..."/>
ЗЕРТТЕУ

Әйгілі адуынды, самдағай да сүйкімді данышпан Пикассо

Пикассоның шабытына бой бермеген тақырып пен дүние кем: картина, мүсін, акварель бояумен салынған сурет, керамикалық һәм ойма бұйымдар. «90 жасында автопортретін салған Пикассо өз еңбектерінде құпия жоқ екенін айтқан», – дейді суретшінің немересі Диана Видмайер-Пикассо.

Оның дарындылықтан пірлікке дейінгі өмір жолы шеберлік тереңдігі мен сол шеберлік артындағы тылсым әсемдікті паш етеді.

«Christie» фирмасының Нью Йорк қаласында ұйымдастырған шарасы. заманауи көркемөнер аукционы алдындағы таңғы мезгіл болатын. Кенеттен ғажап туынды пайда бола кетті

Рокфеллер орталығындағы аукцион үйінің кіреберісінен қазір ғана өткен Пабло Пикассоның жарқын геометриялық портрет туындысы «Femme Accroupie (Жаклин)» екі қара киімді қызметкердің қолында дәлізбен төмен кетіп барады.

Мадрид қаласындағы Ханшайым София музейінде мектеп оқушылары Пикассоның «Герника» деп аталатын әйгілі туындысын тамашалауда. Жалпы, зорлық-зомбылықты тақырып етіп алған суретте 1937 ж. Баск қаласын бомбылаудан кейінгі қырғын мен азап бейнеленген.

1954 жылдың қазан айында Францияның оңтүстігінде «дүниеге келген» кенеп туындыда Пикассоның көңілдесі болған және кейіннен жұбайына айналған 27 жастағы Жаклин Рок бейнеленген. Сол уақытта 72 жастағы суретші «Femme Accroupie» деп аталған осы туындысын бір күнде салып біткен. Портреттен бояудың қылқаламмен ұрылып жағылғанын, қалың пигментті, асау пішіндерді, симметриясыз көздер мен кері айналдыра салынған мұрынды байқайсыз. Алтын сәулелер Жаклиннің денесін орап алған.

Сол кеште аукционшы Адрин Мейер сатылымды 12 миллион АҚШ долларынан бастады, артынша баға қарқынмен көтеріліп, телефон арқылы шыққан анонимді клиенттері атынан бәйгеге түскен екі «Кристиз» өкілі сауданы қыздыра түсті. Денесін тік ұстап, басын алға шығарып, жемтігіне қадалған ягуардай аңдып тұрған Мейер біреуі жеңілгенге дейін осы жұпқа кезек қараумен әлек. Ақыры ол балғасын тарс ұрды. Енді ол жеңіс бағасын жариялайды: 32,5 миллион АҚШ доллары.

Қанша қайран қалсаңыз да, бұл таңданарлық нәрсе емес. Дүниеден озғанына шамамен жарты ғасыр өтсе де Пикассо адамдарды арбауын, шатастыруын, еліктіруін және арандатуын жалғастыруда. Суретші болып қалыптасқан ерте кезеңнен бері Пикассо адам жүзін бөлшектей салып және шындықты қабылдауымызды «қисайта» отырып, әлем туралы ең бастапқы түсінігімізді барынша өзгертті. Ол аласұра тер төккен, стилін де тез темппен түрлендірген: көк және алқызыл түстер, Африка кезеңдері, кубизм, сюрреализм. Оның қолынан мыңдаған мүсін, кескін, ойма мыс плиткалар, керамикалық бұйымдар мен суреттер шыққан. Альберт Эйнштейн ғарыштағы гравитациялық дірілдерді болжағанындай, Пикассо да өзіміз тіршілік ететін дүниенің толқындарын бізден бұрын көре білген.

Пикассоның өнері жеке өмірі мен қарым-қатынастарымен етене. Оған балалары мен жұбайлары, сондай-ақ сүйіктілері шабыт берген. Нью Йорк қаласындағы «Christie» аукцион үйінің қызметкерлері Femme Accroupie (Jacqueline) туындысын галереяға алып барады.

Женева қаласындағы үйінің төргі бөлмесінде сарғылт-жасыл диванда отырған Пикассоның ұлы Клод әкесінен қалған еңбектің ықпалы туралы ой қозғайды. «Ол біз бой үйреткен барлық нәрсенің тас-талқанын шығарды, – дейді ол, – бәріне жаңа көзқарас қалыптастырды».

Адам баласы сәбиден данышпанға қалай айналады? Бір ғана жан қалайша бәріміздің ойлау жүйемізді қайта пішіндей алады?  Пикассо ұқыпсыздың бірі болатын. Ол цирктегі өмірді және бұқалар төбелесіндегі өлімді ұнататын. Ол бір уақытта әрі абыр-сабыр, әрі салмақты, әрі сүйкімді, әрі қыршаңқы бола алатын. Бірақ зеректігімен көзге түскен, бала кезінен мушкетер мен мотадорлардың суретін салумен өткізген өмірінің соңғы жылдарына дейін Пикассо көркемөнер құдіретіне жаратылған адамдай көрінетін, оның данышпандыққа бет алған өмір жолы кенепке сіңген бояудай қанық болатын. Бүкіл қажетті нәрселер де болды бұл кісіде: шығармашылық құштарлығын қайраған отбасы, зияткерлік қызыққұмарлық пен даналық дәнегі, оған шабыт берген бір топ жора-жолдастары мен гүл жайнаған сәтті заманы. Сол дәуірде ғылымдағы, әдебиеттегі және музыка әлеміндегі жаңалықтар оның еңбегін қуаттандырып, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы атақ-даңқын асқақтатты. Пикассо 91 жыл ғұмыр кешті. Оның өмірі тамаша әрі ұзақ болды.

Пабло Пикассо 1881 жылы 25 қазанда Испанияның Малага қаласында дүниеге келді. Сәби кезінде летаргиямен ауырған Пикассоның болашағы күмән тудыратын. Өзінің айтуынша, көкесі Сальвадордың шылымынан шыққан түтін оған шабыт беріпті-мыс. Суретшінің балалық шағы жарқын сәттері өткен, бүгінде күн шуағын шашқан Жерорта теңізі маңындағы өміршең қаламен байланысты. Сантьяго шіркеуіндегі хордың орындауында Manof La Mancha мюзиклінің «Орындалмайтын арман» әні шырқалуда. Бала Пикассо осы шіркеуде қасиетті сумен шоқындырылған. Plazadela Merced алаңындағы кафелерде турист қаптап жүр. Көңілдері қаласа, олар 12 еуроға Пикассо гамбургеріне тапсырыс бере алады. Осы алаңда бала Пикассо үйінің сыртындағы шаңға алғашқы суреттерін салған. Көгершіндер тастарға кеп қонады; Альборан теңізінің толқындары жағаға ұрады; Жас Пикассоға шылым шегу мен фламенко биін үйреткендерге ұқсайтын сығандар Малаганың көшелерін бойлай кетіп барады.

Малага қаласындағы Plaza de Toros de la Malagueta алаңы. Пикассоның корридаға деген құмарлығы бала кезінен бастау алады. Пикадор мен бұқа, жартылай адам, жартылай бұқа – минотавр образы оның туындыларына жиі арқау болған.

Малагадағы Пикассо музейінің ауласында қызыл стақаннан шайын сораптай іше отырып, суретшінің немересі Бернард Руис-Пикассо ертерек уақытта заманның  атасының өнеріне қандай ықпал келтіргенін әңгімелейді. «Мұндағы әр жер тарих пен сезімге толы», – дейді ол. Пикассо тұрған жер – өркениеттер қақтығысының ошағы болып табылады. Финикия, рим, еврей, мавритания, христиандар мен испандықтар ізі анық байқалады. Ауа жұпар иіске толды. Осы маңдағы апельсин ағашын көрсетіп, Пикассо осы жемістердің түсінен, Испанияның палисандр ағаштарында бүршік жарған күлгін гүлдерге, музейден бірнеше қадам орналасқан Гибралфаро төбесіндегі Малаганың ХІ ғасырдан қалған «Альказаба» қорғанының сарғылт және ақ тастарына қарап шабыт алғанын айтады.

«Осы барлық сезімді, бейнені, иіс пен түсті ойында сақтаған. Олар оның миының «құнарлылығын» арттырған», – дейді Бернард. Ол атасының өсиетін орындап, осы музейді 2003 жылы анасы Кристина Руис-Пикассомен бірге ашқан.

Данышпан адамның тұлғасын әрқашанда даналықтың дәнін тәрбие-біліммен сусындататын ата-анасы мен ұстаздары қалыптас­тырады. Пикассоның анасы Мария Пикассо Лопес Құдайдан ұл сұрап жалбарынатын, сондықтан тұңғышын төбесіне көтеретін. «Анасы оны қатты еркелететін», – дейді Клод Пикассо. Клод – әкесінің шығармашылық туындыларының заңды әкімшісі. Бала кезінен Пабло өнер тілімен сөйлесетін, ол тілі шықпай жатып сурет сала бастады. Оның алғашқы сөзі piz болды, бұл lápiz – қарындаш деген сөздің қысқаша түрі еді. Моцарт сияқты Пикассоның да әкесі Хосе Руис Бласко осы саланың маманы еді, ол ұлының алғашқы ұстазы болды. «Ол әкесінің бұрын-соңды тәлім берген үздік шәкірті еді, – дейді Клод, – Пикассоның дарындылығы әкесінен асып түсе бастағанда ол әлі бала болатын. Әкесінің, бәлкім, ұлының талантына жай ғана тамсанып қоймай, абдырап қалған кездері жоқ емес».

Отбасы мүшелері данышпан мұрасын жақсы сақтап қалды. Оливьер Видмайер-Пикассо атасын ешқашан көрмеген, бірақ ол өзінің айтуынша, өсек-аяң, аңыз бен ақиқат арасын дұрыс ажырату үшін суретші туралы екі кітап жазған. Мамандығы бойынша заңгер Оливьер атасы есімімен атаулы автокөлік шығару үшін француздың Citroën автоөндірушісімен келісімге отырады. «Сіз Пикассомен бірге, Пикассо салған дүниелермен, не Пикассосыз өмір сүресіз», – дейді ол.

Қорқыныш пен үрейдің мұндай қоспасы дарындыларға жат нәрсе емес. Латын тіліндегі prodigium (дарынды) сөзінің қосымша мағынасы күтпеген әрі «қошеметтенбейтін және бәлкім, қауіпті» дегенді білдіреді», – дейді осы салада көптен зерттеумен айналысатын Дэвид Хенри Фелдман. Дарындылар кәмелетке толғанға дейін-ақ ересек адам істей алатын нәрселерді жоғары деңгейде атқара алады: қатарластары әлі жіппен секіруді үйреніп жүргенде олар Людвиг ван Бетховеннің сонаталарын орындайды немесе күрделі математикалық есептерді шешеді. «Бұл біздің дүние туралы пікірімізге ой салуы тиіс», – дейді Фелдман.

Мұндай ерте шеберлік қайдан пайда болады? Дарындылар сирек кездесетіндіктен оларды зерттеу де қиынға соғады. Мұндай тұлғалардың сынамасынан ада болса да Бостон колледжі Өнер және сана зертханасының директоры Эллен Виннер өзі зерттегендері арасынан бірнеше ортақ сипатты анықтады. Ерте жетілген суретшілердің визуалды есте сақтау қабілеттері жоғары, олар болмашы ұсақ нәрселерге жіті назар аударады, шынайылыққа жақын сурет сала алады және қатарластарынан әлдеқайда ерте суреттерінде үшінші өлшемді көрсете алады. Виннер мұндай балалардың бо­­йында «шыңдалу құштарлығын» тудыратын тума талант болады деп есептейді. Бұл – әр мүмкіндікті пайдаланып сызып-бояуға деген мәжбүрлеуші-құштарлық сезімі.

Мұндай сипаттардың барлығы Пикассоның бойынан табылған және ол өмірінің ерте кезеңінде осы қабілетімен мақтанған. 1946 жылы балалардың көркемөнер шығармаларының көрмесіне барғаннан кейін айтқан мынадай атақты сөзі бар: «Мен мұндай шараға ешқашан қатыса алмас едім, өйткені 12 жасымда мен Рафаэль сияқты сурет сала бастадым». Отбасы мүшелері Пикассоның бала кезінде бір отырғанда сағаттар бойы сурет салуға беріліп кететінін еске алады. Кейде ол «тапсырыс» алатын, мәселен, жиені Мария есектің суретін ұнататын. Осылай ол әбден қалжырағанша жалғастыра беретін. Оның алғашқы сақталған туындылары 1890 жылы салынған деп айтылады. Ол уақытта Паблоның жасы тоғызға қараған және сол туындылардың қатарында атқа мінген матадор бейнеленген «Le Picador» майлы бояумен салған көркемсуреті бар.

Аз жыл ішінде Пикассо отбасы мен достарының портреттерін шебер сала бастады. 16 жасқа келгенде еңбегінің арқасында Мадрид қаласындағы Сан-Фернандо бейнелеу өнерінің корольдік академиясына қабылданады. Ол Прадо музейінде өзі тәнті болған испан шеберлерінің, соның ішінде Диего Веласкес мен Эль-Греконың еңбектерін зерттейді. «Оның бар ойы сурет өнері болатын, – дейді Клод. – Сурет дегенде ішер асын жерге қоятын. Ол басынан бақайшағына дейін суретші еді».

Алғаш Парижге келген кезінде суретші Пикассоның қалтасында соқыр тиын да жоқ-тұғын. Алайда ол дүниеден миллионер болып озды. Көз жұмған соң 45 жыл өткенде Пикассоның туындылары жаһандық брендке айналды. Қытайлық киномагнат Ваң Жоңчун мына Франсуа Жило портретін 2015 жылы 29,9 миллион АҚШ долларына сатып алды.

Көп жағдайда адамның дарыны тәрбиемен келетін дүние емес, данышпандық әлдебір дағдыны мінсіз меңгеруге тәуелділік емес. Данышпанның бойында өзгеріс енгізе алатын күш, өжеттік және шығармашылық әлеміне төңкеріс әкелетіндей тұлғалық қасиеттері болуы керек. Поль Сезанн, Жорж Сера және басқа да пост-импрессионизм өкілдерінің жылтыр бояуынан арылып шығып, қылқаламдарын нақты бір пішіндермен және эмоциялық интенсивтілікпен ұштаған уақытта Пикассо бала болатын.

Өз кезегі келгенде Пикассо арпалысқан бұқаның күшін еселей түсті. 1907 жылы салған «Les Demoiselles d’Avignon» суретінде дәстүрлі композиция, көзқарас пен эстетикалық тартымдылықтан асып түсті. Бардельдегі жалаңаш әйелдер бейнеленген шығармада ке­­йіпкерлердің бет-жүздері шимайланып, тәндері қисық-қисық салынған. Бұл Пикассоның ең жақын деген достарының да таңданысын тудырды. Бірақ бұл туынды өнердің радикалды даму бағытындағы, кубизмдегі белгітасқа айналып, ХХ ғасырдың ең маңыз­­ды картиналар тізімінің басынан орын алды. Клодтың айтуынша, сол сәтте бар адамның өнер туралы түсінігін астаң-кестең болған.Оның өнері ешқашан адам көңілін қуантуды көздемеген. Ұлының айтуынша, ақы алудан қашатын, оның орнына өзі қалаған нәрселерді салып, адамдардың қызығушылық танытуын күткен. Ендеше, назарымызды аударатын не нәрсе? Бұл жерде ғылым қызықты ой ұсынады. Жаңадан пайда болған нейроэстетика саласында зерттеушілер адамдардың көркемөнерге – «Клод Моненің «тұңғиықтарынан» Марк Ротконың «тікбұрыштарына» дейінгі» деген қызығушылығын жақсырақ түсіну үшін ми томографиясын пайдалануда. Зерттеулердің бірінде Франкфурт қаласындағы Макс Планк атындағы эмпирикалық эстетика институтының нейроғалымы Эдвард Вессел адамдарға жүзден астам көркемөнер туындысын көрсете отырып, миды сканерлік түсірілімнен өткізді. Бұл кезде олар туындыларды бірден төртке дейінгі шкала бойынша бағалап отырды. Бұл жерде «төрт» ең жоғары баға ретінде ең көп эмоция тудыратын туындыға берілді. Туындылар ішінде ең әсерлісі ғана, тіпті естен тандырып, жанды баурайтындары мидың «пассивті жұмыс режимі желісін» іске қосқан. Бұл тереңірек еніп, біздің ойымыз бен сезімімізді талдауға мүмкіндік береді.

Ғалымдар өнердің миға әсерін анықтап жатыр. Хьюстон университетінің профессоры Хосе Контрерас-Видал ми толқындарын жазып алу үшін сәулелі диагностика әдісін пайдалануды. Нейроғылым бір күні шығармашылықтың биологиялық құпиясын ашуы мүмкін.

«Сыртқы көзқарас пен ішкі пайымдаудың осыншалық теңгерімі – ерекше жағдай, – дейді Вессел, – бұл – мидың ерекше ахуалы».

Миды зерттейтін ғылым мұны растағанға дейін Пикассо осы динамиканы түсініп үлгергенге ұқсайды. Бірде ол: «Картина оған қараған адам арқылы ғана тіріледі», – деп айтқан.

«Ұлылыққа апаратын жолда ешқашан жалғыз жүре алмайсыз. Пикассо шығармашылық әлеміндегі рухани тәлімгерлерін Барселонадағы Quatre Gats кафесінен кезіктіреді. Осында тәжірибелері көбірек испан қылқалам шеберлерімен достасады. Олардың әрқайсысы Пикассоның зымырандай көтерілген ерте кезеңдерінде шабытына шабыт қосып, қанаттандырған» – деп жазады Пикассоның биографі және досы Джон Ричардсон. Пикассо Парижге 22 жасында көшіп барып, жазушылар Гийом Аполлинер мен Гертруда Стайн, суретшілер-Анри Матисс, Андре Дирен және кейіннен Пикассоның кубизм бойынша серіктесіне айналған Жорж Брак тәрізді өжет ойлы тұлғалармен танысады. «Пикассоның бандасы» деп аталған топ Паблоның шығармашылығы мен бәсекелес­тікке ұмтылысын қайрай түскен. Десек те, Пикассоның өзіндік мінез-құлқы мен тұлғасы ерекшеленіп тұратын. Оның өз ісіне құлай берілуі мен өнерге деген аш тәбеті, шеберлігін ұштаудағы талпынысы еш тоқтауды білмейтін. «Шамасы, оны ұдайы белсенді болуға мәжбүрлеген әлдеқандай нейрологиялық нәрсе болса керек», – дейді өнертанушы және Пикассо мен Мари-Тереза Вальтердің немересі Диана Видмайер Пикассо. Мари-Тереза Пикассоның ең жарқын музаларының бірі болған және суретші онымен қарым-қатынасын құпия ұстаған.

Пикассоның танымал­дығы мен интернет Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Дафен ауылында тапсырыс бойынша көшірме сурет бизнесінің ашылуына түрткі болды. Суретші Йолиң Лью күн сайын Пикассоның бірнеше жалған суретін салады. Суретшінің еңбектеріне қатысты құқықтарды басқаратын Париждегі Пикассо әкімшілігі Францияның зияткерлік меншік туралы заңы бойынша осындай көшірмелерді салу мен сату заңсыз екенін айтады.

Пикассо әр нәрседен шабыт алатын: теңіз тасына ойып үкі не ешкі суретін салатын. Ұлының екі ойыншық мәшинесінен бабуиннің бетін мүсіндеген, велосипедтің отыр­ғышы мен үйінді арасынан табылған тот басқан рульден атақты туындысы «Бұқаның басын» жасап шығарған. Пикассоның жұмысы еш толастаған емес: картиналар, мүсіндер, керамикалық бұйымдар, тіпті зергерлік бұйымдар. «Оның өзін де жаңартып отыратын қабілеті болатын, – дейді Диана, – белсенділігі соншалық, еріксіз таңдай қағасыз». Ол өзінің ішкі шығармашылық толқыны қайдан келетінін білмейтіндігін айтқан, бірақ  басында кезген, бөлек-бөлек дүние қолымен, қылқаламымен біртұтас әлемге айналып отырған.

Талант, тәрбие, мүмкіндік және тұлғалық – Пикассоның бойынан табылған қасиеттер. Жолы болғыштығы – бір төбе. Оның жетілген кезі фотография саласының картиналардағы дәстүрлі реализмге аударылатын назарды кері төңкерген заманға тұспа-тұс келді. «Өнер әлемі ережелердің бұзылуы мен төңкерістерге дайын еді, – дейді Нью Йорк қаласында тұратын бейнелеу өнерінің социологі Андрас Сзанто, – жабдығы жаңарған бұқаралық ақпарат құралдары мұны тойлауға дайын-тұғын». Пикассо имидж қалыптастыруда асқан шебер еді. «Ол өз талантын жақсы білді, – дейді Диананың ағасы және Пикассоның немересі Оливьер Видмайер-Пикассо,  болашақта маңызды тұлғаға айналатынын білді».

Кейіннен суретші тегінен әкесінің есімі Руис­­ті алып тастап, анасының атауы көбірек есте қаларлық Пикассоны қалдырады. Туындылары тәртіппен сақталуы үшін шығармаларына дата жаза бастайды. Картинасының алдында маңғаздана тұрғанын, сезім тұңғиығына сүңгіген сәттерін және жағалау­­да балаларымен ойнап жүргенін естелік етіп қалдыру үшін фотографтарды шақырған. 1939 жылға қарай Пикассо Time журналының мұқабасынан көрінді. Редакция оған «өнер акробаты» деген ат берді. «Ол өзінің өмір тарихын мәдениетіміздегі осы алып иірімдердің үстіне жатқыза білді, – дейді Сзанто, –  бұл жағынан шебер болып шықты».

Пикассоның зор таланты ол дүниеге келіп, балалық бал дәурен шағы өткен Малагада пайда болған. Мына граффитиде Пикассоның тұңғыш ұлы Паолоның арлекин болып киінгені бейнеленген 1924 жылғы картинаның көшірмесі салынған.

Данышпанның мұрасы – шарықтау мен қошеметке толы, еліктіретін, бірақ жеке өмірдің ауыр сынақтарына байланған өмір. Пикассо туындыларының мәртебесін көтерген оның жұмысына деген ықыласы мен даралығы, мадақтауға, тіпті табынуға дейін апарды. Өткен жылы Леонардо да Винчидің Salvator Mundi атты туындысы 450 миллионнан астам АҚШ долларына сатылғанға дейін, аукционда ең қымбат бағаға сатылған картина Пикассоның Les Femmes d’Alger атты туындысы болатын: 179,4 миллион АҚШ долларына сатылған. Пикассо туындыларының көрмесіне келетін адамдар саны бойынша рекордт жалғасуда: дәл қазіргі уақытта көпшіліктің назары Лондонда өтетін «Пикассо 1932: Махаббат. Даңқ. Трагедия» деп аталатын блокбастерлік көрмеге ауған. Ахуал кей кездері Пикассоны күйрейтіндей жағдайға жеткізіп отырған. Ауру мен ажалдан қашып жиі төсек жаңғыртқан. Әйелдерінің көбі өзінен ондаған жас кіші болған. Әйелдерге есі кететін, өзі де тартымды еді. «Пикассоның бір кереметі – ішкі «жалыны» күшті болатын, – деп жазады 1904-1912 жылдар арасында Пикассомен бірге Парижде тұрған Фернанда Оливье, – мен бұл тартымдылыққа қарсы тұра алмадым». Оның мінезінде қызғаншақтық әрі әйелді жаратпау­шылық та болды. «Оның өнерін сусындату үшін әйелдер құрбан болған», – деді бірде биограф Ричардсон. Өз алдына бөлек қылқалам шебері және Клодтың анасы Франсуаза Жило мен әпкесі Палома Пикассомен Париждегі бір кафеде 1943 жылы кездеседі. Ол кезде Жило – 21 жаста, ал Пикассо 61-де еді. Өз естелігінде Жило Пикассоның шылымды иегіне тақап, Сена өзеніне ағызып жіберем деп қорқытқанын жазады. Ғұмыры ең ұзақ болған ғашығы – өнер еді. Ол дүние салғаннан кейін трагедиялы оқиғалар тізбектелді: Пикассоның жесірі – Жаклин, көңілдесі – Мария-Тереза, немересі Паблито өздеріне қол жұмсады. Артында қалған балалары мен немерелерінің ол туралы көзқарасы әр бөлек. Ұлы Паолодан туған Марина Пикассоның ойы тіптен қатал: «Оның шығармашылығы адамдардың құрбан болуын талап етті, кез келген адамды қайғы-мұңға батырды», – дейді ол.

Данышпандық жалынының отыны – тынымсыз еңбек. Пикассо – тарихтағы ең еңбекқор суретшілердің бірі. Пикассо туындыларының әлемдегі ең көп коллекция­­сы Франция астанасы – Париждің Маре ауданындағы музейде тұр.

Қалай десек те, Пикассоның тұлғалық даралығы мен кейінгіге қалдырған мұрасы адамзат игілігі екені даусыз.

«Үйде оның қолы жетпеген бұрышы жоқтың қасы», – дейді Клод күн сәулесімен көмкерілген үйінде картина қасында отырып. Әкесінің данышпандығын қалай түсіндіресіз деген сұрағыма қарапайым жауап қайырды: «Қалай түсіндірейін? Түсіндірмеймін. Мен оны түсінемін. Оны бала кезімнен түсінгем».

Автор: Клаудиа Калб, фото: Паоло Вудс және Габриель Галимберти


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля