..."/>
САЯХАТ

Ашыған жара, ашынған сезім

2017 жылғы 28 наурызда Үндістан полициясы қолданған бытыралы мылтықтың оғы 16 жастағы Фарзан Шейхтің сол көзін жаралады. Шейх былтырғы тамызда тағы да бір оқиғаның құрбанына айналып, бытыра оның оң көзін де оңдырмай жаралаған. «Қазір ол үйде есінде қалған тәртіппен қозғалады», – дейді оның анасы Музамил.

Үндістан полициясы атқан оқтың кесірінен жанарсыз қалған жасөспірім Кашмирдегі ащы шындықтың айнасы іспетті.

16 жастағы Фарзан Шейх сырттан шеруге қатысушылардың дауысын естігенде жатын бөлмесінде отыр­ған. 2017 жылдың 28 наурызы. Күн сәскеден ауған кез. Жерлеу рәсімі Кашмирдің Үндістан басқаратын Сринагар аймағында өтіп жатқан.

Шейх сол көзіне дәрі тамызуға әзірленуде. Егер отбасы тағы да ота жасатуға қаржы тапса, көру қабілеті жартылай ғана қалпына келуі мүмкін.

Сол күні ол көшеге шыққанда қайғыдан қара жамылғандардың кебінделген мүрдені әкетіп бара жатқанын байқады. Сәлден кейін үндістандық полиция отряды қалың көпшілікті тарату үшін көз жасаурататын газ бен бытыралы мылтықты қолданғанын да көрді.

«Полиция мені нысанаға алғанын көргенім сол-ақ екен атылған оқтың дауысы шықты. Соңғы көргенім сол еді», – дейді ол.

Ол жерге құлап түскенде оның сол жақ көзінен қан сорғалап жатты. Бозбаланың қарны, мойны мен кеудесінің сол жақ бөлігіне қорғасын бытыралары көп тиген. Белгісіз біреу оны скутеріне салып алып, Сринагардағы мемлекеттік SMHS ауруханасына жедел жеткізді. Оны ата-анасы осы жақтан тапқан.

Галлюцинация, бас ауруы мен талып қалуы жарақаттан кейінгі стресстің бір түрі екеніне сенген мына қыздардың әкесі дәстүрлі емшіден көмек сұрап келіп отыр.

Қазір Шейхтың сол көзі көрмейді. Amnesty International ұйымы Үндістаннан бозбаланы жаралаған қаруды қолданбауды сұрады. Себебі қарудың әр оғы беталды ұшатын 630-ға жуық металл бөлшектерден тұрады. Үндістанның қорғаныс қызметі мұндай қаруды наразылықты өлімге әкелмейтін күшсіз тарату мақсатында қолданады, бірақ бытыралардың кез келген адамды мүгедек қылу ықтималдығы жоғары.

Үндістан мен Пәкстан арасындағы Кашмирдегі шиеленіс 1947 жылдан бері жалғасып келеді. Содан бері екі елдің халқы мұсылмандардан тұратын Гималай аймағы үшін екі рет соғысып та үлгерген. Ал оларды жауластырып отырған – жер мәселесі. Ол жерде Кашмир аймағының 1/5 бөлігін бақылауында ұстайтын Қытайдың да үлесі бар. Жамму мен Кашмир ауданынан құралған Үндістанның бұл әкімшілік аумағы – елдегі мұсылмандар саны хиндилерден асып түсетін жалғыз штат. Айырмашылық пайыздық мөлшерде шамамен 68/28-ға тең, қалғандары – сикхтар, буддистер мен христиандар.

Ашасадақпен қаруланған Үндістан полициясы шерушілерге тас атуда. Полиция бытыралы мылтықты жиі қолданады.

Ондаған жыл бойы көптеген кашмирлік тәуелсіздік алуды армандаса, олардың кейбірі өздерін не Пәкстанға, не Үндістанға тиесілі санап, солармен бірігуді қалаған.

1989 жылдан бері Кашмирдегі сепаратистік қозғалыстың әскери қанаты аумақтағы жанжалды одан сайын күшейте түсті. Үндістан үкіметі қарулы топты лаңкестердің бас көтеруі деп санап, оларға сарбаздар мен Орталық қорғаныс полиция күші (CRPF) секілді әскерилерді қарсы қояды. Қанды қырғын кезінде 40-тан 95 мыңға дейін адам қаза табуы мүмкін.

Сринагардағы шерушілердің демалып жатқан кезі. Amnesty International өкілі З.Ванидің айтуынша, Үндістанды жек көру «олардың генінде бар».

Ара-тұра Үкіметтік күштерге қарсы көшеге шыққандардың арасында соңғы екі жылда SMHS ауруханасына кемінде мыңға жуық адам көз жарақатымен түскен. Үндістанда әр жылдары түрлі мәселелерге қатысты наразылық шаралары өтіп тұрғанымен, ел полициясы бытыралы мылтықтарды тек Кашмирде қолданып отырған. «CRPF аталған қаруды қолдануға не себеп болды» деген сұраққа жауап беруден бас тартты.

2017 жылы 7 тамызда Фарзан Шейх түн ортасында жоғарғы қабаттағы жатын бөлмесіне тікелей сәуле түсіріп тұрған көше жарығын өшіру үшін қосқышты әурелеп жатқан. «Оны өшірген кезде, көліктің дауысын естідім», – дейді Шейх. Ол Орталық қорғаныс полиция күшіне тиесілі еді. Шейх ескертуді естімеді, оның орнына түн тыныштығын бұзып гүрс ете қалған дыбыс естілді.

Сринагардың бас мешіті «Джама мәс­джид» сыртындағы мәңгілік алау.

«Көзімді ашсам да айналам қап-қараңғы болып тұрды», – дейді бұл жолы бытыралы мылтықтың оғы оң көзіне тиген жасөспірім. – Бір көзіңнің көрмегені ештеңе емес, ал екі көзіңнің бірдей көрмей қалғаны тіптен ауыр тиді».

«Түкке тұрмайтын нәрсе үшін соқыр болдым. Мен бәріне, бәріне ашулымын», – дейді Шейх. Оның айтуынша, көру қабілеті қайта оралса, қолына мылтық алып, бүлікшілерге қосылмақ. «Менің жауым – бір адам емес, қорғаныс күштеріндегі қызмет ететіндердің барлығы», – дейді ол.

Әйелдер шеруде қаза тапқан жас жігітті жоқтап отыр. Он жылға созылған қақтығыста он мыңдаған адам шейіт болған.

Авторы: Рания Абузеид, Фото: Цедрик Гербехайе


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля