ДОМИНИК МЕЙЕР Nat Geo грант иегері
Былтыр қыркүйек айында Сан-Диегодағы Калифорния университетінің студенті Доминик Мейер Мексикадағы майя пирамидаларының қирандыларын зерттеп келген болатын.
Бұл оның алғашқы сапары емес-ті. 19 жастағы швейцарлық астрофизика маманы Юкатан түбегі Кинтана-Роо штатының жағалауында бейнекамера орнатылған дрондар ұшырды. Алынған суреттер аймақтың 3D картасын жасауға пайдаланылып, жерсеріктері мен лидар деп аталатын құрылғы мәліметтерімен бірге талданды. Лидар – қалың бұтақтар астындағы жер бедерінің ерекшеліктерін анықтайтын құрылғы. Талдау нәтижесі ол жақта сәулет құрылыстарының болу мүмкіндігін көрсетті. Сөйтіп, Мейер мен археолог Доминик Риссоло бастаған үш серіктесі «National Geographic» грантын пайдаланып, қирандыларды іздеуге аттанды.
«Біздің жаңа технологияларымыз археология және қазба жұмыстарын жоғары деңгейге көтерді, – дейді Мейер. – Бұрындары бұл орынды зерттеуге бірнеше ай кететін. Ал қазір ол жерге барып, екі-ақ сағаттың ішінде бәрін тындыруға болады».
Аспалы торларын асынған топ он күн бойы бұрындары зерттелмеген және ең қызығы, адам аяғы тимеген екі пирамидамен қоса үш бірдей орынның ортасында жүрді. Мейер өздерін жаңалық аштық деп есептемейді. «Жергілікті тұрғындар тропикалық орманның әр жапырағын жатқа біледі», – дейді ол. Әйтсе де, ол бұл картографияның құрылыстарды сақтауға және ғажайып майя тайпасының өмірін зерттеуге септігін тигізеріне сенеді.
«Археологтар «біліміңді табиғат аясында толықтырасың» деп айтады», – дейді Мейер. «Тарихи орындарды дрон арқылы көрген кезде сәл қобалжып қаласыз. Бүгінде археологтардың Мексикаға баруы міндет емес. Кеңселерінде отырып-ақ жұмыс істеулеріне болады». – Нина Строчлик.