..."/>
ЗЕРТТЕУ

Мағжанның ішігі табылды


Бұл хабарды әріптес інім Байқал Байәділовтен естіп, Мағжан Жұмабаев ішігін көзімізбен көруге асықтық. Қасқыр ішіктің бүгінгі иесі, Көкшетау қаласының тұрғыны Бәтима Аяғанова Қарағанды мұғалімдер институтын 1951 жылы бітірген. Ғұмырының 52 жылын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз өз әулетінде 30-жылдардан бері сақталып келе жатқан қас­қыр ішікті қымбат жәдігеріне санайды. Ел-жұртқа ертерек таныстырмағанының сырын аманат жүгінің ауырлығымен түсіндіреді.
Салмақтап көрдік, зілдей ап-ауыр екен. Желбегей жамылуға да рұқсат берілді. Апайдың айтуына қарағанда, жеті қасқырдың терісінен тігілген. Жоны қара қыл­­шықтанған, түгі мен түбіті сол қалпы сақ­талған, сырты қалың, мықты шұғамен қапталған өнер туындысы дерлік. Шалғайы мол пішілген, қолтығы кең, жағасы ойықталып, мойын мен басты тұтас жабатын көл-көсір дүние. Илеуі әбден қандырылған ішік қабырғаның жасауын жарқыратып тұр. Қаншама уақыт өтсе де, өңін жоймаған. Түз тағысының қасиеті де мықты-ау.
Бұл ішіктің тарихы да терең. Бәтима Әшір­бекқы­зының әкесі Әшірбек ата қазіргі Солтүстік Қазақ­стан облысының Уәлиханов ауда­нының аумағындағы Үлкен Қараойдың маңында 1883 жылы дүниеге келген. Анасы Шәкира Әубә­кірқызы Кіші Қараойдың қызы. Анасының інісі, яки наға­шысы Жақия Әу­бә­кір­ұлы заманында Омбы қаласында білім алған. Кейін Бестөбенің маңайын­дағы Қы­зылқақ ауылында мұғалім болып еңбек етіпті. Бұрынғылардың айтуына қарағанда, жыр алыбы Мағжанмен әкесі де, нағашысы да дос-жар болса керек. Бәтима Әшір­бекқызының білетіні, көзі ашық, көкірегі ояу, жақ­сылармен көп дәмдес, пікірлес болған, бір-біріне шуақ-шара­паты тиген әкесіне осы жәдігерді әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев сыйлаған екен.
Сол кездері Кіші Қараой төңірегінде Кенетай есімді он саусағынан өнер тамған айтулы шебер болыпты. Қасқыр ішікті сол Кенетай шебер тіккен. Кейін арада талай жылдар өткен соң Бәтима Әшір­бекқызының жолдасы, Ұлы Отан соғысының ар­да­гері Қайырбек Хасенов Алматы қала­сындағы жоғары партия мектебін бітіріп келіп, Қызылту ауданының «Херсон» кеңшарына партком хатшысы болып тағайын­далады. Осы бір қуаныш­қа Бә­тима Әшірбекқызының әкесі, яғни, қайын атасы: «Менің шаңы­рағым­дағы ең қымбат мүлкім, Алаштың айтулы ақыны, жыр әлемінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтан қалған жәдігер», деп сыйға тартса керек. Содан бері үйдегі төрт құлақты абдырада сақ­талыпты.

Ақпарат: http://egemen.kz

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля