ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман, балық және аңшылық шаруашылығы комитеті биылғы көктемдегі киік санағының ресми қорытындысын жариялады. Әуеден жүргізілген санаққа сүйенсек, Қазақстанда 108 300 киік қалған. Осылайша, былтырғы киіктің жаппай қырылу оқиғасынан кейін дала сәніне айналған түз тағылары осыдан бес жыл бұрынғы деңгейге дейін кеміп отыр!
Ғалымдар мұз дәуірінен бері жапан далада мекен еткен жануардың бірі ретінде осы – киікті атайды. Негізінен Ресей, Қазақстан, Түркіменстан мен Өзбекстанның шөл даласында өрістейтін киіктерді саясат құрбанына айналған аңға теңейтіндер де бар. Өйткені, КСРО ыдырығаннан кейін жануарларды қорғау бағдарламасы бұлыңғырланып, шекарамен шектелмей көшетін дала төлінің басына бұлт үйрілген. Салдарынан 1990 – 2000 жылдар аралығында киіктер саны 95 пайызға қысқарыпты. Соңғы жылдары ғана қорғау шараларының арқасында біршама өсім алған еді. Алайда былтырғы Бетпақдала таралымының қырылу фактісі өсім динамикасын күрт ойсыратып тастады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі 2016 жылдың 18 сәуірі мен 3 мамыры аралығында Қазақстанның биоəртүрлілігін сақтау қауымдастығымен, «Қазавиақұтқару» АҚ бірлесіп, Бетпақдала, Орал және Үстірт таралымындағы киіктерді әуеден санап шыққан. Әуе санақтың нәтижесі бойынша, 2016 жылы киіктердің жалпы саны 108 300 дарақты, атап айтқанда, Бетпақдала таралымдарының саны 36 200 дарақты, Орал таралымы 70 200 дарақты және Үстірт таралымы 1900 дарақты құрады. Статистика көрсетіп отырғанындай, Қазақстандағы киіктер ең көп мекен ететін – Орал таралымы. Осыны ескерген Ауыл шаруашылығы министрлігі Орал таралымын ерекше назарға алып отыр. «Биыл мамыр айында Орал таралымын күзету, қорғау жұмыстары үшін «Охотзоопром» филиалы ашылды. Арнайы төрт топ құрылды», – дейді Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақытбек Дүйсекеев. Арнайы топ республикада киіктерді қорғаудың тиімділігін арттыру үшін қоныс аудару мен төлдеу, қыстау кезеңіндегі концентрациясының негізгі орындарында бақылауды күшейтеді.
Киіктер санының күрт төмендеуіне – браконьерлердің белсенді әрекеті әсер еткен. Тарих жазбаларына сүйенсек, киік мүйізі 12-ғасырдан бері Қытай медицинасында үлкен сұранысқа ие. Сұраныс содан бергі кезеңде артпаса еш кеміген жоқ. Жалпы шығыс медицинасында аталық киіктің мүйізі сан түрлі сырқатқа дауа ретінде пайдаланылады. Сондықтан да, киікті заңсыз аулап, оның мүйізін сатып пайда көретіндер көп. «Браконьерлік Қазақстанда азайған жоқ. 2016 жылғы бес айдың өзінде киік атуға қатысты 33 факт тіркеліп отыр. Жыл басынан бері ұсталған браконьерлер жүзден астам киікті өлтірген. Заңсыз тасымалданған мыңнан аса мүйіз тәркіленді», – дейді Бақытбек Дүйсекеев. ҚР Ішкі Істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2014 жылы заңсыз киік аулаудың, сондай-ақ, олардың мүйізін сату және сатып алудың 79 фактісі, 2015 жылы – 107, ал 2016 жылдың 5 айында 33 фактісі тіркелген.
2015 жылғы киіктердің жаппай қырылуының нақты себебі әлі де анықталған жоқ. Басқарма өкілі Дүйсекеевтың айтуынша, аурудың шығу себебін қазақстандық және шетелдік ғалымдар нақты қорытынды жасай алмаған. Сондықтан да, қазірше «киіктер пастереллез ауруынан қырылды» деген нұсқа сақталады. Дегенмен, тәуелсіз сарапшылар арасында түрлі пікірлер баршылық. Мысалы, табиғат қорғаушылары киіктің қырылуына қоршаған ортаның ластануы себеп болды десе, кейбір зерттеушілер бұған жаһандық климаттық өзгерістердің әсері туралы дәлелін алға тартады.
Айта кетерлігі, Бетпақдала таралымының қырылу фактісінен кейін оның себебін зерттеуге Лондондағы Королдіктің ветеринария колледжінің өкілдері (Англия), Франкфурт зоология қауымдастығы (Германия), БҰҰ жанындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, жабайы аңдарда кездесетін аурулар сарапшылары, Халықаралық эпизоотикалық бюро мүшелері тартылған. Осыған байланысты биылғы жылдың 12 мамырында киіктер қырылуының себебін анықтау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Қазақстанның мүдделі мемлекеттік органдарынан бөлек, жоғарыда аталған халықаралық және шетелдік өкілдер енді.
Қазақстандағы киіктер саны (2015-2016 жж.)
Жылы |
Таралым саны мен өсімі (пайызбен) |
|||||||
Орал |
Үстірт |
Бетпақдала |
барлығы |
|||||
саны |
% |
саны |
% |
саны |
% |
Саны |
% |
|
2015 |
51 700 |
+32,6 |
1 270 |
-25,3 |
242 500 |
+12,3 |
295 470 |
+15,1 |
2016 |
70 200 |
+35,8 |
1 900 |
+49,6 |
36 200 |
-85,1 |
108 300 |
-63,3 |
Қазақстандағы киіктер санының өсім динамикасы 2010-2016 жылдар аралығы
Жылы |
Таралым саны мен өсімі (мың бас) |
|||
Орал |
Үстірт |
Бетпақдала |
Барлығы |
|
2010 |
27,1 |
4,9 |
53,4 |
85,4 |
2011 |
17,9 |
6,1 |
78,0 |
102 |
2012 |
20,9 |
6,5 |
110,1 |
137,5 |
2013 |
26,4 |
5,4 |
155,2 |
187 |
2014 |
39 |
1,7 |
216 |
256,7 |
2015 |
51,7 |
1,2 |
242,5 ⃰ |
295,4 |
2016 |
70,2 |
1,9 |
36,2 |
108,3 |
* 2015 жылы 11 мамыр мен 5 маусым аралығында Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарының аумағында киіктердің Бетпақдала таралымының жаппай қырылу фактісі орын алған болатын. Қырылған киік саны 150 044-ті құрады. Соның ішінде:
Қостанай облысында – 129 019;
Ақтөбе облысында – 10 358;
Ақмола обласында – 10 667 мың бас киік қырылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының айтуынша, киіктердің жаппай қырылу себебі әлі күнге ғылыми нақты дәлелденген жоқ.
Фото: Егор Тимошенко