«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ел мақтаныштары» атты фотокөрме ашылды.
Көрмеде «Халық қаһарманы», «Еңбек ері» құрметті атақтарына ие болған тұлғалардың, сондай-ақ Олимпиада чемпиондары, мәдениет пен экономика салаларындағы мемлекеттік сыйлық иегерлерінің 90-ға тарта фотосуреті қойылды.
«Жобаның басты мақсаты еліміздегі тарихи маңызы бар оқиғалар туралы фотошежіре құру», – дейді шараны ұйымдастырған «Фотоөнер» қоғамдық бірлестіктің жетекшісі, белгілі фотожурналист Асылхан Әбдірайым.
Бірегей суреттердің дені бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған, халық назарына алғаш рет ұсынылып отыр екен. Бір жыл бойы жинақталған кең көлемді суреттердің көрмесі 10 күнге жалғасып, кейін өзге өңірлерде ұйымдастырылмақ.
Айта кетейік, «National Geographic Қазақстан» журналы мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі өзара әріптестік меморандумға қол қойып, биылғы жылдың өзінде бірқатар шараларды бірлесе атқаруды көздеп отыр.
Фото: Ерлан Омаров, Ерболат Шадрахов.