Астанадағы «MEGA Silk Way» ойын-сауық орталығында «Каспий Құбыр Консорциумы» және «National Geographic Qazaqstan» журналының бірлесе ұйымдастыруымен «Ұлы дала киесі» атты фотокөрме ашылды.
Шараның ашылу рәсіміне ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко, Сенат депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева және «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин қатысты.
Көрменің негізгі мақсаты – көпшілік арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, даланың аң-құстары, оның ішінде қазаққа етене жақын киіктер туралы тұрғындардың таным көкжиегін кеңейтуге және қоршаған ортаны қорғау проблемаларына қоғамның назарын аударту.
Қазаққа етене жақын осы жануарды қорғау және сақтап қалу ісінде «Каспий Құбыр Консорциумы» (КҚҚ) қосқан үлесі зор. Бұл компания бөкендерді ғарыштан бақылауға мүмкіндік беретін 30 дана қарғыбау сатып алуға 2016 жылы 21 миллион теңге бөлсе, өткен жылдың өзінде тек зерттеу жұмыстарына 27 миллион теңге қарастырған. Одан бөлек КҚҚ Қазақстан өз тәуелсіздігін алғалы бері ел аумағында құны 8 миллиард теңгеге жүзден аса әлеуметтік жобаны қаржыландырған.
Тас дәуірінде Батыс Еуропаға дейін тіршілік еткен сол жануар осы күні Моңғолия, Қалмақ даласы мен Қазақстанда ғана сақталып қалған. Олардың 90 пайызы қазақ жерінде мекендейді. Киіктердің тағы бір ерекшелігі – ешқашан жетім қалған лақтарын далаға тастамайды. Ал кез келген киік жолынан маңырап шыққан құралайды кездестіре қалса, жанына барып емізіп, өзімен ертіп кетеді.
Шара барысында киіктер туралы бейнеролик пен сәтті түсірілген фотосуреттер жиынтығы көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Көрме 20 күнге созылады.