Бүгінде өзге ғаламшарлардан тіршілік көзін іздеген адамзат аспан әлемін зерттеуге аса ден қойып отыр. Соның айқын бір дәлелі ретінде Чилиде құрылысы басталған телескопты айтуға болады. Соңғы үлгідегі технологиялар негізінде жасалатын аспап әлемдегі ең үлкен телескоп болады деп күтілуде. Мамандар оның мүмкіндігі қазіргі таңдағы ең озық және ең үлкен саналып жүрген «Хаббл» ғарыш телескопынан да жоғары болатынын айтуда. Тіпті, Алып Магеллан телескопы (GMT) деп аталатын бұл технологиямен түсірілген аспан денелері «Хабблдың» суреттерімен салыстырғанда 10 есе анық көрінеді делініп отыр. Оның басты айнасының диаметрі – 25,4 метр. Әр айна жеті сегментке бөлінген. Құрылғы биіктігі 22 қабат үйдей болатын күмбезбен қорғалмақ.
Телескоптың құрылыс жұмыстары Чилидің атақты Атакама шөлінде жүргізілуде. Нысанның алғашқы кірпішін қалау салтанатына Чили президенті Мишель Бачелет арнайы қатысыпты. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ол: «Бізде аспан денелерін бақылаудың жаңа мүмкіндіктері бар. Сондықтан аталған жоба ұлттық астрономияның дамуын айқындап берді. Ең бастысы, бұл – болашақ үшін жасалған маңызды қадам», – деген көрінеді.
Ғалымдар жаңа телескоп қара құрдым мен Күн жүйесінен тыс орналасқан аспан денелері туралы көбірек ақпарат жинауға көмектеседі деген ойда. Сондай-ақ, зерттеушілер Жерге ұқсас ғаламшарлар табуға және ежелгі жұлдыздар жүйесінің бейнесін суретке түсіруде де аталған техниканың мүмкіндігі зор деп есептейді. Теңіз деңгейінен 2 500 метр биіктікте орналасатын астрономиялық құрылғы жұмысын 2021 жылы бастайды деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстарына кететін шығын көлемі 500 миллион доллардан асады. Жобаға АҚШ, Австралия, Бразилия, Оңтүстік Корея және Чили елдері қатысуда екен.
Ғаламшардағы ең құрғақ жер – Атакамада қазірдің өзінде бірнеше астрономиялық ғылыми зертхана жұмыс істеп тұр. Ауа райы мен табиғатына байланысты биік таулы шоқылар ғарышты бақылауға өте ыңғайлы болып саналады. Сондықтан алдағы уақытта дәл осы құмды шөлде Еуропаның айрықша үлкен телескопын (E-ELT) орнату көзделуде. Егер бұл жоба жүзеге асар болса, құрылысы басталған GMT алып телескоптар тізімінде екінші орынға сырғиды.
Айта кетейік, әзірге теңдессіз телескоп – «Хабблдың» орбитада жұмыс істегеніне 25 жыл болды.
Дерек көі: egemen.kz