2018 жылдан бастап Қазақстанда «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру» жұмыстары қарқынды жүре бастады. Бұл тарихи шара 2025 жылы толық аяқталуы тиіс. Тарихқа үңілсек, қазақ әліпбиі өз басынан бірнеше дүркін жазу реформасын өткерді. Оның төртеуі соңғы жүз жылдың ішінде болды. Тақырыпқа тереңірек үңілу үшін біз түркітанушы ғалым Нәпіл Базылханның мақаласын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Жазудың ілкі формалары – алғашқы тұрпайы суреттер, петроглифтер, пиктограммалар, идеограммалар, жартас белгілері, символдар, таңбалар өз дәуірінде көп қолданылған. Ол сызба суреттерде адамдар, күн, ай, жұлдыздар, жыртқыш аңдар, жылқылар, бұғы-маралдар, арба, қару-жарақ сияқты алуан түрлі семантикалық мәнді көріністер болатын. Олардың ішінде «аң кескінді өнер» туындылары кең етек жайды. Демек, аталмыш артефаткілердің барлығы дерлік жазудың, жазба мәтіндердің алғашқы көріністері деуге әбден болады. Енді соларға қысқаша тоқталайық.
Сақ дәуіріне тән (б.з.д. IV-III ғғ.) күміс тостағандағы жазу. Қазақстандағы ең көне жазу – Алматы қаласынан 60 шақырым жердегі «Есік» қорғанынан табылды. Тостаған өлшемі: d-15 см, h-2,3 см, m-79 гр. Онда екi жолдан тұратын 26 таңба мәтін бар. Демек, бұл сақтар 2300 жыл бұрын жазу қолданғанын айғақтайды.
Есік өзені бойында орналасқан шеңбері 60, биіктігі 6 метр бұл қорғанды 1969-1970 жж. Кемел Ақышев жетекшілік еткен археологиялық топ зерттеді. Мұнда жоғары билік иесінің мүрдесі, алтын-күміспен көмкерілген киім-кешек (әлемге «Алтын адам» деген атпен әйгілі), әшекей бұйымдар, қыш ыдыстар мен 4000-нан астам зат табылған.
Ғұн жазуы. Сақтардан соң «Орталық Азияда мемлекет құрған ғұндар да ағашқа кертіп жазатын жазу қолданған» делінген қытай жылнамаларында.
Соғды жазуы. Түрк халықтары 9 ғасырдан бастап Ұлы жібек жолы бойында саудамен айналысқан соғдылықтардың жазуын қолданды. Бұл жазуда 14 (кей зерттеулерде 20) әріп бар, дауысты және дауыссыз дыбыстарды белгілейді, мәтін оңнан солға, сондай-ақ жоғарыдан төмен де жазылған. Бұл жазумен «Оғыз қаған» аңызы, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» сынды еңбектері мәтінделді.
Көне түрк дәуіріне тән біршама соғды тілді ескерткіштер мен деректер бар. Оның себебі соғды тектестер түрк, қытай, парсы, византия аралығындағы саудагер отырықшы қауым болды.
Түрік елінің алғашқы қағандары ішінде соғдылықтармен ұдайы саяси-экономикалық қарым-қатынастары орнатқандары, әсіресе, соғдылықтарды сауда-саттық қатынастарға жиі пайдаланған тұстары да баршылық. Демек, түрктер мен соғдылықтар арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарымен қатар, мәдени байланыстар атап айтқанда көне соғды жазуы да кеңінен қолданылғаны байқалады.
Түргеш дәуірінің ақшалары (VIII-IX ғасыр). Бұл кезеңдерде Соғды, Кеш, Бұхара және басқа аумақтағы қала, қалашықтарда осы іспетті мыс тиындар ақша айналымында елеулі рөл атқарды. Түріктер мен соғдылықтар арасындағы сауда-саттық байланыстардың қарқынды жүргені, сондай-ақ аталмыш мыс тиындар қытайлықтармен де сауда тауар алмасу кеңінен болғандығын дәлелдейді.
Көне түрк бітік жазулар (б.з. VII-XII ғасыр). Ғұндардан соң Еуразия кеңістігінде алып мемлекет құрған біздің арғы аталарымыз – көне түрктер өз жазуын дүниеге келтірді. Бұл – мыңжылдық өркениеттердің мәйегінен сүзіліп шыққан төлтума мәдениет еді. Көне түрк бітігі бүгінгі түрк тектес этностардың байырғы рухани мәдениетінің куәсі әрі ортақ мирасы болып табылады. Демек көне түрк бітік – дүние жүзі өркениетіндегі шоқтығы биік ірі мұралардың бірі. Ол осыдан 1300 жыл бұрын, яғни біздің заманымыздың 7-9 ғасырлары кең қолданыста болды. Осы жазумен жазылған ескерткіштер Еуразия көлемінде әсіресе Орхон, Селеңгі, Талас, Енисей, Кем, Ертіс, Дунай секілді өзен алқаптарындағы жартастарда көптеп кездеседі.
Ата-бабаларымыз оны «бітік» деп атады. Яғни, «бітігледім» дегені жаздым деген мағына береді. Бір таңба, бір дыбыс, бір әріп принципі сақталады. Оқығанда да тез әрі өте оңай келеді. Бұл жазудың қағаз, тері, матадағы үлгілері бар.
Араб жазуы. Одан кейін ата-бабаларымыз ислам дінін қабылдап, араб жазуын, оған негізделген ортағасырлық түрки жазуын қолданды. Бұл жазу мың жылдан астам уақыт кеңінен қолданылды. Көне түрктер Қарахан әулеті билігі кезеңінен бастап (960 ж.) ислам дінін қабылдай бастады, сондықтан қарахандық түрктер Құран және діни кітаптарды арабша оқу, араб әліпбиінде жазу істерін бастады. Бұл мұсылман ренессансы кезеңімен (VIII-XIII ғғ.) тұспа-тұс келеді. Осылайша бұдан кейінгі ғасырларда түріктердің араб жазуын қолдану өрісі кеңейді. Алтын Орда, Ұлық ұлыс, Қазақ хандығы дәуірінде араб жазулы түрки жазуы болды. Яғни араб жазуының әріптерімен қазақша жазды. Түрк-ислам оқымыстылары бұл жазуды ортағасырлық түрк тілінің табиғатына әбден икемдеген еді. Бұл жазуды Түрк әлемі ұзақ уақыттар бойы қолданды. Оны «орта түрк жазуы», «шағатай жазуы», «қыпшақ жазуы», «қадым жазуы» деп те атайды.
Латын жазуы. Араб жазулы кезеңнен кейін Кеңес одағы кезінде латын жазуына көштік. Бұл да қазақ тілін таңбалаудың бір жолы болатын. Түрк әлемі 1928 жылдан бастап (Баку конференциясы) бұрынғы араб әліпбиіндегі жазудан жаңа латын әліпбиіне негізделген жазуға көше бастады. Бірақ көп ұзамай КСРО бүкіл түрк халықтарын латын жазуынан кирилл жазуына жаппай көшірді.
Jańa latyn negizdi qazaq jazýy. Latyn jazýy – qazirgi tańda álemdegi eń keń taraģan jazý. Ol ģylymi-tehnikalyq aqparattar almasyģa óte qolaily. Ortalyq Azia respublikalarynyń deni osy jazudy qoldanady.
Кирилл жазуы. Одан кейін 1940 жылдары латын жазуынан орыстар қолданған кирилл жазуы негізіне қазақ тілін таңбалау, жазу жұмыстары басталды. Түрк әлеміне КСРО құрамындағы түрк тілдес республикалар мен ұлыстарында 1940 жылдан бастап кирилл әліпбиіне негізделген жаңа жазуды енгізді. КСРО халықтары біріңғай жаңа әліпбиді қолдану керек деген саяси шешіммен орыс әліпбиіне негізделген жаңа әліпбилер қолданыла бастады.
Ал бүгінгі қазақ тілінің латын негізді жазуға қайта оралуы сөзсіз тарихи шара болмақ.
Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Нәпіл Базылхан мен басқа да зерттеушілердің еңбектерін Академияның atalarmirasi.org сайтынан оқи аласыздар.