Аша де Вос “National Geographic” ғылыми қызметкері
Аша де Вос өзінің еңбек жолы нәжіс үйіндісінен басталғанын айтады. 2003 жылы ол Шри Ланка жағалауында ғылыми-зерттеу кемесінде жұмыс істеп жатқанда су бетінде қалқып тұрған нәжістерді байқаған. Ал су астындағы кеме жолдарының тар аумағында алты бірдей көк кит жүзіп жүріпті. Кейінірек де Вос киттердің қорегі мол суларға қоныс аударудың орнына сол жерде тұрақтағанын аңғарған. Киттердің белгісіз популяция екенін пайымдай келе, ол бұл мақұлықтарға «ерекше киттер» деген атау береді. 2008 жылы ол киттерді және олардың Солтүстік Үнді мұхитындағы мекен ететін ортасын қорғау мақсатында «Шри-Ланканың көк киті» атты жобаны қолға алды.
Де Вос Шри Ланкада теңіз сүтқоректілерін зерттеу мамандығын алған тұңғыш Ph.D. Білімді әрі өз ісіне берілген ол Шри Ланканың қорғау аймағына енуге жылдар бойы талпынды. «Адамдар мені маман ретінде қабылдамады. Себебі, тым жас әрі нәзік едім. Қазірдің өзінде адамдар менен «қашан тұрмыс құрасың?» деп сұрайды. Бірақ ең алдымен мұхитты құтқаруым керек», – дейді ол.
2011 жылы де Востың еңбегін айшықтайтын бейнежазба ғаламторға тарап кеткен еді. Сол арқылы оған елдің назары ауды. Жақында Тұрақты даму және тұмса табиғат министрлігінде кеңесші болу туралы ұсыныс жасалған. Ол бұны теңізді қорғауға күш салатын зор мүмкіндік деп есептейді. «Шри Ланка – әлемдегі теңіз тұрақтылығын дамытудың жарқын мысалы», –дейді ол. – Нина Строчлик.