..."/>
БЕЗ РУБРИКИ

Марс пейзажы

Мұндай жерді шығыс Қазақстандағы Қиынкеріш аңғарынан көруге болады. Аудан орталығы Күршімді өзен паромы жағынан кесіп өткен соң алдыдан ұшы қиыры жоқ жазық басталады. Сонымен 80 шақырымдай жол жүріп, Марқакөл таулары мұнартқан шығысқа бет алғанда, көк жүзіндегі күн сәулесімен жарқ-жұрқ етіп, алқызыл алауға малынған адыр менмұндалайды. Жақындай келіп байқаған жанға ол өзіміз теледидардан көріп жүрген Шарын шатқалынан аумайды. Иә, оны құдды сол массив – шұраттың кішірейтілген макет, үлгісі дерсіз,тіпті.

– Қиынкеріш аңғары, міне, осы, − деді бізді мұнда бастап келген Күршім аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақытхан Өлмесеков. − Бұл жердің ертеректегі атауы Шарықсай екен. Кейін жыл мезгілдеріндегі лайсаңнан азап шеккен жұрт оны Қиынкеріш деп кетіпті. Мәселе, мұндағы, яғни, беткейдегі құм араласқан қызылқоңыр қиыршықтарда емес. Гәп сайдағы төбелер етегін жиектеп өтетін соқпақтардағы жаңбыр жауса бітті, миы езіліп шыға келетін ақ топырақты бұралаң жолдарда. Осы маңдағы аттылы, арбалы ауыл тұрғындары көктем, күз келсе-ақ, сондағы желімдей жабысқан батпақ пен балшықтан берекесі кетіп, зәразап болады да жатады. Сондықтан да ел арлы-берлі жүрген кездегі әуре-сарсаңы мол бұл аймақты Қиынкеріш атап кеткен.

Осы сөздерді айтқан жолбасшымыз өзіміз әңгіме арқауына айналдырған жерге жете бергенімізде: «Аңғардың жалпы көрінісін мына шоқыдан қараңыздар», − деп шығыс жақтағы дөңге алып шықты. Міне, ғажап! Көз алдымызда қып-қызыл құм, қоңыркүрең тас қиыршықтарына толы өзгеше бір әлем жатыр. Олардың арасындағы ақ, сары, сұр, керіш топырақты адырларда нендей белгі, мүсін жоқ дейсіз!.. Ескі қорған бейнесіндегі жақпартастар, пирамида мен қарауыл мұнараларын көзге елестетіп төбелер, жантайып жатқан дулығалы батыр кейпіндегі белдер мен саңырауқұлақ секілді секітастар…, бәрі-бәрі бар. Олар адам қолымен емес, өкпек жел, долы дауыл, ақ жаңбыр мүжіген табиғат күші арқылы жасалған туындылар.

Бірте-бірте байқадық, Қиынкеріш кереметі мұнымен бітпейді екен. Табиғат салған жоғарыдағы суреттер біз көрген ғажайыптардың басы ғана сияқты. Олай дейтініміз, таңданыс тудыратын келесі бір нәрсе ол бұл өңірдің күн батардағы ешбір жерде жоқ қайталанбас көрінісі дер едік. Оны біз мына жағдайдан байқадық. Күн көкжиекке қарай еңкейгенде оның алтын шапақ сәулелері қызыл, сары, ақ тасты төбелерді жалт-жұлт еткен ұшқындармен орады да тастады. Осының әсерінен біз бақылап тұрған ойпат пен беткейдегі құмды керіш топырақтар қызылкүрең түске енді де алдымыздағы адырлар алаулаған отты әлемге айналды да кетті. Жалындап тұрған бұл жерге кешқұрым уақытта аспаннан жұлдыздар жауып, көкке қайта ұшып бара жатқандай да әсер қалдырады. Бір сөзбен айтқанда мұндағы жер де, төңірек пен кеңістік те жосаға боялғандай қызылқоңыр болып тұрды да қойды. Осы көрінісінде ол Марс планетасы, ондағы соған ғана тән ғаламшарлық қызылкүлгін рельеф фонынан еш аумайды-ау, аумайды! Тоқ етерін айтқанда, фантастикалық құбылысқа бөленіп тұрған бұл жерді аралай бастаған сәтте өзіңді бейнебір басқа әлемге кіріп кеткендей сезінетінің анық. Немесе түс көріп, ертегілер елінде жүргендей боласың.

«Бұл не? Қиынкеріштегі табанымыз тиіп тұрған мына топырақ қыртыстары қандай қоспалардан құралған? Ол күн сәулесі көлбеу түскенде неліктен түрлі түске енеді? Мұнда келіп, табиғаттың өзіміз сөз етіп отырған осы тылсым, түсініксіз жағдайын көрген, оған куәгер болған ғылым өкілдері бар ма? Бар болса олар жоғарыдағыдай құбылысқа нендей уәж айтады?»

− Өскемендегі өлкетану музейінде, − деді жоғарыдағы сұрақтарымызға бізбен бірге еріп жүрген жігіттердің бірі, жазушы Нұржан Қуантай, – Қиынкеріш аңғарына арналған стенд бар. Сондағы биология ғылымдарының докторы Виктор Ерофеевтің деректеріне қарағанда, бұл аймақ миллиондаған жылдар бұрын осындағы теңіздер мен көлдер түбінде жатқан. Ондағы айдын шалқар сулар уақыт өте келе тартылып, сазды, батпақты, одан құрғақ өңірге айнала бастағанда, түрлі минералдық қоспадан тұратын шөгінді жыныстар бірте-бірте Зайсан Қазаншұңқыры деп аталатын жер қыртыстарының неше түрлі қабаттарын құраған.  Геологтар бұл құбылыстың әсіресе, бор дәуірі деп аталған кезеңдегі сол массивке кіретін Қиынкеріште өте айқын байқалғанын ерекше атап айтқан. Бұл – бір. Екінші, өзіміз сөз етіп отырған сайдың топырағы неге күйген құм секілді қызылкүрең дегенге келсек, ғалым Юрий Зинченко оған мынадай болжам айтады. Бағзы заманда бұл жерде кішігірім жанартау атқылаған. Соның салдарынан мұндағы тас пен топырақ отқа оранып, қып-қызыл кейіпке енген. Сөйтіп, ол табиғат стихиясы Қиынкеріштің қазіргі Марс планетасының пейзажына ұқсас бет-бейнесін жасап кеткен.

Әңгіме иесінің осы сөздерін тыңдай отырып, төмендегі сайға қарай бет алдық. Ойымыз – құм төбешіктердегі өсімдік түрлерін көру және жарқабақтардағы жер қыртыстарын байқау. Осылармен танысып жүріп, өзіндік ерекшелікке ие екі-үш нәрсені байқап қалғандай да болдық. Оның алғашқысы көктемгі қар суы орып кеткен жыралардың ішіндегі ақсүйек боп жатқан әртүрлі омыртқалы жануарлардың қаңқалары. Одан кейін көзімізге түскені – аңғардағы тастарға жабыса қатып қалған түрлі ағаш жапырақтары. Сондай-ақ, осы арада өзіміз табанымызбен басып келе жатқан қызғылт құмның үстінде адам ізінің қалмайтындығын да айта кетейік. Бұған осы керіштің өзіне су сіңдірмейтін ерекшелігін, қоналқалық шатыр үшін қағылған қазықтың 5 сантиметрден кейін-ақ дыңылдап тастай қатып қалатын қасиетін қосайық.

Әрине, мұның бәріне сол сәтте, яғни аңғарды аралап жүргенде жауап таба алмағанымыз анық. Ертесінде Өскеменге келген соң осындағы тарихи− өлкетану музейіндегі мамандармен пікір алысқанымызда олар төмендегідей ғылыми пайымдаулардан хабардар етті. Көлемі 300 гектар жерді қамтитын Қиынкеріш аумағы геолог Виктор Филипповтың зерттеуіне қарағанда ежелгі заман өсімдіктерінің 5 флоралық және омыртқалылардың 4 фауналық қабатынан тұрады екен. Сай ішіндегі біз көрген тасқа жабысып қатып қалған жапырақ іздері мен белгісіз омыртқалы жануарлар сүйектері сол палеонтологиялық және геоморфологиялық табиғат ескерткішінің белгісі болып шықты. Ал құмды керіштің Марс планетасы рельефіне ұқсас қызылкүлгін түсі мен басқа да ерекшеліктеріне келсек, оларға әзірге жауап жоқ. Айтатын уәждері осы мақаламыздың басында келтірген есте жоқ ескі замандағы табиғат стихиясынан қалған өзгеріс ізі емес пе деген болжам.

Музей қызметкерлерімен кездесуіміздегі әңгіме соңында олардан мына жағдайды да естіп білдік. Кейінгі кезде шетел мен Ресейден Қиынкеріш аңғарын көріп, тамашалауға келетін адамдар қарасы көбейіпті. Әсіресе, көрші елдегі Мурманск, Нарьян Мар, Кемеров, Барнаул қалаларының тұрғындары толастамауда дейді олар. Солтүстік пен Тундра және Сібірдегі ұзақ қыстан мезі болып, мегаполис қалалардың еңсені басқан ауыр тірлігінен, шуылынан шаршаған жандар біз сөз еткен аңғардағы ашық аспан аясында шатырларын тігіп, апталап жатады екен. Осыдан екі жыл бұрын аталмыш өңірде Жапониядан келген саяхатшылар да 15 күн аялдап, Қиынкеріштің құпиясын білуге біраз әрекет жасапты. Ал Голландиядан ат арытып жеткен табиғат қорғау департаментінің натуралистері болса, қазақ жеріндегі келбеті сан құбылған осы бір аймақтың көрінісіне көздерін жұмып, ауыздарын аша таңдай қаққан. Және бұл таңданыстарын жасырмай, өз әсерлерін бас бармақпен бағалап та кеткен.

Ал біз… Иә, өзіміз болсақ, мұндай жерге бармақ түгілі, қайда екенін көп біле де бермейміз. Енжармыз. Құлықсызбыз. Еліміздегі ондай ғажайып, көркем, құпиясы мол жерге: «Бұл өзі осылай болған, себебі бізде ол осылай болуы тиіс», – деген тоқмейіл көзқараспен қараймыз да қоямыз. Өкінішті-ақ…

Авторы: Жанболат Аупбаев

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля