Бойына талай сырды бүккен бұл қазанды алғаш көрген адам оның әсемдігі мен ерекшелігіне қарап таңқалары анық.
Ұлы ұстаз, ғұлама ғалым Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің кіреберісінде тұрған бұл Тайқазан қазақтар үшін қасиеті артқан ең көне жәдігердің бірі.
Тайқазан 1399 жылы 25 маусымда (хижра бойынша 801жыл, 20-шаууал) Түркістан қаласы маңындағы Қарнақ ауылында жеті түрлі асыл металдар қоспасынан құйылған.
Оны құю барысында мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын мен темір қоспалары қолданылған. Салмағы 2 тоннаны құрайтын қазанның сыйымдылығы 3 мың литр болса, биіктігі 1,60 метр, ал диаметрі 2,42 метрден асады.
Мамандардың айтуынша, Тайқазанның сыртқы бөлігінде Құран Кәрім аятынан үзінділер келтіріліп, пайғамбар (c.ғ.с.) хадистері мен ою-өрнектер, қазанның кімге бағышталып құйылғаны және біткен уақыты көрсетілген. Қазан сыртынан сондай-ақ, сулус қолтаңбасымен тайқазанды жасаған шебердің аты-жөнін оқып, қазан тұтқасын көруге болады.
Бір қызығы, Тайқазан бетінде өрнек тапқан жүрек пішіні мен қошқар мүйіз оюларының сырбаз кейіптегі түрлі қарыммен айшықталып, бүткіл кесененің өн бойынан көрініс табуы қасиетті ғимарат пен тайқазанның өзара үндестігін айғақтайды. Бұл ұста Әбділ Әзиз Шарафатдин Тебризидің шын шеберлігін айғақтай түседі.
Фото: Ерболат Шадрахов