Қазақ даласында өзен-суға қатысты «Терісаққан» атауы еліміздің бірқатар өңірлерінен кездеседі. Әдетте бұл сипатты халық судың кері ағатын қиқар ағысына қатысты қоятыны белгілі. Соның бірі Ұлытау өңіріндегі – Терісаққан. Расында Ұлытаудағы тоғыз өзен батыс пен шығысқа, әйтпесе оңтүстікке қарай қалыпты ағыспен ақса, Терісаққан өзені ғана елден ерекше кері – солтүстікке жөңкіліп, Есілге құяды.
Терісаққан – ағысына қатысты айтылғаны болмаса, жергілікті жұрттан судың тентек мінезі туралы естімедік. Керісінше, ауыл тұрғындары өзенді бойына бие байлап, мал өрістетуге берекелі екенін айтып, құт санайды. «Терісаққан көктемі» атты ерекше этнофестивальдің осы өңірде ұйымдастырылуының да маңызы осында жатса керек-ті.
Терісаққан тарихи шежірелер мен жәдігерге толы Ұлытаудың солтүстігіне қарай шамамен 130 шақырым жерде орналасқан. Көп естігеннен бір рет көрмек үшін біз де «Терісаққан көктеміне» сапарлаған едік. Биылғы мерекеге Ұлытау ауданының әкімдігі мұрындық болса, «Ұлы тағзым» қоғамдық қоры мен «Ұлытау» қорық-мұражайы демеушілік еткен екен.
Дағды бойынша «Терісаққан көктемі» биыл мамырдың басына дөп келді. Ұйымдастырушылар салт-дәстүрлер жанданып, жоралғылар жаңғыртылатын этнофестивальды тамашалауға бұған дейін АҚШ, Франция, Бахрейн, Ресей мемлекеттерінен туристер келгенін айтады. Биыл мәртебелі меймандар арасында ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар комиссиясының сарапшылары, Польша, Украина, Қырғызстан мемлекетінің азаматтары қызығушылық білдірген екен.
Айтпақшы, орталықтан шалғай жатқан Терісаққан ауылында елу шақты түтін, 600-дей адам тұрады. Колхоздың дәуірі жүріп тұрған заманда ауыл егістігімен еленген, дүрілдеген кеңшар болғаны байқалады. Әйтсе де, терісаққандықтардың бүгінгі тірлігі кешегіден де кемел. Өйткені, мұндағылар үйір-үйір жылқы айдайды.
Сондықтан да, көктемдегі бие байлау шағын ауыл үшін думанды мерекенің бірі. Ең бастысы қазіргі күні «Терісаққан көктемі» арқылы ауылдағы бие сауу, құлын байлау барысы шетелдіктердің қызығушылығын арттырып, дүбірлі думанның деңгейін көтеріп отыр.
Мына қызықты қараңыз: Терісаққан ауылында қазіргі күні елу шақты түтін ғана бар. Алайда осы елу отбасының 24 үйір жылқысы бар. Шотқа салғанда әрбір екінші үй бір-бір үйір жылқы айдайды деген сөз. Әрине, бұл иен далада мыңғырған жылқы қайырып үйренген қазақ үшін қалыпты жағдай секілді көрінуі мүмкін.
Дегенмен ондайды өңі түгілі түсінде көрмеген шетелдіктер «мұншама жылқыны жергілікті тұрғындар қайтпек» деп таңғалмай қоймасы да анық қой?! «Терісаққан көктемінің» ерекшелігі де –осы. Фестивальдің бағдарламасына сәйкес, үйір-үйір жылқыны терісаққандықтар ауыл маңына айдап әкеле бастады. Оның бәрі бірдей аттылы да емес. Заманға сай джиппен жылқы қайырғанды да көріп қалдық.
Сосын әрбір үй бие байлауға кірісті. Бастықпаған жас құлындар бір жерде аспанға шапшыса, екінші бірі ноқталанып, желіге байланып жатты. Осыдан соң фестиваль қонақтары бие сауу, күбі ыстау секілді қазақтың салтына тәнті болып, соңы «Қымызмұрындыққа» ұласты. Бал қымыздан дәм татып, қонақтар бауырсақ пен құрттан ауыз тиді.
Фестиваль бағдарламасында терісаққандықтар ши тоқу, киіз басу, арқан есу өнерлерін ортаға салса, ер жігіттер найза лақтыру, садақ ату сияқты ұлттық ойындарды паш етті. Асау үйрету, жылқы жығу, ат жарыс, үйірге айғыр салу сияқты көшпелі халықтың салты салтанатқа сай болды.
Фото: Ерболат Шадрахов