Алыстан аяғында әзер тұрған мас іспетті қисайған бетон колонналар байқалады. Табан астында ұшақ «қаңқасы» жатты. Алақаныма пеш күліндей борпақ бір қиыршық тас алып: «Бұл жерде қанша тұруға болады?» – деп сұрадым полковниктен.
Радиацияметрінің сәулелену миллиреміне көз тастаған ол: «Үш сағатқа жуық уақыт», – деді.
Сол күні таңертең біз тікұшақ арқылы Курчатовтан солтүстік-шығыс Қазақстанның ес шығарарлық кең кеуектігіне жол тартуымыз керек еді. Бертінге дейін Кеңес атомының цитаделіне айналған бұл шағын қалашық бірде-бір барлау агенттігінің картасына түскен жоқ. Ол АҚШ бомбалаушыларының көзінен де таса болып келді.
Полковник пен оның әскери киімі, сондай-ақ МИ-8 тікұшағы мен онда бейнеленген қызыл жұлдыз келмеске кеткен режимнің сынығы іспетті еді. Курчатовтан бері қарай жол 40 минут уақыт алды. Суы ерекше қап-қара кратер маңына келіп қондық.
Полковник құрдымға кеткен полигон тарихын айта бастады… Сынақ жүргізу үшін Қызыл армия мен Кеңес ғалымдары мұнда бес қабаттық ғимараттар, әскери бункерлер мен үш көпір соққан. Оның айналасына танк, ұшақ, көлік пен жүк пойызын әкеп, қой, ит және құс секілді тірі жанға толтырған. Кейін 20 килотон атом қаруымен жарып, күлін көкке бірақ ұшырды. Бұл – 1949 жылдың 29 тамызы, яғни Кеңес Одағы өзінің алғашқы атом бомбасын сынап, супердержаваға айналған кезі еді.
Бұл жойқын жарылыстың күші тіпті 90 шақырым жердегі бейқам жатқан қазақ ауылдарына сезіліп, радиокативті шөгінділер елдімекендерді басты. Біз бұл трагедияға әлі ораламыз.
«National Geographic» мұрағатынан алынған мақала. 1993 жылдың наурыз айында халықаралық басылымда жарық көрген шолу көптен күткен тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізіп, дербес ел ретінде тәй-тәй басқан ел болмысын айшықтайды. Мақала Кеңес өкіметі билеген тұстары жұпыны күй кешіп, бас амандығы үшін мақұлдан өзгені білмейтін халықтың атом сынағынан көрген қасіретін баяндайды.
Одақтың құлауы ең әуелі осы сынақ алаңы мен оның Курчатовтағы зертханаларына қатты соққы болғандай әсер қалдырады. Қалай болса да, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қару шығарумен айналысқан жүздеген ғалымды ғана емес, сондай-ақ Марсқа сапар шегетін ғарыш кемесінің кішкентай ядролық реактор жобасында еңбек еткендерді де жұмыспен қамту ниеті мақтауға лайық. Бірақ Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін құрылған өзге мемлекеттер секілді Қазақстан да қиыншылықты бастан кешіп жатыр. «Жұмыссыз жүрген біртүрлі екен», – дейді антирадиациялық дәрілерді иттер мен маймылдарда сынап келген тағы бір полковник.
«Бәлкім, біз компанияңызға экологиялық зерттеу жүргізіп береміз, әлде компьютерлік системаңызды әзірлейік пе, я болмаса, радиокативті қалдықтарды көмуге көмектесейік пе?» – деп ғалымдар туп-тура капиталист саудагері секілді өз қызметін ұсынып, жұмыс іздей бастады.
Күн батып жатқан кезде Курчатовты араладым. Қала керемет әсер қалдырды. Ағаш жасырған ғимараттар. Көше серуендеп жүрген отбасылар. «Көлік жоқ қой», – деп едім. «Газ да жоқ», – деген жауап алдым. Өткен жылдың басым бөлігі құлаған империяның қирандылары арасын кезумен өтті. Үш Балтық республикасы әлемнің ең үлкен ұлтынан 1991 жылғы ебедейсіз коммунистік төңкерісінен әлдеқайда бұрын қол үзе бастағаны белгілі. Кейбірін қуана, ал ендігісін әрең жіберген Ресейден бөлек 11 елді тәуелсіздіктің ең қиын кезеңі күтіп тұрды. Оның тоғызы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына бірікті. Мен үшеуін бақылауды ұйғардым: Бұған дейін байлығы өзімен өзі келген, ал қазір қанға малынған семсерін соқаға алмастырмақ болған Ресей; Ластану мен этникалық бөліністерден зардап шеккен, бірақ табиғи қоры бай Қазақстан; Торда қамалып, бірақ түбінде бұрынғы партия көсемдерінің қақпанына түсуге даяр, ары-бері сандалған жыртқыш іспетті Украина.
«Енді үрейде ұстайтын партия жоқ», – деді Украина ауыл тұрғындарының бірі. Репрессия аяқталды – әлемдегі асқан игіліктің астаң-кестеңі шықты. Діни сенім оралды. Гармониясы қашқан елдің миллиондаған зары, әйтеуір, естілді. Кеңес жүйесі кезінде, әсіресе 1930 бен 1940 жылдары Сталин диктатор болған кезінде тұншыққан азшылық ұлттар ерекше жайма-шуақ күндерден үмітті еді. Сөзсіз, бостандыққа қол жеткізген елдердің көбісінде билікке экс-коммунист келді. Қалай болушы еді? Тәжірибе соларда ғана бар ғой. Осылайша, ескі системаның лубриканты – парақорлық кең тарай бастады. Өз ауданымда такси ұстаудан шаршайтын мені кейде жедел жәрдем ала кетіп, қосымша табыс үшін жүргізушілер көп жиналатын аурухана маңына жеткізіп салатын.
Жалпыұлттық ұрлық, яғни «заңсыз жекешелендіру» мәселесі бұдан сорақы еді. Мемлекет меншігі ешкімге тиесілі емес болатын. Мәселен, ферма бастығы болып келген біреу сол фермаға тиесілі жеміс-жидек өңдеу зауытын иемденіп қалған. «Маған да болашаққа сеніммен қарау керек қой», – дейді ол.
Болашақ дейсіз бе? Жел соқса құлайын деп тұрған бұл елдерде болашақ айту әлі ерте. Олар енді дүниеге келді. Бар сырын бүкіл әлемге жайып салған елдердің айтары көп-ақ…
Авторы: Майк Эдуардс, фото: Герд Людуиг
Қазақстан Республикасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жаһандық ядроға қарсы қозғалысын қолдайды.
Осыған байланысты «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифестін қабылдады.