..."/>
САЯХАТ

Арқан үстіндегі би

Он төрт жастағы Айшат Хайрулаева солқылдақ сырықты көлденең ұстап, арқан бойымен сенімсіздеу басып келеді. Оны ту сыртынан жаттықтырушысы Магомед Әлибегов (сол жақта, баскиімді) бақылап тұр.

Дағыстандық өнерпаздар еш сақтандырусыз-ақ арқан үстінде «ойнақ салады».

Даңғой сыбызғы мен дабыл қаққыш барабанның сүйемелдеуінде Дағыс­танның халық әні ойнап тұр. Кестелі ақ жейде мен қонымды шалбар киген сұңғақ бойлы жас жігіт үш жарым метр биіктікте ағаш сатыға орнатылған шағын ғана платформадан арқанға аяқ басты. Тепе-теңдікті сақтау үшін ұзындығы алты метрлік титан сырықты қолына ұстап тұр. Ол керілген арқан бойымен жүріп өтпек. Әуелі алдына тік қараған қалпы тербелмелі арқанда дәстүрлі халық биін бастады. Аяғын еппен баса алға адымдап секіргені, тізесін әнтек бүккені қараған жанның таңдайын қақтырмай қоймайды.

Кезек қыздарға келді. Екі платформадан бір-біріне қарай беттеген қос қыз сол қалпы билей жөнелді. Олар қауіпсіздік белдіктерін тақпаған және төменде сақтандыру торы да жоқ. Бишілер арқаннан түсер алдында халықпен қол бұлғап қоштасты.

Жаттығу арасында Ибрагим Халиль Гасанов (сол жақта) пен Гасан Гитиномагомедовтер Дағыстанның астанасы – Махачкаладағы филармонияның қолданылмайтын холында портреттерін салдыртуда. Олардың үстерінде – «Дағыстандық бүркіттер», Пехлеван цирк студиясының дәстүрлі киімі.

«Дағыстандық бүркіттер» атты топтың жетекшісі әрі жаттықтырушысы Асхабали Гасанов: «Қорқыныш ешқашан дағыстандықтың серігі болған емес. Ешқашан! – деді де компьютерін сөндірді. – Бүгінге жеткілікті».

Біз Ресей Федерациясы құрамындағы Дағыс­тан Республикасының астанасы – Махачкаладағы жартылай қираған Татам Мұрадов атындағы мемлекеттік филармониядамыз. Ол Каспий теңізінен бірнеше кварталда орналасқан. Бүгін Гасанов «бүркіттердің» сахналық киімдерін киіп жасаған дайындығын бақылады. Дағыстандағы са­­йыстарда жеңімпаз атанып, Мәскеуде өткен жарыстарда бақ сынаған топ Ресейді жиі аралайды. Өнердің шыңынан көріну үшін оларға күнделікті жаттығумен бірге туабітті салқынқандылық пен тепе-теңдікті сақтау қабілеті молынан қажет.

Кейбіреулер бұл өнерді шалғай мекеннің жарлы, құламалы табиғатымен байланыстырады (Дағыстан сөзі «таулы мекен» дегенді білдіреді).

«Иә, – дейді жергілікті тарихшы Сергей Манышев, – жіппен жүру ХІХ ғасырдағы жауынгерлердің жардан-жарға секіру әдісіне ұқсас».

1935 жылы Цовкра Первая ауылының қол­өнершілері бұл күнделікті тәжірибені сахналық көрініске айналдырған. Осылайша, арқан үстінде өнер көрсету той-жиындарда, демалыс кезінде көңіл көтеру мақсатында, жергілікті фес­тивальдер кезінде орындалатын болды.

Пехлеван цирк студиясының негізін салушы және «Дағыстан бүркіттерінің» жаттықтырушысы Асхабали Гасанов 13 жастағы шәкіртінің биін бақылап тұр. Патимат Муртазалиева құмыраны түсірмеуі керек.

Жіпте жүруші ергежейлілер: Магомед, Ризван мен Патимат Әлибеговтер көлікті паналаған. Жел тұрып, найзағай ойнап, атлеттер көріністі тоқтатады.

«Мен мұнымен 13 жыл бойы айналысып келемін. Ешқашан құлағаным жоқ!» – дейді жарқырап би билеген үшкір иекті, қою қара көзді 24 жастағы Гасановтың ұлы Ибрагим.

– Сонда құлаймын деп қорықпайсыз ба?

– Мен ешқашан қорықпаймын. Ешқашан!

– Құдайға шүкір, осы күнге дейін шәкірттерімнің ешқайсысы құлаған емес! Келешекте де ешкім құламаса екен деп, Құдайға сыйынамыз.

«Басқаларда ондай жайттар болып тұрады, – дейді Гасанов, – бір жігіт жеті метр биіктіктен құлап кеткен екен. Құлап бара жатқан ол айналып үлгеріп, жерге аяқпен түсіпті».

Жаңа Макадағы үйінде «Гунар» тобының мүшесі Айдемир Әлибегов жары Найраның сүйемелдеуімен халық әуенін сыбызғыда сызылтып отыр.

Каспий маңындағы Дербент қамалында көктемгі даршылар мерекесі кезінде Ислам Казиханов пен Диана Керимова жетекшісі Альберт Фархатовтың жіті бақылауында жаттығуда.

Көрерменін таңғалдыру Гасановтың болмысын толық ашатындай көрінді. Өйткені арқан үстінде қауіпсіздік белдігін тақпай өнер көрсететін бишілер мен оларды үйретушілер қанында бар өрлік пен ұлттық рухты өлтірмей сақтап қалған.

Авторы: Джеффри Тайлер фото: Джереми Джанг


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля