МАРИССА ГАУЭЛ Nat Geo грант иегері
2015 жылдың жазында Детройт тумасы, жасы 25-тегі фотограф Марисса Гауэл National Geographic қауымдастығының жас зерттеушілерге тағайындалатын грантына ие болып, Мичиганнан бастап Луизианаға дейін саяхаттады. Ол үш апта бойы Америка жолдары бойын зерттеді. «Жол бойындағы нысандар оғаш болып көрінуі мүмкін. Алайда мен олардың табиғатпен ерекше үйлесіп тұрғанын көрсеткім келеді», – дейді Гауэл.
Ол қолдан жасалған туындылардан өзіне тән ерекшеліктерді іздейді. Гауэл Теннесси штатында «Mindfield» атты 13 қабатты металл конструкцияны көріп таңғалды. Оны тұрғызған 60 жастағы ер адам жоғарыға қауіпсіздік белдігінсіз-ақ шығады. Марисса осындай орындарды және олардың авторларын суретке түсіре келе, осынау ерекше ұлттық өнерді сақтау керектігін түсінді.
Әрбір ескерткіштің өзіне тән ерекшелігі оның сақталуын қиындата түседі. Кезінде Миссисипи штатында қанық алқызыл, қызыл және сары қыш кірпіштерден салынған «Маргарет» дүкені қожайындары көз жұмғалы бері тозып, қабырғасы қақырай бастады. «Бұл орындардың көбі иелеріне тәуелді. Қожайыны өлген соң оның да қадірі кетеді», – дейді Гауэл.
«Kohler Foundation» ұйымы осындай иесіз қалған жерлерді абаттандырумен айналысады.
Гауэл өзінің бұл еңбегі «келер ұрпаққа пайдасын тигізіп, саяхатшыларға жол нұсқар карта болады» деп сенеді. «Жиырма жылда бұлар жойылып кетуі мүмкін. Алайда келушілердің қатары көбейсе, сақтап қалуға болады», – дейді ол. – Нина Строчлик