..."/>
ЗЕРТТЕУ

Абай – ұлттың атасы

YSH_2170

Абай әлемі – қазақта ғана емес, дүние әдебиетіндегі қайталанбас құбылыс. Әлем классиктері Шекспир, Бальзак, Пушкин секілді сөз өнерінің құдірет-қасиетін заңғар деңгейге көтерген ұлы ақынның өз замандастарынан басты ерекшелігі оның асыл мұралары әдебиет аясынан асып, адамзаттық өрелі мәселелердің ауқымын қамтыды. Абай өз заманында әлеумет ісіне де терең барлап, келешек қоғамға қажетті рухани азықты талдап, таратып кетті. Сондықтан да, жаратылыстан бастап қоғамның, адам мен заманның сырына бойлаған кемеңгер Абайсыз қазақтың өткенін де, бүгіні мен болашағын да елестету мүмкін еместей көрінеді. Абай – адамзат алдында қазақ халқының мақтаныш ететін заңғар биігі.

Абай (Ибраһим) Құнанбаев

Абай (Ибраһим) Құнанбаев — қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қасқабұлақ жайлауында 1845 жылдың тамыз айында (10 немесе 23 тамыз деп екі түрлі деректермен айтылады) дүниеге келді. 8 жасында «Ескітам» медресесінде дәріс алып, ауыл молдасынан оқыған сауат ашқан ол Семейдегі Ахмет Риза медресесінде 3 жыл, кейіннен «Приходская школада» 3 ай орысша оқиды. Жастайынан өз бетімен ізденуге құмартқан Абай шығыс классиктері Низами, Сағди, Хафиз, Науаи, Физули, Жәмилердің, т.б. еңбектерін, екінші жағынан А.Пушкин, А.Герцен, Л.Толстой, И.Крылов, Ф.М. Достоевскийлерді көп оқыды. Батыс әдебиетінен Гете, Дж. Байрон сияқты ақындармен танысып, түрлі ғылыми салалар бойынша өз бетінше зерттеулер жүргізді.

Ақынның философиялық, көркемдік, әлеуметтік, гуманистік көзқарастары қара сөздері арқылы берілген. Абайдың қара сөздері (ғақлия) — ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралайды. Орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылған Абайдың қара сөздері тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, әлеуметтік салмақтылығымен де құнды.

Абай Құнанбаев

Абай қозғаған әлеуметтік проблемалар қай заманда да құнды. Әсіресе оның келешегі кемел ел үшін тағылым болатындай рухани бағдарының маңызы зор. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың: «Абай әлемі жеті түнде адастырмас Темірқазық іспетті. Соған қарап, тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз» деп баға беруі де сондықтан. Ал ұлы ақынның: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос» деген бір ғана сөзінің өзі Қазақ елінің болашағы бірлігінде, татулығында екендігін айқындап тұр.

Абай Құнанбаев

Семей қаласынан 185 шақырым жерде орналасқан хәкім Абайдың Жидебайдағы кесенесі.

Ұлы тұлғаға арналған Астанадағы Абай ескерткіші 2010 жылы 19 маусымда салтанатты түрде ашылған болатын. Елордадағы Абай мен Бейбітшілік көшелерінде бой көтерген еңселі ескерткіш стилобат, постамент және мүсіннен тұрады. Монументтің жалпы биіктігі – 17,750 метр, ал Абай мүсінінің биіктігі – 7,550 метр. Мүсіндік композицияның барлық элементтері бір қалыпта әзірленіп, таза қоладан құйылған. Салмағы – 10 тонна. Ақынның туған күніне орай жыл сайын дәстүрге айналған Абай оқулары осы ескерткіш алдында өтіп келеді.

Абай оқулары ұлы ойшылдың үлкен мұрасын ұрпақ санасына бұзбай жеткізуде мол үлесін қосып келеді. Ұлттың рухани ағартушысы, халқына мәңгі өшпес мұра қалдырып, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде мойындатқан Абайға тағзым ету ұрпақ парызы.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля