Британиялық Колумбияға қарасты Голденнің маңы. Үйрек табан аяқ киім киген адам жарық беру құрылғыларын орнатып жатыр. «Бір кадрды түсіру үшін ұсақ-түйегіне дейін ескерілген бірнеше сағаттық дайындық керек», – дейді Оскар Энандер.
Авторы: ДЖЕРЕМИ БЕРЛИН
Фото: ОСКАР ЭНАНДЕР
Төбесі көк тіреген биік тау басындағы түрлі-түсті жарыққа шағылысқан ақ ұлпа қардың ғажабы мен түн жарымында шаңғы тебудің ғаламатын бейнетаспаға түсіргіңіз келе ме?
Олай болса, ең әуелі Британиялық Колумбия мен Аляс каның шалғайында орналасқан ну орманды алқаптардағы адам аяғы баспаған құз-жартасты табыңыз. Сосын салмағы 5000 келі болатын құрал-жабдықтарды, атап айтқанда, үлкендігі кір жуғыш машинадай, қуаты 4000 ваттық шамдарды, оларды қуаттанды ратын генераторларды, бөренелерді, сым темірлер мен кабельдерді 2000 метр биіктікке арқалап шығарыңыз. Қажетті қуат мөлшері мен жарық диаметрін, жанармай шығыны мен оның мөлшерін, қашықтықты және жергілікті жер ерекшеліктерін есептеуге бірнеше ай уақытыңызды сарп етіңіз. Білікті жарық беруші мамандарды және құрылғыларды орнататын адамдарды жалдаңыз. Ең мықты спортшылардан топ жасақтаңыз. Спортшылардың жарық диодты шамдармен безендірілген костюмдерінің қалтасына батареяларын салыңыз. Сосын жарықтандырғыш қондырғыларды арқаларына белбеумен таңып, байлап тастаңыз. Енді бейнекамераны қосыңыз да іс ақырының сәтті болуын тілеңіз.
Сол жақтан бастап: Энандер Британиялық Колумбияда генераторлар тоқтап қалғанда Пеп Фьюджаның шаңғы тебуін ұзартылған кадрлармен түсірді. Крис Бенчетлер мен Дарон Ральф Аляскадағы Анкоридж қаласының маңында жарық диодты костюмдерімен түнде сәуле шашып тұр. Эрик Хджорлифсон Британиялық Колумбияда суретке түсер алдында дөңге шығу үшін шаңғысын жабыстырылған нейлон жолақтарынан тазартып жатыр.
Ник Ваггонердің көптен бергі арманы түн жарымында биік тау бөктеріндегі шаңғы тебу кадрларын түсіру еді. 2014 жылдың көктемінде бұл арман шындыққа айналды. Алдымен Ваггонер мен оның «Sweetgrass Productions» студиясында қызмет ететін әріптестері керек-жарақтың барлығымен қамтамасыз етіліп, сосын жоғарыда айтылғанның бәрін рет-ретімен орындады. Олар шаңғышыларды бейнетаспаға жазып жатқан кезде швед фотографы Оскар Энандер бір жағынан суретке түсіріп, арманды ақиқатқа айналдыра бастаған-ды. Ваггонер: «Бұл жұмыстың қаншалықты ауыр болғанын сөзбен айтып жеткізу қиын. Бұдан бұрын мұншалықты қиын істі қолға алып көрмеппін. Қалың омбы қарлы аймақта да, терең құзда да, ауа райы күрт құбылатын өлкеде де жұмыс істедік. Әрине, кез келген жерде қиындық туындауы әбден мүмкін ғой, мұнда да солай», – дейді.
Шындығында, қиындықсыз болмады. Аляска аймағында он бір күнге созылған түсірілім жұмысы аяқталар сәтте су жаңа ұзартқыш табан астында жоғалып кетті. Содан Ваггонер тікұшақ ұшқышын тас қараңғы түнде 30 шақырым жерден жаңасын сатып алып келуге көндірді. Ол салы суға кетіп, бұл істі бастағанына өкініп, налыған кездерінің де болғанын айтады.
Энандер де бірқатар қиындықтарға тап болды. Мәселен, жарық бейнетүсірілімге кедергі келтіретін болғандықтан, ол жұмыс барысында камераның жарығын пайдалана алмаған еді. Ал жарықтың болмауы суреттердің анық шығуына кедергі келтірген. Ол: «Осыдан кейін күндізгі түсірілімге қарағанда түнгі түсірілімнің қаншалықты қиын екеніне әбден көзім жетті», – дейді.
Ваггонер ақыр соңында арманының орындалғанын айтады. «Осы жоба арқылы біз ерінбей еңбектенсең, мұратқа жетуге болатынын түсіндік. Барша адам баласы өмірге деген көзқарастарын өзгертіп, жаңаша ойласа екен», – деді ол.