Егер жерден бір тас алып, аспанға қарай емес, жер бетіне параллель лақтырсаңыз, не болады? Тартылыс күшінің әсерінен ол, әйтеуір, бір жерге барып құлайды. Ал жерге түспестей етіп, өте қатты лақтырдыңыз делік, онда не болмақ? Әрине, олай істеу мүмкін емес, бірақ мүмкін бола қалған жағдайда тасыңыз көкжиектен асып, Жер бетіне параллель ұшқан күйі (шар тәріздес болғандықтан) тартылыс күшінің ауқымынан шығып, орбитаға өтіп кетеді. Біз ғарыш дегенде көбінше аспанға қараймыз. Бірақ шын мәнінде ғарыш біздің астымызда да, оң жақ, сол жағымызда да бар екенін ойлай бермейміз. Ол шексіз кеңістік, заманауи жерсеріктердің Жерді үздіксіз айнала ұшып жүретіні сондықтан.
Сіз теледидар қарап отырып немесе ұялы телефоныңызбен сөйлесіп жатып осы іс-әрекеттердің барлығы жерсеріктердің көмегімен орындалып жатқанына қапелімде мән бермеуіңіз мүмкін. Жақын болашақтағы жоғарғы технологиялы жұмыс орындарының басым көпшілігі дәл осы космоиндустрия саласында болады деп болжанып отыр. Жерсерік дегеніміз не? Ол – біздің заманымыздағы нағыз таңғажайып инженерлік өнер туындысы! Ашық космос – өте агрессивті орта. Қауіптің түнегінде ұшып жүрген жерсеріктерді қайта түсіріп, жөндеп алудың еш мүмкіндігі жоқ, сондықтан ол ондаған жыл бойы бұзылмай қызмет етуге міндетті.
Ғарышқа «жорық» жасауда, әлбетте, Қазақстан да дамыған елдермен терезесін тең еткісі келеді. Сол себепті біздің мамандар тарихи қысқа мерзім ішінде «KazSat» деп аталатын «ғажайып құстар тізбегін» экватор бойымен 35 786 шақырым биіктікке, яғни геостационарлық орбитаға бірнеше дүркін көтеріп үлгерді. Оның алғашқысы, өкінішке қарай, аса сәтті бола алмады. Жермен арадағы байланыс тетігінің бірі істен шығып, мамандар оны «жерсерік қабірстанына» шығарып жіберуге мәжбүр болды. Есесіне, кейінгі екеуінің жұмысы, Құдайға шүкір, өте тамаша! Тіпті ел қазынасына едәуір кіріс келтіре бастады.
Толығырақ журнал қосымшасынан оқи аласыздар.
Авторы: Мақсат Ясылбайұлы