Жуырда қорғаныс өнеркәсібі кешендері мен ғарыш саласын дамыту бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасы француз тарабымен бірлесіп Жердің жасанды жерсеріктерін құрастыратын зауытты іске қоспақ. 2022 жылға қарай жаңа зымыран дайын болады. Ең қуаныштысы сол, қазақстандық ғарыштық өнеркәсіп саласы жаңа технологиялық деңгейге шығып, еліміз толыққанды ғарыш державасына айналу алдында тұр деп нық сеніммен айтуға болады. Ол дегеніміз – ғылым мен зерттеу, ұялы байланыс пен халық тұрмысына аса қажетті телекоммуникация нарығында бәсеке бұрынғыдан да қыза түседі деген сөз.
Қазақстан енді Жерді қашықтықтан барлау жүйесін жобалау, құрастыру және толық сынақтан өткізу технологиясын сатып ала бермей, өзінде өндіріп, төл мамандарының меңгеруіне нақты қадам жасап отыр.
Тіл-көзіміз тасқа деп айтайық, алда отандық жерсеріктеріміздің қанатын кең самғайтын дәуірі келе жатқандай. Тақырыпқа қатысты қызықты зерттеу мақаламызды алдағы сандарымыздан оқи аласыздар.
KAZSAT-3 жерсерігінің қызмет көрсету мүмкіндігі Қазақстан территориясын толық, Орта Азия елдері мен Ресейді қамтиды.