..."/>
САЯХАТ

«Tүркістан-2016» фотоэкспедициясы: Оңтүстікте өткен үш күн

 00 Бас фото

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысында «National Geographic Қазақстан» журналы мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің кәсіби 15 фотографтан құралған халықаралық «Tүркістан-2016» фотоэкспедициясы жүріп өтті.

 

4 фото

3 фото

2 фото

 

Оңтүстік өлкенің тарихи, мәдени нысандарын аралап, «Ақсу-Жабағылы» секілді әлемге әйгілі қорықтағы табиғаттың керемет көріністерін фотоға түсіруді мақсат еткен топ алдымен Шымкент қаласындағы Көркемсурет галереясында ресми түрде баспасөз мәслихатын өткізіп, белгілі фотограф Шүкір Шахайдың 50 жылдық мерейтойына арналған «Шүкір Шахай – 50х50» және «Ел мақтаныштары» фотокөрмесі ұйымдастырылды. Мыңдаған таспа ішінен таңдалған фотосуреттер шымкенттік келушілердің көңілінен шыққан тәрізді.

6 фото

«Фотоөнер» бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымның айтуынша, «Tүркістан 2016» экспедициясы негізінен фото-мамандардың бір-бірімен өзара тәжірибе алмасуын мақсат етеді. Яғни, шығармашылық пен өнердің осы түрінде шыңдалған кәсіби фото-тілшілер табиғат аясындағы көріністерін түсіруге құлшына кіріседі, тарихи нысандарды, ескерткіштерді аралай жүріп, өзара тәжірибелерімен бөліседі. Фотожурналистердің шығармашылыққа терең бойлауына еркіндік беріліп қана қоймай, олардың бір-бірімен пікір алмасып, экспедиция барысындағы түсірілімдерді талқылау да ұйымдастырылады.

7 фото

8 фото

Шараға Қытайдан танымал фотожурналистер де арнайы шақырылған. Атап айтқанда, Қытайдың Алтай аймағынан Ардақ Бейісханұлы мен Тарбағатай аймағынан Акпар Үркімбайұлы да келген екен. Қандастарымыз Атажұрттың ежелгі өркениеттер ошағына айналған оңтүстік өлкесіндегі тарихи жерлерге алғаш рет қадам басып отырғандығын айтып, рухани ләззатқа бөленгендерін жеткізді.

 

10 фото

11 фото

Көрмеден басталған экспедиция Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары шоғырланған Отырар ауданына, Түркістан қаласына, Түлкібас ауданына қарай жол тартты. Ең бірінші аялдама Ордабасы ауданындағы Қажымұқан мұражайы болатын. Онда балуан бабамыздың рухына бас иіп, оның өмір жолына, асқан асуларына қатысты қызықты деректермен танысуға мол мүмкіндік болды.

12 фото

14 фото

13-б фото

13-а фото

Экспедицияның екінші тоқтаған нысаны – көне Отырар маңындағы ғажайып сәулет өнер туындысы – Арыстанбаб кесенесі. Кесене Әмір Темірдің тапсырмасымен XI ғасырда өмір сүрген дін ғұламасы Арыстан баб мазарының үстіне салынған. Оның алғашқы құрылысы XIV-XV ғасырға тиесілі. Сол кезеңдегі құрылыстан кесілген айван тізбектері сақталған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кешеннің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік.

15 фото

17 фото

16 фото

Айта кетерлігі, Арыстан баб кесенесі Орталық Азия жұртшылығы зиярат ететін киелі жерлерінің бірі саналады. Бұл жолы да діни рәсімдер мен салт-жоралғыларын жасап, баба рухына тәу етушілер аз болмады.

 

20 фото

 

Ең бастысы қай түкпірден келсе де жұртшылықты құшақ жая қарсы алатын жайлы қонақ үйлер, жеке жатақтар жеткілікті екен. Исламның діни мерекелерінде қалың жұртшылыққа ыңғайлы болуы үшін кесененің оң қапталынан жаңадан Арыстан баб мешіті де бой көтерген.

21 фото

22 фото

Экспедиция барысында кездескен түрлі жайттар фото-тілшілердің қырағы көзінен қалт кеткен емес. Соның бір көрінісі Арыстан баб кесенесі маңында да орын алды. Кесенеден қайтар тұста жұрттың назары жүргіншілер жолының шетіндегі ін аузында кездескен сарышұнақ болды. Әлгіні көре сала қаумалаған оншақты фототілші бірі жата, бірі отыра кетіп іске кіріскен еді. Жапа-тармағай «шартылдатқандарына» қарамастан кішкентай сарышұнақ біраз уақыт бойы қимылсыз тұрды. Сірә ол да туристерге әбден үйренген болуы керек…

24 фото

26 фото

25 фото

Арыстан баб кесенесінен шыққан бойда көне Отырар қаласына жол тарттық. Археолог Қуаныш Шоқаевтың айтуынша, Отырар қаласының тарихы тым тереңде жатыр. Өйткені, мұндағы археологиялық қазба зерттеулері барысында 1 ғасырдан бастап 18 ғасырға дейінгі аралықтағы заттар, жәдігерлер табылған.

23 фото

Жалпы Отырар қаласы әр ғасырларда түрлі атаулармен жазбаларда сақталғаны белгілі. Ал біз білетін Шыңғыс хан заманындағы қаланың тоналуына қатысты тарихқа келсек, зерттеушілер мұның халық аузындағы әңгімелерге сай келетінін де жоққа шығармайды. «Аэротүсірімдер арқылы қаланың орамдарын, оның көшелерін анық байқауға болады. Ең бастысы Отырар маңы терең қазылған орларға, суларға толы болған. Қала Шыңғысхан әскерінің соққысынан құлады. Алайда ол қайта түлеп, XIII ғасырдың ортасында Батыс пен шығыс арасындағы жолда ірі сауда орталығына айналды. Отырардағы өмір XVIII ғасырға дейін жалғасты», – дейді Қуаныш Шоқаев.

27-а фото

27-в фото

27-б фото

Экспедиция бағдарламасына сәйкес, түркі әлемінің киелі бесігі саналатын Түркістанға таңертеңгі сағат 7-лер шамасында жеттік. Түркістан қаласындағы ғажайып сәулет ескерткіші – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Яссауи қабірінің басына тұрғызылған кесене – үлкен порталды-күмбезді мемориалдық құрылыс. Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатқан ескерткіштің басты ерекшелігі – онда Орталық Азия сәулет өнерінде бұрын-соңды ұшыраспаған шатыр жабу тәсілдері қолданылған.

28 фото

 

30 фото

Бүкіл құрылыстың мағыналық кіндігі – қабірхана ортасында Қожа Ахмет Ясауиге құлпытас қойылған. Қабірхана есігі жұқа темірмен қапталып, оған алтынмен жазулар түсірілген.

Кесененің қазақ үшін киелі болатын тағы бір маңызы – 16 ғасырдан бері оған қазақ халқының атақты тұлғалары Жолбарыс хан, Есім хан, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр және тағы да басқа игі жақсылары жерленген. 2003 жылы ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді.

 

35 фото

34 фото

33 фото

32 фото

Яссауиден бастап бірқатар хандар, батырлар мен игі жақсылардың жамбасы тиген кесене тәу етушілерден, туристерден үзілген емес. Келушілер үшін кесене есігі таңғы 8-де ашылады, әйтсе де оған келетін халық алып кесененің сыртқы көркем бейнесін тамашалау үшін күн мен түнге қарамайды. Қызметкерлердің айтуынша, демалыс күндері мұнда келушілер саны 5-7 мыңға дейін жетеді екен. Бұл шынымен де солай секілді.

41 фото

«Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім… Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін». Көрнекті халық жазушысы Шерхан Мұртаза Ақсу-Жабағылының сұлулығына тәнті болып осылай жазған екен. «Tүркістан 2016» фотоэкспедициясы осы Ақсу-Жабағылының 90 жылдық мерейтойына дөп келді.

Ақсу-Жабағылы – Талас Алатауының солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан Қазақстандағы тұңғыш қорық. Ол 1926 жылы 14 шілдеде мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың бастамасымен құрылған екен. Бүгінде аумағы 131 934 гектар алқапты алып жатқан қорық ЮНЕСКО-ның дүнежүзілік қорықтары тізіміне енген.

 

Әлемді таңырқататын табиғаттың тамаша түкпіріне жеткенде фотоэкспедицияға облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов та қосылды.

44 фото

Жалпы «Tүркістан 2016» Халықаралық фотоэкспедициясы аясындағы шаралар мұнымен шектелмейді. Өйткені, осы сапардың түйіні бойынша «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі «Менің Елім – Қазақстан» фотобайқауын қолға алмақшы. Ал ең бастысы биылғы шаралар қорытындысы ретінде «Тәуелсіздік тағылымы-25» фотокөрмесін өткізу жоспарланған. Онда Қазақстанның ең үздік фотожурналистері ұсынатын 125 фототуынды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында паш етіліп, байқау жеңімпаздары жарияланатын болады.

Ал «National Geographic Қазақстан» журналы осы сайтта еліміздің тарихи ескерткіштері, көркем табиғаттарын қамтыған фото-репортаждар серияларын алдағы уақыттарда біртіндеп ұсынуды жоспарлап отыр. Бізбен бірге болып, бірегей туындыларды тамашалай жүріңіздер!

Фото: Ерболат Шадрахов, Максат Тұрсынбайұлы, Марат Тұрлыбеков.

 

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля