Бразилия мен Перудегі Амазония ормандарында кен игерушілер, шаруалар мен заңсыз ағаш кесушілер ең соңғы оқшаудағы адамдардың мекендерін басып алуда.
Күреңқызыл жердегі тегершік іздері терең әрі түскеніне көп болмаған. Тайнаки Тенетехар жақыннан қарау үшін жол талғамайтын тау мотоциклінен түсіп, іздерді ұстап көрді.
«Із таңертең түскен», – деп ол мына бақылаусыз қалған шекара аймағындағы адамның кез келген белгісін назардан жібермейтін әккі ізтанушыдай айтты.
Ол дүрбімен оттай қызыл саваннаның ойлы-қырлы жоталарын сүзіп шықты. Әлгі жоталар тал-терекпен көмкерілген қырқаға апарады. Бразилияның осынау ең даулы жеріндегі мына тегершік іздері бір ғана зиянкесті білдіреді.
«Ағаш кесушілер, – дейді Тайнаки. – Нағыз жауымыз!».
Тайнаки жанындағы серіктеріне бұрылды. Гуаджаджара тайпасының төрт өкілі шоқалақтан шаршаған мотоциклдерінен түсіп жатқан болатын. Ала-құла патруль мүшелерінің үстінде жамалған джинсы шалбар, камуфляж киім, кейбірінде тіпті ұшқыштың көзілдірігі бар. Түгелінде қарапайым қару: бір оқтық мылтық, қолдан жасалған тапанша мен азын-аулақ мачете.
«Арттарынан ілесейік пе?» – деп сұрады Тайнаки.
Олар заңсыз ағаш кесушілердің техникасын өртеп, қару-жарақ пен шынжырлы араларын тартып алып кетуге мәжбүрледі. Патруль көшбасшыларына, олардың арасында 33 жастағы Тайнаки де бар, сан мәрте «өлтіреміз» деген қоқан-лоқы көрсетілген. Патрульдегі кей қызметкерлер өздері мен жақындарының бас амандығы үшін кім екенін жасырып, жалған есім қолданады. 2016 жылы бір ай ішінде олардың үшеуін өлтіріп кеткен. Жүз шақты жергілікті волонтердің барлығы дерлік осы жерде туып-өскен. Олар өздерін «орман сақшылары» деп атайды. Осы және өзге де мұндай топтар шығыс Амазониядағы Мараньян штаты мен 4150 шаршы шақырым жерді алып жатқан Арарибойя аумағының қорғалатын орманды алқаптарын жалмап бара жатқан жаппай заңсыз ағаш кесуді тоқтату мақсатында кейінгі жылдарда пайда болды. Ормандармен бірге Гуаджаджараның ұрпақтан-ұрпаққа берілген аңшылық кәсібіне арқау болған жабайы аң-құс та құрып, көлдерден бастау алатын өзендер мен сағалардың суы тартыла бастады.
Гуаджаджарада бәске тігілген дүниенің құны жоғары, бірақ олар ғасырлар бұрын сырттан келгендермен алғашқы қанды қақтығыстан бері жан сақтаудың тиімді стратегияларын ойлап тапқан. Көбі сыртқы әлемдегі өмір салтымен таныс, сол ортада өмір сүрген. Арарибойя резервациясындағы Ава тайпасының жағдайы тіптен мүшкіл. Ава көшпенділерінің бірнеше тармағы, яғни Амазонияның қиыр шығысындағы оқшауланып қалған немесе «байланыстан ада» адамдар шынжырлы араның ызыңдаған дыбысы мен орман өртінен әрдайым қашып-пысып, осы аумақтың ортасын кезіп тіршілік етеді.
Тарылып бара жатқан орман сақинасына қамалған авалықтар айтарлықтай әлсіз топқа жатады. Амазония су бассейндерінің бойында саны 50-ден 100-ге дейін деп шамаланған оқшау тайпалар бар. Барлығын қосқанда, бес мыңға жуық адамға қауіп төніп отыр. Бұл топтар әлемдегі соңғы оқшау тайпалардың көпшілігін құрайды. Мұндай тайпалар тек Парагвайдың Чако бұталы орманы мен Андаман аралдарында, сондай-ақ Жаңа Гвинеяның батысында ғана бар екені белгілі. Саны кішкентай көрінгенмен жергілікті адамдардың құқығын қорғайтындар «бәске қауіп-қатер төнген дүние ғана емес, ғаламшарымыздан жоғалған өмір салтының үлгісін сақтап қалу мәселесі қойылған» дегенді алға тартады.
«Әлдебір этникалық не адамдар тобы жер бетінен ғайып болған кезде… Зияны орасан зор, – дейді байырғы халықтың құқығын қорғаушы Сидней Поссуэло, – адамзат жүзі біркелкі болып, адамгершілік жұтап барады».
Авалықтардың сыртқы әлеммен байланысы көбіне оларға қарсы жасалған зұлымдықпен сипатталады. Бүгін, бәлкім, шамамен 600 авалықтың жүз шақтысы ғана орманда көшпенді өмір сүреді. Ал соңғы онжылдықтарда өркениетпен байланысқа «шыққан» қалғандары байырғы халықтың қорғалатын төрт аумағының үшеуіндегі ауылдарға орныққан. Бұл жерлер Мараньянның батыс шекарасындағы іргелес дәлізінде созылып жатыр. Авалықтардың болуы батысқа қарай созылған жаңбырлы ормандарға маңызды буферлік қызмет атқаратын 12300 шаршы шақырым құрғақ орманды массивтерді заңмен қорғауға септігін тигізді.
Ава оқшау топтары төрт қорықтың үшеуінде өмір сүргенімен Арарибойяда барлық, яғни шамамен 60-80 авалық – негізінен, өркениеттен ада, қорықтың өзегінен айырылмай отыр. Олар әлі күнге найза-садақпен аң аулап, толықтай дерлік орманның молшылығы мен суына сенеді. Олардың айналасында сырттағылармен кездесіп қалғанда делдал бола қалатын отырықшы авалықтар жоқ.
Қорықтың орталығындағы төбе мен жазықтарда ондаған қалашық пен ауыл орналасқан. Ол жерлерде шамамен 5300 гуаджаджаралық өмір сүреді. Ал қорықтың сыртында бес ірі муниципалитет бар. Олардың экономикасының негізгі қозғаушы күші – ағаш кәсібі болып қалып отыр. Мараньянның байырғы орманды алқабының 75 пайызы жоғалып үлгерген, ал құнды орманды егістіктердің басым бөлігі – Арарибойя, авалықтар мекендейтін қалған үш байырғы халық мекені – Алто Туриачу, Кару мен Авада, сондай-ақ іргелес биологиялық резерват аумағында жатыр. Бұл жерлерде ағаш кесуге тыйым салынған, сондықтан ағаш саудасы тұтастай қылмысқа айналған.
Бұл браконьерлерге кедергі келтірмейді, олар асқан сақтық пен жалған құжаттарының арқасында күзет пен заңды пысқырмайды. Ағаш кесетін көліктер полиция тексермейтін жолдармен жүріп, тауарларын үндістердің аумағынан тыс жерлердегі құпия ағаш зауыттарына жеткізеді. Осы жүйенің Ава тайпасына қатер төндіргені соншалық, 2012 жылы тайпалық адамдардың құқығын қорғайтын Survival International ұйымы авалықтарды: «Жер бетіндегі ең көп қатер төнген этникалық топ», – деп атады.
Гуаджаджалықтар өздерінің тағдырын Ава сияқты «оқшауланған» тайпалармен тығыз байланыстырады. «Авалықтарды қорғау талпынысы мен орманды сақтау – бір бүтін», – дейді Сония Гуаджаджара. Сония Бразилияның байырғы халықтары бірлестігінің атқарушы директоры болып істеген. Ұйым елдегі 300-ден астам байырғы халықтар тобының дауысын естіртуді өзіне мақсат тұтады.
Тайнакидің орман күзеті бас қосып тұрғанда маңайдағы фермадан басына каска киген әлдекім атып шықты. Ол лас мотоциклін шұғыл оталдырып, тайып тұрды.
Әлгілер: «Олхейро!» – деп шуылдап қоя берді. Ұры!
Сақшылар өз араларындағы тыңшылар желісімен де күресуге мәжбүр. Ақпарат тасушылар патрульдерді бақылап, ақы төлеушілерге жинаған мәліметтерін жеткізуге асығады. Олар өз кезегінде ағаш кесушілерге хабар береді.
«Бұл жерден кетуіміз керек! – деп Тайнаки бұйрық берді, – ол біз туралы хабарлауға кетті!».
Сақшылар ағаш кесушілердің үстінен күтпеген жерден түсулері керек, әйтпесе, олардың жорығы қақпанға түсумен аяқталады. Тіпті федералдық агенттер мен жасақтар да мұздай қаруланған ұрылардың шабуылына тап болған жағдайлар бар.
«Оқшау топтар үшін біз күреспесек, кім күреседі?» – деді бір түн бұрын маған Тайнаки. Ол Арарибойя аумағының картасын ашып, үстінен саусағымен жүріп шықты. «Ағаш кесушілер аймақтың барлық периметрі бойынша кіріп кетіп отыр. Олардың көксегені – оқшау топтар орналасқан орталыққа жету. Ал ұрылар келген кезде бұл топтарға бас сауғалаудан басқа амал қалмайды», – деді ол.
Байырғы халықтардың мәселелері бойынша құзіретті орган Fundação Nacional do Índio немесе FUNAI деп аталады. Осы агенттіктің «Оқшау және жуырда ғана сыртпен байланыс орнатқан үндістер» департаменті тайпаларға төнген қауіп үшін Арарибойяны Амазониядағы ең даулы жерлер тізімінің басына қойды. FUNAI бюджетінің айтарлықтай қысқартылуы оқшау тайпаларды қорғауды одан әрмен қиындата түсті. Конгрестегі бизнесті жақтайтын саясаткерлер Амазония бойынша байырғы халық жерлерін қорғау шараларын жабатын әрекеттерді тықпалап өткізді. Осының арасында FUNAI ұйымының ардагер агенттері жұмыстарынан босатылып, далалық бекеттер жабылып қалды.
Гуаджаджаралықтардың көмек сұраған өтініштері бойынша құзіретті органдар арагідік маңайдағы қалаларда орналасқан заңсыз ағаш зауыттарына рейд жүргізіп, ағаш кесушілерден тазалау үшін бірлі-жарым полиция операциялары жасалды. Алайда көп жағдайда сақшыларға көмек келмейді. Олар ұрылармен өз күштеріне сеніп күресуге мәжбүр.
Сағат сайын темір рудалары толы жүк пойыздары Кару байырғы халқының 1730 шаршы шақырымдық аумағының оңтүстік-шығыс шетіндегі Тиракамбу мен Посто-Ава елді мекендерінен гуілдеп өтеді. Бұл пойыздар әлемнің ең үлкен ашық темір рудасы кенішінен Атлант мұхитына дейін 900 шақырым жол жүреді. Ақырғы пунктке жеткенде рудалар – 2017 жылы 147 млн метрикалық тонна темір рудасы тасымалданған – негізінен, Қытайға бет алатын кемелерге тиеледі.
«Каражас» кенішінен темір рудасын өндіріп, оны ғаламшардың келесі түкпіріндегі темір балқыту зауыттарына жеткізу технология жетістіктерін көрсетеді. Бұл сондай-ақ бір-біріне мүлде алшақ екі дүниені бейнелейді – жаһандық коммерцияның осы қуатты символы найза-садақпен аң аулап жүрген адамдардың құлақ түбінен өтіп жатыр.
1970-тің соңы мен 1980-жылдардың басындағы теміржол құрылысы байырғы халықтардың бытырап, Ава аумағының бөлінуіне әкелді. Ава айналасында ірі фермалар мен фабрикалар, тіпті толықтай қалалар пайда болатын еді. Алайда мұнда адамдар қоныстанып, алыпсатарлар қаптап кетті. Артынша авалықтар жерлерінен айырылып, тайпаның бірнеше буыны иелік еткен жердің қожайыны пайда болады.
Поста-Авадағы ашық аспан астындағы павильон. Қасымда – гид, жүргізуші мен Марко Лима бар. Ондаған авалықтың арасында отырмыз. «Карайдың алғашқы белгісі тікенекті сым болды», – деді Такаматксия. Ава тілінде олар ақ адамдарды не сырттан келгендері осылай атайды екен. Бұл нысанды 1980 жылы FUNAI ұйымы осы тайпа үшін баспана ретінде тұрғызған.
«Қару дыбыстары зәремізді ұшырды», – деп Такаматксия жалғастырды. Татукса есімді жас жігіт оны португал тіліне аударып отырды. «Бұл дыбыс құлағымызға түрпідей тиді». Сол күні сырттан келгендер иттерімен оларды орман арасымен қуалаған еді. Айтуынша, атасын иттер талап өлтірген. Мұндағылар, соның ішінде оның туыстары да жан-жаққа бас сауғалап кеткен. Бұдан кейін оларды Такаматксия көрмепті.
«Көкем әлі де орманда болуы мүмкін бе екен? – деп ол кідіріп қалды, – солай шығар»
Бәрінің әңгімелері таңғаларлықтай ұқсайды: басқыншылардан жанұшыра қашқаны мен FUNAI ұйымынан пана сұрағаны, сырттағылармен қатынаған жағдайда тараған тұмау мен қызылша эпидемиясы…
Бұл уақытта FUNAI ұйымы тайпалармен байланыс орнатып, өркениетке жол бастау үшін елді мекенге орнықтыру миссиясымен айналысуда еді. FUNAI ұйымының1987 жылға дейін қазіргі «оқшаулықты сақтау» саясаты болмаған-тұғын. Ол әлі күнге дейін тайпалық адамдардың құқығын анықтап-қорғайтын аса маңызды саясатты бастады: басқыншылардың қудалауынсыз өздерінің дәстүрлі өмір салтын ұстану мүмкіндігі туды.
Сол кеште авалықтардың ата-баба аруақтарымен байланысудың қасиетті рәсімі болайын деп жатқан еді.
Әйелдер жыртқыш бүркіт пен тазқараның қауырсындарын ауылдың бес-алты ақсақалының басына, саны мен кеудесіне тақты.
«Олар қауырсындарды каравараға нағыз авалық екенін көрсету үшін тағады», – деп түсіндірді Татукса. «Каравара» дегені – аталарының аруағы. «Олар орман үстінен бақылап, жерге байланған авалықтарды қорғап жүреді, әйтпесе, бізді ақ адамдармен шатастырып, өлтіріп тастауы мүмкін».
Еркектер ыңылдаған сұмдық әндерін айта келе трансқа ұшырағандай күйде қоршалған лашықты айнала биледі. Олар бір-бірлеп лашыққа кіріп-шығып, аяқтарымен жер тебісті. Билеп-шырқап жүріп, жаңа ғана «жүздескен» аруақтардың батасын жеткізу үшін ауыздарын жұмып, әйелдері мен балаларына қайтып барды.
«Бұл рәсім бізді орманда тұрған бұрынғы уақытқа қайта апарып, дәстүрімізді сақтап, жерімізді қорғауға көмектеседі», – дейді Татукса.
Осы екі тілде сөйлейтін сауатты жас жігіттің аруақтар әлеміне сенер-сенбесі түсініксіз еді. Бірақ осы көрініске қарап отырғанымда, айғай-шудың арасында жалаңаш еркектердің тербеліп, бүгіліп, құдды бір көзге көрінбейтін күштердің билігіне өткендей күйлерінен ежелгі әрі баламасы жоқ өмір салты қыл ұшында тұрғандай сезімнен арыла алмадым.
Мен авалықтардың территориясын шарлап жүріп, Бразилиядағы тайпаларды қорғау үшін құрылған мемлекеттік мекемелердің ыдырау қаупінен туындаған кең тараған «авалықтар тағдырдың тәлкегіне ұшырауы мүмкін» деген қорқынышты сезіндім.
Бір сағаттық жерде орналасқан Тиракамбу ауылына барғанымызда осындағы 85 тұрғынның бәрі бізді қарсы алды. Ксиперенджиа есімді жас жігіт менен отыруымды өтінді. «Үкімет үндістерді жақтырмайды, – деді ол, – олар біздің жерімізді үлестіріп бере ме деп қорқамыз».
Адамдар тыңдау үшін шеңберге жиналды. «Ағаш кесушілер ормандарымызды өртеп жіберді, – дейді Ксиперенджиа, – барлық жануар: тасбақа, маймыл мен доңыздар жойылып барады. Жеміс-жидектер өртеніп кетті. Бізге көмек қажет».
Марко Лима менің қаламымды алып: «Мына қаламды көріп тұрсыңдар ма, – ол бәрі естісін деп айғайлады, – бұл – Скоттың қаруы. Осының көмегімен ол әлемге авалықтар туралы айтатын болады!».
«Авалықтардың қару-жарақтарын көргіңіз келе ме?» – деп Ксиперенджиа жауап қатты. Адамдар күркелеріне жүгіре жөнелді. Сәлден кейін олар ер-әйелі аралас ұзын найзаларымен, жебелі садақтармен оралды. «Көрдіңіз бе, бұл – біздің қаруымыз», – деді Ксиперенджиа.
FUNAI ұйымының көптеген қызметкері авалықтармен келіседі: үкімет агенттікті әдейі қаржыландырмай отырғанға ұқсайды. «FUNAI ұйымының қызмет атқаруға қажетті ресурсы жоқ. Ол жан сақтау бөлімінде жатқан пациенттің күйін кешуде», – дейді бір бақылаушы.
FUNAI бюджетінің қысқаруы кесірінен 1170 шаршы шақырымдық байырғы Ава жерінің басты кіреберсіндегі бекетте небәрі үш қарусыз күзетші ғана қалды. Бұл аумақ шамамен жүз авалықтың, соның ішінде өркениеттен ада көшпенділердің аз топтарының үйі болып табылады.
Марко екеуміз күзет бекетінен төмен қарай бастайтын су шайған жолмен келеміз. Жол жиегінен 2014 жылдан бері ешкімге керек болмай қалған тот басқан бульдозерлерді байқауға болады. Бұл – қарулы күштерінің ағаш кесіп байымақ болған «бөтендерден» аймақты тазалаған кез. Ұзын-шұбар төбенің түпкі етегінде осы қуатты машиналардың опырмақ болған орман әлеміне – ағаш арасынан сығалаған нұры мен көлеңкесі қатар келген жерге аяқ бастық. Алыстан макао тотықұстары шықылықтайды. Оған тағанақ құсының әуені қосылды.
Біз FUNAI ұйымының Джуритидегі базасында тоқтадық. Ұзын бойлы әлдекім менімен қол алып амандасты. Есімі Патриолино Гаррето Виана екен. Ол бұл ұйымда 35 жыл қызмет еткен ардагер әрі 1995 жылдан бері «Джурити» бекетінің әкімшісі екен.
Мен жолдағы бульдозерлер туралы сұрадым. «Олар аумақтағы 3000 басқыншыны қуып шықты, – деп ол 2014 жылғы операцияны еске алды, – ақ адамдар бұл жерге тым жақындап келді, маңайдағы Сао-Джоао-до-Кару тәріздес беткей қалаларға төнген қауіп зор еді». Артынан бірнеше ай өткенде Виана ол жаққа қайта бара алмады. «Мен um homem marcado едім, – деді ол. – Таңбаланған адам».
Ол бізге бес бөлмелі ғимаратты көрсетті, бұл – оның бас кеңсесі әрі екі мемлекеттік медицина қызметкері еңбек ететін «қолдан жасалған» клиника екен. Артқы есіктен авалық пациенттер лек-легімен кіріп-шығып жатты.
