Эфиопиядағы Афар шөлі алғашқы адамдар пайда болған жер деп саналады. Журналист Пол Салопек жеті жыл бойы Африкадан оңтүстік америкаға дейін әлемді жаяу аралауды өзіне мақсат етіп отыр. Ол осы сапары барысында жеті ай бойы Қазақ даласымен де жүріп өтпек. атақты жиһангез жыл басында Маңғыстау жеріне келіп жетті.
Бәлкім, сіздер менен «Жұмақтан қашу» деп атаған сапарды жасауға не түрткі болды?» деп сұрайтын шығарсыздар? Оның себебі өте көп.
Алдымызда ұзақ сапар күтіп тұр. Арманды, аңызды, химераны (аңыздағы таңғажайып ақылды аң-ред.) іздейміз. Мұның бәрі қиял шығар, алайда дәл осы көзге көрінбейтін елестер мені шабыттандырды. Сапарымның алғашқы нүктесі – адамзат бесігіне айналған Шығыс Африкалық рифт алқабының эфиопиялық бөлігі. Мен алғашқы адамдар, кем дегенде, 60 мың жыл бұрын салған ізбенен жаяу жүріп өтемін. Бұл сапар адамзат тарихындағы ең ғаламат саяхатқа айналады. Нақты ғылым бойынша дәл осы жерден алғаш рет 200-дей көшпенді халық әлемге тарала бастаған екен. Бұл бастама қазір жер бетін мекендеген халықтың түрленуіне алып келді. Біз олар туралы өте аз білеміз. Африка мен Араб түбегін бөліп тұрған Баб-әл-Мандеб бұғазы арқылы олар бүкіл әлемді бағындырып, жер бетіне жайылыпты. Қазіргі заманға дейін бар-жоғы 2,5 мың буын ауысқан. Геологиялық өлшем бойынша бұл бір қас-қағым сәт.
Сөйтіп мен олардың артынан мыңдаған жылдардан кейін қайта жүріп келемін. Арғы ата-бабаларымыз жол салған ізді табуға маған табылған қазба қалдықтары көмектесуде. Соңғы уақытта қатты дамып кеткен ғылымның бір тармағы геногеорафия арқылы бұрынғы адамдардың жер бетінде таралу тәртібін анықтауға болады. Әрине ол үшін бірінші кезекте қазіргі адамдардың тұқымдары мен олардың мутациясын зерттеу қажет. Осылайша мен саяхатымның алғашқы бағыт-бағдарын анықтадым. Ең біріншіден, Африкадан Таяу Шығысқа қарай сапар шегем. Кейін Азияның кең таулы-тасты жазығы арқылы Қытайға бармақпын. Осы жерден солтүстікке бұрылып, Сібірдің күлгін-көк түсті жазығынан шығамын. Ресейден Аляскаға мені кеме жеткізіп салса, батыс жағалау арқылы діттеген жеріме, яғни жел атаулы айнала соғып өтетін «Отты жер» аралдарына табан тіремекпін. Осылайша жолдың барлығын есептегенде маған 33 мың шақырым басып өту керек.
Маған «Жұмақтан қашу» деп атап кеткен саяхатты жасауыма не түрткі болды дейсіздер ғой? Себеп көп. Қарапайым адамға тән сағатына бес шақырым жылдамдықпен ғаламшарымыздың шекарасын қайта сызғым келеді. Сәл кідіріп, терең ойға батсам деймін. Тіпті, қажылықтың бір түрі болсын. Мен әлемде не болып жатқанын өз көзіммен көріп, құпияның бәрін қалдырмай ашқым келеді. Кез келген адам секілді, алдымда не күтіп тұрғанын білу үшін, сондай-ақ өткенді еске алу үшін адымдап басып келемін.
Бәлкім, Эфиопия шөліндегі бұл соқпақтар ежелгі адамдар салған ең көне жолдар болып қалуы әбден мүмкін. Соңы жоқ соғыс пен табиғат апаттарынан зардап шегіп, азапқа ұшыраған кедей әрі аш халық бұл соқпақтармен әлі де жүріп келеді. Бүгінде жер бетінде миллиард халық босып-қаңғырып жүр. Көз алдымызда адамзат тарихындағы ең ауқымды халықтар көші жүріп жатқанын да байқамаймыз. Дәруіштер қайда бара жатқанын білмейді емес пе?.. Джибути қаласындағы қоқыс жағалаулар күн батысымен Африка мигранттарына лық толады. Қолдарына ұялы телефон ұстаған жандар аспанға әртүрлі сурет шимақтап, көрші Сомалидің арзан байланыс желілерін іздейді. Олардың күбірінен «Осло», «Мельбурн», «Миннесота» сөздері естіледі. Осыны көргенде қатар жүретін қорқыныш пен үрей сезімдері пайда болатыны рас. Әр нәрседен жағымды әсер іздеген мен мұны жақсылыққа баладым. Себебі қиын-қыстау уақытта біз сырттан жарылқау күтетініміз рас…

Африка шөлінде шаруалар қолын жайып Жаратқан Иеден аз да болса жаңбыр сұрап жатқан сәт. Мың жылға созылған қуаңшылық заман ата-бабаларымызды шөл дала тұзағына түсірді. Жан-жағы жүздеген шақырым шөл болған соң, бұл жерді тастап кету өте қауіпті болды. Климаттың өзгерісімен, бұл жер тірі жанға толып, қайта оянды.
Херто-Бури, Эфиопия
– Сен қайда бара жатсың?» – деп сұрады афар бақташылары.
– «Солтүстікке. Джибутиға» – дедім.
(Отты жер туралы тіс жармадым. Өйткені тым алыс болғандықтан, жергілікті халық ол жерді білмейді.) «Есіңнен адасқанбысың? Басың істей ме?» – дегенді естіген жігерлі де сымбатты, әрі қарамыс келген жолсерігім Мохамед Элема Хессан ішін ұстап жерге құлады. Күн астында шыжыған «Афар ұшбұрышы» шөлін бес саусағындай білетін жалғыз ғана қорғаушымның ішек-сілесі қатып, қарқ-қарқ күліп алды. Бұл сарынды күлкіні талай естідім. Шағын керуенімізді бастап бара жатқан Элема үшін менің ой-жоспарым анекдот іспетті. Жеті жыл жаяу жүру! Үш құрлық асу! Жападан жалғыз қалып, шаршап-тозу, күш-жігерің сарқылып, үлкен ауыртпалықты бастан кешіру, күмән мен күдіктен, қорқыныштан азап шегу… Мұның барлығы қайдағы бір журнал мен ғылым үшін бе? Бұл сандырақ жоспарым Элемаға адам айтқысыз шаттық сыйлайтыны рас. Әсіресе, Херто-Буриден басталған сапарымызды еске салсақ, таңданатыны жоқ…
Таң ата оянған сәтімде жан-жағым қар болды. Қалың, қою қардан мен көзімді аша алмадым, дем алу да қиынға соқты. Сөйтсем, бұл шаң-тозаң екен. Элема ауылындағы мыңдаған мал тұяғы аспанға майда құмды көтеріпті. Олардың арасында ешкі, қой, түйе де бар.
Жүк артатын малды мен сапар басталмай тұрып, бірнеше ай бұрын алдын-ала жалдаған болатынмын. Әрине онсыз мыңдаған сағат бойы жоспарлаған жобам орындалмас еді. Әйтсе де сол күні түйелерім де, Мохамед Айдахис пен Кадер Ярри есімді мал айдаушыларым да жоқ болып кетті. Күн шығып, ақырындап күйдіре бастады. Шыбындар қаптады. Ал біз болсақ үстімізді шаң басқан күйі күтіп отыра бердік. Ұлы рифт алқабының ар жағында орнында тұрмайтын, жыл сайын кем дегенде екі сантиметрге жылжитын біздің алғашқы межеміз – Джибути қаласы күтіп тұрды. Бұл жылдамдықпен рифт кеңейе берсе, Африка Мүйізі Африкадан бөлініп кетуі де мүмкін.
«Есіңнен адастың ба?» – деген сұрақты әлі талай еститініме сенімдімін. Кім біледі…
Эфиопияның солтүстік-шығыс бөлігіндегі Афар үшбұрышына жоламаған жөн. Бұл жерде ұлы шөл жатыр. Ауа 50 градусқа дейін ысып, тұзды шұңқырлар көзді күйдіретіндей жарқырайды. Алайда бүгін, ешкім күтпеген жаңбыр жауып жатыр.
Су өтпейтін шатыр Элема екеумізде жоқ. Қолымызда Эфиопия туы бар, Элема оны бірден үстіне орап алды. Басқа 2 түйе тауып алдық. Ақырындап акация алқабынан өтіп барамыз. 20 шақырымнан кейін Элеманың есіне Америкадан келген ұзақ жолға ыңғайлы жаңа аяқ-киім мен қалта шамды, сондай-ақ ұялы телефон мен қалпағын ұмытып кетгендігі есіне түседі. Тез барып келем деп сұранды. Бірінші лагердің бір мүшесі оны ауылға апарып тастауға келісті. Ол заттарын тауып алып, бізге жүгіріп отырып қайта жеткенде үсті-басының күйіп-жанып бара жатқанын айтты. Сөйтіп бар-жоғы 20 шақырым бізге бірде-бір зат ұмытпау керектігін үйретті.

Антрополог Канро Кайранто арғы аталарымыздың сүйектері мен құрал-саймандарын іздеп жатыр. Херто-Бури маңы. Бұл Пол Салопектің әлемдік саяхатын бастаған жері. Пол Салопек суреті. Аурта түйенің әбден шаршаған сәті. Ол басын сипалату үшін төмен түсірді.
Хадар маңайы, Эфиопия
Шөл қысқанда күллі әлем де аласапыранға айналады.
Эфиопияның солтүстігінде Жер аспанға тіреле түсетіндей. Шөл дала барған сайын тарылып, құдды бір мойындағы арқан секілді қысып барады. Шөл қысып, адамның дымы құри бастағанда, оның миы да рифт алқабындағы кеңістікті кезіп кететін тәрізді. Бір тамшы су іздеп, үміттенген екі көз тәннен ажырап, шақырымдарды шарлай жөнеледі. Ойыңда тек судан басқа ештеңе қалмаған тәрізді.
Сүйретіле жүріп Элема екеуміз 32 шақырымды да артқа тастаптық. Біз жыраларға жасырынған Гона мекенінен үміт артып, керуеннен алыстап кеткенбіз. Бұл археологтар 2,6 миллион жыл бұрын жасалған тас саймандарды тапқан өңір еді. Су таусылған, торсықтың түбі көрініп тұр. Бұл екеумізге де жақсы емес. Үнсіз ғана ішімізден «сандырақтап» келеміз. Шынымен, не айтуға болады? Аузыңды ашсаң, ыстық лептен тамағың онан сайын кебеді. Бір жағынан күн сәулесі төбемізді тесіп барады. Әйтсе де, көлеңкеге кетуге болмайды, афарларда мәтел бар: жолдан адассаң – күннің астымен жүр.
Шынымен, күн астында жүрсең, біреу болмаса біреудің көзіне түсесің. Ал көлеңкеге қызығып, тікен бұталардың түбіне жантая кету – біттің деген сөз. Ешкім де сені таба алмайды. Ежелден келе жатқан даналыққа мойынсұнып, біз де күн астымен одан әрі жүріп келеміз. Бесін ауа күн көзге тіке шақырая бастады. Бір кезде… құлаққа бір дауыс естілгендей болды. Алыстан ешкінің маңыраған дауысы шығады. Біз қатты қуандық. Ешкі бар жерде – адам да бар.
Осылайша, афар қотанынан бір-ақ шыққан едік. Бізді шымырлау келген ақжарқын, жастау екі әйел қарсы алды. Киімдері алба-жұлба жеті-сегіз бала етектеріне оралып жүр.
Қамыс тоқыманың көлеңкесінде гномдарға ұқсаған, имиген кәрі кемпір отыр екен. Ол тіпті өзінің жасы нешеде екенін ұмытқан. Аты Хасна. Мұнда қашаннан отырғаны да белгісіз, әйтеуір өрмегін ермек етіп тоқып отыр. Хасна бізді қасына отыруға шақырып, ұзақ жолдан аптығымызды басып, тынығуды ұсынды. Сосын кемпір бізге су ұсынды. Су деген аты болмаса, оның тұз бен сілтіге толып қалғаны соншалықты, тамақтан сабынның ерітіндісі секілді қырнап өтеді. Әйтсе де, судың аты – су. Кемпір кепкен аңғарларда өсетін жабайы сары жидектің қос уысын ұсынды. Бізге осы бір кәрі кемпір құдды анамыздай көрінді.
Кемінде осыдан 60 мың жылдай бұрын біздің бабаларымыз Африканы тастап кеткенде олар өздеріне ұқсайтын адамдардың басқа тобырымен де алғаш рет бетпе-бет кездескен. Сосын әлемді туысқандар жайлай бастады – неандерталдықтар, Флорес аралынан келген «хоббиттар», денисовшылар. Бәлкім, бұлардың арасында бізге мүлдем ұқсамайтындары да болған шығар.
Солардың бірімен айдаладағы төбенің басында кездесіп қалсаң не істер едің? Бәлкім, бірге шөл қандырарсың, бәлкім кейбір генетиктер айтатындай, ұрпақ жалғастырудың қамына кірісерсің? (Африкадан тысқары жерлердегі зерттеулер нәтижесі бойынша бүгінгі адамдардың 2,5 пайызында неандерталдықтардың ДНК-сы сақталған)
Мүмкін өзіңнің ешкіммен сыйыспайтын қыңыр мінезіңе салып, зорлық-зомбылықты қолға аларсың, осылайша геноцидтің сұмдық тарихын бастарсың (Париждегі Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығы қазіргі адамдардың арғы тегі мекендеген Ле-Руа үңгірінен неандерталдықтың жақ сүйегін тапты. Одан каннибализм белгілері де табылған)? Ғалымдар осы сауалға әлі күнге бас қатырумен келеді. Дегенмен, бір нақтысы: тірі қалғандар тек бізбіз, планетаның қожайыны да біз болдық. Десе де, біз осынау ұлы күресте өзіміздің туыстарымызды да құрбандыққа шалдық. Адам – өзінің күнәсі жанын жегідей жейтін жапандағы жалғыз маймыл.
Хаснаның жұмсақ дауысы менің ұйқымды шақырып, жата кеттім.
Оянғанда көз алдымда басқаша картина тұр: жүресінен отырған күйі Элема көшпенділермен шүйіркелесе кеткен. Қотанның қожайындары мал бағып, содан енді ғана қайтып келген болулары керек. Біз олардың қолдарын қысып, алғысымызды айттық. Хаснаға рақмет ретінде бірнеше қорап крекер ұсынып, одан әрі жолға шықтық. Түйелерді қуып жетуіміз керек болатын.
Ал сол түні біз оттың басында Хасна сыйлаған тұзды судан ұрттап, ұзақ отырдық. Жан-жағымыздан жел еседі, оттың қызыл жалыны болса қараңғылыққа қарай жалаңдап тұр.

Шөлейт бар жерде түйе бағушылар да бар. Дегенмен, барған сайын көшіп-қонып жүретін жер тарылып барады. Жақын арада шөл дала құрғақ қант плантациясына айналмақ. Бұған Эфиопиядағы Аваш өзенінің арнасын бұрған жаңа дамба себеп болмақ.
Дубти, Эфиопия
Біз алдымен солтүстікке, сосын шығысқа қарай жылжыдық. Міне, шөл дала да артта қалып барады. Осылайша біз аяқ астынан антропоценге – қазіргі адамзат дәуіріне қарай ойыстық.
Асфальт жолдар да пайда бола бастады. Онда Эфиопиядан Джибутиға қарай жүк көліктері ары-бері зулайды. Біз құдды бір елес секілді қараңғы қапас қаламен ағызып келеміз. Газ бен шаң. Терезелер торланған. Дүкендері бүдір-бүдір жарылған тақтайлармен қапталған. Кіреберіс есіктері бос қаңылтырмен әшекейленген. Олар жел сыбдырына салдыр-гүлдір етеді.
Міне, Дубтидың шетіне де келіп жеттік. Қантты қамыс теңізі. Бірнеше шақырым суарылатын арналар. Су өткізу тораптары. Бульдозерлер алқапты таптап жатыр. Дамбада ауыр машиналар кезіп жүр. Элема жолды табар емес. Түн қараңғылығы болса бізді қапсыра қысып барады. Біз әбден болдырған түйелерді жетелеп, бір шеңберде айналшықтап жүргендейміз. «Міне, керек болса! – деп күңкілдейді Элема. — Қарғыс атқыр! Бәрі басқаша!»
Миллиондаған доллар сарп етілген Тэндахо қант плантациясына қош келдіңіздер! Эфиопия мен Үндістанның бірлескен бұл жобасы Афар үшкіліне «бармақтан бал жалатуға» уәде етеді. Шамамен 50 мыңға тарта жұмысшы мигрант 485 шаршы шақырым аумақтағы шөлдің алақандай жерінде арқа жазбастан тынымсыз еңбек етеді. Олар бұл жерді түзеп, тегістеп, Аваш өзенінің суымен суғарып, планетамыздағы кофе мен шайды ұнататындардың барлығына арнап тәтті өмір сыйлауға жандарын салып жүр. Осы плантацияның арқасында Эфиопия әлемдегі қант өндірушілер арасында алтыншы орынға дейін көтеріле алады. Олай болса елдің өзі де шеттен келетін көмекке тәуелді бола бермес еді, бұл үлкен пайда.
Дегенмен, экономикалық прогресс жемістері теңдей бөліне бермейді. Алға басылған әрбір қадам жеңіске жеткендер мен жеңілушілерге бөлінетін ойын іспеттес. Кейбір афарлықтар көшуден мүлдем бас тартып, оларға полиция тап берген. Осыдан атыс басталды. Екі тараптан да қантөгіс болды. Сіз бұл туралы неше рет естіген едіңіз?
Біздің алдымызда афардың жасөспірім қызы – Дахара. Жастығына қарамастан ол өзін бойжеткен секілді ұстауға тырысады, сондықтан болса керек, он бесте деп ойламайсыз да! Қызылға оранған Дахара дамбының жанында тұр, ол бір кездегі еркін ағатын ерке Аваштан су алуға келген. Жолы болмаған жандардың бірі осы. «Плантаторлар, – дейді қыз қамыс жақты нұсқап, – бізді жерімізден қуып шықты. Бізге – афарларға дұрыс жұмыс та бермейді. Күзет. Жер қазу».
«Ортақ игілік» деген сылтаумен ата-бабадан келе жатқан жерлерінен жұртты күштеп айырып жатқан бұл адамдар кімдер? Олардың аты – легион. Егіс алқабын отырғызу үшін біз арамшөптерден тазартып, оны түп-тамырынан жұламыз. Ілгері шапшаң жылжу үшін, біз, тіпті өз тамырымызды да жұлып тастауға бармыз. Ғажайып келешек үшін бізге өткен күнді құрбандыққа шалу да түкке тұрмайды. Біз жадымызды жойып, табанымыздың астындағы топырақтан да айырылып жатырмыз. Чех жазушысы Милан Кундера мықты айтты: адамның билікпен күресі – бұл жадындағы нәрселердің жойылуына қарсы жүргізілетін күрес.

Тірі жандар оазисі. Көлік айырымына ұқсап кеткен бұл жер Джибути орталық базары. Автобустар көшпенді халықты бір буында саудагерге айналдырған кәсіпкерлерді алып келуде.
Әлемді жаяу шарлау қалай екен?
Көз алдыңызға таңғы шапақты елестетіп көріңізші: көзіңді ашасың, ал қарсы алдыңда аспанның шексіз күмбезі – кеше, бүгін, ертең және шетсіз де шексіз тұңғиық. Ұйқыдан оянған сол бір сәтте, осынау түпсіз терең тұңғиық өзіне қарай тарта түсетіндей – жаның тәніңнен ажырап, аспанға қарай ұша жөнеледі.
Енді аштықтың ырықсыз сезімін де елестетіңіз, асқазан желге ойнаған қамысша шұрқырайды: кеше біз 29 шақырымды жүріп өткенде, тек бір табақ кеспе мен бір шөкім піспенан ғана таттық.
Жұмбақтың шешімін тапқандай, табиғатты да сезе білу үлкен өнер. Айналаны сырт жағынан ғана көріп қоймай, табиғаттың тілін түсініп, әрбір нүктесін сезіну керек. Пейзаждардың өзі белгілер шығарады. Мәселен, кейде желдің өзінен біртүрлі иіс шығады, ендеше ыстық боран көтеріліп, құмды дауыл тұрады. Қатпарлана бастаған топырақты жерден мөлдір бұлақ іздеуге болады. Адамның жадысы дегенмен – берік.
Менің серіктерім Херто-бурилік түйекеш-афарлармен қоштасатын сәтім де келді. Элема, Айдахис пен Ярри бұдан әрі де бірге баруға әзірміз деп қоймайды. Иә, олар менімен бірге Аден бұғазына дейін барудан тайынатын емес. Өкінішке қарай бұл еш мүмкін болмайды. Олардың екеуінде жеке басын куәландыратын ешқандай да қағаз жоқ. «Дегенмен, ол да афарлардың жері ғой!» – деп қоймайды олар. Бірнеше сағаттан соң біз шекара маңындағы Хоуле қалашығында қоштасып, әрқайсымыз әр тарапқа қарай айырылыстық.

ЕҢ ҰЗЫН ЖОЛ – Біздің планетамызды зерттеу үшін 60 мың жыл бұрын Homo sapiens Эфиопиядағы рифт алқабынан Оңтүстік Американың ең шеткі нүктесіне дейін жеткен. Жазушы Пол Салопек олардың ізімен жүріп өтуге бел буды: алдағы жеті жыл ішінде ол төрт құрлықты басып өтіп, 33 мың шақырымды еңсеретін болады. «Жұмақтан қашу» маршрутын қалыптастыру үшін Салопекке генетиктер мен палеонтологтардың ең соңғы жаңалықтары да көмектеседі. Африкадан басталған сапар – Бар жоғы екі түйе мен жол серіктері арқылы Салопек тарихи керуенді бастап келеді. Сапар 160 мың жыл бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыздың қалдықтары табылған жерден басталды. Бұл “Афар үшбұрышы”. 400 шақырымды 43 күнде басып өткен ғалым Джибути аралдарын басып өтпек. Дәл осы жерден алғашқы адамдар өзге құрлықтарға жол тапқан екен.
ФОТО: Пол Салопек , Джон Станмейер