Солтүстік Ирактағы күрд жастары ДАИШ-пен шындап соғыспақ ниетте, осылайша олардың он жылдық тыныш өміріне қатер төніп тұр.
Авторы: Нейл Ши
Фото: Юрий Козырев
Қызы (сол жақта), анасы (ортада) және жеңгесі суретке түсуде. Жалаңаяқ қыз бала соларға қарап тұр. Беттерін бүркеген бұл әйелдер – Күрдістандағы шағын этностық топтың (язиди) өкілдері. Қызы мен жеңгесін ДАИШ жасақтарына күштеп үйлендірген. Олар ДАИШ тұтқынынан қашып, Күрдістандағы босқындар лагерінде бас сауғалады. Бостандыққа шығу үшін ол екінші қабаттағы терезеден секірген екен. «Аман қаламын деп ойламадым», – дейді.
Киркуктың оңтүстік бөлігі. Пешмерга деп аталатын күрд әскері майдан шебіне жақын жерде волейбол ойнап жүр. Құрамында Ирак армиясының бұрынғы офицерлері бар делінетін ДАИШ жасақтары 2014 жылы Ирак қалаларын бірбірлеп басып алып жатқанда оларды тоқтата алатын жалғыз күш – пешмерга болған еді.
Мосул қаласын ДАИШ басып алған күні Ботан Шарбаржери өлімге бас тікті.
24 жастағы университет студенті Ирак Күрдістанында орналасқан Слемани қаласындағы әке-шешесінің үйінен сыртқа шығып, темекі сатып алды, содан соң бірнеше жерге телефон шалды. Қатарлары да, өзі де жазғы демалыста жүргендіктен, оған жаттығудан өтпеген, бірақ соғысуға дайын ниеттес жастардың басын қосу қиын болған жоқ.
Темекіні бұрқырата, SMS хабарлама жаза отырып, олар жоспарды да жасап тастады. Туындаған мәселелер табан астында шешілді. Барлығы айқын әрі әділ көрінді. Барлығы Ирак үшін емес, өз Отандары – Күрдістан үшін өлуге дайын екендіктерін айтты. Бір кезде Саддам Хусейн армия сына қарсы күрескен әкелері сияқты олар да қатыгез жаудан өз шаңырақтарын қорғап, ажал құшуға әзір. Оларға тек өздерін сынап көретін майдан алаңы мен шабуылды бастайтын бағыт қана керек.
«Ислам мемлекеті» (ДАИШ) Иракқа басып кіргенге дейін Шарбаржери инженер мамандығын тиіп-қашып оқып жүрген тынымсыз жігіт болатын. Тым кеш жататын. Ешқашан жетістіріп оқымайтын. Теңдеулер мен статистиканы суқаны сүймейтін. Бар аңсары музыка мен арабтардың жіңішке сағақты, шұңғыл дөңгелек шанақты аспабы – уд болатын. Кей күндері ол Таяу Шығыс мақамдарын он, он төрт сағат бойы тапжылмастан ойнайтын, аспабын тек арасында темекі шегіп, шай ішу үшін ғана босататын.
Шарбаржери жұрт алдында өнер көрсетіп, кәсіби музыка клубтарына да қатысып жүрді, ол әуен жаздыруды да армандайтын. Алайда Ирак Күрдістанында, тіпті ең гүлденген кезеңнің өзінде музыка өнері кең таралмаған, сондықтан мұғалім болып жұмыс істейтін әкесі оны көпір құрылысы сияқты нақты салаларға баруға үгіттепті. Шарбаржери тығырыққа тірелді. Ирактың экономикасы құлдырап жатыр, алда ешқандай үміт жоқ. Оның орнында басқа адам болса, «Алланың жазғаны осы» деп, көндіккен болар еді. Бірақ ол – түрлі фанатиктерге қарсы, нағыз зайырлы адам. 2014 жылдың маусымындағы сол бір күнге дейін «Алла ның әмірі» деген ол үшін ұмыт болған үй тапсырмасы сияқты көрінетін.
Дәстүрлі киім мен батыс киімін араластыра киген күрд жастары Сулаймани университетін бітіріп жатыр. Алдыңғы буынмен салыстырғанда олар бостандық дәмін көп татты. «Біз жақсы оқитын едік, бірақ соғыс болып жатыр. Мүмкін, біздің жетістігіміздің түкке қажеті болмай қалатын шығар», – дейді студенттердің бірі.
Бір күні қара ту көтеріп, адамдарды өлтіріп, өртейтін, өздерін «Құдайдың әскеріміз» дейтін топ келді де, кенеттен Шарбаржеридің өмірінде мақсат пайда болды. Ол тек музыкадан байқаған айқындықты соғыстан тапты. Әр таңдауың нотаға айналады, оларды жақсы байланыстыра алсаң, өміріңнің әуені шыға келеді. Қаруы жоқ болғандықтан, AK-47 алу үшін ол сүйікті уд аспабын сатады. Соғысу тәжірибесі жоқ болғандықтан, ол ұрыста көп шыныққан кісімен бірігеді. Сүйген қызы жоқ, демек оны тоқтата алатын да ешкім жоқ. Егер ата-анасы білсе, оны райынан қайтару үшін жылап-сықтап, жалынып-жалбарынған болар еді. Бірақ кейде өте маңызды таңдау жасап, оны анаңнан жасыруға тура келетін кездер де болады.
Күрд жастарының көбісі өзге соғысты күтпеді. Әсіресе, ДАИШ елге соғыс алып келеді деген ой мүлде болған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын ғана Ирак Күрдістаны өркендеп келе жатқан. 2003 жылы америкалықтар күрдтердің ата жауы – Саддам Хусейнді тақтан тайдырып, олардың Швейцария аумағымен пара-пар таулы аймаққа бақылау орнатуына мүмкіндік берген. Ирактың құрамында болғанымен, олар іс жүзінде өздерінің автономиялық мемлекетін құра алды.
Инвестиция құйылып, аймақ дами бастады, мұнайдың арқасында қалыптасқан оптимизм (Күрдістанда үлкен мұнай қоры бар) бұл өңірді жаңа өзгерістерге жетелеген. «Күрдістанның Парижі» саналатын Слеманиде зәулім ғимараттар көбейді, ал аймақ астанасы Хевлерде сауда орталықтары, қымбат көлік сататын автосалондар, Италия стиліндегі кафелер бой көтерді. Университеттер салынды. Жалпыға ортақ денсаулық сақтау жүйесі қалыптасты. Тіпті, промоутерлер, туристер мен бизнесмендерді тарту үшін «Күрдістан, өзгеше Ирак» деген арнайы ұран ойлап тапты. Елдің арабтар тұратын бөлігі кедейлік пен қақтығыстан қан қақсап жатқанда 5 миллион адам тұратын Күрдістан дамудың алтын дәуіріне аяқ басқан еді. Ботан Шарбаржери осы бір болашаққа сенім күшейіп, үрей азайған заманда өсіп, ер жетті.
– Бәрі оңай сияқты көрінетін. Дегенмен бұл ұзаққа созылған жоқ. Барлық өзгерістерді көріп жүрдік. Әр адамның өмірінде өзгеріс болып жатты. Кішкене бала болсам да, бәрін байқап жүрдім. Ата-анам да, басқалар да еркінсіп қалған, – деп еске алады ол.
Шарбаржеримен өткен жылдың басында Слеманидегі кафеде кездестім, ол содан кейін сабағына кетті. Ол – қысқа бойлы, селдір сақалды әдемі жігіт.
Үстелге келе жатқанда аяғын сылтып басатынын байқадым. Осыдан бірнеше ай бұрын Ботан майданында жараланыпты, оқ оның балтырын тесіп өтіпті. Кафедегілердің көбі бұл оқиғадан хабардар екен. Жас жігіттер оған орындарынан тұрып, қошемет көрсетті. Бойжеткендер жағы көз қиығымен қарап, өзара күбірлесіп жатты. Күрд халқы ел үшін күрескендерді осылай ерекше қастерлейді.
– Бір қызығы, мен енді кезекте тұрмайтын болдым, – деді Шарбаржери. Содан соң кейіпкеріміз ұялғаннан қызарып кетті де, басқа тақырыпқа ойысты. Жарақаттанып жатқан кезде жіберіп алған емтихандарын тапсырып жүр екен. Онысы қиынға соғып жатқанға ұқсайды.
– Мұны миыма қондыру қиын болып жатыр. Инженерлік деген… мүлде қызықсыз, – деген ол әңгіме айтып отырып, таспиғын тарта берді. Бірақ өзі «таспиқты діни мақсатта ұстамаймын» деп сендірді.
Ирактағы 30-ға жасы тола қоймаған басқа күрдтер сияқты Шарбаржери де болашаққа үмітпен қарайтын, алайда сол үміті өшіп барады. Өзге қатарластары сияқты оған да бұл әлем тарылып бара жатқандай көрінеді. Бұрын ДАИШ қатерлі болып көрінгенімен, ол сырттағы қауіп саналатын.
1990 жылдары қиян-кескі азамат соғысын бастан кешірген күрдтердің саяси партиялары билік пен ақша үшін өз ішінде таласқан. Арабтар билеген Бағдатпен арадағы ешқашан түзелмеген қарым-қатынас нашарлап бара жатты. Мұнайдан түскен табысты бөлісу бойынша дау туындағандықтан, Ирак астанасындағы араб басшылар федералдық бюджеттің Күрдістанға тиесілі бөлігін бермей ұстап отырған. «Алтын дәуірдің» дәурені өтіп бара жатқан еді.