Виананың айтуы бойынша, сырттан келгендердің басқыншылықтарына қарамастан авалықтар қоныстанған төрт елді мекен арасында Джурити көп жағынан ең жақсы қорғалғаны болып қалды. Оның 89 тұрғыны бар. 50-60 жастағы үлкені FUNAI ұйымының 1980 және 1990-жылдардағы қатынас орнату экспедицияларының нәтижесінде осында әкелінген еді. Олар өмірінің көп бөлігін орманда өткізген. Еркектері сол жерлерді үй санайды. «Бекетте өткізген бірнеше күн оларды әбден қажытады. Олар орманға жеткенше әрең шыдайды», – дейді Виана.
Еркектер киік, қабан мен салпыерін атып әкеледі. Такия есімді жасы үлкендеуі бақырауық маймылдың тамағының тереңінен шығаратын дыбысын айнытпай салды. Авалықтар аңға шыққанда жануарларды тұзаққа түсіру үшін осындай дыбыстармен алдайды.
Осындай өмір салтына төнген қауіптің ең зоры, шамасы, Арарибойя қорығында ғана шығар. Құзіретті органдар қоршаған ортаны қорғауға атсалысып, қанша қолдаса да, орман сақшылары ағаш кесу апатын тоқтата алмай әлек.
2017 жылдың аяғында орманды өрт жайлауына байланысты FUNAI ұйымының «Оқшау және жуырда ғана сыртпен байланыс орнатқан үндістер» департаменті қорықтың шығысындағы жазығында тездетіп далалық бекет тұрғызды. Оқшау ава көшпенділері басты жолға жақын жүргендері байқалған және «оларды қорғау үшін күш қолдану қажет бола ма» деген қорқыныш туындады, өйткені бұл қолданылатын ең соңғы шара еді.
«Оқшаулықты сақтау ұстанымы жалғасуда», – дейді басқарманың Мараньяндағы үйлестірушісі Бруно-де-Лима-э-Сильва. Ол мұның төтенше жағдай жоспарының бір бөлігі екенін айтты.
«Авалықтар жабайы табиғаттан айырылуға дайын емес, – дейді Лиаа, – олар байланысқа шыққылары келсе, қол ұзатар еді».
Бразилиядағы соңғы күнімде фотограф Чарли Хамильтон Джеймс екеуміз Бруно Лимамен бірге Арарибойя қорығының үстінен айнала қарап шығу үшін ұшаққа тапсырыс бердік. Әуеден джунгли шымылдығына көз салдық. Төмендегі әлдебір жерде оқшау топтар бар еді.
«Қараңдар! – деп Лима төмендегі орманды нұсқады. – Ағашкесушілердің жолы!». Бастапқыда ол көзіме түспеді. Жыландай ирелеңдеген қоңырқай жол ағаштар шоғыры арасында бір жоғалып, бір көрінеді. «Ағаш кесушілер ұрлықтың ұстасы болып алған, – деді Лима, – олар жолдарын көзге түспейтіндей ағаш жамылғылары арасымен салған». Ол сөзін ары жалғады: «Байырғы халықтардың жерлері айналасындағы қалаларға ағаш қажет. Осы заңсыз саудаға қолында билігі бар жергілікті элиталық топтардың тікелей не жанама қатысы бар» (Жергілікті саясаткерлер заңсыз ағаш саудасы тізгінделген деген уәжбен мәселеге осы қырынан қарайды).
Ирелең жолмен кетіп бара жатқан ақ кабиналы жүк көлігін көзіміз шалып қалды. Бортына ағаш тиелген. Шығысқа қарай, демек, қорықтың сыртындағы зауытқа бет алған көліктің жолында қандай да бір кедергі еш көрінер емес…
Шуридің қолында ағаш садақ пен ұшына ұстарадан өткір бамбук тағылған ұзындығы 1,8 метрлік екі жебе бар.
Ол шамамен 60 жаста. Ол көкеттегі 15 сантиметрлік тыртықты көрсету үшін көйлегін көтерді. «Мачо», – деді ол жаймен Мачо-Пиро тайпасына сілтей отырып. Ол атып жатқандай садағын көтеріп, қолын тыртыққа апарды, сосын көзін жұмып ауырғанын ыммен көрсетті.
Шури Перудің оңтүстігі мен Бразилия шекарасындағы қашық жерлерді мекендейтін тайпалардың бірі – матанахудан шыққан. 15 жыл бұрын евангелия миссионерлері Куранджа өзеніне келіп, ол жердегі адамдарды орманнан шығару үшін түрлі айла-тәсіл пайдаланды. Миссионерлер ауыл тұрғызып, ферма ашу үшін жерді тазалап, жергілікті тайпалар арасынан тілмәштарды жұмысқа алып, аң аулау жолдары бойында сыйлық қалдырып отырған. Соңында Шури мен оның екі әйелі және енесі миссионерлерге қосылады. Топтың қалғаны – шамамен 20 адам, соның ішінде олардың қас жауы мачо-пиролықтар да өзге оқшау тайпалармен бірге орманда қалуды жөн көрді.
Біз орманның тазаланған аумағына жеткенде Шуридің екі әйелінің жастауы – Елена пальма жапырағымен жабылған күркеден шықты. Бетіне индиго нүктелері салынған. Үстіне қызыл футболка киіп алыпты. Ол біздің аудармашымыз Селияға бір нәрсе айтып айғайлады. «Оның қарны аш және асқазаны ауырып тұр екен, – деді Селия, – оған дәрі керек».
Мен Шури мен Еленаны 2006 жылдан бері ормандардағы байырғы халықты қорғау мен олардың тұрақты дамуы жөніндегі жоба арқылы танимын. Олардың заманауи қоғамға барынша аз көмекпен сіңісуге деген ұдайы ұмтылыстарына куә болып келемін.
Фотограф Чарли Хамильтон Джеймс екеуміз Куранджа өзеніне келдік. Ол Перудің Бразилиямен шекарасының оңтүстікке қарай 25 шақырымда орналасқан. Мақсатымыз – шалғайдағы тайпалардың тыныс-тіршілігі мен әлі де оқшауда өмір сүріп жатқандардың бастан кешіп жатқан қиыншылықтарын құжаттау. Біз Алто Пурус ұлттық саябағына жақын жердеміз. Саябақ оқшау тайпаларға арналған Мачо-Пиро байырғы халық қорығымен жапсарлас орналасқан. Аумағы шамамен 25 100 шаршы шақырым саябақ – Перудегі ең ірісі және ол оңтүстікке қарай биоалуан Ману ұлттық саябағымен шекаралас орналасқан.
Осы Пурус-Ману алып ландшафты Жер бетінде қалған байырғы оқшау халықтардың ең үлкен шоғырының біріне және Шуридің тайпасы сияқты қатынастың бастапқы кезеңіндегі бірнеше топқа үй болып отыр. Қауіп төніп тұрған өркениеттен ада аумақ мен Бразилияның азайған орманды алқаптары арасындағы контраст жаға ұстатады.
«Оқшау не изоляция» сөзі салыстырмалы ұғым болып табылады: ең шалғайдағылардан басқаларының бәрі ондаған жыл бойы түрлі құрал-сайман қолданып келеді. Бұл – сыртқы әлеммен қатынас болғанының белгісі. Олардың көбі – құлдық пен бір ғасырдан астам уақыт бұрын «резеңке индустриясының» дүмпуі кезінде халықты қынадай қырған эпидемиядан аман қалғандардың ұрпағы. Кейін келген миссионерлер аса қауіп төндірмесе де, ағаш пен мұнай-газ индустриясы оқшау халықты қатынасқа түсуге мәжбүрледі. Нәтижесінде, зорлық-зомбылық пен ауру өрши түсті. Олардың оқшау өмір салтын жалғастыруы – саналы таңдау және олардың ойынша, аман қалу үшін маңызды шешім.
Осыған қарамастан, оқшау адамдардың көбі байланысқа бару үшін орманнан шыға бастады. Мұны қалай түсіндіруге болады? Тайпалардың ақыр соңында басқыншылардан қорқуын басқан отырықшы өмір салты ма, әлде құрал-сайман ба? Болмаса, бұл жортуылдар олардың жерлеріне қауіп төндіретін сырттан келген қоқан-лоқы салдары ма?
Тксапанава – жуырда ғана бой көрсеткен тайпа. Ол Бразилияның шекарасын қиып өтетін Энвира өзені бойында өмір сүріп келді. 2014 жылдың маусым айында бес жас жігіт пен екі әйелден құралған топ аш екендерін айтып, Симпатия ауылына шыққан. Артынша олар жақында өздеріне жасалған шабуыл туралы айтып берді. Шабуыл жасағандар есірткі тасымалдаушылар болуы керек. Олар тайпаның көп мүшесін өлтіріп кеткен.
Бразилиядағыдай Перуде де оқшау тайпалар үшін изоляцияны сақтау саясаты қабылданған. Стратегия – бөтендерге шектеу қоятын, қорғалатын аймақтар ашып, ол жерге кіріп-шығуды бақылау, сондай-ақ алғашқы байланысқа дайын болуы. Дегенмен қатынас орнату көп уақыт алуы мүмкін. Үкіметтің қай мезгілде араласқаны жөн? Оқшаулық саясатының сыншылары зорлық-зомбылық пен өлім-жітім тудыратын эпидемиялық аурулардың алдын алу үшін үкімет белсендірек әрекет етіп, бар тайпалармен толық бақыланатын қатынас орнатуы тиіс деп есептейді. Барлығының пікірі тоғысатын ортақ нүкте – Перу орман алқаптарын экстрабелсенді өндіріс кәсібіне жол ашатын болса, қатынасқа шығу жағдайлары көбейе бермек.
Мұның мысалы: 2018 жылы қаңтар айында Перу Конгресі «басымдылыққа ие және ұлт мүддесі үшін» деген жалаумен Амазонияның қашық аудандарында жол салуды жариялаған қарама-қайшы заң қабылдады. Арада екі ай өтпей жатып, Тасымалдау мен Мәдениет, сондай-ақ Қоршаған ортаны қорғау министрліктері бұл заңға қарсы жоғары қаулы қабылдады. Ол бойынша барлық жаңа жол оқшау тайпалардың резервацияларын, табиғи қорғалатын аймақ пен қоршаған ортаны қорғау заңдарын құрметтеп, бұлжытпай орындау керек деп белгіледі.
Министрліктердің жылдам жауабы Перудің даму мен аймақтарды қорғау арасындағы қажеттілікті теңгерімде ұстауда ілгерілеп отырғанын көрсетеді. Байырғы халық мәселелеріне жауапты Мәдениет министрлігі оқшау тайпалар үшін бес жаңа қорық пен қазіргі төртеуі үшін бұрын-соңды болмаған қорғау шаралары жоспарын ұсынды. Осы уақытта байырғы халықтың мәселелерімен айналысатын ҮЕҰ-лар консорциумы оқшау және бастапқы қатынас кезеңіндегі тайпалар үшін шамамен 89 мың шаршы шақырымдық Пурус-Ману ландшафтының орталығындағы қорғалатын дәліз ашуды ұсынып отыр.
Дәліздің көп бөлігі қазірдің өзінде қорғалса да, оны заңмен бекіту аймақтың біртұтастығын сақтар еді, жаңа заңнама қабылдауға ықпал етіп, жерді қорғау шараларын күшейтер еді. Осы үміт отын жағатын жағдайда өз басым Шури мен Елена туралы ойладым, оларды қайтып көргенімде олардың үлкен отбасысы орманда оқшау қалғанды қалар ма екен?
Перу әлемдегі ең соңғы оқшау тайпалардың кейбіріне ақыры өз болашағын басқару мүмкіндігін беру үшін осы жағдайды пайдалана ма екен?
Авторы: Скотт Валлас және Крис Фаган, фото: Чарли Хамилтон Джеймс
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa