..."/>
ЗЕРТТЕУ

Саябақтар қасиеті

Біз табиғатқа шыққан кезде – ол адам аяғы баспаған жер, я өсіп тұрған ағаштың саясы болсын, беймаза ойларға толы миымыз бір сәтке тыным алады.

20160624 (2)

Оңтүстік Кореяның астанасы, күйзеліске толы заманауи өмірдің кіндігі – Сеулдің орталығында саудагер Сунгиын Хонг Бухансан ұлттық саябағында серуендегеннен кейін демалып жатыр. Бұл саябаққа жылына бес миллиондай адам келеді.

Дэвид Стрейер шөл далаға сапар шеккен кезде көлік тізгінін сеніп тапсыруға болатын адам. Тізгінде отырып ол ешқашан хабарлама жазбайды немесе телефонмен мүлдем сөйлеспейді. Юта университетінің зейін мәселесімен айналысатын танымдық процестер психологы Стрейер  мидың бірнеше істі бір уақытта атқарған және көңілімізді басқа жаққа аударған кезде қателіктер жасауға бейім екенін нақты біледі. Ол тіпті көліктің ішінде отырып тамақтанғанды да құптамайды. Стрейердің зерттеулері көлікті басқара отырып телефонды пайдалану – алкоголь ішкенмен бірдей әсер ететінін дәлелдеді. Жаяу жүруге жаны құмар Стрейер жаңа технологиялар мен қала өмірінің адам миына қалай әсер ететінін зерттеп келеді. Ең бастысы ол осы әсерге қарсы ем тек табиғат деп пайымдайды.

Юта штатындағы Блаф шөл даласына жақын орналасқан шатқалдарға жасаған саяхатымыздың үшінші күні болатын. Стрейер тамақты араластыра отырып, психология мамандығы бойынша білім алып  жүрген 22 студентке «табиғатта үш күн жүргеннен алатын әсер» туралы түсіндірді. Адам миының салмағы 1,4 келі тұратын қарапайым компьютер емес екенін, оның да қажитынын айтты. Оның айтуынша, күнделікті дағдыланған істерімізді азайтқанда, шұғыл жұмыстарды тоқтатқанда және табиғаттың әсемдігін тамашалағанда миымыз қалыпты жағдайға келіп қана қоймай, сонымен қатар ақыл-ойдың жұмыс істеу қабілетін арттыра түседі. Стрейер студенттер лагері мүшелерінің көмегімен ақыл-ойдың жұмыс істеу қабілетінің артуы туралы фактілерді де көрсетті. Шындығында, студенттер табиғатта үш күн бойы жаяу жүргеннен кейін шешім қабылдау деңгейіндегі шығармашылық тапсырмаларды 50 пайыз­ға жақсырақ орындай бастаған. Стрейердің сөзіне қарағанда, «үш күннің әсері» – табиғатта ұзақ уақыт тынығу арқылы миды тазарту. Ол осы саяхат барысында біздерді (студенттер және мені)  ми толқындарын жазып алатын портативті электроэнцефалография (ЭЭГ) аппаратына түсіру арқылы өз сөзін дәлелдемекші.

Стрейер саяхаттың үшінші күні өзінің сезім түйсіктері арта бастағанын, бұрын соңды естімеген дыбыстарды естіп, сезбеген иістерді сезгенін айтты. Кеш түсе шатқалдар күрең қызыл түске боялды. Топтағылардың жүрістері саябырлап, қарындары аша бастады. Үстіндегі киімі мыж-мыж болған, өзі аздап күнге күйген Стрейер тура осы сәт үшін дән риза. «Мен табиғатқа бұрынғыдан бетер жақындай түстім, – деп әңгімесін жалғастырады ол. – Егер де екі-үш күн бойы табиғатты тамашалау  бақытына ие болсаңыз, бұл ойлау қабілетіңізге сапалы әсер етеді екен».

Экс Премьер-министр Ли Куан Ю бірде: «Бетонды джунгли адам рухын бұзады. Жасыл-желекке қараған кісінің жаны жайланады», – депті.

Экс Премьер-министр Ли Куан Ю бірде: «Бетонды джунгли адам рухын бұзады. Жасыл-желекке қараған кісінің жаны жайланады», – депті.

Стрейердің пайымдауынша, табиғатта серуендеу мидың бұйрық беру функциясына жауапты алдыңғы бөлігі қыртысының демалуына мүмкіндік береді. Бұл шамадан тыс белсенді жұмыс істеген бұлшық ет қимылын тоқтатып, дем алғанмен тең. Оның бұл пайымдауы рас болса, ЭЭГ мидың алдыңғы орталық бөлігінің тета толқындарынан келетін өрістің, яғни тұжырымдамалық ойлау мен тұрақты зейін өлшемінің азайғанын көрсететін болады. Сондықтан да ол табиғат аясында серуенде жүрген біздің ми толқындарымызды Солт Лейк сити орталығында қаладағы қарбаласпен жүрген еріктілердің ми толқындарымен салыстырып көрмекші.

Стрейердің шәкірттері сараптама жасау үшін 12 электродты арнайы аппаратты басыма кигізіп, ұштарына үрпі кигізілген 6 электродты бетіме тақты.  Осы аппараттар арқылы менің миымның электрленген дабылдары жазып алынды.

Теңіз кірпісінің бірнеше тікенектері басыма бір сәтте қадалғандай сезіне жүріп мен, Сан Хуан өзенінің көкмайса жағалауында терең тыныстап, 10 минуттай серуендедім. Маған жайыла ағып жатқан өзенді тамашалаудан басқа ештеңені ойламау туралы талап қойылды. Бірнеше күн бойы компьютер мен қалта телефонымды мүлдем қолыма алған жоқпын, шындығында олардың бар-жоғын біраз уақытқа ұмыту оп-оңай-ақ екен.

Виртуалды табиғат та миды тыныштандырады. Швеция зерттеушісі Матильда ван ден Бош математика тестілерімен және жұмысқа орналасуға симуляциялық әңгімелесу арқылы зерттелушілерінің жүйкесін жұқартады. Матильда оларды құстар ән салып жатқан виртуалды орманға жіберген кезде жүрек лүпілі қалыпты ритмге түседі.

Виртуалды табиғат та миды тыныштандырады. Швеция зерттеушісі Матильда ван ден Бош математика тестілерімен және жұмысқа орналасуға симуляциялық әңгімелесу арқылы зерттелушілерінің жүйкесін жұқартады. Матильда оларды құстар ән салып жатқан виртуалды орманға жіберген кезде жүрек лүпілі қалыпты ритмге түседі.

ҰЛЫ ЛАНДШАФТ сәулетшісі Фредерик Лоу Олмстед 1865 жылы Йосемити аңғарына көз жібере отырып ғажайып тұсты байқаған болатын. Кейіннен ол Калифорнияның заң шығарушы органдарын жағалай жүріп,  әлгі жерді кең етек алған даму үрдісінен арашалап қалуға көндірді. Сол тұста Олмстед Нью-Йорк қаласындағы Орталық саябақты жобалап қойған да еді. Ол әдемі жасыл алқаптарды адамдардың рахаттана демалуы үшін сақтап қалу керек екеніне сене бастады. Олмстед «әсерлі табиғи көріністердің денсаулыққа мың да бір ем екенін, адамдардың бойына қуат беретінін, әсіресе, олардың сау-­саламаттығына, ой-өрістерінің қуатты болуына жақсы әсер ететіні ғылыми тұрғыдан дәлелденгені» туралы жазды.

Табиғаттың адам денсаулығына әсері туралы мәселе бүгін ғана қозғалып отырған жоқ. Мәселен, шамамен, 2 500 жылдай бұрын Парсы патшасы Кир ел астанасы Пасаргад қаласында демалыс орындарын салғаны туралы деректер бар. ХVI ғасырда өмір сүрген, неміс-швед дәрігері Парацельс «Ем дәрігерден емес, табиғаттан қонады» деп жазып, ол да өз ойын қағазға түсіріп кеткен. 1798 жылы Уильям Вордсворт Уай өзенінің жағасында отырып «табиғаттағы үйлесім күнделікті күйбеңнен арылтып, жаныңа ләззат сыйлайды» деп жырлайды.  Американың Ра́льф Уо́лдо Э́мерсон мен Джон Мьюр секілді жазушылары да табиғат әсеріне сенді. Олар Олмстедпен бірлесіп табиғаттың емдік қасиетінің бар екенін жар сала отырып, Америкадағы ең алғашқы ұлттық саябақтарды ұйымдастыру үшін рухани және эмоциялық іске мұрындық болды.

ХІХ ғасырда ғылыми деректер қазіргі кездегідей жеткілікті емес еді. Стрейер және басқа да ғалымдар қоғамда адамдардың шектеулі қимылдауы салдарынан кең етек алған семіздік, торығу, сығырлық секілді проб­лемаларды басшылыққа ала отырып, табиғаттың ми мен тәнге әсерін жаңаша қарастыруда. Олар бұрындары тылсым яки жұмбақ болып көрінгендерге өлшем жасап, неврология мен психология салаларында прогреске қол жеткізді. Стрейердің айтуынша, кортизол секілді жүрек қағысының жиілігінен ми толқындарына, одан ақуыз түйіршіктеріне әсер ететін гормондардың адам бойындағы мөлшері біз табиғатта болған кездерде оң өзгерістерге ұшырайды.

Таяуда Англияның Эксетер университетіне қарасты медициналық мектеп зерттеушілері қалада тұратын 10 мың адамның ақыл-ойына тексерулер жүргізді. 18 жыл бойы тексерілушілердің қайда тұрғандарын білу үшін барлығы егжей-тегжейлі жазылған карта да пайдаланылды. Нәтижесінде табиғатқа жақын тұратындардың, тіпті олардың табыстары, білімдері және жұмыстарына қатысты мәселелерді (бұлардың барлығы денсаулыққа әсер етпей қоймайды) ескергеннің өзінде олардың ақыл-ойларының күйзеліске азырақ ұшырайтыны анықталған. 2009 жылы Нидерланд зерттеушілері жасыл белдеуге бір шақырым жақын маңда тұратын адамдарда күйзеліс, мазасыздық, жүрек ауруы, қант диа­беті, демікпе және бас сақинасы секілді 15 түрлі ауру аз кездесетінін анықтапты. Ал 2015 жылы әлемнің әр елінен жиналған зерттеушілер Торонто қаласының 31 мыңнан астам тұрғынының денсаулық туралы сауалнамаға берген жауап­тарын зерделеді. Соның ішінде сауалнамаға сараптама жасалғанда әсіресе қатысушылардың тұрғылықты жері қала картасында нақты белгіленіп отырды. Сауал­нама нәтижесінде үйінің маңында ағаштар көп отырғызылған тұрғындар мен жылдық табысы олардан 20 000 доллар болатын адамдардың жүрек және денсау­лық метоболизмдерінің бірдей екендігі белгілі болды. Алайда, ең қызығы – алғашқыларында өлім саны төмен және кортизол гармонының аз мөлшерде болатыны дәлелденді. Осылайша, бұл көрсеткіштердің барлығы жасыл желекпен байланыстырылады.

Адамдардың жай-күйлерінің неден жақсарғанын  мұндай зерттеулерге сүйеніп түсіндіру өте қиын. Таза ауадан ба? Табиғатта жиі кездесетін түстер немесе фракталды кескіндер миымыздың көру қыртысына нейрохимиялық әсер бере ме? Әлде адамдар табиғатта көп қимылдағаннан ба? Шотландияның Глазго университетінің эпидемиологы Ричард Митчелл басында дәп осылай ойлаған. Ол: «Мен мүлдем сенбедім», – дейді. Алайда ол кейінірек саябақтар мен табиғатқа жақын тұратын адамдар көп қимылдамаса да, оларда ауру мен өлімнің анағұрлым сирек орын алатыны туралы үлкен жаңалық ашты. Сонымен қатар Митчелл табысы аз адамдардың табиғатқа жақын болуынан ұтатынын және бұл жағдай оларды әлеуметтік тұрғыдан табысы көп адамдармен тең ететінін анықтады.

Инженер Мэтью Сакай Форкин екі жыл бойы орманда тұрғаннан кейін Сан Франциско аумағына қайтып келді. Ол әлі күнге Ка­ли­­фор­нияның Лост Коуст жағалауына ағаштар арасына серуен­деуге барып тұрады. «Мен табиғатқа шыққанда оның бір бөл­шегі екенімді сеземін. Күш жинап, серги түсемін», – дейді ол.

Инженер Мэтью Сакай Форкин екі жыл бойы орманда тұрғаннан кейін Сан Франциско аумағына қайтып келді. Ол әлі күнге Ка­ли­­фор­нияның Лост Коуст жағалауына ағаштар арасына серуен­деуге барып тұрады. «Мен табиғатқа шыққанда оның бір бөл­шегі екенімді сеземін. Күш жинап, серги түсемін», – дейді ол.

МИТЧЕЛЛ ЖӘНЕ БАСҚА ДА ЗЕРТТЕУШІЛЕР табиғат күйзелісті азайту арқылы денсаулыққа оң әсер етеді деп ойлайды. Сығырайған терезеден азғантай көріністі жеткілікті санайтын адамдармен салыстырғанда ағаштар мен жасыл желекті жиі көретіндер ауруханаларда тез сауығатынын, мектептерде басқаларға қарағанда белсенді болатынын, тіпті көршілес елдер арасында жиі орын алатын қатыгездіктің де оларда азаятынын анықтаған. Мұндай нәтижелер орталық жүйке жүйесіне тәжірибе жасағанмен бірдей. Табиғат аясында серуендейтін адамдар кортизол, тыныс жолдары, жүректің соғу жиілігі және тершеңдік секілді ауруға ұшыраса, оларға табиғаттың титімдей бөлігін, не табиғат бейнеленген суретті көрсетсе жағдайлары жақсарып, ақыл-ой қабілеттері күрт арта түседі екен.

Швед дәрігері Матильда ван ден Бош адамдардың математика пәнінен күрделі тапсырманы орындағаннан кейін болатын күйзеліс әсерінен жүректің соғу жиілігінің өзгерісін зерттеген болатын. Бұндай әсерден жабдықталмаған бөлмеде отырған адамға қарағанда 15 минут бойы 3D виртуалды риэлити бөлмесінде табиғатты тамашалап, құстар әнін тыңдағандардың қалыпқа тезірек келетіні анықталды. Шығыс Орегонда орналасқан Снейк Ривер түзету мекемесінде шынайы өмір тәжірибесі жүргізіліп жатыр. Түрме офицерлерінің баяндамасында, аптасына бірнеше мәрте табиғат туралы бейнекөріністер көрсететін «жасыл бөлмеде» 40 минут уақытын өткізетін сотталғандар, ылғи спортзалда ғана жүретіндерге қарағанда сабыр­лылау келетіні айтылады. Тәрбиеші офицер Майкл Ли: «Бастапқыда мен бұны жай ақымақтық шығар деп ойладым. Алайда спорт залдағылар шынымен қатты сөйлейтіні байқалып, олардың дауыстарының жаңғырығы да қатты болатыны білінді. Ал «жасыл бөлмедегілер» жәймен, сабырмен сөйлейді. Олар бейнекөріністі көрсетуімізді өтінеді», – дейді. Орман ішінде 15 минут серуендеу адам физиологиясын айтарлықтай өзгертеді. Жапонияның Чиба университетінің Ёсифуми Миядзаки бастаған зерттеушілері 84 адамды әртүрлі жеті орманға, сонша адамды қала орталығына серуендеуге жіберген. Орманға серуендегендер әбден тынығып, олардың бойындағы кортизол мөлшері 16 пайызға, қан қысымы 2 пайызға, жүректерінің соғу жиіліктері 4 пайызға төмендеген. Миядзаки адам тәнінің табиғи ортада дамығандықтан рахаттанатынына сенеді. Оның айтуынша, адамның ақыл-ойы жол қозғалысы мен зәулім үйлер туралы емес, өсімдіктер мен ағын сулар туралы ақпаратты қабылдауға бейім.

Канададағы Трент университетінің психология профессоры Лиза Нисбет осының барлығы табиғаттан қол үзу етек алып бара жатқан кезде табиғаттың артықшылықтарын дәлелдейді дейді. Америкалықтар өз мемлекетін және ұлттық саябақтарын жақсы көреді, алайда электрондық пошталар пайда болғаннан бастап халықтың таза ауада қыдыруы, сондай-ақ аулада сер­уендеуі де азайған. Табиғатты қорғауға байланысты жүргізілген соңғы сауалнамада америкалық жасөспірімдердің 10 пайызға жуығы ғана күн сайын далаға шығатыны анықталды. Гарвард денсаулық сақтау мектебінің жүргізген зерттеулері америкалық ересек адамдардың бір күнінің, шамамен алғанда, 5 пайызын ғана таза ауада өткізетінін, ал көлікте одан көп уақыт отыратындарын көрсетті.

Нисбет: «Адамдар табиғатта уақыт өткізу тиімділігін дұрыс бағалай алмайды. Біз табиғатта серуендеуді бақытты болу мүмкіндігін арттыру деп қарауымыз керек. Керісінше, біздің көпшілігіміз бақытты болу – сауда жасау немесе теледидар көру деп ойлайтын тәрізді. Адам табиғаттан жаралдық. Алайда одан соншалықты алыстап бара жатқанымыз мені қатты таңғалдырады», – дейді. Кейбір адамдар бұл өрескелдіктің орнын толтыру үшін іске кіріскен секілді.

Нью-Йорк қаласының түрмесінде отырған Ванэсса Эранзо мен Лорен Хюджес (қазіргі таңда ақталған) Рикерс аралындағы бақта жұмыс істеп жүріп демалған. Зерттеу табиғаттың түрмеде отырғандардың қатыгездігін төмендететінін анықтады.

Нью-Йорк қаласының түрмесінде отырған Ванэсса Эранзо мен Лорен Хюджес (қазіргі таңда ақталған) Рикерс аралындағы бақта жұмыс істеп жүріп демалған. Зерттеу табиғаттың түрмеде отырғандардың қатыгездігін төмендететінін анықтады.

КАЛИФОРНИЯ ШТАТЫ, ОУКЛАНД ҚАЛАСЫНДАҒЫ Калифорния Сан-Франсиско университетінің Бениофф балалар ауруханасы дәрігерлерінің бірі Нушин Рязани табиғат пен денсаулықты байланыстыратын мәліметтердің көбейіп келе жатқанын байқаған. Ол бастапқы жобаның бір бөлігі, амбулаториялық бөлімнің педиатр­ларын жас науқастарға рецепт жазуға баулып, нау­қастардың өз отбасыларымен бірге таза ауада жиірек серуендеулерін насихаттап жүр.  «Дәрігерлер мен нау­қастарды жаңаша ойлауға үйрету соншалықты оңай іс емес. Біз табиғатқа етене болу үшін клиникалық кеңістікті түрлендірдік. Қайда саяхаттауға бару туралы әңгімеге ыңғайлы болуы үшін қабырғаға картаны, жергілікті шөлдердің суреттерін ілдік. Бұл жерлер дәрігерлерді де науқастарды да емдеуге септігін тигізеді», – дейді ол. Бениофф балалар ауруханасы Шығыс Бэй аймақтық саябақтар округімен ынтымақтасып, әлгі сая­бақта өткізілетін бағдарламаларға отбасыларды тасымалдауды жүзеге асыруда.

Бірқатар елдердің үкіметтері табиғатта емдеу тәжірибесін денсаулық сақтаудың жалпы саясаты ретінде насихаттап жүр. Күйзеліске ұшырағандар, маскүнемдік, суицид кеңінен етек алған Финляндияда үкіметі осы жоба бойынша арнайы зерттеушілер жалдаған болатын. Зерттеушілер мыңдаған адамның табиғатты тамашалағаннан және қала ішінде серуендегеннен кейінгі көңіл-күйлерін және бойларындағы картизол деңгейін анықтау үшін сауалнама жүргізді. Профессор Лиза Тарвай­нен және оның Финляндия институтына қарасты Ұлттық ресурстарда жұмыс істейтін командасы әлгі сауалнама мен басқа да мәліметтер негізінде табиғатта айына бес сағат серуендеп уақыт өткізуді, яғни күйзеліс­тен арылу үшін аптасына бірнеше мәрте саябақтарға барып тұруды ұсынады. Тампере университетінің психология профессоры Калеви Корпела 40-50 минут бойы серуендеу физиология тұрғысынан және көңіл күйді көтеруге, тіпті назар аудару қабілетін арттыруға септігін тигізеді деп пайымдайды. Ол серуендеуге, зейін қоюға және өзінің іс-әрекетін талдауға итермелейтін табиғат соқпақтарын әзірлеуге де жәрдемдесті. Аталған соқпақтар бойында «өсімдіктерді аялап, сипай өтіңіз» деген белгілер болады.

 Жердің түкпір-түкпірінен жиналып эко-селолар, кооперативті баспана және табиғатқа жақын болу жолдарын талқылайтын Вирджиния штатындағы Twin Oaks қауымдастығының конференциясына қатысушылар коммуналдық шұңқырдағы батпаққа аунайды.

Жердің түкпір-түкпірінен жиналып эко-селолар, кооперативті баспана және табиғатқа жақын болу жолдарын талқылайтын Вирджиния штатындағы Twin Oaks қауымдастығының конференциясына қатысушылар коммуналдық шұңқырдағы батпаққа аунайды.

Табиғаттың емдеу қасиетін дәл Оңтүстік Корея елі секілді ешкім де пайдаланбаған болар. Қайғы-мұңның көбі жұмысбастылықтан туатын күйзелістен, сандық технологияға тәуелділіктен,  оқудың қиындығынан болады. Электроника алпауыты Samsung компаниясының жүргізген сараптамасына сүйенсек, адамдардың 70 пайыздан астамы жұмыс уақытының ұзақтығынан күйзеліске шырайды екен. Ал ең бастысы, қалай болғанымен де, экономикалық тұрғыдан қуатты мемлекеттің табиғаттың тылсым күшіне атам заманнан бері табынатынын айтпай кетуге де болмас. Олардың «Shin to bul ee», яғни жан мен тән бір (жан мен тән бір-бірінсіз өмір сүре алмайды) деген мақалы әлі күнге өзектілігін жоғалтқан емес.

Сеулдің шығысында орналасқан Санум емдеу орманында денсаулық шараларына жауапты рейнджер қарағаш қабығынан демделген шай ұсынды. Сосын кішкене саумал бұлақтың бойымен қызыл сырғалы үйең­кілер және емен, қарағайлар арасымен серуендеуге алып шықты. Күз мезгілі болғандықтан жапырақтардың түсі өзгеріп, қоңыр салқын ауа орманда серуендеуді ұнататын қала тұрғындарын мұнда ынтықтыра түседі. Біраздан соң біз ағаштан жасалған платформалардың тазалауға қойылған жиынтығына келіп жеттік. «Ауыр жарақаттан кейінгі күйзеліске ұшырау» диагнозы қойылған, орта жастағы қырық өрт сөндіруші платформаларға қос-қос­тан жұптасып мінді. Олардың бәрі жергілікті биліктің демеушілік етуімен өтіп жатқан үш күндік жобаға қатысушылар еді. Қатысушылардың арасында Сеулдің 46 жастағы тұрғыны Канг Бианг-Вук та бар болатын. Ол Филиппинде болған алапат өрттен жақында ғана оралған еді, әбден қалжырап, күйзеліске ұшырағаны көрініп тұрды. «Жұмысым тым ауыр. Мен осы жақта бір ай болғым  келеді» – дейді ол.

Санум Оңтүстік Кореядағы емдеу-сауықтыру ормандарының бірі. 2017 жылға дейін әрбір алып қаланың қасынан бір-бірден тағы 34 орманды қамту жоспарланып отыр. Чангбук университеті «орман емі» деңгейлік бағдарламасын және университет түлектеріне жұмыс нобайын ұсынған болатын. Корея орман қызметі алдағы жылдары денсаулық шараларына жауапты 500 рейнджерді тағайындамақшы. Бұл шара еңбектеген баладан бастап еңкейген қартқа дейін және қайтыс болғандарды да қамтитын болады. Өйткені, бағдарламаларда жүкті әйелдерге арналған медитация орманы, ракқа шалдыққандарға арналған ағаш өнері және қайтыс болғандарды орманда жерлеу секілді барлық қызмет қарастырылатын болады. Үкімет екі күн сайын орман лагеріне бұзық  балалардан жәбір көрген балаларды тасымалдайтын «Бақытты пойыз» қатынасын да іске қосады. Собаксан ұлттық саябағының қасынан құны жүз миллион доллар тұратын емдеу кешені қалпына келтірілуде.

Корея орман қызметінің ғалымдары ағаш материалдарынан түсетін табысты есептеді. Қазіргі таңда олар хиноки кипарисі секілді ағаштардан қажетті май алып жатыр және оның адам бойындағы кортизолдың мөлшерін азайтуға және демікпені емдеуге пайдасын тексеруде. Мен жаңадан салынған Дейджун индустриялық қаласында орман министрі Шин Вон Соптың қабылдауында болған едім. Ол орман терапиясының маскүнемдікке салынғандарға әсерін зерттеген әлеуметтік саланың білікті ғалымы. «Ұлттық орман жобасының негізгі мақсаты – адамзаттың саулығы. Жаңа саясаттың арқасында Кореяның ормандарына келушілер саны 2010 жылы 9,4 миллионға, 2013 жылы 12,8 миллионға өсті», – дейді ол.

Шин: «Әрине, біз әлі күнге дейін орманды көбінесе материал ретінде пайдаланып келеміз. Алайда орманның денсаулыққа, сауықтыруға қатысты бөлігі негізгі табыс көзі болғалы тұр» – дейді. Ол жұмыс істейтін агенттік орман емі дәрі-дәрмек бағасын төмендетіп жергілікті экономикаға ықпал етеді деп мәлімдейді.

КӨП УАҚЫТЫМДЫ ВАШИНГТОН ҚАЛАСЫНДА ӨТКІЗІП, қала тіршілігіне үйреніп кеткен өз басым Ютаның тұмса табиғатын қатты ұнатып қалған секілдімін. Дэвид Стрейер ұйымдастырған сапарда күндіз гүлдеп тұрған опунция кактусының арасында қыдырдық,  кешке қарай далаға от жағып, соны айнала отырдық. Стрейер бұл жерде аудиторияда өткен сабақтармен салыстырғанда, студенттері өздерін әлдеқайда еркінірек ұстап, ашылып әңгімелесіп, презентацияларды да айтарлықтай жақсы жасайтынын айтады. Біздің миымызда не болып жатыр екен?

Швейцарияның Цюрих қаласының маңындағы Лангнау-на-Альбиседе орналасқан «орман балабақшасында» балалар мектеп уақытының көп бөлігін, ауа райын ескере отырып, орманда өткізеді. Олар ағаш жоңқалауды, от жағуды, лашық салуды үйренеді, зерттеумен айналыса алады. Бұл жобаны қолдаушылар «мұндай мектептер өзіңе деген сенімділік пен рух тәуелсіздігіне тәрбиелейді», – дейді.

Швейцарияның Цюрих қаласының маңындағы Лангнау-на-Альбиседе орналасқан «орман балабақшасында» балалар мектеп уақытының көп бөлігін, ауа райын ескере отырып, орманда өткізеді. Олар ағаш жоңқалауды, от жағуды, лашық салуды үйренеді, зерттеумен айналыса алады. Бұл жобаны қолдаушылар «мұндай мектептер өзіңе деген сенімділік пен рух тәуелсіздігіне тәрбиелейді», – дейді.

Неврологиялық зерттеуге жүгінсек, көптеген нәрселер анықталуда. Кореялық зерттеушілер адамдар әртүрлі суреттерді көргенде мидың жұмысын бақылау үшін функционалды МРТ аппаратын пайдаланды. Еріктілер қала суреттерін көрген кезде олардың қорқыныш пен беймазалық сезіміне жауап беретін бадамша бездеріне қанның көп құйылатыны анықталған. Ал табиғаттың суретін тамашалаған кезде ұнату мен альтруизмге жауап­ты алдыңғы қатпарлар мен аралшықтары белсенетіні байқалған. Мүмкін, табиғат бізді әдептірек және сабырлырақ ететін шығар.

Сонымен қатар табиғат өзімізді жақсы көруімізге септігін тигізеді. Стэнфорд зерттеушісі Грег Братман мен оның әріптестері 38 еріктінің 90 минут бойы үлкен саябақтарда немесе Пало-Альто орталығында жасаған серуеніне дейінгі және серуеннен кейінгі мидағы жағдайын сканерлеген. Саябақта серуенге шыққандарда мидың торығу күйіне жауап беретін алдыңғы қатпарындағы ультрадыбыстық липосакция субгенінің белсенділік іркісі de211 деп көрсетті. Олар өздерінің көңіл-күйінің жақсарғанын айтады. Братман таза ауада жағымды ортада болу (шыбын-шіркейге таланып, бұршақ астында қалатын жағдай емес) адамды шым-шытырық проблемаларға толы ойлардан арылтатынына сенеді. Оның айтуынша табиғат көңіл бөлуіңе және жағымсыз ойларға ден қоятыныңа немесе қоймайтыныңа шынайы әсер етеді екен.

Стрейерді қызықтыратыны – проблеманы шешудің жоғары тәртібі. Оның зерттеуі Мичиган университетінің экология мәселесімен айналысып жүрген психологтары Стефан мен Рейчел Каплан ұсынған зейін қоюды қалпына келтіру теориясына негізделген. Капландар күннің батуы, ағыстар, көбелектер секілді табиғи ортаның көрінетін элементтері күйзелісті және ақыл-ойдың шаршауын азайтады дегенге қарсы. Қызықтырарлық ой, бірақ талабы жоғары, мұндай ынталандырулар болар-болмас қана ықпал етеді. Миымыздың ойға шомылуына, демалуына және Олмстед айтқандай, қала өмірінде ұшырасатын «жүйкені жұқартатын нәрселерден» емделуіне мүмкіндік береді. Ағайындылар «Жеңіл әуестену… қайталау режімін арттырады және алған жақсы әсерлер ұзақ уақыт сақталады» деп жазады.

Делани Дойл Кентукидің шығысында орналасқан таулардан теріп алған жеуге жарамды лалагүлдерін ұстап тұр. Дойлдар отбасы орманмен қоршалған алаңда өмір сүреді. Ғылыми дәлелдер аулаға немесе қала саябағына барудың өзі денсаулықты және психологиялық жағдайды жақсартатынын көрсетті.

Делани Дойл Кентукидің шығысында орналасқан таулардан теріп алған жеуге жарамды лалагүлдерін ұстап тұр. Дойлдар отбасы орманмен қоршалған алаңда өмір сүреді. Ғылыми дәлелдер аулаға немесе қала саябағына барудың өзі денсаулықты және психологиялық жағдайды жақсартатынын көрсетті.

Мысалы, біраз жыл бұрын Стефан өз әріптестерімен бірігіп Братман секілді тәжірибе жүргізіп, дендрарийде 50 минут бойы серуендеудің қысқа мерзімдік жады секілді назар аудару қабілеттерін арттырғанын, ал қала ішінде серуендеудің арттырмағанын анықтаған. Зерттеушілер өз жазбаларында «Ойлаңызшы, миыңыз әбден қажыса да оның жұмысын жақсартатын терапия қолжетімді болған. Ол табиғатпен өзара байланыс деп аталады»  дейді.

Стрейер командасы Юта штатына жасаған сапары­мыз­­дан бірнеше ай өткеннен кейін менің ЭЭГ сараптамамды жіберді. Түрлі-түсті график менің ми толқынымның жиілік диапазонының қалада қалған екі топтың үлгілерімен салыстырылыпты. Менің тета сигналдарым олардікінен  төмен болды. Сан Хуан өзенінің болар-болмас ықпалы миымның алдыңғы қатпарын біраз уақытқа болса да тыныштандырған.

Мадди Роарк Солтүстік Калифорнияның батысында орналасқан отбасылық тоғанда лалагүлдерінің арасында жүзіп жүр. Оның әкесінің табиғатта білім беру орталығы бар. Соңғы зерттеулерге сәйкес, америкалық аналардың 70 пайызға жуығы бала кезінде күнделікті сыртта жүргендігін айтса, ал өз балаларының 31 пайызы ғана далада ойнайды екен.

Мадди Роарк Солтүстік Калифорнияның батысында орналасқан отбасылық тоғанда лалагүлдерінің арасында жүзіп жүр. Оның әкесінің табиғатта білім беру орталығы бар. Соңғы зерттеулерге сәйкес, америкалық аналардың 70 пайызға жуығы бала кезінде күнделікті сыртта жүргендігін айтса, ал өз балаларының 31 пайызы ғана далада ойнайды екен.

Стрейер: «Осы уақытқа дейін қол жеткізген нәтижелер жасалған болжамдармен сай келді. Зерттеу болжамдарды дәлелдесе де табиғаттың миға әсері туралы толық ақпарат болмайды. Әрқашанда бір нәрсе жұмбақ күйінде қала береді, мүмкін солай болуы да керек шығар. Соңында біз табиғатқа қайта ораламыз, бұл ғылымның дәлелдеріне байланысты емес, бұл біздің сезім, түйсігімізге байланысты», – дейді.

Флоренс Уильямс
Фотосуреттерді түсірген: Лукас Фоглиа

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля