..."/>
ЗЕРТТЕУ

Ғарыштан көрінген ғажайып

Кеңістіктен қарағанда Жер қалай көрінеді екен? Астронавтарды тыңдап көрейікші.

Адам баласы бұрын соңды жерге ғарыштан қарай алмады.

Тартылыс күші мен өзіміздің биологиялық шектеулігіміз Жерден тыс қадам жасауға әсте мүмкіндік бермейді, яғни біздің Жерден басқа барар жеріміз жоқ. Тіпті қазірдің өзінде, ғарышқа ұшқанымызға 60 жылға жуықтаса да, санаулы ғана адам Орбитаға көтеріліп, иілген көкжиектің ар жағында күннің қалай жарқырайтынын көрді. 1961 жылдан бері небәрі 556 адам (оның үшеуі қазақ азаматы – ред.) бұл сирек құбылысты тамашалады. Бірнешеуі, яғни 24-і ғана Жерді кішірейіп, қол сағаттай ғана көлемге жеткен қашықтықтан көрсе, алтауы шексіз терең, жұлдызға толы ғарышта жүзіп жүріп, планетамыз мүлде көрінбейтін кеңістікке дейін жетті.

Кэрен Ниберг. Каддо Көлі, Техас

Халықаралық ғарыш стансасына 2013 жылғы қыркүйектегі екінші сапары кезінде Ниберг үш жастағы ұлына арнап жұмсақ динозавр жасады. Инженер-механик оны орбиталық айлақтың бортынан тапқан бос материалдардан құрастырды. Жұмсақ ойыншық оның алыста қалған ардақтыларына деген сағынышын басатын.

«Келешекте мен жануарлар қорғау­шысы болғым келеді. Жердің бір бұрышы басқа бұрышына әсер етеді. Ол– біртұтас. Планетаны жоғарыдан көру оны түйсініп, сақтап қалуда белсенділікке итермелейді. Егер адамдар бір мәрте Жерді айналып шығар болса, біраз нәрсе өзгерер еді».


Ғарышқа ұшу – болмысымызға жат нәрсе. Негізінде, біздің физиологиямыз оның үстінде емес, дәл осы планетада өмір сүруге бейімделген. Сондықтан ғарышкерлерге Жерді көктен тамашалаудың әсерін бөлісу қиынға соғатын шығар, сірә.

Италиялық астронавт Лука Пармитаноның айтуынша, біз әлі күнге дейін ғарышқа ұшудың шынайы үлгісін көрсететін сөз тапқанымыз жоқ (Пармитано бес тілде сөйлейді). XX ғасырдың ортасына дейін планетамыздың бүлінбеген болмысының қандай екенін көру не білу қажеттілігі болған жоқ. «Біз ғарышқа ұшу туралы ойланған емеспіз», – дейді ол.

Геннади Падалька. Лосини Аралы Ұлттық саябағы, Ресей

Ресейлік ғарышкер 1998-2015 жылдар аралығында жалпы саны 878 күн ғарышта болды. Бұл саяхаттар оған топпен жұмыс істеудің, ғарыш сапарындағы достық шеңберінің кеңею үлгісіне айналды. Оның пікірінше, адамдардың кесірінен планета айтарлықтай өзгеріске ұшыраса да, оның аман қалатынына күмән жоқ.


Жерді ғарыштан көру адамның әлемге деген көзқарасын өзгертеді. АҚШ астронавты Николь Стотт «Дискавери» спейсшатлымен екі рет ұшып, ондағы көріністі паш ететін туынды салардай жаңа шабыт алып қайтты. Канадалық космонавт Крис Хадфилд Жер орбитасын айналып жүргенде бұрын-соңды кездеспеген күйге түскен.

1984 жылы кемеден ашық ғарышқа шыққан тұңғыш америкалық әйел Кэти Салливан Жерді ерекше оазиске айналдырған күрделі жүйелерге таңырқаумен оралды. «Осы сапар барысында көрген дүниелер мені шынайы шабыт пен арманға жетеледі… Көріністерден ләззат алып, суретке түсіріп қана қоймай, оның маңызын көрсетуге тырыстым», – дейді ол.

НАСА-дан зейнетке шыққан соң Салливан үш жыл бойы Ұлттық мұхит және Атмосфера басқармасына жетекшілік етіп, арманын ары қарай жүзеге асыру үшін орбиталық жерсеріктердің роботтық көздерін қолданды.

Эд Лю. Метеор кратері, Аризона

НАСА-ның 1997-2003 жылдардағы үш ғарыш сапарының ардагері Лю төмендегі бомба ізі қалған жер қыртысына қарап таңғалды. Ол 2002 жылы коммерциялық емес В601 қорының негізін қалаушылардың бірі атанды. Топтың мақсаты ‒ Жерге соғылуы мүмкін кез келген қауіпті астероидтің алдын алу.


1968 жылы «Аполлон-8» Жерден мейлінше алыс қашықтыққа жетіп, Айды толық айналып шыққан тұңғыш экипаж атанды. Рождество кешінде астронавт Уильям Андерс астронавтика тарихында қалатын суретті түсіріп алды: үлпілдеген әлем тақыр­дың үстінен – Айдың кратерлі көкжиегінен көтеріліп келеді. Бүгінде «Күннің шығуы» атанған бұл сурет планетамыз­дың әдемілігі мен нәзіктігін паш етеді.

«2018 жыл – қоршаған ортаны қорғау қозғалысын құруға көмектескен бірегей суреттің 50 жылдық мерейтойы, енді 100 жылдыққа жету үшін не істеу керек» дегенсауал тастайды АҚШ ғарышкері Леланд Мельвин. Ол әріптес ғарышкерлермен бірге басқалардың жақсы өмір сүруіне көмектескісі келеді.

Леланд Мелвин. Лонг Айлэнд, Багам аралдары

Алған жарақаты спорттық карьерасына балта шапқан соң, Мелвиннің өмірінде өзгеріс болып, ғарышқа бет бұрды. «Менде ғаламда ешкімде кездеспейтін артықшылық бар. Себебі мен ҰФЛ-да ойнадым, ғарышта болдым. Барымды салып оқыдым, көкейіме тоқыдым. Қазір көп баланың ғарышкер немесе кәсіби футболшы болғысы келеді. Олардың арманы сөзсіз орындалады. Оның жарқын мысалы – мен».


Ресми ақпараттарға сүйенсек, Жер – бізге мәлім өмірді ұстап тұруға қабілетті жалғыз мекен. Астрономия ғылымы «Құс жолы» галактикасындағы миллиардтаған ғаламшардың ішінде мұндай мекеннің тек біреу-ақ екенін айтады. Геология, экология және биологиядан құралған құрсау осы бір сыр­лы аспан денесін адамзат үшін қолайлы бірден-бір мекен етіп тұр.

Расында, бұл – бір ғажап құбылыс!

Авторы: Надя Дрейк, Фото: Мартин Шоеллер


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля