Кітаптан оқып емес, өзіміз арнайы барып көріп, көп ой түйген үшінші бір үңгір ол − Қоңырәулие. Әріптесіміз Дәулет Сейсенұлы және басқа да энтузиаст экспедиция мүшелері бар топ 2004 жылы Семей өңіріндегі Шыңғыстаудың Шаған өзені бойындағы оны барып көргенімізде, бұл өзіндік ерекшелігі бар жер екеніне көзіміз жетті. Заманында онда ұлы Абай атамыздың да болып, өз қолтаңбасын қалдыруы, ақынның Петербургтен елге демалысқа келген ұлы Әбішті сергіп қайтсын деген ниетпен бір топ жора-жолдастарымен осы Қоңырәулиеге жіберуі бекер дейсіз бе? Аталмыш үңгір жұмбағы, оның неліктен әулие атауына ие болғандығы атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында сол Әбіштің атынан баяндалмаушы ма еді? Сонда жас офицер қасындағы Кәкітай, Дәрмен, Мағаштарға үңгір ішіндегі көлдің сол қалтарысындағы қашалған тасты көрсетіп: «Әулие мінеки! Мынау бас, мынау иық кескіні!.. Ұзын дене, бойы былай кетеді», – дейтін еді ғой. Қоңырәулиеден адам бойына тілеген қуат, қиял еткен қайрат құйылатындығын сол арада тағы да осы Әбіш айтқан-ды.
Енді Қоңырәулиеге кіргендегі өзіміздің көргенімізді баяндайық. Үңгірдің аузында үлкен бөлме сияқты қуыс бар. Оның алдындағы адамдар арлы – берлі өтетін есік іспетті ойықтың ені шамамен 70−80 сантиметрдей де биіктігі 1,5 метрге жуық. Ал бөлме тектес кеңістіктің оң қанатында тағы бір оқшау қалтарыс көрінеді. Үңгірдің табаны дымқыл, түпкі жақтан суық ауа есіп тұр. Бастапқы бөлме секілді қуыстың шеті ұзындығы − 60, ені − 20, биіктігі − 12−13 метрдей болатын кең әрі түзу тұйық дәлізге, ал, оң жақтағы кіре берісі ұзындығы − 12, ені −10, биіктігі – 9 метр сопақша бүйір бөлме секілді қуысқа ұласады.
Бізді таңғалдырғаны үңгір түбінде көл бар екендігі болды. Әріптесім Дәулет Сейсенұлы осыдан 20 жыл бұрын республика Ғылым академиясының География институты ғалымдары шығарған жинақта оның ұзындығы −25, ені −18, тереңдігі − 1,8 метр деп көрсетілгенін айтты. Кейін осы дерек энциклопедияға да кіріпті. Суы мөлдір және тұщы екен. Сөз ретіне қарай мына жайдан да хабардар еткіміз келеді. Ол үңгір түбіндегі көл туралы басқа да тұжырымның бар екендігі. Оны бүгінде Қоңырәулие құпиясын тереңірек зерттеп жүрген энтузиастар айтады. Ал, олар Семейдегі №6 мектеп-гимназияның археологиялық мұражайы төңірегіне топтасқан. Аталмыш білім ұясының директоры, ҚР білім беру ісінің үздігі, тарихшы ұстаз Бақты Балғымбаева шәкірттерімен жаз айларында жыл сайын Шыңғыстауға археологиялық экспедиция ұйымдастырып тұруды дәстүрге айналдырған. Олардың қолындағы мәліметке қарағанда Қоңырәулиедегі көлдің ұзындығы – 100 метрге, тереңдігі кей жерде 4-5 метрге дейін кетеді, дейді. Әлде бұл кейінгі жылдардағы өзгеріс пе? Олай да болуы мүмкін-ау.
Біздің байқап аңғарғанымыз, өткен ғасырлардан жеткен деректер мен жергілікті өлкетанушылар ізденісі, еліміздегі География институты ғалымдарының жүргізген жұмыстары арқылы бұл үңгір туралы біраз мәлімет жинақталып қалған сияқты. Бірақ осыларға қарап, Қоңырәулиенің тылсым сыры мен жұмбағы шешіліп болды деуге келмес. Сондықтан ол туралы әңгімелер әлі де алдағы күндер еншісінде деп білеміз.
Мақаламыздың соңында өзіміз барып көріп, ішін емін – еркін аралаған төртінші үңгір туралы айтып, сонымен бұл тақырыпты тәмамдайық. Ол – Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданының Қиынкеріш аңғарындағы табиғат ғажайыбы. Оның ұзындығы 40−50 метр шамасында да биіктігі мен ені екі адам еңкеймей және еркін айналып жүре алатындай деңгейде. Қабырғалары кілең тастардан ғана түзілген үңгір ауасы құрғақ, таза, жеңілдігімен назарымызды аударды. Түкпірге таянғанымызда түсініксіз дыбыс естілді. Денеміз тітіркеніп, қауіптенгендей болдық. Өйтпегенде ше? Елсіз мекен, айдаладағы қараңғы қуыста шибөрі, қасқыр секілді жыртқыштардың жүрмесіне кім кепіл? Сөйтсек, үкі екен! Иә, кәдімгі үкі. Біз жақындаған тас мүйістің үстіндегі текшеде оның ұясы бар болып шықты. Жапалақ көз жарықтық бағжиып сонда отыр. Одан әрірек барып едік, шашылып жатқан омыртқалы жануарлардың қаңқасы көрінді. Содан соң алдымыздан діңдері тасқа айналып жапырақтары керіш құмға жабысып қатып қалған өсімдіктер жұрнағы байқалды. «Бұл енді осыдан миллион жыл бұрынғы палеонтологиялық және геоморфологиялық табиғат ескерткіштерінің белгілері-ау шамасы», − дедік ішімізден. Сөйттік те кейін қарай қайттық.
Үңгірлер… Бұл еліміздегі әлі зерттелмеген өзінше бір табиғат құпиясы. Жоғарыда біз олардың төртеуін ғана қысқаша сөз еттік. Ал Маңғыстаудағы, Орталық Қазақстан мен Жетісудағы мұндай табиғат ғажайыптары қаншама десеңізші. Біле білген адамға бұл табиғат ғажайыптарының өзіндік пайдасы да бар. Оны интернеттен тауып оқысаңыз үңгір ішіндегі ауаның қан қысымын қалыпқа келтіретіндігі, көкжөтелді пышақ кесті тыятындығы, қолдағы жазылмаған жарадан құлан таза айықтырып жіберетіндігі туралы қысқа да нұсқа мәліметтер жетерлік. Түрікменстандағы Копет-Даг, Грузиядағы Ақ үңгір сонау Николай патша заманынан бері емдік бағытқа бейімделген болса, одан бергі уақыттарда көрші елдердегі жасалған ондай игі тірліктер қаншама. Біздің ойымыз Қазақстанда да осындай үңгірлердің бар екендігін айту, хабардар ету. Елге ой салу.
Авторы: Жанболат Аупбаев