Қыркүйек айы – білім ордаларының есігі айқара ашылып, алғашқы қоңырау үнінің сыңғырлай соғатын мезгілі. Биыл еліміз бойынша 7024 орта мектепте 350 000 бүлдіршін алғашқы сынып табалдырығын аттады. Олардың 227 500-і немесе 65%-ы қазақ тілінде білім алуға құлшынып отыр. Мектеп – тек білім ордасы ғана емес, жеткіншек ұрпаққа дұрыс тәрбие беруге де жауапты орын. Сондықтан оқу маусымының басталуымен отандық медиаторлардың жұмысы да қыза түседі. Мектепте әр ұлт, әр дін өкілдерінің балалары бірге оқитындықтан, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, туындаған дауларға араағайындық ету, болашақта оны мүлде болдырмау мәселесінде, әсіресе медиация мамандарына тапсырылатын жүк ауыр. Сондықтан биыл 3 тамызда Қазақстан бойынша Бірыңғай медиация күні аталып өтті.
«Былтыр мынадай оқиға болды. Төменгі сыныпта оқитын екі қыз өзара сөзге келіп қалып, нәтижесінде, бүкіл бір сынып екіге бөлініп бір-бірімен жауласып кеткен. Біз бұл оқиғаны зерттей келе, әлгі екі қыздың аналарының бұрыннан өзара дүрдараз екенін анықтадық. «Әлгі бір қызбен ойнама» деген ұғымды аналары сәби санасына сіңіріп қойған. Әйтпесе, балалардың өзара бөлісе алмаған ештеңесі жоқ болып шықты. Біз ата-аналармен кешенді жұмыс істеу арқылы сыныптағы жағдайды бұрынғы қалпына қайта келтірдік», – дейді «Медиация, менеджмент және құқық халықаралық мектебі» ЖШС директоры Әсел Сайлаубай.
Қазақстан халқы ассамблеясы да кәсіби және қоғамдық медиаторлардың қызметіне көп жүгінетінін айтады. Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда 130-ға жуық ұлт өкілі тұрады. Олар столыпиндік реформа мен сталиндік репрессия жылдарында Қазақстанға күштеп әкелінген. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының XXII сесиясында сөйлеген сөзінде: «Бір ғана ХХ ғасырда Қазақстанда көпэтносты халықтың қалыптасуының күрделі үдерісі қарқынды жүргізілді», – деп ашық айтуы көпшілік жайттан хабар беретіндей.