..."/>
ЗЕРТТЕУ

Күнтізбесі 13 айдан тұратын ел

psx_20160314_234452

Алыс Африка жайлы біз не білеміз? Жуырда журналист Айсәуле Байғазина Эфиопия еліне арнайы сапарлап қайтқан еді. Автор сол сапардағы әсерлерін «National Geographic Қазақстан» сайты оқырмандарымен арнайы бөлісіп отыр. Жергілікті жұрттың бізге таңсық өмірі мен қызықты хикаяларын бірге тамашалаңыздар.

2

Эфиопия – Африканың шығысында орналасқан ерекше әрі бірегей мемлекет. Оңтүстігінде Сомали мен Кения, солтүстігінде Эритрея және Суданмен шектеседі. Қара құрлықтағы мемлекеттерден басты ерекшелігі – Эфиопия ешқашан еуропалықтардың отары болған емес. Кез келген елдегі секілді саяхатшылар Эфиопиядан да қызықты мәліметтер таба алады. Ендеше, Эфиопияға немесе «күнтізбенің 13 айымен өмір сүретін елге» қош келдіңіздер!

3

Өткен ғасырда Эфиопияда күнтізбеге 13-айды енгізу туралы қарапайым ғана ұран тасталып, кейіннен бұл науқан туристер тартудың нағыз көзіне айналды. Нәтижесінде бүкіл әлем қазіргі күні 2016 жылмен өмір сүрсе, бұл елде әлі 2008 жыл. Тоқтала кетерлігі, ай бойынша айырмашылық болғанымен, бір жылда 365-366 күн бар. Бақандай 8 жылға «артта қалудың» басты себебіне келсек, күнтізбедегі әрбір ай теңдей отыз күнге бөлінген. Осылайша 12 айдан артылған 5-6 күнге арнап он үшінші ай құрылып отыр. Эфиопияда Жаңа жыл 11 қыркүйекте тойланады. Сондықтан да, қыркүйекте осы елде бола қалсаңыз, онда жолдастарыңызға 2016 жылдан 2008 жылға қарай уақыт континумын кесіп өткеніңізді айтып, мақтануға да әбден болады.

4

Эфиопия климаты жұмсақ. Экватор сызығына жақын орналасқан. Мұнда ауа температурасы жазғы күндері +23С-тен +28С-қа дейін, қыста +12С-ден +17С-қа дейін құбылады. Жаздағы жаңбыр маусымын қоспағанда күн бұл елде жыл бойына жарқырап тұрады. Әйтсе де, кешке қарай Аддис-Абеба қаласы таудың таза ауасымен кеңіне тыныстауға мүмкіндік алады. Сондықтан болса керек, туристер Эфиопияны кейде «мәңгі көктем елі» деп те жатады.

5

Елдің басым бөлігі Эфиопия тауының қыратына орналасқан. Сондықтан да, күрделі рельефке қарай елдің табиғаты да алуан түрлі болып келеді. Климаты мен орналасу ерекшелігі арқасында мұнда экзотикалық өсімдіктер де өзгеше еркелікпен, еркіндікпен өсетіндей: елдің солтүстігіндегі кактустар, қарағандар, қожаған ағаштары, эвкалипт, пальмалардың кейбірі тіпті бес қабатты үймен биіктеседі, банан бұталары, қант құрақтары және тағы басқалары да өсімтал келеді.

6

7

Аддис-Абеба (амхар тілінен аударғанда «Жас гүл» дегенді білдіреді) Эфиопияның астанасы ғана емес күллі Қара құрлықтың саяси орталығы саналады. Өйткені, дәл осы қалада халықаралық Африка одағының штаб-пәтері орналасқан.

8

Елге келушілер міндетті түрде бас сұғатын орынның бірі – Эфиопия Ұлттық музейі. Оның кіреберісіне жиналған студенттер азиялық туристерге таңырқай қарауда.

9

Эфиопияны әлемдегі ең ежелгі мемлекеттердің бірі деп санауға да келеді. Ал мемлекеттің тарихи кезеңдерінің бірін мынадай көріністер арқылы көз алдыға келтіруге болар еді: Дипломатиялық және сауда қатынастарын орнату мақсатында Сүлеймен (Соломон) патшаға сый-сияпатымен келген Эфиопия патшайымы Саба (Сава). Егер мұқият қарасаңыз, патша тағынан Дәуіт жұлдызын – иудейлердің ежелден келе жатқан нышанын көруге болады. Тарих аңыздарына сүйенсек, Саба патшайым Эфиопияға келген сауда көпестерінен Сүлейменнің даналығы туралы көп естиді. Сондықтан да, ол түйелерге алтын, асыл және гаухар тастарын артып, керуендетіп Израилге сапарға шығу туралы шешім қабылдайды. Ел аузынан естіген Сүлейменнің данышпандығына әбден көз жеткізгісі келген Саба патшайым оған қонақ бола жүріп, әңгіме арасында бірқатар жұмбақ жасырады. Бұндай сынақтан Сүлеймен патша да сүрінбей өткен екен. Кейіннен еліне оралған патшайым ай-күні жетіп толғатып, шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкеледі. Сүлейменнің бұл ұлы Менелик-I ІІІ мың жылдықтардағы эфиопия (абиссин) династиясының негізін қалаған болатын.

10

Бұдан бөлек, саяхатшылар астананың негізгі көшелерінің бірі – Африка авенюде міндетті түрде қыдыратыны анық. Аспанмен астасып, күнмен шағылысқан шыны ғимараттар, бизнес-орталықтар орналасқан орталық көше қашанда ығы-жығы.

Жергілікті дәмнен ауыз тиіп, иісі мұрын жаратын кофеден ішу үшін біз осындағы мейрамханалардың біріне бас сұққан едік. Кешқұрым мұнда түрлі ғажайыптарға куә болуға тура келеді, соның бірі – жергілікті бишілер өнері. Тұрғылықты сұлу бойжеткендердің бәрі мың бұрала билеуге әуес, кейде бастан аяқ тоқтамастан шыр айналатын бұларды көргенде шексіздік белгісі де көз алдыға келетіндей. Бишінің өзі тұрмақ оған қараған адамның басын айналдыратын бұндай би негізінен орташа алғанда 7 минутқа дейін жалғасады.

11

Кофе – эфиопиялықтар өмірінде үлкен маңызға ие. Ол ғасырлардан тамыр алатын дәстүр іспеттес. Жапондар үшін шай салтанаты қалай маңызды болса, эфиопиялықтар үшін кофе де сондай. Айтуынша, олар күніне орташа алғанда 3-4 шыны кофе ішеді. Кофенің отаны – Эфиопия, осы жерден алғаш рет араб елдеріне кофенің экспортталғаны айтылады. Әйгілі арабика сорты осы экспортқа байланысты туындаған деген пікір де содан қалыптасқан. Қаланы аралай жүріп, біресе үстірт дөңестерге, біресе ойпаңдарға түсіп кеткеніңізді байқамай да қалуыңыз мүмкін. Ондайда қысым көтерілуі де ғажап емес, ал бас ауруына бірден бір ем, сол баяғы – кофе.

12

Суретте жергілікті тағам – махеберави. Туристер қомағайлана асайтын бұл тағамнан біз де дәм татуға тапсырыс бердік. Інжірден пісірілген жұқа нанға ет пен көкөніс тұздығы, жұмыртқаның сарысы мен ірімшік жағылған. Жұқа нан қышқылтым келеді, бірақ ащы қатық пен тұздықты араластырып жесеңіз, ауыздан кетпейтін ерекше дәмге ие болады. Махеберавиды қолмен жеу де ғажап. Қазақтардың ет тамағын көз алдыға елестетеді.

13

Эфиопияда жаңа күн түннің ортасында емес, күн шыққанда сағат таңғы 6-7-лер шамасында басталады. Қараңғылық ерте түседі – сағат кешкі 7-лерге қарай түн басталады. Кешкі 8-ден кейін туристерге қонақ үйден шықпауға кеңес беріледі. Қонақтар ғана емес, көптеген жергілікті тұрғындар да осы тәртіпті мұқият ұстанады. Өйткені, бұл уақытта жүру қауіпті: бағанадағы шамдар тек ірі көшелер бойында ғана орналасқан, сондықтан да астананың шеткі көшелеріне қорқау қасқырлар жиі келетін көрінеді (әсіресе, түнгі уақытта).

14

Эфиоп амхар тілінен аударғанда «беті күнге күйген адам» деген мағына береді. Оның үстіне бет әлпеттері негізінен сопақшалау келеді, осының өзі оларды Африканың басқа тұрғындарынан ерекшелендіріп тұрады. Терілерінің түсі арқылы да оларды басқа африкалықтардан оңай ажыратуға болады. Бұл жерде терісі қою қара (қатты қара) адамдар онша кездеспейді: эфиоптардың терісі негізінен қараторы, ашық-қоңыр немесе шоколадқа ұқсаған түске келеді.

15

16

17

Эфиопиялықтардың өмірінде дін маңызды рөл атқарады. Елдегі негізгі мерекелердің бірі – Тимкат (Тимкет) фестивалі немесе 19-21 қаңтар аралығында болатын шоқыну дәстүрі. Бұл күндері жаппай мерекелік көңіл күй салтанат құрады: шағын көшелерге дейін жалаушалармен безендіріліп, жергілікті жұртшылық мерекелік ақ түсті киімдерін киіп, дін қызметкерлерінің соңынан еріп, белгілі бір бағдарлармен жүріп өтеді. Алақандарын жайып, дұғаларын дауыстап оқиды.

Кезекті намазға немесе мінажатқа адамдар дәстүрлі ақ матаға өрнектер салынған киімдерін киіп барады. Дәл осындай киімді салтанатты шараларға да киеді.

18

Bole Medhane Alem шіркеуінің суреті. Христиан діні Эфиопияға IV ғасыр басында ене бастады. Қазіргі таңда Эфиопия – Африкадағы дәстүрлі христиан дінін ұстанатын жалғыз мемлекет. Халықтың 60% христиандар: православтар, протестант және т.б.; 34% ислам; қалған 6% – аборигендік дін ғұрыптарын ұстанады.

19

Сөз соңында елдің символы – тақта отырған арыстан туралы айта кетуді де жөн санадық. Арыстан бейнесін елдің барлық жерінен көруге болады: ақша, тиындарда да, плакаттарда және т.б. Бұл кездейсоқ таңдалған символ емес. Өйткені, арыстан бейнесі ерліктің, шыдамдылық пен бекзаттықтың, еркіндік пен бостандыққа деген махаббаттың нышаны. Дәл осындай қасиетінің арқасында эфиопиялықтар бір кездері өздерінің тәуелсіздігін сақтап қалған еді. Олар еуропалық отарлаушылар алдында бас имеген осындай өр мінезділігін өздері де мақтан етеді.

Мәтіні мен фото авторы – Айсәуле Байғазина

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля