Астананың қарқынды дамығаны соншалық оны сан алуан, неше түрлі ғимараттардан бөлек саябақтар, су бұрқақтары, гүлзарлар мен жайқалған жасыл аллеяларсыз елестете алмайтын болдық. Қалада ондай демалыс орындары көптеп саналады.
Олардың ішінде:
80 гектар жерді алып жатқан ең ірісі – «Президент» саябағы;
Астана аумағындағы көне саябақтың бірі көпес В.Кубриннің бастамасымен ХІХ ғасырдың соңында қолға алынған «Орталық» қазіргі – «Астаналық» саябағы;
Қазақстанның көне заманғы тарихына саяхат жасауға мүмкіндік беретін – «Арай» этникалық саябағы;
романтикалық атауы сонда орнатылған ғашықтардың қола мүсінімен байланысты – «Жастар саябағы»;
дәл орталығында «Бәйтерек» композициясы орналасқан – «Жерұйық» саябағы бар.
Ал жалпы Астанада ірілі-ұсақты он беске жуық саябақ пен аллея бар.
«National Geographic Қазақстан» журналы қала саябақтарына жиірек серуендеуге шақырады. Фототілшіміздің объективіне бұл жолы Орталық саябақ (қазіргі «Астаналық» саябағы) ілікті.
Қала әкімдігінің мәліметтеріне сүйенсек, бұның сыртында шаһарды қоршап жатқан «Жасыл белдеу» 2020 жылға қарай 100 мың гектар жерді игереді деп жоспарлануда.