MАРИНА ЭЛЛИОТ “NG” ғылыми қызметкері
2013 жылдың қазан айында Марина Эллиот Фейсбукте дене бітімі шағын, тәжірибелі археологтар іздестірілетіні туралы хабарландыруға жауап жазған еді. «Арық, мейлінше аласа болғаны жөн» делінген екен. Бір айдан соң Эллиот 20 сантиметрлік өткел арқылы Оңтүстік Африкада бұған дейін белгісіз болып келген Homo naledi аталатын ежелгі адамның қаңқа-қалдықтары жатқан үңгірге түсті.
Палеоантрополог Ли Бергер Йоханнесбург маңындағы «Адамзат бесігі» атты үңгірде қазба жұмыстары үшін дене бітімі шағын топ жасақтау туралы ұсыныс жіберген еді. Әлемдік маңызы бар мұралар тізіміне енген нысаннан көптеген адам қалдықтары табылды.
Канада университетінің бірінде антропология Ph.D. доктор Эллиот спорттық альпинизммен айналысады. Сібірде, Солтүстік Аляска аймақтарында ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысқан. Ол қаңқа қалдықтары жатқан үңгірге алты ғалымның алғашқысы боп түсті. Үңгір аузының тарлығы сонша, қауіпсіздік белдігіне орын қалмаған. «Онда тек бір ғана қаңқа бар деп ойладық, қазып, сыртқа шығарсақ болды дегенбіз. Алайда үңгірге енгенде қызыққа тап болғанымды түсіндім. Шам жарығымен ішін түгел қарадым. Жарық түскен әр жерден сүйек қалдықтары байқалды», – дейді ол. Қаңқа қалдықтары мұқият оралып, жер бетіне шығарылды. Үш апта ішінде 15 адамның 1550 сүйек қалдығы қазылып, олар адамзаттың генеологиялық сызбасына енгізілді.
Эллиот оқуын аяқтаған соң қазба жұмыстарын жалғастырды. Бергермен бірге материалдарды сараптап, cүйектерді тіркеді. Адамның шығу тегі туралы қағида оның ветеринарлық медицинаны тастап, антрополог атануына түрткі болды. Болашақта студенттер оның ғылыми жаңалықтарын оқуы ғажап емес. – Нина Строчлик