Жақында бір кездері Еуропада зор беделге ие болған атақты ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсонның ұрпақтары аталарының ізі қалған, ғалым мен оның жұбайы тіршілік кешкен Жетісудағы бірқатар жерлерді аралап қайтты. Бүгінде Ұлыбритания, АҚШ және Жаңа Зеландия секілді елдерде тұратын саяхатшы ұрпақтары ХІХ ғасырда бабалары Томас пен Люси Аткинсон қоныстанған қасиеттері қазақ жерінің әсемдігін көруді алдына мақсат етіп қойған екен. Атап өтер жайт, ағылшын саяхатшысы Аткинсон ұрпақтарының Қазақстанға сапарлауына Қазақ Географиялық Қоғамы мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мұрындық болып отыр.
Ұлыбритания тарихында Томас пен Люси Аткинсон ХІХ ғасырдың ұлы саяхатшысы деп мойындалады. Олар еурапалық саяхатшылар арасында тұңғыш рет Еуропаны, Сібір мен Орталық Азияның Шығыс аймақтарын жеті жыл, жеті ай аралаған. Томас пен Люси өздері жүріп өткен жолдардың сызбасын сызып қана қоймай, жер-су аттары, жергілікті халықтың салт-санасы, әдет-ғұрпы мен дәстүрі жайында мәліметтер жинап, өздері болған жерлердің суретін қағазға түсіріп отырған. Ал еліне орал бойда олар жинаған құнды деректер бірден ұлттық мұрағаттың қорына енгізілген екен.
Нақтырақ айтқанда, британдық саяхатшылар қазақ жеріне табан тіреген 1848 жылы Аягөз арқылы Алакөл, Балқаш, Ақсу, Сарқан мен Басқан бойындағы көне қорғандарды 4 ай бойы аралап өтіп, ақыры Қапалдағы Тамшыбұлаққа да жетеді. Сол жылғы күздің қарасуығында Люси босанып, дүниеге шекесі торсықтай ұл әкелгендіктен Барнауылға бару жоспарын бір жылға шегеріп қояды. Содан олар жаңа туған нәрестені қысқа мерзім ішінде ширатып алу мақсатында қасиетті Тамшыбұлақтың суына шомылдырған екен. Оларға бар білгенін айтып, жылы-жұмсақты алдына тосқан қазақтардың һәм дархан даланың құрметіне ұлына «Алатау-Тамшыбұлақ» деген есім берген.
Кіндік қаны қасиетті Қапал жерінде тамған Алатау-Тамшыбұлақ Аткинсон азамат атанғанда Гавай аралында қызмет етіп, жеті бала тәрбиелеп, өсіреді. Журналист мамандығын алғаннан кейін жергілікті газеттердің біріне тілші болып орналасқан ол, өмірінің соңына дейін осы салады қызмет атқарады. Бүгінде Алатау-Тамшыбұлақ ұрпағы әлемнің әр өңірінде тұрып жатыр.
Аткинсон ұрпақтарының Қазақстанға жасаған сапары барысында Талдықорғандағы баспалар үйінде ағылшын жазушысы, журналист Ник Филдингтің «Оңтүстікке Ұлы далаға: 1847–1852 жылғы Томас пен Люси Аткинсонның Шығыс Қазақстанға саяхаты» атты кітабының тұсауы кесілді. Ник Филдингтың мұрағатында Томас Аткинсонның қызметі мен қазақ халқының сол кезеңдегі тұрмыс-тіршілігін бейнелеген барлығы 600-ге жуық сурет бар екен. «Бұл жазушы Ник Филдингтің Қазақстанға алғаш келуі емес, ол бұған дейін 2014-2015 жылдары арнайы осында болып, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарына да сапарлап қайтқан. Ол екі сапарында да Томас пен Люси Аткинсондар туралы кітабына қажетті мәліметтер жинаумен айналысты. Бұл үшін барлық жағдайды жасаған Қазақстан географиялық қоғамы екенін атап өткен жөн», -дейді қоғамның жобалар жетекшісі Мағжан Сағымбаев.
Артынша мәртебелі меймандар Алатау Аткинсон дүниеге келген жерді көзбен көру мақсатында Ақсу ауданына жол тартты. Онда Қапал қаласында Алатау-Тамшыбұлақ Аткинсон құрметіне орнатылған мемориалдың тақтаның ашылу рәсіміне қатысты. Естелік тақтады: «Бұл жерде ХІХ ғасырда қазақ жеріне келген ең алғашқы Ұлыбритания зерттеушілері Томас пен Люси Аткинсондардың ұлы Алатау-Тамшыбұлақ Аткинсон 1848 жылы 4 қарашада дүниеге келді» деп жазылған.
Бұдан бөлек, Алатау-Тамшыбұлақтың алыстан ат терлетіп келген ұрпақтары бір кездері өз аталары шөл қандырып, тамсанысын жасыра алмаған Тамшыбұлаққа барып, салқын судан да дәм татты. Тамшыбұлақ басынан шыққан қонақтар Қапал Мәдениет үйінде театрландырылған көріністі тамашалап, Томас Аткинсонның ұлды болған сәтін баяндайтын өмірдастаннан үзінді көрді. Тарихи шараға Томас Аткинсонның шөберелері ағайынды Стив Браун мен Филиппа Смит кезіндегі ата-әжесінің киім үлгісімен киініп келді. Өздері оның себебін бұл кездесуге ұзақ дайындалғандары мен бір ерекшеліктің болуы шарт деп шешкендерімен деп түсіндірді. – Қолға қуыршақ алып, ХІХ ғасырдың үлгісінде киінгенді жөн көрдік. Бұл үлгі біздің ата-әжеміз бен сәби Алатау Аткинсонның дүниеге келген мерзімін елестетіп тұрғандай болсын дедік. Қазақстандықтар бізге ұшақтан түскеннен бастап керемет құрмет көрсетуде. Өте ризамыз. Барған жеріміз бізді күмбірлеген домбыраның қоңыр үнімен қарсы алды. Алған әсерімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес, – деді бабалары ішкен судан дәм татқан олар.
Ник Филдинг кітабының кейіпкерлері Қапалдан соң Сарқанға жол тартты. Сарқан жерінде орналасқан табиғи қорықтармен жүріп өтіп, «әлемдегі алма атаулының негізгі атасы саналады» деп британдық ғалымдар дәлелдеген Сиверс алмасы өсірілетін бақта да болды. Сол күні кешқұрым оларды бойына емдік қасиеті дарыған Алакөл күтіп тұрған еді. Олар Алакөл жағалауына келген бойда судың мөлдір, әрі тұнықтығына тамсанды.
ХІХ ғасыр ғалымдары Алакөл ортасындағы бір аралдың жанартаудың атқылауынан пайда болды деп айтып келгені белгілі. Осыны ескерген «South to the Great Steppe: The Travels of Thomas and Lucy Atkinson in Eastern Kazakhstan, 1847-1852» атты кітаптың авторы Ник Филдинг Томастың сол аралдағы тасты зерттеуге беру арқылы ол пікірдің жансақ екенін дәлелдеп бергенін айтты.
Аткинсон ұрпақтарының қазақ жеріне жасаған сапарының соңғы күні Алматы қаласындағы бірнеше қоғамдық жерлерді аралап, Қазақтың халық аспаптар және ұлттық музейіндегі экспонаттармен танысты. Ескерте кететін жайт, британдық әйгілі саяхатшының ұрпақтарының Ұлы далаға сапарына қолдау білдірген Қазақ География Қоғамы болып отыр.
Дәурен Құдайберген
Фото авторы: Рустам Құлманбетов