Ерден Оралбай