Бұл фотосурет аздаған кемшіліктеріне қарамастан, композициялық жағынан өте сәтті шыққандықтан, фотограф өзінің төл туындысын «National Geographic Қазақстан» журналына жіберуді жөн санапты. Алматыдағы «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты маңында фотоға түсірілген бұл қос ұлу алғыжелбезектілер қатарына жатады.
Жалпы, ұлулар жұмсақ тәнді жәндіктердің бір класына жатады. Олардың үш класы бар: алғыжелбезекті, артқыжелбезекті және өкпелі болып бөлінеді. Бұл жәндіктің жер бетінде 90 мыңдай түрі бар. Олардың кейбірі су астында 4800 метр тереңдікте тіршілік етсе, енді бірін теңіз деңгейінен 5000 метр биік таулы аймақтардан кездестіруге болады.
Ұлулардың буылтық құрттардан негізгі айырмашылығы – денесі бунақтарға бөлінбейді. Ішкі мүшелері бастан кейінгі тұлға қапшығында орналасады. Тұлғадан ерекше қатпарлы қабат – шапанша (мантия) түзіледі.
Ұлулардың зәршығару жүйесі бір немесе екі бүйректен, несепағар түтіктен құралады. Табиғатта қосжынысты да, дара жынысты да ұлулар тіршілік етеді. Қосжынысты ұлулар өзін-өзі ұрықтандыра алмайды. Сондықтан бұл проеске өзге дара жыныстысы қатысады. Мұны айқаспалы жолмен ұрықтану деп атайды.
Фото: Юрий Варыгин