Шарбаржери «ДАИШ барлығын талқандайтын болса, іш пыстыратын сабақта отырғанның пайдасы не?» деп ойлады. Жемқор, тиімсіз жұмыс істейтін әрі шатқаяқтап тұрған Ирак мемлекеті қисық үй сияқты құлап түссе ше? «Бұлайша ұзақ өмір сүргенше, бәріміздің өлгеніміз жақсы», – деді ол.
Босқындарға арналған Арбат лагерінің қасында мектеп басшысы Мудхафер Абдул Нари жүздеген оқушыны қабылдауға дайындалып жатыр. Ирактан қашқан мыңдаған араб Күрдістаннан пана тапқан. «Күрдтер бізді қорғады. Осында өзімізді қауіпсіз сезінеміз», – деді ол.
Күрдтердің арасында Ирак күрдтері тәуелсіздікке бір табан жақын тұр. Олардың өз мұнай құбырлары бар.
Ол мұны күрдтерге тән ерекше тебіреніспен айтты. Кафедегі еркек пен туған күн құрметіне пісірілген үлкен ақ тортты айнала қол шапалақтап билеп, тар джинсы шалбар киіп, опа-далапты көп жаққан әйел атаулының көпшілігі онымен келіскен болар еді. Жас күнінде еркіндіктің дәмін татқан адам одан қалай оңай айырылсын? Шарбаржери «мүмкіндігінше тездетіп майданға қайтып оралу керек» деп шешіпті.
– Күрдістандағылар мәңгіріп қалған, – деді ол темекіге қол созып жатып. – Не істеу керектігін ешкім білмейді. Сондықтан мен соғысқа аттанамын. Бөлек мәдениеті мен тілі болғанына қарамастан, күрдтер тарихтағы кейбір кезеңдер болмаса, парсы, араб, Осман, түрік сияқты басқа бір үлкен мәдениеттердің үнемі бодандығында болып келген. Осы күні Сирия, Ирак, Түркия және Иранда 25 миллионға жуық күрд тұрады (дегенмен, олардың нақты саны қанша екені белгісіз). Күрдтер – әлемдегі өз мемлекеті жоқ, ең үлкен этностық топ деген болжам жиі айтылады. Мұнысы рас та шығар, әрі олардың бүтін халық екендігін меңзеп те тұрған болар. Алайда оларда ешқандай ауызбірлік жоқ.
Әр аймақта тұратын күрдтер түрлі диалектіде сөйлейді әрі өзара жаушыл жергілікті партияларды қолдайды, сондықтан өздеріне мүмкіндік берілген күннің өзінде сол қырық құрау аймақтан үлкен күрд мемлекетін құруға талпынбайтын да болар…
Күрдтердің арасында Иракта тұратын бөлігі мемлекет құруға бір табан жақын. Олардың өз парламенті мен президенті, өз мұнай құбырлары және «пешмерга» («өлімге бас тіккендер» деп аударылады) деп аталатын әсери күштері бар. Ирактың құрамында қалу – күрдтердің өз қалауы емес, Батыстың, соның ішінде америкалықтардың талабы бойынша жүзеге асқан шарасыз шешім болды. Саддам Хусейн құлағалы бері күрдтер оқтын-оқтын Ирактан бөліну мәселесін қозғап тұрады, бұл ықпалды көршілер – Түркия мен Иранның және оңтүстіктегі Ирак арабтарының қатты ашуын туғызады. Ал күрд көсемдері тартыншақтап келеді, бұл көбіне бейбітшілік пен лайықты экономикадан гөрі төл мемлекетін қалайтын романтиктерден құралған халықты қынжылтады.
Иранмен шекарадағы Жалаула қаласы мэрінің міндетін атқарушы күлталқаны шыққан қаланы аралап жүр. Пешмерга әскері мұнда ДАИШқа қарсы соғысқан. Содырлар кеткенімен, жасырын бомбалардың барлығы шығарылмайынша, тұрғындар қалаға кіре алмайды.
Соңғы бірнеше жылда Батыс үкіметтері жергілікті жердегі ДАИШ-қа қарсы күресте Сирия мен Ирактағы күрдтерге сенім артып келеді. Күрдтердің көбі «бұл еңбек өтеусіз қалмайды» деп үміттенеді. Және көпшілігі «тәуелсіздікті жеңіп алдық» деп есептейді. Мен таксидің кабинасына кірген сайын жүргізуші өз тәуелсіздігін «жариялап», Америка мен Израильді өздеріне ең жақын ел қатарына жатқызады. Күрдтердің көбі жаулардың қоршауында отырса да берілмеген өздері сияқты шағын елді құрмет тұтады.
– Америка, Израиль, Күрдістан, – деді жақында бір кісі.
Ол үш саусағын көтеріп, бас бармағымен түйістірді де: «Біріксек, біз жеңеміз!» – деді. – Кімді жеңесіздер? – деп сұрадым мен. – Барлығын, әсіресе, арабтарды, – деп қарқылдай күлді ол.
Ол Саддам Хусейннің тұсында күрдтердің қарсыласушы әскерінде болыпты. Ол жау мен ДАИШтың арасында еш айырма жоқ дейді таксист. Бұл топтың құрамында Хусейннің бұрынғы офицерлері де бар деседі.
– Екеуі бірдей, – деді жүргізуші екі алақанын ысқылап. Содан соң ол газды басып, патриоттық фольклорлық ән қойды. Біздің «тәуелсіз көлік-мемлекетіміз» кешкі күннің шапағына еніп кетті.
Ботан Шарбаржери университетті тастап, ұрысқа аттанған кезде ирактық басқа бір жігіт ДАИШ-тың құрамына қосылды. 21-22-лер шамасындағы Сами Хусейн Шарбаржеридің университетінен екі сағаттық жерде, «Баба Гургур» мұнай кеніші маңындағы Киркук қаласында тұратын.
Ол да Шарбаржери сияқты тез иланғыш, арабтың сақал-мұрты жаңа тебіндеген арық қара баласы болатын. Бұлар екеуін бір-бірімен салыстырғанымды әсте қаламайтыны анық. Хусейнді радикалды исламға алып келген жергілікті имамның уағызы болуы мүмкін. Басында ол «қара тулылардың» үгітін қабылдамай, тіпті оларға қарсылық танытып жүрген. Дегенмен оның болашақтан мүлде хабары болмағаны анық еді. Күрдтердің алтын дәуірі көмескіленіп бара жатқан, ал Ирак арабтары Американың шабуылынан бері ешқандай жақсылық көрмеді. Олардың өмірі бұрынғыдан да нашарлап кетті.
Күрдістан аймақтық үкіметінің президенті Масуд Барзани Захнодағы әйелдер кадет корпусын аралап жүр. Күрдістан Ирактың құрамында болғанымен, оның өз парламенті және әскері бар, онда жүздеген әйелпешмерга қызмет етеді.
Өткен көктемде тұтқынға түскенде оны соңғы рет көрдім, сонда ол «Исламға шабуыл жасалып жатқандықтан ғана жасақтың қатарына қосылдым» деген еді. Содан соң ол жоғалып кетті. Оны «Фейсбуктегі» үгіт-насихат пен радикал имамдардың уағыздары адастырды. Шарбаржери сияқты ол да мақсатты түрде тәуекелге бас тіккісі келді әрі арабтар мен күрдтерге қарсы соғысқа аттанатынын білді.
Шарбаржери атеист болса, Хусейн ең болмағанда «Құдайдың дегенін орындаймын» деп сенді. ДАИШ айуандық әрекеттерімен арбайтыны белгілі. ДАИШ кісі өлтіру, қирату, азаптау сияқ ты қатыгездік әрекеттерін «Құдай жолымен» ақтап алады. Жас жігіттердің бірі елін қорғау үшін соғысқа аттанса, енді бірі оны қирату үшін майданға кетті.
Ұрысқа шыққанын Сами Хусейн анасына айтпапты. Арада бірнеше ай өткенде шешесін көруге үйіне бара жатқанда ол пешмерга әскерінің қолына түседі.
Күрдтер, арабтар, түркімендер және сунниттер, шейіттер, христиандар аралас тұратын шуақты қала Киркук – Ирактың макеті іспетті. Ғасырлар бойы алуан ұлт пен дін, махаббат пен сұлулық, өшпенділік қатар өрбіген бұл далада бидай алқаптары мұнай кеніштерімен қатар жатыр. 2014 жылы маусымда ДАИШ басып кірердің алдында Ирак әскері «Ескі жазбадағы» Даниал пайғамбар жерленді делінетін бұл қаладан кетіп қалады. Күрдтер үшін бұл – құдай жарылқаған оқиға болды, себебі Саддам Хусейн ұзақ жылдар оларды бұл аймақтан зорлықпен кетіруге тырысып келген еді. Сонда күрдтер «тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін ДАИШ-ты кіргізбей ұстап тұру керек» деп ұйғарды. Сөйтіп, олардың жанкешті сарбаздары қалаға ағылып келді. Бұл оңайға түспеді. ДАИШ-тың шабуылы, Ирак әскерінің талқандалуы шапшаң өрбіді. Күрд қауіпсіздік күштерінің саны аз, қару-жарағы нашар болды, оның үстіне әбжіл жауға қарсы күреске тез бейімделе алмады. ДАИШ күштері шығыс пен батысты жайпап, мыңнан астам адамды өлтіріп, екінші ірі қала – Мосулды басып алды. Көп ұзамай олар күрд жеріне еніп, олардың астанасы Хевлер (араб тілінде Эрбил деп айтылады) қаласынан бірнеше сағаттық жерге, Киркуктың шетіне жетті.
Киркуктың оңтүстігіндегі майдан шебіне жақын маңдағы өткізу пунктінде араб әйелі пешмерга әскерінен өз отбасын күрд аумағына өткізуді өтініп тұр. Соңғы екі жыл ішінде Күрдістанға миллионнан астам адам келді, босқын нөпірін тоқтатуды талап етіп жатқандар да бар.
Ақшасы бар күрдтер қашуға жиналды. Жағдайы жоқтар сұмдықтың боларын сезіп, үйлерінде қала берді. Ал батыл, бірақ шашыраңқы солдаттар мен еріктілер, қарулы топқа қарсы шықты. Олар оңтүстік-шығыста Иран аумағынан солтүстік-батыста Сирия мен Түркия шекарасына дейінгі аралықта айнала қожыраған қорғаныс тұрғызды. Теннис кроссовкасы мен қисынға келмейтін камуфляж киген, ескі немесе ойыншық қару ұстаған пешмерга күштері кейде майдан алаңына таксимен келіп жатты. Соған қарамастан, алғы шепке ұмтылғандардың арасында Ботан Шарбаржери де бар еді.
Ол студент жастардың еріктілер тобын бастап Киркукке аттанғанда Батыс елдері күрдтерге әскери ұшақтарымен көмекке келді. Соның арқасында күрдтер ДАИШ-қа тосқауыл қойып, тіпті кей жерлерде оларды кері ығыстыра алды. Киркук біраз уақытқа құтқарылды, күрдтер – ДАИШ-қа төтеп бере алатын бірден-бір күш болып шықты.
Дегенмен қаладан тысқары аймақтағы арабтар жайлаған кішігірім елді мекендерде ұрыс жүріп жатты. Шарбаржеридің отряды асығыс дайындықтан өтті, сондықтан нағыз ұрысқа қатыстырылмады. Анда-мұнда атыс болып жатты, бұлар жаудың өлген денелерінің қасында селфи түсіріп жүрді. Оның отрядындағы жастар соғыс әскеріне тамақ пісіріп, олардың киімдерін жуып бергендеріне риза болды, дегенмен тек киім жуумен шектелмей, нағыз қан майданда бақ сынап көргісі келетіндер де көп болды.
Пешмерга әскері Киркуктың солтүстік-батысындағы Саид Халаф ауылына басып кірген қарбаласта Шарбаржеридің арманы орындалды. Оның отряды ДАИШ-тың позицияларына қарай баяу жылжып келе жатқан негізгі пешмерга тобының артында ілесіп жүрді. Командир өз сарбаздарына бұйрық бергенде уд аспабының орнына сатып алған қаруын асынған Шарбаржери де сол маңда еді, ол қару тиеген жүк көлігінің қалтарысында алғы шепке аттанды.
ДАИШ содырларының бірі көліктің астына, шабуылдап келе жатқан күрдтердің аяқтарына оқ ата бастады. Бір оқ Шарбаржеридің балтырын тесіп өтіп, артында келе жатқан пешмерга сарбазының аяғына қадалып, сүйегін сындырды. Екеуі де құлап түсті, кенет назары басқаға ауып кетпегенде әлгі мерген бұларды өлтіргенше ата берер еді. Шарбаржери тұрмақ болып еді, қозғала алмады. Оны сүйреп жедел жәрдемге апарды, артынша күрдтер кері шегінуге мәжбүр болды.
Язиди отбасы Тел-Азер қалашығынан қашпақ болғанда ДАИШ әскерінің қолынан қаза тапқан туыстарының суреттерін ұстап тұр. «Көрпенің астында тығылып жатқанымда атыс басталды. Далаға шықсам, елдің бәрі қырылып қалыпты, солардың арасында ағам да, әкем де бар, – деді бір бала. Сол отбасынан тек жалғыз ер адам тірі қалған.
Кейін ата-анасы оны ауруханаға іздеп келді. Анасы көз жасын көлдетті. Әкесі ашуланғаннан тұтығып сөйлей алмады. Не үшін өлімге бас тіктің? Ерлік үшін бе? Патриотизм үшін бе? Ел болып қалыптаспаған мемлекет үшін бе?
Кейіннен әкесі Мұхаммед «ауруханада балама қатты ашулансам да, ол үшін мақтандым» деп ағынан жарылды. Күрдістанның шығысындағы таулы ауданда орналасқан үйінде табиғатқа шықтық. Кеш батып келе жатқан. Қуырылған қой еті, жүзім жапырағына оралған долма және жаңа піскен нан тұрған жайманың үстінде жарқанаттар ұшып жүрді.
– Қандай жағдай болмасын, біз, бәріміз Күрдістан үшін күресеміз, – деді Мұхаммед.
Шарбаржериге оқ тиген күні ДАИШ-тың құрамына қосылған Сами Хусейн де сол маңда жүрген еді. Бәлкім, тіпті сол ұрысқа қатысқан да болар.
Арада екі ай өткенде Киркукте полиция жүргізген рейд кезінде басқа оншақты жас жігітпен бірге ол да тұтқынға түсті. Мен онымен сол күннің ертесінде таң ата кездестім. Оны қала орталығына жақын жердегі полиция бекетінің жіңішке күту бөлмесіне алып келді. Онда иіс су мен темекінің иісі қатар шығып тұрды. Сары және сұр түсті көйлек, спорт шалбарын киген ол иықтары салбырап, тістеніп кірді. Полицей оның алдына кішкене пластик үстел қойып, стақанмен су берді. Хусейнге еш зақым келмеген сияқты көрінді. Тек бас бармағына бояу жағылып қалыпты, кінәсін мойындайтын түсініктемеге қолын қойғызып алған тәрізді.
Жай киім киген тергеуші сағаттар бойы жалғасқан тергеу кезінде қойған сұрақтарын тағы бір қайтара қайталап шықты. ДАИШ-қа неге өттің? Араларыңда шетелдік жауынгерлер көп болды ма? Қолға түсірген язиди қыздарын не істедіңдер?
ДАИШ әскері «язиди» деп аталатын мұсылман емес шағын этностық топтың қыздарын ұстап алып, оларды айуандықпен қинаған еді. Тергеуші адам жанын тітіркенткен сол жайтты меңзеп тұр. Америка ирактықтарды қандай сұмдықпен бетпе-бет қалдырып кеткенін көрсін деп, тергеуші бұл сұрақты мен үшін әдейі қойды. Хусейн: «Әскерилер язидилерді ұстап алып, ойы на келгенін істеді», – деп кесіп айтты. Ол ДАИШ қатарына қосылғанына өкінетінін, баз біреу лердің даңқ пен ислам жайлы ақиқаттың бос сөз екеніне көз жеткізді. «Олар мұсылман емес», – деген ол орындығында ары-бері қозғалып, еденге қарап қалды.
Егер екеуміздің орнымызды ауыстырса, Хусейн менің басымды алғанға сүйсініп қарап отырар еді. Мүмкін, басымды өзі кесер ме еді. Қазір ол шаршап-шалдыққан, жалаңаяқ ұялшақ бала кейпінде отыр. Аздан соң полиция командирі, Сархад Қадыр есімді күрд генералы мені кішкене бақшаға алып келді. Онда түнде қолға түскен басқа содырлар тізерлеп тұр екен. Олардың қолдары кісендеулі, көздері таңулы. Генералдан:
– Бұларға не болады? – деп сұрадым.
– Түрмеге жабылады, – деген ол қолын бір сілтеді. – Ары қарай не болатынына менің қатысым жоқ.
Күрдтер мен арабтар қолдарына түскен ДАИШ тұтқындарын өлтіріп тастайды деген әңгіме өте жиі айтылады, оны елеусіз қалдыру мүмкін емес. Полиция бекетінен шыққан соң, аудармашыдан сол туралы сұрадым.
– Балаға не болады?
– Әрине, өлтіреді.
– Оны қайдан білесіз?
– Оған неге бас қатырасыз? Ол ДАИШ емес пе?
Шынымды айтсам, енді қайтып ұлын көре ме екен деп Хусейннің анасын ойладым. Бірнеше апта бойы Хусейннің хабарын білуге тырыстым. Ол туралы полицейлерден, пешмерга командирлерінен, саясаткерлерден, заңгерлерден тіпті күрд премьер-министрінен сұрадым. Ешкім ешқандай ақпар бере алмады, әлде бергісі келмеді.
Күрдістанның астанасы Эрбильде орналасқан, шетелдіктер арасында кең танымал Bar 52 түнгі клубында көңілді халық сыра ішіп отыр. Соңғы жылдары бұл қалада мұнай өндіру қарқын алып, шетелдіктер көп келе бастаған. Тұрғындардың көбі барлар мен клубтардың көбейіп кеткенін айтады.
Бұл оқиға біраз уақыт жанымды күйзелтіп жүрді. Оған жанашырлық болған жоқ, ДАИШқа ерікті түрде барған адамды аяудың өзі қиын. Бірақ оның басындағы жағдай дұрыс мемлекет құрып, оны қалыптастыру, көршілердің қолдауына ие болу және кім болса да, елдегі халықты қожыраудан, бүлінуден, қарсы күрестен сақтау сияқты Күрдістанның, Ирактың, Таяу Шығыстың бар проблемаларын анық көрсетіп тұр.
Хусейн – ДАИШ-тың қатарына қосылған ондаған мың содырдың бірі ғана. Оны таба алмаған соң, басқаларын іздей бастадым. Ирактағы ДАИШ жауынгерлерінің көбі – ДАИШ-тың бақылауындағы аймақтан қосылған не әскерге шақырылған Ирак азаматтары. Көпшілігі – суннит арабтар, арасында күрд жастары да кездеседі.
Күрдістанның Келадизе қаласында Салах Рашид есімді жігіт 2014 жылы ДАИШ-қа қосылған 18 жасар Хемин есімді қайын інісінің тағдырын айтып берді. Жас жігіт Күрдістандағы алтын дәуірдің еш шапағатын көрмей, дұрыс жұмыс таппай біраз сандалыпты. Ол жергілікті күрд имамның жиһад, шәһит болу, жұмақ туралы уағыздарына иланып, біртіндеп радикалданған.
Хемин бірнеше жігітпен бірге әлгі кісінің азғыруымен «диктатор Башар Асадтың күштерімен соғысамыз» деп Сирияға барыпты. Бірақ көп ұзамай ДАИШ басшылары Хемин мен оның достарын «өз халқына қарсы соғыссын» деп кері қайтарыпты.
Күрдістандағы белгілі демалыс орны Дукан көлінің маңында бір кісі намаз оқып жатыр. Ирак күрдтерінің көбі – суннит мұсылмандар. Олардың көрші араб, парсы және түрік халықтарынан бөлек өз мәдениеті мен тілі бар.
Тіпті мүмкіндік берілген күннің өзінде олар өзіміздікі деп жүрген жерлерінде біртұтас күрд мемлекетін құруға талпынбайтын болар.
Рашид қайын інісінің қайда жүргенін телефон қоңыраулары және «Фейсбук» арқылы бақылап, оның өзіне көңілі толмай жүргенін байқапты. Ол күрдтерге қарсы соғысқысы келмеген, сондықтан ДАИШ-тың насихатына сенімін жоғалтқанға ұқсайды. Хемин 2014 жылғы қазанда ДАИШ-тың қол астындағы Синжар қаласында өлтірілген (2015 жылдың соңында пешмерга күштері оны қайтарып алды). Рашидке «қайын інің соғыста мерт болды» депті, бірақ бұл ол сөзге мүлде сенбепті.
– Біздің ойымызша, ол ДАИШ-тан шығып кеткісі келіп жүрген. Ол өлген күні Синжарда ешқандай соғыс жүріп жатқан жоқ еді. Меніңше, ол «үйге кетем» деген соң, өлтіріп тастады, – дейді ол.
Рашид Хеминнің мәйітін беріңдер деп ДАИШ командирлеріне жалыныпты. Олар бермей қойып ты. Жақындары оны тек «Фейсбуктағы» соңғы суретіне қарап еске алады. Суретте біреудің камуфляжын киген томпақ бала ұяла күлімсіреп тұр.
– Хемин әлі бала еді. Көп бала ДАИШ-қа экстремист болғандықтан емес, өз орындарын таппағанынан барып жатыр. Оған дұрыс қарай алмағаным үшін өзімді кінәлаймын. Қазір оның жаны жай тапты ма, бұл Аллаға аян, – деді Рашид. «Хемин жұмаққа бармайды» деп, жездесі оның о дүниедегі өміріне алаңдайды.
Слеманиге кетіп бара жатқан жолда Сами Хусейнді есіме алдым. Ең жақсы дегенде ол бір жерде қамауда отыр. Мүмкін, ол өмірінің соңғы күндерін өткізіп жатқан шығар.
Келесі аптада Ботан Шарбаржериге Хусейннің өзім түсірген суретін көрсеттім. iPhone телефонымды қолына алған ол ДАИШ-тың еріктісіне тесіле қарады.
– Жек көремін, – деді Шарбаржери. – Оны көріп кек алғым келіп кетті. Бәрібір өшімді қайтарамын. Олардың маған, біздің бәрімізге істегені үшін кек аламын. Уәде беремін.
Мұнысы – күрдтерге тән қасиет.
Ирак Күрдістанына соңғы барған сапарымда, қазан айында Хусейнді тағы іздедім. Оны тұтқындаған Ирак генералы баланың атын есіне түсіре алмады, ал Ирактың әділет жүйесі бұрынғыдан да жабық көрінді. Киркуктың арабтар тұратын ауданына барып, әр есікті қағып, оның суретін көрсетсем бе деп те ойладым. Бұл – өте қауіпті жоспар еді, аудармашы «бізбен сөйлескен әр адамның басын қатерге тігеміз», – деді. Сөйтіп, мен үшін Хусейн жоғалып кетті. Иракта соңғы ондаған жылда ізім-қайым болған басқа мыңдаған адам сияқты ол да елеске айналды.
Майдан даласынан аулақта менің шаршап, жабырқаған күрд достарымның өмірі өтіп жатты. Пешмерга ДАИШ-ты бірнеше жерден кері тықсыра берді. Ал басқа жерде Ирак әскері күштері жеңіліп жатты. Мосул, Рамади сияқты ірі шаһарлар әлі де содырлардың қол астында қан қақсап тұрды. Мұнайдың арзандауынан, ұзақ жылдық соғыстан титықтаған Ирак экономикасы (соның ішінде күрдтердікі де) құлдырап кетті. Қанға бөккен елдің бейбітшіліктен ауылы мүлде алыс көрінді. Күрдістанның ескі жаралары сыздап жатқанда, оған жаңа жарақаттар қосылды.
Соғыстан қайтып келе жатқан пешмерга сарбазы Хеулердің маңында көлік күтіп тұр. Оның артында үмітті күндердің елесіндей болып құрылысы бітпеген ғимараттар менмұндалайды. «Жалақы алмағанымызға бірнеше ай болды. Ол маңызды емес. Біз, бәріміз Күрдістан үшін өлуге дайынбыз», – деді солдаттардың бірі.
Сол айда күрдтердің бірнеше қаласы мен қалашығында наразылық бұрқ етті. Олардың көбі бейбіт шаралар болатын. Мәселен, мектеп мұғалімдері айлар бойы алмаған жалақыларын талап етті. Ал басқа шерушілер саяси реформаларды қалады, тіпті кей демонстрацияларда қақтығыс болып, кісі қаны төгілді. Слеманиде арнайы қара киім киген полицейлер орталық базарды қоршауға алды, қалада тәртіп орнату үшін майдандағы пешмерга отрядтары жұмылдырылды. Түнде әскерилер көшені торуылдап жүрді.
Елдегі толқуға қарамастан, Шарбаржери оптимист көрінді. Ол жақында сабаққа қайта кірісіп, инженерліктің орнына халықаралық қатынастарды оқи бастапты. Біреу оған алдыңғысынан да әдемі уд сыйлапты. Жатын бөлмесінде көрпелердің арасында AK-47 автоматын әлі сақтап жүрсе де, оның енді қайтып соғысқысы жоқ.
– Өзгерістерді тек саяси жолмен жасауға болады, – деді ол.
Ол бірден байыпты бола қалғанда, мен күліп жібердім, білем…
– Шынымен. Бұл – рас. Күрдістанда саяси партиядан тыс ештеңе істей алмайсың. Менің келесі соғысым – осы, – деді ол.
Біз Слеманидегі Салим көшесінде әңгімелесіп келе жаттық. Ауа райы жақсы болған түндерде бұл көше сапырылысқан күрд жігіттеріне толып кететін. Олар таңға дейін шәй ішіп, бильярд ойнап, тамақ жеп, біреулерге хабарлама жазып, өзара мәре-сәре болып қауқылдасып жататын.
Көше тым-тырыс екен. Саудагерлер анар толы қорап тарын алға қарай итеріп, алушыларды күтіп тұр. Дөңгелектің шиқылдағаны, мысықтың мияулағаны естіледі. Иық қағыстырып әзер өтетін халық та, темекінің көк түтіні де байқалмайды. Мұның сырын Шарбаржериден сұрадым. Мүмкін, ауа райы себепкер болар, әлде футбол матчы бо лып жатыр ма екен деп долбарладым.
– Көп адам кетіп қалған, – деді ол. Үйлеріне кеткенін айтып тұр деп ойладым.
– Жоқ, Еуропаға. Олар босқын болып кетті. Алдымен Түркияға, сосын Грекияға, не басқа бір елге. Сосын Германияға. Бәрінің кеткісі келеді.
– Неге?
– Жұрттың бәрі Ирак қирады, құрдымға кетті деп санайды. Олар енді Күрдістанға да сенбейді. ДАИШ – анау, талқандалған экономика – анау, олар еш мүмкіндік көріп тұрған жоқ. Кетіп қалған көп адамды білемін.
Адам толы лагерьлерді, жақсы өмір іздеп ағылып, Еуропада хаос тудырған мигранттарды көз алдыма елестеттім. Егер сапардан аман қалған болса, күрдтердің көбі сол құрлықта өмір сүріп жатқан жақындарымен қосылған болар. Бұл көш біраз жыл бұрын басталған. Енді олар жөңкіле көшіп жатыр.
– Сен ше? Қаласың ба? – деп сұрадым. Шарбаржери жымиды.
– Иә. Мен сондай күрдпін. Ешқашан кетпеймін.
«National Geographic»тің тұрақты авторы Нейл Ши тамыздағы нөмірде Туркана көлі туралы жазған. Болашақта жазатын жұмыстарын оқу үшін Instagram желісіндегі (@Neilshea13) парақшасына жазылуға болады.
– Осы сапарыңыз кезінде сізді қатты таңғалдырған не нәрсе?
– Мені Ирактың болашағының бұлыңғырлығы таңғалдырды. Күрд, араб, түркімен болсын, ирактықтардың көбі мемлекеттің келешегіне сенбейді. Олар «Ирак ешқашан нағыз мемлекет болған емес» деп санайды. Ол Батыс державалары «ойдан құрастырып» келген қиялдағы мемлекет болған дейді.